"Аймақта серіктестік күшейе бермек". 2024 жылы Орталық Азияны не күтіп тұр?

Ресейге сапары барысында Санкт-Петербургтегі мәдени орындарды аралаған Орталық Азия елдерінің басшылары. 26 желтоқсан 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада 2023 жылы аймақта болған басты оқиғаларды талдап, 2024 жылы Орталық Азияны не күтіп тұр дегенге үңілді. Сонымен қатар басылымдар Ресей Украинадағы соғыспен жүргенде Орталық Азия мен Кавказ елдері ынтымақтастықты күшейте ме деген сұраққа жауап іздеді. Бұдан бөлек Қытайдың Huawei компаниясы Қазақстан мен Өзбекстанның телекоммуникация нарығында белсенділігін күшейтіп жатқанын жазды.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ МЕН КАВКАЗ ЕЛДЕРІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КҮШЕЙТЕ АЛА МА?

Каспий аймағының саяси, энергетика және қауіпсіздік мәселесін зерттейтін Вашингтондағы Caspian Policy орталығы Орталық Азия мен Кавказ мемлекеттерінде 2023 жылы болған маңызды оқиғаларды талдады.

Мақала авторы Caspian Policy орталығының аға ғылыми қызметкері, Трамп пен Байден әкімшілігінде Орталық Азия бойынша ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры қызметін атқарған Эрик Руденшиолдтың жазуынша, 2023 жылы Орталық Азия мен Кавказ елдері шын мәнінде өзгерістерді бастан кешірген жаңа Каспий аймағына айналып, әртүрлі бағытта дами бастаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу Тоқаевтан Пригожиннің бүлігін басуға көмектесуді сұрады ма?

Украина Ресей әскеріне төтеп беріп жатыр, Мәскеудің әскери техникасы көңіл көншітпейтін болып шықты. Бұл Каспий аймағындағы мемлекеттерді ойландыра бастады, қорғаныс және қауіпсіздік саласында Ресей қаншалықты сенімді серіктес деген сұрақ қылтиды. Биыл Орталық Азия мен Кавказ елдері қорғаныс саласында қарым-қатынасты әртараптандырып, Түркия, Иран тәрізді өзге мемлекеттерден дрондар сатып алды, басқа елдермен әскери жаттығу өткізді.

Автордың пайымдауынша, жазда «ЧВК Вагнер» әсери тобының жетекшісі Евгений Пригожиннің бүлігі мен одан кейінгі оның қазасы Мәскеудің серттен тайып кететін тайғанақтығын және Ресей президенті Владимир Путин билігінің әлсіздігін, ахуалды үнемі бақылауда ұстай алмайтынын әшкере етті. Нәтижеде Каспий аймағындағы мемлекеттер батыс, шығыс пен оңтүстікте жаңа одақтар құра бастады.

2023 жылдың басты ерекшелігі, Орталық Азия басшылары басқа ойыншылармен саммит өткізді. Қытай аймаққа 4 миллиард доллар инвестиция құюға уәде етті. АҚШ президенті Байден алғаш рет Орталық Азия басшыларымен саммит өткізді. Еуроодақ, Германия, Франция, Түркия, Иран, Пәкістан, Үндістан мен Парсы шығанағы елдерінің басшылары Орталық Азия президенттерімен кездесіп, миллиардтаған доллар инвестиция құю туралы келісімшарттар жасасты. Бұл 2023 жылы Орталық Азияға әлем державаларының қызығушылығы артқанын, Ресейдің оған төтеп беретіндей мүмкіндігі болмағанын әйгілейді.

"Орталық Азия - АҚШ" саммиті. Нью-Йорк, 19 қыркүйек 2023 жыл.

