Назарбаевтар, Шерлок Холмс үйі және "корольге сыйлық"

Дариға Назарбаева (сол жақта) мен оның күйеуі болған марқұм Рахат Әлиев. 4 желтоқсан 2005 жыл.

Осы аптада шетел басылымдары Британиядағы Қазақстан экс-президентінің әулетіне тиесілі деген дүние-мүлікке қатысты егжей-тегжейлі зерттеу мақала жариялады. БАҚ назарынан Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі де тыс қалмады. Бұл жолы оның Испания короліне сыйға тартқан қар барысы терісінен жасалған тоны көзге түсті. Сонымен қатар басылымдар Қазақстан үкіметінің теңге бағамын ұстап тұру үшін ұлттық қордың ақшасын жұмсап жатқаны туралы және Орталық Азияда Қытайдың мәдени ықпалы күшейіп бара жатқанына Кремльдің алаңдай бастағаны жайында жазды.

ҚОЛДАН ҚОЛҒА ӨТКЕН АКТИВТЕР МЕН ҚЫМБАТ АДВОКАТТАР

"Шерлок Холмс және қазақ миллиондарының құпиясы". Журналистік зерттеу сайтындағы Назарбаевтар әулетіне тиесілі деген Британиядағы дүние-мүліктің жай-жапсарын әшкерелеген ауқымды мақала осылай аталады.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің Ұлыбританиядағы "миллиондары" туралы материал легі толастамай тұр. Осы аптада британдық The Times Лондонның Бейкер-стрит көшесіндегі Артур Конан Дойлдың әйгілі кейіпкері Шерлок Холмстыкі деген үй 2015 жылы Назарбаева мен Әлиевке тиесілі болғанын жазған. The Times, NBC, Guardian, Observer, Independent, openDemocracy және ВВС сияқты ақпарат құралдарының бірлескен жобасы – SourceMaterial сайтында Назарбаевтарға тиесілі деген мүлік туралы ғана емес, экс-президент әулеті өкілдерінің активтерін "жасыру" жолдары туралы да көлемді зерттеу мақала жарияланды. SourceMaterial қолда бар деректерге қарағанда, Назарбаева бұл активтермен "байланысын" әлі де сақтап отырған тәрізді деп қорытындылайды.

2015 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаева екі ай бұрын премьер-министр болып тағайындалған үлкен қызы Дариға Назарбаеваны Ұлыбританияға ертіп барды. Суретте: Дариға Назарбаева (солдан оңға), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизавета және Филипп ханзада Букингем сарайында. Лондон, 4 қараша 2015 жыл.

SourceMaterial авторлары қолына түскен "құпия құжаттарға" сүйене отырып, үйлердің қалай қолдан-қолға өткенін, олардың соңғы бенефициарлары кім екенін анықтауға тырысқан. Авторлардың айтуынша, "Назарбаева мен оның кеңесшілері инвестицияларды құпия ұстау үшін бәрін жасаған".

Ресурс мәліметі бойынша, 2015 жылы Бейкер-стриттегі жылжымайтын мүлік "британ компаниясына тиесілі болған, ал оған Британиядағы өзге екі компания иелік еткен, оларға төртінші фирма қожайын болған. Ал ол Британ Виргин аралдарындағы және Панамадағы құпия қорға қараған. 2015 жылы жемқорлықпен күресетін Global Witness қоры осы істің ізіне түсіп, "Кариб бассейнінің құпия айлақтарына барғанда одан көз жазып қалған" деп жазады SourceMaterial.

Журналистер The Times газетімен бірлесіп, жаңа пайда болған деректерді, соның ішінде әлдебір жазысқан хаттарды саралау арқылы осы ізді қайта тапқан. Олардың айтуынша, Бейкер-стриттегі "Шерлок Холмстың үйі" мен басқа да жылжымайтын мүлікке қожалық еткен британ фирмалары қараған Farmont Investors Corporation-ды Дариға Назарбаеваның өзі қадағалаған.

SourceMaterial ресурсының жазуынша, олар бұл ақпаратты Назарбаеваның адвокаттарымен және қаржы бойынша кеңесшілерімен жазысқан хаттарынан алған. Ол хаттарда "Farmont қожайының есімі құпия сақталуы керектігі және оның журналистер қолына түспеуінің маңызы ерекше айтылған".

