Назарбаевтың "арсыз пропагандисі" және Қазақстандағы "балама БАҚ"

Америкалық режиссер Оливер Стоун Венеция кинофестивалінде. Италия, 5 қыркүйек 2020 жыл.

Америкалық режиссер Оливер Стоун Қазақстанның бұрынғы президенті туралы фильмі үшін әлі де сынға ұшырап жатыр. Сын-пікірге жауап берген режиссер "Елді қоқыс алаңына айналдырып жібермеген [Назарбаевты] мадақтауға" шақырды. Америкалық Foreign Policy журналы Қазақстандағы "балама баспасөз" қызметін атқарып отырған блогтарға тоқталып, бұл позитив тренд ұзаққа созылмауы мүмкін дейді.

ОЛИВЕР СТОУННЫҢ "АГИОГРАФИЯСЫ"

Батыс басылымдары Нұрсұлтан Назарбаев туралы түсірілген "Qazaq. Алтын адам хикаясы" фильмін "пропагандалық эпопея" деп атап, оны түсіруге қатысқан голливуд режиссері Оливер Стоунды сынап жатыр.

Британдық Telegraph газеті "Нұрсұлтан Назарбаев "ұлт көшбасшысы" ретінде жеке басқа табыну мәдениетін күшейтіп отыр деп есептейді. Мақала авторы Назарбаев туралы "Биліктен кеткенде ол Орталық Азиядағы бұрынғы коммунистер арасында елін ең ұзақ басқарған, ең бір табысты тұлға болды" деп жазады.

Стоун кейінгі жылдары ықпалды автократтарға ұнамды сұхбаттар жариялағаны үшін біраз сынға қалған. Америкалық режиссердің қоғам сынына ұшыраған туындыларының ішінде 2017 жылы Ресей президенті Владимир Путинмен төрт сағаттық әңгімесі, Украинадағы революция туралы деректі фильмге енген, биліктен тайдырылған президент Виктор Януковичпен сұхбаты бар.

Британдық Guardian басылымы Стоунның Қазақстан туралы фильмін "Назарбаевтың жеке басына табыну мәдениетін күшейтетін агиография" (агиография – әулие тұлғалардың өмірін зерттейтін діни ілім. – Ред.) деп атады.

"Qazaq. Алтын адам хикаясы" фильмінде Стоун автократтардан сұхбат алғанда олардың қытығына тиер сұрақ қоймай, баяғы әдісін қолданады. Қарсы сұрақ қоймауы ол Владимир Путин мен Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің фаворитіне айналды. Бұл екеуі өз беделін "Взвод" және "Джон Кеннеди" фильмдері үшін Оскар сыйлығын алған Стоун арқылы өсіргісі келеді" деп жазады Guardian.

Оливер Стоун (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путиннен сұхбат алып отыр. Мәскеу, 19 шілде 2019 жыл. Стоун "Украинаның айтылмаған тарихы" дейтін фильм түсіріп, оны Кремль тұрғысынан баяндаған.

Оливер Стоун Guardian басылымының Назарбаев туралы фильміне айтқан сынына жауап беріп, "Бұл адамдарға елі мен ондағы демократияны қалай басқару керегі жөнінде дәріс оқығым келмейді" деген. Ол Назарбаевты "қиын елді басқарып отырған" "тайпа басшысымен" салыстырған.

Стоун Twitter парақшасына "Сіздер Назарбаевты диктатор, мықты тұлға, тиран, мемлекеттің негізін қалаушы дегендей әртүрлі атай аласыздар. Бірақ фильмнен совет империясының неге құлағанын, елдің тәуелсіздік жолындағы маңызды қадамын, оның ішінде ядролық қарудан бас тартуын түсіндірген қарапайым адамды көресіз" деп жазды.

Қазақстанды отыз жыл басқарған 81 жастағы Назарбаевты "қарапайым" деу қиын. Guardian мақаласында "Ол 2015 жылы сайлауда 97,5% пайыз дауыспен жеңіске жетіп, елбасы немесе "ұлт көшбасшысы" титулын алған. Ел астанасына, әуежай, бас университет пен орталық көшелерге Назарбаевтың аты берілген. Соңғы бір аптада оған арналған екі жаңа ескерткіш ашылды" делінген.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тірісінде ескерткіш қойылғанын қаламайтын" Назарбаевқа тағы екі ескерткіш қойылды

"Бұл фильм сөзсіз жеке басқа табыну мәдениетінің бір бөлігі" дейді Қазақстанда жұмыс істейтін британ журналисі, "Қара көлеңкелер: Қазақстанның құпия әлемі" кітабының авторы Джоанна Лиллис. Ол Назарбаев туралы осыған ұқсас фильмдердің осыған дейін де түсірілгенін еске салды.

