"Қазақ тілі мен тарихтан емтихан". Азаматтық алу талабы не себепті қатаңдатылды?

Қазақстан паспортын ұстап тұрған ер адам. Көрнекі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада Қазақстан азаматтығын алғысы келетін шетелдіктер енді қазақ тілінен емтихан тапсыруы керегін жазып, бұл талаптың астарында не жатқанын талдады. Сонымен қатар экс-министр Қуандық Бишімбаевқа шыққан үкім Қазақстандағы әйелдер құқығын ілгерілетуге жол аша ма деген сұраққа жауап іздеді. Одан бөлек Ресей президенті баспасөз хатшысының санкцияға іліккен қызының Қазақстан банктерінде есепшоты бар ма дегенге үңілді.

АЗАМАТТЫҚ АЛУҒА ҮМІТКЕР ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ТЕСТ ТАПСЫРУЫ КЕРЕК

Eurasianet басылымы Қазақстанда енді азаматтық алу үшін қазақ тілінен тест тапсыру керегін, үкімет осылайша мемлекеттік тілді ілгерілетіп жатқанын жазды.

Қазақстан мамыр айында көші-қон мен азаматтық беру туралы заңға өзгерістер енгізді, енді азаматтық алу үшін үміткерлер қазақ тілі, Қазақстан тарихы мен Конституция негіздерін білуі керек. Басылым бұл үкіметтің қазақ тілін қолдау жөніндегі ауқымды іс-шараларының бір бөлігі екеніне назар аударады.

Жаңа ережеге сәйкес, Қазақстан азаматының басқа елден алған азаматтығы бар екені анықталса, оны Қазақстан азаматтығынан айырады.

Шенеуніктер, оның ішінде ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев түзетулер елге келгендердің қоғамға тезірек сіңісуіне септігін тигізетінін айтты. Оның айтуынша, мұндай заңнама халықаралық тәжірибеге сай келеді.

Автор бұл өзгерістер практикалық сипатта болғанымен, геосаяси ахуал шиеленіскен жағдайда қабылданғанын келтіреді. Постсоветтік кезеңде Ресей саясаткерлері мен зиялы қауым өкілдері қазақ мемлекеттігіне күмән келтіріп, территориялық талап қойды. Мәскеу 2022 жылдың ақпанында Украинаға басып кірген соң, Қазақстан ондай мәлімдемелерге сақтықпен қарай бастады. «Осыны ескерсек, бұл түзетулерді солтүстік көршінің ықтимал қол сұғуына қарсы Қазақстан егемендігін нығайту әрекеті ретінде қарастыруға болады».

Ресейдегі кей блогерлер бұл түзетулерді «Ресейге қарсы ұлтшылдықтың көрінісі» деп бағалады. Оған жауап берген Қазақстандағы комментаторлар Ресей азаматтық алғысы келетін шетелдіктерге мұндай талаптарды бұрыннан қойып жүргенін айтты.

Бұл туралы 365info.kz сайтына пікір жазған сарапшы Антон Яровой: «Қисынға салсақ, Қазақстан жайлы “сұмдық ұлтшылдық әңгімелер” Ресейдің ішкі тұтынуы, яғни сол жақтағы адамдар үшін жасалады. Күн тәртібіне ондай нәрсе шығару соғысушы елге тән нәрсе: ахуал шиеленіскенде «бізбен бірге еместер бізге жау» деген ескі қағидаға салып, бәрін дұшпан көреді», дейді.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның демографиялық құрамы қатты өзгерді. 1991 жылы қазақ ұлты азшылық болса, ресми статистика бойынша, қазір 20 миллион халықтың 70 пайызы – қазақтар.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақ тілінде хабар тарату көбейе ме?

Дегенмен орыс тілі ірі қалалардағы халықтың күнделікті өміріне әлі де ықпал етіп жатыр. Автор бизнес қауымдастық, мемлекеттік мекемелерде орыс тілі негізгі байланыс құралы дейді. Бірақ қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етушілер көбейді. Автордың жазуынша, «қазақша сөйле» тіркесін Алматы көшелерінде, қоғамдық көлік пен супермаркетте жиі естуге болады.

2023 жылдың аяғында үкімет 2023-2029 жылдарға арналған тілді дамыту саясатының тұжырымдамасын бекітті. Ол қазақ тілінің қолданысын кеңейтуді көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада қол қойған «Масс медиа» туралы заңға сәйкес, теле-, радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 2027 жылға қарай кезең-кезеңімен 50-ден 60 пайызға дейін арттыру қарастырылған.

БИШІМБАЕВТЫҢ ҮКІМІ ӘЙЕЛ ҚҰҚЫҚТАРЫН ІЛГЕРІЛЕТУГЕ ЖОЛ АША МА?

«Әйелін аса қатыгездікпен өлтірді» деп айыпталып, 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа шыққан үкім Қазақстандағы әйелдер құқығы саласындағы прогреске жол ашады, деп жазады АҚШ-тағы Jamestown қорының ғылыми қызметкері Маргарита Асенова Atlantic Council зерттеу институтының сайтындағы мақалада.

Автордың пайымдауынша, бұл іс әйелдер құқығын қорғайтын топтарды жұмылдырып, азаматтық қоғамды жандандырып, президент Тоқаевтың тұсында жарияланған реформаларға қан жүгіртуге септігін тигізді.