SourceMaterial-дың жазуынша, 2015 жылы Global Witness жарияланымынан кейін Бейкер-стриттегі актив қожайындары ауысқан. Енді олар "соның алдында ғана Абу Дабиде құрылған" Landmark Network Real Estate Ltd компаниясына тиесілі.

"Бір қарағанда Назарбаева Global Witness есебінен қорқып, жылжымайтын мүліктен құтылғандай көрінеді. Бірақ SourceMaterial зерттеуіне қарасақ, ол Бейкер-стритпен байланысын сақтап қалған" деп жазады. Олар осы компанияға қатысы бар адамдарды талдау арқылы бұған көз жеткізген.

SourceMaterial-дың жазуынша, БАӘ-дегі фирманың үлесі бірдей бес қожайыны бар. Бұған себеп – Британияда 2016 жылы өзгерген заң. Ол заң бойынша, британ компаниясының кемінде 25 пайызына иелік ететін адамның аты-жөні көрсетілуі керек. Landmark Network Real Estate Ltd иелерінің әрқайсысы оның 20 пайызына ғана иелік етеді, яғни аты-жөндерін көрсетпеуге қақылы.

Компанияның БАӘ-дегі қожайындарының бірі – Мұхамед Саед Мұхамед әл-Арки. Осы тұста оның Назарбаевамен байланысын байқауға болады, себебі әл-Аркидің іскерлік әріптесі – Максимилиано Даль’Оссо. Ал оның Британ Виргин аралдарындағы Дариға Назарбаеваға апаратын офшор компанияларға қатысы бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Лондондағы кір жуатын орын", Назарбаевтардың зәулім үйі және "семіз мысықтар"

Авторлар Назарбаева мен Әлиевтікі делінген Лондондағы қымбат жылжымайтын мүлікке қатысты биыл өткен сот процесіне де тоқталады. Британияның қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі (NCA) бұл үйлер арам ақшаға алынған болуы мүмкін деген күдікпен оларды "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері (UWO) негізінде бұғаттауға күш салған. Дегенмен, Назарбаева мен Әлиев бұл мүліктің Назарбаеваның бұрынғы күйеуі, марқұм Рахат Әлиевтің ақшасына алынбағанын айтып, "Миллиардерлер көшесіндегі" жалпы құны 80 млн фунт-стерлинг болатын екі үй мен қымбат пәтерді өздеріне алып қалған. Авторлар мұның өзін үлкен жетістік санайды, себебі "Назарбаева байлығының шығу төркінін ашық мойындауға мәжбүр болды, сөйтіп әлемдегі ең ықпалды отбасылардың бірінің қаржысына жұрттың назарын аудартты".

SourceMaterial Дариға Назарбаеваның миллиондарды қалай тапқаны туралы сотқа берген жауаптарына назар аударады. Басылым Назарбаеваны "соңғы кезге дейін Қазақстан сенатының спикері болған кәсіби опера әншісі әрі бизнес-империяның иесі" деп сипаттайды.

Дариға Назарбаева "Алма-Ата – алғашқы махаббатым" ретрофестивалінде ән шырқап тұр. Алматы, 7 қыркүйек 2013 жыл.

Журналистердің "Назарбаева сотты шатастырды деген пікірге қалай қарайсыз?" деген сұрағына оның адвокаттары бұл "шылғи өтірік" деп жауап берген. Олар Бейкер-стриттегі "Шерлок Холмстың" үйі туралы сауалға жауап беруден бас тартқан.

Журналистік зерттеу авторларының пікірінше, "Шығу төркіні белгісіз байлық" ордері британ құқық қорғау қызметінің мүмкіндігін кеңейткенімен, олар ең қымбат адвокаттық фирмаларды жалдау арқылы "заңды айналып өту жолдарын тауып жатыр". 2020 жылғы маусымдағы Ресей олигархиясының Ұлыбританияға ықпалы туралы парламенттік есепте осындай қорытынды жасалған.

"Өте қымбат адвокаттар жалдауда Назарбаева да олардан қалыспайды. Сотта Mischcon de Reya деп аталатын элиталық заңгерлік фирма оның құқығын қорғады" деп жазады SourceMaterial.

Сол үшін "Жемқорлықты әшкерелеу" (Spotlight on Corruption) тобының жетекшісі Сюзан Хоули Ұлыбритания заңды жылдамдатып өзгертуі керек деген ұсыныс айтқан.

