Батыс басылымдары бұл аптада Украина Қара теңізде Ресей кемелеріне дронмен шабуылдауды жалғастырса, бұл қазақ мұнайының экспортына қауіп төндіретінін жазды. Сонымен қатар Мәскеу Украинадағы соғыспен жүргенде Қазақстанда Ресей империализмінің мұрасына қарсы күрес жүріп жатқанына назар аударды. Бұдан бөлек Орталық Азияның екі жыл бұрын Ауғанстан үкіметінің басына келген тәліптермен қарым-қатынасы қалай өзгергенін талдады.
ҚАРА ТЕҢІЗДЕГІ ДРОНДАР ШАБУЫЛЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ ЭКСПОРТЫНА ТӨНГЕН ҚАУІП
Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы Украина Қара теңізде Ресей кемелері мен танкерлеріне дронмен шабуылдауды жалғастырса, бұл қазақ мұнайының экспортына қауіп төндіретінін жазады.
4 тамыз түнде Қара теңіздегі Ресейдің Новороссийскідегі әскери теңіз базасына Украина теңіз дроны шабуыл жасап, Ресейдің «Оленегорский горняк» әскери кемесін істен шығарды. Ресейдің әскери кемесі қазақ мұнайын экспорттайтын Каспий құбыр консорциумының тиеу қалқымаларынан бірнеше шақырым жерде ғана тұрған. Өткен жұма күні Ресей билігі портта кеме қозғалысын бірнеше сағатқа тоқтатты.
5 тамызға қараған түні Керч бұғазына жақын жерде Ресейдің «Сиг» танкері дрон шабуылынан бүлінді. Осы екі оқиға Қазақстан өз мұнайын қауіпсіз жөнелтеле алады дегендердің есеп-қисабын өзгертті.
8 тамыз күні Украина президентінің экономика істері жөніндегі кеңесшісі Олег Устенко Politico басылымына берген сұхбатында Қара теңіздегі Ресейдің кез келген танкері мен кемесін Украина нысанаға ала алатынын жеткізді. Себебі, Устенконың айтуынша, Ресей Украинаның бидай экспорттайтын дәлізіне тосқауыл қойып, кемелерге шабуыл жасап, порттарды жойған.
Қазақстан мұнайының басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы Новороссийскідегі терминалға жеткізіледі. Мақала авторы Низом Ходжаев Новороссийскіден тәулігіне 1,3 миллион баррель қазақ мұнайын таситын танкерлер үшін сақтандыру полистері жойылуы мүмкін, ал қазақ шенеуніктерінің Қара теңіздегі қауіпке саяси жауабы бұлыңғыр екеніне назар аударады.
Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев Қазақстан Каспий мұнай консорциумы терминалы орналасқан Новороссийск портының қауіпсіздігі мәселесін саяси деңгейде көтеретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай жұмыс мемлекетаралық диалог, дипломатиялық арналар арқылы ұйымдастырылуы керек.
Автор Қазақстан бұл ретте мұнайдың қымбаттауынан қауіптенетін Киевтің одақтастары Украинаға қысым жасайды дегеннен үмітті болуы мүмкін дейді. BlueBay Asset Management басқарушы компаниясының қызметкері Тимоти Эш Kyiv Post басылымына берген сұхбатында Украина Қара теңіздегі Ресей танкерлеріне жаппай шабуылдауға бармайтынын жеткізді, себебі мұның арты мұнай бағасының қымбаттауына апаруы мүмкін. Ал бұдан Ресей ұтып, Украинамен одақтас Батыс елдері ұтылады, бұл өз кезегінде Украинаға Батыс қолдауын әлсіретуі мүмкін.
Қазақстан Новороссийскіден Еуропаға жөнелтілетін мұнай экспортын қорғау үшін Украина одақтастарына қандай қысым көрсете алады? Petroleum журналының шығарушысы, журналист Олег Червинский Қазақстан үкіметі алдымен елдің мұнай-газ жобаларына инвестиция құйған АҚШ және Еуропадағы акционерлермен «кеңесуі» мүмкін деп есептейді.