Руденшиолд Каспий аймағы елдерінің мемлекет деңгейіндегі қарым-қатынасы бұрын күрделі болғанын келтіреді. Мәскеумен байланысты толық үзбесе де, былтыр Орталық Азия елдері серіктестікті күшейтті әрі Кавказ елдерімен қарым-қатынасты жолға қойды. Каспий маңы елдері географиялық жақындық, экономикалық қажеттілік сияқты себептерге байланысты Мәскеумен қарым-қатынасты ұстануға мәжбүр, дей тұрғанмен бұрынғымен салыстырғанда аймақтағы серіктестік күшейді.

Автордың ойынша, 2023 жылдың басты жаңалығы – Каспий аймағындағы мемлекеттер бір-бірімен көбірек жұмыс істеу арқылы ел ішіндегі ахуалды реттеуге тырысты. Орталық Азиядағы бес ел басшысы аймақтағы күн тәртібін талқылау үшін бас қосты. Бес ел басшысының саммитіне алғаш рет Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев қатысты. Бұл − Транскаспий ынтымақтастығының белгісі.

2023 жылы Ресейді айналып өтетін Транскаспий дәлізімен тауар тасымалы артты, экономикалық тиімді және жедел дамып жатқан дәліз аймақтың Ресейдің қатысуынсыз тиімді серіктестік орната алатынын әйгіледі. Руденшиолд Орталық Азия басшылары 2024 жылы да белсенді әрекет етіп, серіктестікті күшейтуді жалғастырады деп болжайды.

Ресей Украинадағы соғыспен жүргендіктен, 2024 жылы Кавказ бен Орталық Азия елдері серіктестікті күшейте алады. Бұған дейін аймақ мұндай мүмкіндікті пайдаланбай, қалт жіберді. Бірақ қазір аймақ бұл тарихи сәт екенін түсінеді. Каспий аймағы мұны пайдаланатынын-пайдаланбайтынын уақыт көрсетеді, дейді автор.

"АЙМАҚ РЕСЕЙДЕН АЛШАҚТАЙ БЕРМЕК"

2023 жылы Орталық Азия елдерінің басшылары жыл сайынғы саммиттер мен үшінші елдермен қарым-қатынаста ортақ ұстаным қалыптастырды. Австралиядағы Аделаида университетінің профессоры Ричард Помфрет East Asia Forum платформасында осындай тұжырым жасайды.

Ресей–Украина соғысына байланысты сыртқы саясаттағы проблемалар, Ауғанстанмен суға талас, Қырғызстан мен Тәжікстанның шекарадағы қақтығысы тәрізді қайшылыққа қарамастан, аймақ елдері бас қосып, негізінен экономикалық мәселелерді талқылап жүрді.

Орталық Азия басшылары 2017 жылдан бастап саммитте бас қосып жүр. Соңғы саммит биыл қыркүйекте Тәжікстан астанасы Душанбеде өтті. Саммиттен кейінгі брифингіде сауда-экономика саласындағы қарым-қатынасты дамытып, сауда және инвестицияға қолайлы жағдай тудыру басты міндет екені айтылды.

Орталық Азия елдері басшыларының Душанбедегі саммиті. 14 қыркүйек 2023 жыл.

Ресей Украинаға басып кірген соң Қытай мен Еуропаны Орталық Азия және Әзербайжан арқылы жалғайтын Орта дәлізге көп назар ауды, ол Еуропа мен Қытайды Ресей арқылы жалғайтын теміржолға балама саналады. Еуропа қайта құру және даму банкі Еуроодақ Орта дәліздің инфрақұрылымына 18,5 миллиард еуро инвестиция құяды деп болжайды.

Совет одағы кезінде Орталық Азияның тасымал тізбегі Ресей арқылы өтетін. Одақ ыдыраған соң Орталық Азия Ресейге тәуелділікті азайтып, жаңа инфрақұрылым салды, жаңа нарық пен тасымалдаушыларды тапты, көпвекторлы саясат жүргізе бастады. Помфрет Ресей әлі де маңызды серікес болғанымен, ол Орталық Азияның ең ірі импортері, экспортері немесе инвесторы емес дейді.