"UWO ордері жемқорлықпен жиналған активтерді жылдам тұтқындаудағы олқылықтың орнын толтыруға арналған. Үкімет оның арам ақшаға тосқауыл қою стратегиясының негізі екенін жиі қайталаумен келеді, сондықтан ол (шығу төркіні белгісіз байлық ордері – Ред.) жұмыс істей ме, жоқ па, бұл өте маңызды" деді Хоули.

Журналистер Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің билікте лауазымды қызмет атқара жүріп үлкен байлық жинағанын, Әлиевтің қант бизнесін "жаулап алғаны сондай", "Қант патшасы" деп аталғанын да жазады.

Авторлардың жазуынша, Қазақстан сенатының бұрынғы спикері Назарбаеваның "600 млн доллар байлығы" бар екенін ол жалдаған адвокаттық фирма сотта ресми түрде айтқан. Mishcon de Reya фирмасы "Дариға Назарбаева – мақсатына жеткен, өте табысты бизнесвумен" деп сипаттама берген, бірақ "президенттің қызы болу бұған септескен болуы мүмкін" деп күдік етеді журналистер.

Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) үлкен қызы Дариғамен бірге мерекелік шарада отыр. Алматы, 1 мамыр 2016 жыл.

Ресурстың жазуынша, Дариға Назарбаева "бір активіндегі ақшаны екіншісіне салу арқылы мүлікті шын сатқандай көрініп", сол арқылы сотты шатастырған болуы мүмкін.

Оған себеп – Рахат Әлиев 2007 жылғы 28 мамырда қайын атасы – cол кездегі президент Назарбаевқа ашық қарсы шыққан күні Қазақстанда Gas Development деген "түсініксіз" компания құрылған. Оның аты 12 жылдан соң, Лондондағы сот процесінде қайта шыққан. Сот Назарбаевадан Лондонның Хайгейт ауданындағы қымбат үйді алуға 9,3 млн фунтты қайдан алғанын сұрағанда, ол "бір кездері күйеуі Әлиевке тиесілі болған "Қант" ЖШС-дағы үлесін Gas Development-ке сатқанын", соның қаржысына үй сатып алғанын айтқан.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ИСПАНИЯ КОРОЛІНЕ СЫЙЛЫҒЫ

Француздық Courrier International испаниялық El Diaro сайтына сілтей отырып Испания королі Хуан Карло I айналасындағы жаңа дау туралы жазды. Дауға Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Испания монархына бір кездері берген сыйлығы себеп болған. Басылымның жазуынша, 1998 жылы Хуан Карло I мемлекет басшысы болып тұрғанында "Қазақстанда жеке сапармен" барып, "Назарбаевтың қолынан қара-ала тон алған. [Тонның] саудасына 1975 жылдан бастап тыйым салынған қар барысы терісінен жасалғаны көрініп тұр".

El Diaro тонның теріден жасалғанын басылымға корольдің Қазақстанға сапарында бірге болған дипломаттың растағанын жазады.

Courrier International мақаласындағы суреттің скриншоты. Суретте Испанияның сол кездегі королі Хуан Карлос (сол жақта) Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйға тартқан тонды киіп тұр. Тон қар барысының терісінен жасалған. 1998 жыл.

Қар барысы жойылу алдында тұрған жануар саналады. Ол Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенциямен қорғауға алынған. Табиғатты қорғау жөніндегі халықаралық одақтың бағалауынша, Қазақстандағы қар барысының саны жүзден аспайды.

Басылымның сөзінше, тон 1975 жылға дейін әзірленген болуы мүмкін, себебі Қазақстанда "мұндай теріден бұйым жасау сирек жағдай емес", ал "музейлер мен жеке қорларда сол дәуірге тиесілі ескі терілерді әлі де табуға болады". Бірақ Испаниядағы король үйі пікір беруден бас тартқандықтан, "олардың тонның әзірлену уақытын, оның осы жануардың терісінен жасалғанын білген-білмегені" белгісіз, дейді El Diaro. Басылым сондай-ақ тонды Испанияға әкелерде экспорт және импорт туралы құжаттардың алынған-алынбағаны да түсініксіз дейді.