«Акционерлер де дәл Қазақстан тәрізді Новороссийск портының тұрақты жұмысына мүдделі. Үкімет ұрыс қимылдары Каспий құбыр консорциумы терминалдарының жұмысына әсер етпес үшін мүдделі тараптар [Украинаға] қысым көрсету тетіктерін қолданады деп болжайды», − деді Червинский Upstream басылымына берген сұхбатында.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Санкция соққысы бізге де тиді". Ресейдің Украинаға басқыншылығы Қазақстанға қалай әсер етті?"РЕСЕЙ ИМПЕРИАЛИЗМІНІҢ МҰРАСЫНА ҚАРСЫ СОҒЫС"
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде Еуразия мен Шығыс Еуропада Ресей империализмінің мұрасына қарсы соғыс басталғанын жазды.
Мақала авторы Йель университетінің 3-курс студенті, Орталық Азияның саясаты мен тарихын зерттеп жүрген Джек Лейдикер Украинадағы соғыс Қазақстандағы деколонизация процесіне қалай әсер еткенін зерттеу үшін Алматыға келіп кеткен.
Instagram әлеуметтік желісінде қазақ тілі жайлы контент жариялайтын Kazak Bubble парақшасының негізін қалаушы Бейбарыс Сейтақтың айтуынша, Ресей Украинаға басып кіргенге дейін қоғамда қазақ тілінің рөлі туралы дәл қазіргідей деңгейде пікірталас болған жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алексей Скалозубов, қазақ тілі курсының негізін қалаушы: "Этникалық орыстар – қазақ қоғамындағы бөлек ру сияқты"«Соғыс басталған соң көп адам сөзден іске көшті. Олар тіл курстарына барып, қазақ тілінде сөйлеу ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін түсіне бастады. Біз импершіл, соғысып жатқан елмен шекаралас болғандықтан, тез арада қазақша сөйлеу керек екенін түсіндік», − дейді Сейтақ басылымға берген сұхбатында.
Қазақстан, Украина, Грузия сияқты елдерде Ресейдің импершіл өткені мен Совет Одағына көзқарас қайта сүзгіден өткізіліп, отаршылдық тұрғыдан қарала бастады. Соғыс басталғалы деколонизацияға шақыратын әлеуметтік желідегі парақшалар мыңдаған оқырман жинады. Ана тілін оқытатын клубтар көбейді.
Ресей Украинаға басып кіргелі посткеңестік кеңістікте тіл мәселесі бұрынғыдан белсендірек көтеріле бастады. Себебі посткеңестік кеңістікте жазушылар, белсенділер мен саясаткерлер орыс тілінің басымдығына қарсы шығып, Ресей империясы мен совет кезеңінде қысымға ұшыраған ұлттық тілдердің құқығын қорғап жүр. Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропа кеңесінің «Ауқымды Еуропа» бағдарламасының директоры Мари Дюмуленнің айтуынша, Қазақстанда тіл мәселесіне байланысты белсенділік артты, қаладағы орта таптан шыққан жастар қазақ тілін жиі қолданып, қазақ тілінде контент іздеп, ұлттық бірегейлік мәселесін талқылап жатыр.
Лейдикер Ресейдің Орталық Азиядағы отаршылдық езгісі туралы талқы күшейген тұста, Қазақстан халқы ұлттық тарих пен ұлттық бірегейлікке мән беріп, ой елегінен өткізіп жатқанын жазады. TedX-те (спикерлер белгілі бір аудиторияның алдында сөйлейтін формат) қазақ тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналуы жайлы сөз қозғаған тіл белсендісі Мақсат Мәлік «өз бірегейлігімізді сақтау мен Толстой және Достоевскийді орыс тілінде оқудың арасынан таңдау жасау керек болса, бірегейлікті таңдар едім» деген. Швейцариядағы Базель университетінің профессоры Ботагөз Қасымбекова «Орыс әдебиеті бізді Ресейді сүйіп, өзімізді жек көруді үйретеді» дейді.
Оксфорд университетіндегі Орталық Азияның тарихы жөніндегі профессор Александр Моррисонның пайымдауынша, соғыс посткеңестік кеңістікте ынтымақтастық сезімін тудырды, бұған осы елдердің орыс тілінде еркін сөйлеуі ықпал етті етті. Оның ойынша, орыс тілі посткеңестік мемлекеттерде отаршылдыққа қарсы құрал ретінде қолданылып жатыр.