2017 жылы Назарбаев тұсында үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны жеңілдетіп, «ұрып-соғу», денсаулыққа қасақана жеңіл зақым келтіру» баптары Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзушылық кодекске ауысты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қоғам пікірі" мен "саяси астар" Бишімбаев үкіміне әсер етті ме?

Биыл 15 сәуір күні, Бишімбаевтың ісі бойынша сот үкімі шығардан бір ай бұрын президент Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын заңға қол қойды. Заңға сәйкес, енді денсаулыққа қасақана жеңіл жарақат келтірген адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал ұрып-соғу үшін 50 тәулікке дейін қамалуы мүмкін. Қазақстан полициясы бұдан былай тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы әлеуметтік желі мен БАҚ-тағы хабарларды тексеруге тиіс. Ол үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Полиция іс қозғау үшін бейнежазбалар мен куәгерлердің жауаптарына сүйене алады. «Құқық қорғаушы топтар бұл ілгерілеуді қолдады, бірақ тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешу үшін одан да көп нәрсе істелуі керек деді».

Асенованың жазуынша, Қазақстанда гендерлік кемсіту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін әлі де көп жұмыс істеу қажет. Ендігі кезекте тұрмыстық зорлық-зомбылық Қылмыстық кодексте құқық бұзушылық ретінде жеке шығарылуы керек. Бұл заң физикалық, жыныстық, экономикалық, психологиялық зорлық-зомбылық пен ізіне түсіп аңдуды қамтуға тиіс. Заң қабылданған соң оны сақтау мен іске асыру маңызды. «Бұл үшін әйелдердің үйде және туыстарының арасында өзін қауіпсіз сезіну құқығына қоғамның, әсіресе ер адамдардың көзқарасын өзгерту қажет».

ПЕСКОВТЫҢ ҚЫЗЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАН БАНКІНДЕ ЕСЕПШОТЫ БАР МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Ресей президенті баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың қызының Қазақстан банкінде есепшоты бар ма деген сұраққа жауап іздеді.

Жақында Current Time арнасының «Система» зерттеу жобасы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың қызымен жасы да, есімі де толық сәйкесетін адам Қазақстанда тіркеліп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алғанын хабарлады. «Система» жобасы Батыс санкциясы салынған Пескованың жеке деректерін қазақстандық бірнеше дерек базадан тауып, анықтаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Путиннің Қазақстан азаматтарына Ресей паспортын оңай беруінің астарында не бар?

Журналистер «Пескова қазақстандық тіркеу нөмірін 2022 жылдың қыркүйегіне дейін алған» деген тұжырым жасаған. Себебі ашық дереккөзде Пескованың сәйкестендіру нөмірі Нұр-Сұлтан қаласының кірістер басқармасына тіркелген деп жазылған. Бұл − қалаға Астана атауы қайтарылғанға дейінгі кезең.

2022 жылдың қыркүйегінде Ресейде ішінара мобилизация жарияланған соң, мыңдаған ресейлік Қазақстанға өтті. Алғашқы аптаның өзінде Қазақстанға 98 мың ресейлік кірген. Бір айдан кейін сол кездегі цифрлы даму вице-министрі Әсет Тұрысов мобилизация басталғалы бері ЖСН алуға 200 мың өтініш келіп түскенін мәлімеді. Бірақ олардың қаншасы Ресей азаматтарынан келіп түскенін вице-министр нақтыламады.

Мақала авторы Кэтрин Путц Diplomat басылымында 2022 жылдың қарашасында шыққан қазақстандық зерттеушінің мақаласына қайырылады. Мақалада көшіп келген ресейліктер ең алдымен ЖСН алатынын, өйткені ол елде жұмыс істеу, телефон нөмірін алу мен банктен шот ашу үшін керек екені жазылған.

ЖСН ашу ресейліктерге санкцияларды айналып өтуге көмектеседі. Кремль Украинаға соғыс ашқан соң, Visa және Mastercard Ресейден кетті. Содан кейін ресейліктер Қазақстаннан ЖСН алып, Visa және Mastercard қызметін қолдану үшін жаппай жергілікті банктерден шот ашқан. Пескова бұл қызметті қолданған-қолданбағаны белгісіз.

2023 жылдың маусымында бұл туралы мақала жазған зерттеуші София Нина Бурна-Асефи Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектеспейміз деп уәде еткенімен, оны айналып өтудің амалы бар, соның бірі – ЖСН-ды тіркеу екенін жазды.

Былтыр қарашада ішкі істер министрлігі шетелдіктерге электронды үкімет порталы арқылы ЖСН-ға өтініш түсіруге тыйым салынатынын, олар өздері барып өтініш жазу керегін мәлімдеді. Бұл өзгеріс 25 наурызда күшіне енді.

Еуроодақ пен АҚШ Ресей Украинаға басып кірген соң, ресейлік шенеуніктер мен олардың туыстарына санкция салды. Санкция салынғандардың арасында Елизавета Пескова да бар. Business Insider басылымына берген сұхбатта Пескова өзіне салынған санкцияны әділетсіз және негізсіз шешім деп санайтынын жеткізді. Пескова Мәскеудегі жарнама агенттігінің 30 пайызына иелік етеді, бұл агенттік түрлі мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсетеді.

«Қазіргі хабардан Пескованың қазақстандық банк жүйесін пайдаланған-пайдаланбағаны белгісіз, бірақ оның атына тіркелген болуы ықтимал ЖСН бұл мүмкін екенін көрсетеді», дейді Путц.