Courrier International "бұл жағдай бұрынғы корольдің және бүкіл монархияның беделін одан әрі түсірді" деп жазады. Басылымның жазуынша, король қызметін 1975-2014 жылдары атқарған Хуан Карлосқа қосымша жаман атақ қажет емес еді. Ол тақтан жаппай жемқорлық пен өзге де қылмыстар туралы айып тағылған тұста кетіп, билікті ұлына қалдырды. Басылымның мәліметінше, қазір экс-монарх Швейцария мен Испаниядағы көптеген тергеуге байланысты Абу-Дабиде "өздігінен қашып жүр". Тергеу ақшаның ізін жасыру және қаржылық алаяқтық істері бойынша қозғалған.

Испанияның бұрынғы королі Қазақстанды 30 жылға жуық басқарып, президенттіктен отставкаға кеткен, бірақ түрлі атақтар мен қызметтер арқылы билікті уысында ұстап қалған Нұрсұлтан Назарбаевпен достық қатынаста. 2019 жылы Назарбаевтың баспасөз хатшысы Twitter желісінде бұрынғы президенттің Хуан Карлоспен телефон арқылы сөйлесуінің видеосын жариялады. Видеода ағылшынша сөйлеген Назарбаев Карлосты "бауырым" (Назарбаевтың айтқан сөзі – frather, ағылшын тілінде "бауыр" сөзін білдіретін brother сөзіне үндес – ред.) деп атайды.

Қазақстан билігі 2013 жылы Хуан Карлосқа "Алтын Қыран" орденін табыстаған. Жоғары наргада саналатын бұл орден Хуан Карлосқа "Қазақ-испан қарым-қатынасын дамытып, нығайтуға үлес қосқаны" үшін берілген.

"ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕҢГЕНІ ҰСТАП ТҰРУҒА 8 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ЖҰМСАҒАН"

"Қазақстан ұлттық банкі мұнай бағасының төмендеуінен ұлттық валюта құлдырап кетпеуі үшін теңге-доллар саудасының кейбіріне араласып отыр" деп хабарлады Bloomberg агенттігі. Банктің теңге құнын күшпен ұстап тұруға әрекеттеніп жатқанын агенттікке осы салаға қатысы бар бес адам растаған. Олар агенттік тілшісінен аты-жөнін атамауды сұраған.

200 теңгелік тиын АҚШ-тың 100 долларының қасында. Көрнекі сурет. 10 наурыз 2020 жыл.

Агенттіктің жазуынша, банк доллар сатып алу туралы өтініштердің кейбірін кешіктіру немесе мүлде кері қайтару тәсілін қолданып отыр. "Мұндай интервенция 2015 жылы Қазақстан енгізген валютаның еркін айналымы режиміне қайшы" деп жазады журналист.

Ұлттық банк Bloomberg-тің бұл жөніндегі сауалына жауап беруден бас тартқан, дегенмен 9 қазандағы электронды поштамен берген жауабында теңгенің айырбас бағамын және валюта саудасының көлемін белгілі бір деңгейде ұстап тұруға тырыспайтынын айтқан.

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа байланысты екі рет карантин енгізіліп, жиырма жылдан астам уақыттағы алғашқы рецессияға ұшыраған елдегі наразылықты басуға тырысты. Шілдеде ол ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевқа теңгенің тұрақтылығы маңызды екенін, оның құбылмалығын болдырмау үшін қажет шараларды қолдану керегін айтқан" деп жазады Bloomberg.

"Теңге Қазақстанда саяси тұрғыда маңызды. Қазақстанда еркін сауда шектеулері алынып тасталса, бұл валюта бағамының құлдырауын тездетеді, ал ол халықтың толқуына алып келуі мүмкін" деді агенттікке сұхбат берген Лондондағы Prism Political Risk Management сарапшысы Кейт Маллинсон.

Қазақстан валютасы биыл долларға шаққанда 10 пайызға құлдыраса, Ресей рублі 18 пайызға арзандаған. "Теңге әдетте рубльдің ізімен жүреді, себебі Ресей Қазақстанның ең ірі сауда әріптесі әрі екі ел де ірі мұнай экспорттаушы".

Теңгенің рубльге қарағанда құндырақ болу себебін автор Қазақстанның "артқан шығынның орнын жабу үшін" ұлттық қордағы 56 млрд доллардың 8 миллиардын жұмсап жібергенімен байланыстырады. Ал Ресей қарызын арттыра түскен.