Қасымбекова Ресей ғалымдарымен деколонизацияны талқылау қиын, себебі олар деколонизация қажет екенін мойындағысы келмейді дейді. «Жақсы Ресейге үміт жоқ, себебі ол орыс емес ұлттарды басып-жаншитын және онысын көрмейтін ел», − дейді Қасымбекова − Деколонизация жайлы пікірталас әлі де орыс тілінде жүріп жатыр, бірақ деколонизация сәтті болуы үшін ол ұлттардың өз тілінде жүруі керек».
АЙМАҚ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЛІПТЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДІ?
Modern Diplomacy платформасы Орталық Азияның екі жыл бұрын Ауғанстан үкіметінің басына келген тәліптермен қарым-қатынасы қалай өзгергенін талдады.
2021 жылдың тамызында Ауғанстандағы билікті тәліптер басып алғалы бері аймақ елдері қауіпсіздік пен көрші елдермен қарым-қатынасқа жіті назар аудара бастады.
Халықаралық қатынастар жөніндегі тәуелсіз сарапшы, мақала авторы Хаоюй «Генри» Хуанг бұған дейін Орталық Азия елдері тәліптермен мен Ауғанстандағы жаңа үкіметке қастықпен қарағанын, тәліптер мен Тәжікстанның шекарадағы күштері бір-біріне оқ жаудырғанын келтіреді. Ауғанстандағы тәліптердің үкіметін аймақтағы бірде-бір әлі күнге дейін таныған жоқ.
Алайда автор уақыт өте аймақтың тәліптерге қарым-қатынасы өзгерді дейді. Тәліптердің өкілдері Ташкент пен Душанбеге сапарлады. Қазақстан Астанада Ауғанстанмен бизнес форум өткізіп, сауда келісімдеріне қол қойылды.
Видео: "Тек бизнес" пе? Астана өзі "террористер" деп таныған тәліптермен бас қосты (3 тамыз 2023 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Хуангтың ойынша, Орталық Азияның тәліптерге қарым-қатынасының өзгеруі, ең алдымен, аймақтағы саяси ахуалмен байланысты. Тәліптер Ауғанстанды басқарып, аймақ елдерімен серіктестікке ұмтылып отыр. Орталық Азия елдері тәліптер үкіметін ресми мойындамағанымен, олардың Ауғанстанды бақылап отырған нақты күш екенін және оны қабылдау керектігін түсініп отыр. Өзбекстан Ауғанстан бойынша халықаралық конференция өткізіп, Кабулда тәліптер жетекшілігімен кездесті. Тәліп үкіметінің аймақпен экономикалық қарым-қатынасы дамып жатыр. Қазақстан – Ауғанстан сауда айналымы 1 миллиард долларға жетті.
Ауғанстан Орталық Азиямен арадағы шекараны сақтап, есірткімен күресуге, сондай-ақ экстремистік топтарға Ауғанстан аумағын Орталық Азияға кіретін өткел ретінде қолдануға жол бермеуге уәде етті.
Орталық Азия үкіметтері мен тәліптер арасында көп уақыт бойы түрлі қайшылық болғанымен, автордың пайымдауынша, қазіргі ахуал, тәліптердің оқшаудан шығуға және аймақпен серіктестікке ұмтылуы аймақты Кабулдағы үкіметпен қарым-қатынас ұстануға итермелейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Ресей үстемдігіне соққы". Қазақстан Каспийдегі әскери теңіз күштерін не үшін күшейтіп жатыр?Путинге "көмектеспеген" Тоқаев, аймақта "үстемдігі күшейіп жатқан" ПекинСанкцияны бұзып, Ресейге дрон мен электронды бөлшектер жеткізіп жүрген қазақстандық компаниялардың аты аталдыСоғыста "тірі қалқан" болған аз ұлттар және Путиннің "ядролық қоқан-лоқысы"Путинді тұтқындау ордері: "үнсіз қалғандар мен Мәскеуден сескенгендер". Соғыс жылдамдатқан отарсыздандыру