"Қазақстанның уран тасымалын бақылайтын Ресей мен Қытай", "тағдыры қиындай бастаған" Назарбаевтың туыстары

"Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі.

Батыс басылымдары бұл аптада АҚШ пен Еуроодақ Қазақстанның уран тасымалына арқа сүйегісі келетінін, бірақ оны Ресей мен Қытай бақылайтынын талдады. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің ісі сотқа кеткенін, оның тағдыры экс-президенттің туыстары мен жақындарының жағдайы нашарлағанын көрсететінін жазды. Бұдан бөлек Қашағанды игеріп жатқан Батыс компаниялары ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізуді жоспарлап жатқанына тоқталды.

"ҚАЗАҚСТАН УРАНЫНА АРҚА СҮЙЕГІСІ КЕЛЕТІН" БАТЫС ЖӘНЕ РЕСЕЙДІҢ ЫҚПАЛЫ

Батыс елдері энергетикалық қауіпсіздікке алаңдаулы, себебі Ресей мен Қытай U308 (уран концентранты) нарығын монополиялаған, Мәскеу әлемде өңделетін уранның көп бөлігін бақылайды, деп жазады Еуропадағы BNE Intellinews іскерлік басылымы.

Осы мәселенің бел ортасында Қазақстан тұр: әлемдегі уранның 44 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Еуроодақ Ресейдің уранынан бас тартып, Қазақстанға арқа сүйегісі келді. Бірақ бұл Ресейден бас тартып, қайтадан Ресейге арқа сүйеумен пара-пар.

Басылымның жазуынша, мұның себебі Қазақстан уран өндірісіне келгенде өз бетінше шешім қабылдай ма, әлде оған Мәскеу ықпал ете ме деген күмән бар. Өйткені «Қазақстан президенті Тоқаев билігінің басты кепілі – Ресейдің қолдауы». «Ресейдің сөзсіз ықпалы 2022 жылы Қаңтардағы толқу кезінде көрінді, Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының қолдауы Қазақстан әскерилеріне Тоқаевқа бағыну керек деген белгі еді».

Басылым саяси фактордан бөлек, елдегі уран өндірісіндегі Ресей мен Қытайдың ықпалына тоқталған.

Түркістан облысында уранды жерасты ұңғымада сілтісіздендіру әдісі арқылы өндіретін "Қазатомөнеркәсіп" кеніштерінің бірі.

Уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының 75 пайыз акциясы мемлекетке тиесілі. «Қазатомөнеркәсіптің» бұрынғы жетекшісі Мұхтар Жәкішев 2009 жылы «қаржыны ысырап қылды» және «пара алды» деген күдікпен қамауға алынды. Жәкішев бұл істің анық-қанығын түсіндірген видеожазбаларда өзінің үстінен қозғалған істі Ресеймен байланыстырған, Ресей мүддесіне қайшы келетін шешімдерді қабылдағанын айтқан.

Жәкішев видеода тұтқындалардан бұрын Жапония мен Қытайға Канаданың Uranium One компаниясы акциясының бақылау пакетін алуға шақырғанын айтқан. Uranium One Қазақстанның бірнеше уран активіне жанама бақылау еткен. Жәкішев қамалған соң Uranium One-мен келісім жасалып, бұл компания акциясының бақылау пакеті Ресейге өтті.

«Ресей содан бері Қазақстандағы уран кеніштерінің 26 пайызын бақылайды, қосымша жылдық өнімнің 22 пайызына құқылы. Ал Қытайдың CNUC компаниясы мен оның еншілес ұйымдары болашақта өндірілетін жылдық өнімнің 60 пайызына құқылы болмақ».

Қазақстан − әлемге уран тасымалдайтын ірі ойыншы. Бірақ әлемдегі нарыққа экспорттамас бұрын уранды Ресей зауыттарында өңдейді.

Азаттық осы аптада жарияланған зерттеуде уран өндіретін 14 компанияның екеуі ғана «Қазатомөнеркәсіпке» 100 пайыз тиесілі, уранның жартысына жуығын шетел компаниялары өндіретінін анықтаған. Ал шетелдіктермен бірлескен 12 кәсіпорынның тең жартысының ортақ құрылтайшылары – «Росатомның» еншілестері. «Росатом» Қазақстандағы 14 кен орнының бесеуінен уран өндіреді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан ураны кімнің қолында?

Ресейдің Қазақстан уранын бақылайтынына қарамастан, Францияның Orano атом компаниясы елдің уран өндірісінде белсенділігін күшейткісі келеді. Orano мен «Қазатомөнеркәсіптің» KATCO атты бірлескен кәсіпорны Оңтүстік Төртқұдық кенішінде уран өндіруді жоспарлаған. Сарапшылар Франция президенті Эммануль Макронның былтыр қарашадағы сапарын Париждің уранға сұранысымен байланыстырған.

"САМАТ ӘБІШТІҢ ІСІ" ЖӘНЕ ТАҒДЫРЫ ҚИЫНДАЙ БАСТАҒАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАҚЫНДАРЫ

Eurasianet басылымы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің үстінен қозғалған іс бойынша тергеу аяқталып, ісі сотқа кеткеніне назар аударды.