Bloomberg-тің жазуынша, "шетел валютасына сұраныс артқанда, қазақстандық кредиторлар ұлттық биржаға емес, теңге арзандау бағаға сатылатын банкаралық нарыққа кетеді".

РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ "ҚЫТАЙЛАНУЫНАН" ҚОРҚАДЫ

Қытай "жұмсақ күшті" пайдаланып, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерінің мәдениетін "қытайландырып" жатыр. Мәскеу осы процестен қорқады, бірақ оған қалай қарсы тұру керек екенін әлі білмейді. Америкалық Jamestown қорының сайтындағы сараптама мақала авторы Пол Гобл осындай тұжырым жасайды.

Оның жазуынша, "процесс сәтті өтсе, бұл елдер Қытайдың ықпал аймағының бір бөлігіне айналады, әрі Пекиннің бұл аймақтар арқылы шығыс-батыс сауда жолдарын дамыту немесе жергілікті қауіпсіздік құрылымдарымен ынтымақтасу әрекеттерінен де тұрақты әрі тұғырлы жетістікке жетеді".

Темір жол жұмысшылары Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" жобасы аясында Ресей астанасына шығатын алғашқы пойызды жолға дайындап жатыр. Шицзячжуан, Хэбэй провинциясы, Қытай. 29 маусым 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Сарапшының айтуынша, соңғы он жылда Ресей Қытайдың Орталық Азияға экономикалық және әскери тұрғыда дендеп енуіне әркелкі қарап келді. Бір жағынан Ресей Қытайдың келуі аймақтағы Батыстың ықпалын әлсіретеді деп үміттенді. Оның үстіне Мәскеу Пекиннің Шыңжаңдағы мұсылман азшылыққа қарсы репрессиялық саясаты бұл елдерді ол жаққа қарай бет бұруға апара қоймас деген сенімде болды деп санайды автор. Соңғы кездері Кремльдің бұл мәселеге қатысты көзқарасы өзгере бастаған, енді олар Қытай "жұмсақ күштің" көмегімен Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың "мәдени картасын" өзгертіп, тіпті Ресейдің Сібірі мен Қиыр Шығысына аяқ баса ма деп алаңдай бастады.

Соңғы кездері Мәскеуде Қытайдың Орталық Азияға дендеп енуін "Ресейге төнген қауіп" деп санайтындар көбейген, олар бұл елдің "Бір белдеу – бір жол" (БББЖ) бағдарламасына мәдени, экономикалық және қауіпсіздік тұрғысынан қарсы тұру керек деп есептейді. "Олар Ресей әсіресе Орталық Азияға, одан кейінгі кезекте Кавказға месседж жібергенде, Қытайдың Шыңжаңда жасап жатқанын пайдалануы керек деп ойлайды".

Автордың жазуынша, Мәскеу мемлекеттік университетінің ақпарат-сараптама орталығы президент гранты негізінде "Қытай ықпалының тетіктері: Орталық Азия мен Ресейдің "қытайлануы" тақырыбына зерттеу жүргізіп жатыр.

Жоба жетекшісі Вита Спивактың айтуынша, Қытай 2013 жылдан бері "қытайландыру" бастамасын БББЖ жобасы аясына топтастырды. "Қытайдың қазір Орталық Азия мен Кавказда жасап жатқаны – олардың басқа жақта қолға алып жатқан не болашақта бастайтын жобаларының үлгісі деуге болады. Яғни, БББЖ – көп жұрт ойлағаннан әлдеқайда ауқымды нәрсе" дейді ресейлік сарапшы. Оның айтуынша, бұл жобаның мақсаты – Орталық Азия мен Кавказдан Ресейді, ал әлемнің басқа бөліктерінен АҚШ пен Еуропаны ығыстырып, жаһандағы басты державаға айналу.

Спивактың айтуынша, Ресей Конфуций институты сияқты Қытайдың мәдени ықпал ету ошақтарын жауып, оның шабуылын тойтармаса, экономикалық, әскери тұрғыда қанша жетістікке жетсе де, бұрынғы одақтастарының, тіпті өзінің көп бөлігінің "қытайланғанына" куә болады.

"Қытайды қауіп көретіндердің көзқарасы Ресей саясатында үстемдікке ие бола ма, жоқ па, әйтеуір Мәскеудің болашақта сауда мен әскери әрекеттен гөрі мәдениеттің рөлі артатынын түсінгенін білдіреді" деп қорытады Jamestown сарапшысы.