Автордың пайымдауынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақтың экономиканы қайта бағдарлауын күшейтті, Шығыс пен Батыс арасында байланысты нығайту үшін аймақ елдері инфрақұрылым жоспарын әзірледі. Бұл жоспар Каспий теңізінегі порттарды жаңарту, Батыс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы теміржол және автокөлік жолдарын дамытуды қамтиды.

2024 жылы Украина, Ауғанстан мен Ирандағы ахуал қалай өрбитіні белгісіз, бұл − аймаққа әсер етуші сыртқы факторлар. Сондай-ақ авторитар билік, жемқорлық, ықтимал табиғи апат тәрізді ішкі проблемалар баршылық. Автор 2024 жылы Ресейден алшақтау жалғасып, аймақтағы серіктестік күшейе береді дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Ресейден алшақтап, Қытайға бет бұрды ма? Орталық Азия Мәскеу мен Анкараның бәсеке алаңына айнала ма?

HUAWEI ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ САЛАСЫНДА НЕГІЗГІ ОЙЫНШЫСЫНА АЙНАЛДЫ МА?

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Huawei компаниясы Орталық Азияның телекоммуникация саласында белсенділігін күшейтіп жатқанына назар аударды. Мақала авторлары Қазақстандағы зерттеуші Берікбол Дүкеев, Өзбекстандағы дата журналист Дилфуза Мирзахметова және сол елдегі зияткерлік меншік бойынша заңгер Мадина Тұрсынованың жазуынша, Ресей Украинаға басып кірген соң Huawei Батыстың жанама санкцияларына ілінбеу үшін Мәскеудегі қызметкерлерінің бір бөлігін Қазақстан мен Өзбекстанға көшірген.

Huawei елде 4G желісін дамытып, 5G технологиясын сынақтан өткізіп жүр, бұл оны телекоммуникация саласындағы ірі ойыншы етті, ол тіпті Швецияның Ericsson және Финляндияның Nokia компанияларын басып озды.

Huawei-дің бұрынғы қызметкері сұхбатында компания нарықтағы басым ойыншыға айналғанын жеткізген: «[Қазақстан] үкіметі Қытайға өте жақын, көптеген несие алды, [Қытай] Қазақстанда жол салды, қазір зауыттар салып жатыр. Яғни Қытай лоббиі өте күшті».

Компания сонымен қатар елдегі талантты жастарға инвестиция салып жүр. Huawei Қазақстанда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академия санын 2025 жылға қарай 25-тен 50-ге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. (Huawei ICT академиясы – коммерциялық емес сипаттағы білім беру бағдарламасы, оны компания әлемдегі жетекші университтермен бірлесіп іске асырады – ред.). Осылайша компания жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, желідегі қауіпсіздік, big data сияқты салада 5000 студентті оқытпақ.

Қытайдың Гуандун провинциясында Huawei кеңсесі алдында тұрған тыңшылық камерасы. 2019 жыл.

Huawei академиясына қатысушы бір университеттің бағдарлама координаторы бұл курс елдегі зерттеу мен өнім әзірлеуге емес, Huawei-дің шетел филиалдарына бағдарлама тренерлерін дайындауға басымдық беретінін жеткізді. Авторлар Huawei-дің университтердің IT-құрылымына салатын инвестициясы мардымсыз екенін келтіреді.

Сонымен қатар авторлардың жазуынша, деректер Қытайға өтіп кетуі мүмкін деген қауіп бар. «Huawei қандай да бір деректі талдау үшін Қытайға жіберсе, жеке деректер қорғалмайды, мемлекет оған қол жеткізе алады» дейді Нанкинде оқыған қазақстандық IT-маман.

Осылайша Қазақстан мен Өзбекстанда Қытайдың экономикалық ықпалының күшеюі телекоммуникация саласында Huawei компаниясының үстемдігіне әкелді. Бұл елдер digital орталықтарға айналғысы келеді, бірақ ол үшін бұл саладағы таланттарға инвестиция құю керек. Дегенмен Huawei бұған басымдық бермеуі мүмкін.