Самат Әбіш «қызмет өкілетін асыра пайдалану» бабы бойынша күдікке ілінген. Бас прокуратураның хабарлауынша, істе «мемлекеттік құпия бар». Лауазымды тұлғалар Әбіштің Қазақстанда жүргенін, одан «елден кетпеу» жайлы қолхат алынғанын хабарлаған. Енді оған 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған тұста немере інісі, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Әбішті марапаттап тұр. 2014 жыл.

«Оның тағдыры ондаған жыл бойы билік пен дәулет жинаған Назарбаевтың туыстары мен жақындарының жағдайы нашарлағанын көрсетеді», деп жазады басылым.

2022 жылдың басындағы Қаңтар оқиғасынан кейін Әбштің тікелей басшысы, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталды. 2023 жылы сәуірде Астанадағы сот оны «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алмақ болды», «қызмет лауазымын асыра пайдаланды» деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды.

Мақала авторы Алмаз Куменовтың жазуынша, сарапшылар Қаңтар оқиғасында Әбіштің рөлі Мәсімовтікінен артық болмаса, кем түскен жоқ деп есептейді. Әбіш президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ықпалы күшейіп жатқанына наразы Назарбаевтың серіктерінің тобына кірді деген сөз бар.

Қаңтар оқиғасынан кейін Әбіш қызметінен босатылды, бірақ қамауға алынбады. Көпшілік мұны Тоқаев элитааралық қақтығысты тудырғысы келмеді дегенге жорыды.

2023 жылдың қаңтарында бас прокурор Берік Асыловқа журналистер Әбіш туралы сұрақ қойғанда, ол ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары істе тек куәгер екенін атқан.

2023 жылдың қыркүйегінде бас прокуратура Әбіштің үстінен «лауазымын асыра пайдалану» бабы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді. Бірақ Әбіштің нақты істегені, не себепті айып тағылғаны ашылып айтылмады.

Назарбаевтың тағы бір немере інісі Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурызында ұсталып, «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығы» компанияларынан ірі көлемде қаржы жымқырды деген күдікке ілінді. 2022 жылы қыркүйекте сот оны алты жылға бас бостандығынан айырды.

БАТЫС КОМПАНИЯЛАРЫ ІШКІ НАРЫҚҚА СҰЙЫТЫЛҒАН ГАЗ ОТЫНЫН ЖЕТКІЗБЕК

Энергетика тақырыптарына маманданған Upstream Online басылымының жазуынша, Қашағанда мұнай мен газ өндіретін Батыстың алпауыт компаниялары ішкі нарыққа көбірек сұйытылған мұнай газын жеткізбек, үкімет осылайша екі жыл бұрын болған толқу қайталанбас үшін барын салып жатыр.

Қашаған – Теңізден кейінгі елдегі ең ірі мұнай-газ жобасы. Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарының серіктестері – Батыстың алпауыт мұнай компаниялары.

Қашаған.

Италияның Eni компаниясы Қашағанды барлайтын North Caspian Operating Company-ді (NCOC) басқарады. Оның серіктестері - ExxonMobil, Shell, TotalEnergies және Қытайдың CNPC компаниясы мен Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы.

Мақала авторы Владимир Афанасьев бұл келісім Қазақстан үкіметінің Қашағанға қарсы 5 миллиард доллар өтемақы өндіру жайлы дауды реттеді деген ақпаратпен тұспа-тұс шыққанына назар аударады.

Энергетика министрлігі осы аптада Қашаған акционерлерімен сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу туралы алдын ала келісімге келгенін хабарлады. 2027 жылға қарай NCOC жылына 8,1 миллион баррель сұйытылған мұнай газын өндірмек.

Қазақстанда сұйытылған мұнай газын қолдану 2016 жылдан бастап күрт өсті. Сұйытылған газ отыны арзан болғандықтан, автомобильдер соған көше бастады.

Астанадағы Petrocouncil сараптама орталығы 2023 жылы сұйытылған мұнай газын қолдану 22 миллион баррельге жетеді деп болжаған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6 пайызға жоғары.

Үкімет 2022 жылдың 1 қаңтарында сұйытылған газ отыны бағасын реттеуден бас тартқанда, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында басталған наразылық елдің басқа өңірлеріне тарап, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан.

Үкімет содан бері жаппай тәртіпсіздіктің қайталануын болдырмау үшін бөлшек нарықтағы сұйытылған газ отынынын шекті бағасын реттеп отыр.

Bloomberg ақпарат агенттігі осы аптада Қашағанды игеруші шетелдік компаниялар Қазақстан үкіметімен 5 миллиард доллар айыппұл бойынша келісімге келуге жақын екенін хабарлаған. Былтыр Қазақстан билігі Қашағанды игеруші North Caspian Operating Company-дың қоршаған ортаға шығарған күкірт мөлшері шамадан тыс болып кеткенін алға тартып, халықаралық соттан 5 миллиард доллар көлемінде айыппұл салуды талап еткен. Агенттіктің жазуынша, шетелдік алпауыт компаниялар мен Қазақстан үкіметінің келісім жобасына сәйкес, компаниялар алдағы екі жылда әлеуметтік жобаларға 110 миллион доллар қаржы бөлмек.