"Мұны пропаганда деп ғана сипаттауға болады… Фильмнің Назарбаевтың беделі мен мұрасын нығайту үшін шетелдік аудиторияға арнап түсірілгені сөзсіз…" дейді Лиллис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Джоанна Лиллис: Батыс аудиториясы Қазақстанға аса қызыға бермейді

Стоун "Қазақстандағы идеологиялық жұмыстарды басқаратын адамға ұқсайды" дейді Vlast.kz тәуелсіз басылымының негізін қалаушы Вячеслав Абрамов британдық басылымға берген сұхбатында.

"Назарбаев, әрине, бірқатар жетістікке жетті, бірақ Стоун елде [Назарбаев президент болған] отыз жылда жіберілген қателіктер мен мәселелерді назардан тыс қалдырған", дейді өз редакциясының әдейі бұл фильм туралы ештеңе жазбағанын айтқан Абрамов. Оның айтуынша, Vlast.kz жұмыс істеген он жылда не Назарбаевтан, не қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат ала алмаған.

"Назарбаевтың алдына кіретін журналистер тобы шектелген және бәрі қатаң бақылаудан өтеді. Тәуелсіз, сыни пікірі бар журналист не режиссердің президенттің алдына кіруге мүмкіндігі жоқ…" дейді Джоанна Лиллис.

Фильмнің түсіріліміне дейін Қазақстанға барып көрмеген Стоун мемлекет туралы ақпараттың көбін продюсері Игорь Лопатеноктан естіген.

Стоун "Сізді фильмнің пропаганда ретінде пайдаланылатыны алаңдатпай ма?" деген сұраққа "Назарбаевтың ел басқарғанына отыз жыл толуын атап өткенде тұрған не бар?" деп жауап берген. Guardian басылымының дерегінше, режиссер Украинаны қорлайтын сөздер айтып, "Оған мемлекет құрып, бейбітшілікті сақтап қалғаны, елді Украина сияқты қоқыс алаңына айналдырмағаны үшін құрмет көрсетіңдер" деген.

Оливер Стоун мен Лопатенок фильмнің қалай қаржыландырылғанын айтудан бас тартқан. Режиссер фильмнен қанша табыс тапқанын да құпия қалдырған. Бірақ жобадан деректі фильмдегі сұхбат алушы және продюсер қызметіне лайықты ақша алғанын мойындаған. Ол қазақстандық оппозиция өкілдерімен саналы түрде сөйлеспегенін, өйткені бұл фильмнің сценариіне сәйкес келмегенін айтты.

"Әрине, Стоун Қазақстан туралы адал фильм түсіргісі келген жоқ. Оның мұндай мақсаты не қалауы болмады. Ол қарапайым әрі арсыз насихатшы немесе сондай адамға айналып отыр" дейді Абрамов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Вячеслав Абрамов: Адал журналист болмасаң, бұл кәсіппен айналысып нең бар?

РЕЖИМНІҢ ТАБАНЫНА КІРГЕН "МЕДИА ШӨГІР"

Америкалық Foreign Policy журналында жарияланған "Қазақстанда дамып келе жатқан балама ақпарат құралдарына қауіп төніп тұр" деген мақалада Қазақстанның медиа саласына сипаттама берілген.

Журнал Назарбаев туралы жаңа фильмді "билігі шексіз Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған сегіз сағаттық ода" деп атап, "әсіресе, тәуелсіздік алғалы үкіметі ақпарат құралдарын жүйелі түрде тұншықтырып келе жатқан елде мұндай фильм күлкілі көрінеді" деп жазды.

Басылымның пікірінше, қазір Қазақстанда бірнеше тәуелсіз дәстүрлі ақпарат құралы ғана қалған. Бірақ олар авторитаризмге қарамастан, қызу дамып жатқан елдің әлеуметтік-саяси өмірінен хабар таратуға қабілетсіз.

Қазір бұл бос орынды балама медиа толтыра бастаған: блогерлердің көбі YouTube, Telegram және Instagram платформаларын пайдаланып, әртүрлі оқиғаларды талқылап, мемлекеттік дәстүрлі баспасөзге қарама-қайшы ақпарат таратып отыр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Мәңгі жас" Назарбаев муралы зұлым кейіпкер Джокерге ұқсап қалды

"Балама журналистика дамып келеді. Осы тұста Қазақстан билігі бұл жобаларды тоқтан ажыратып тастағанша, балама медиа өкілдері қаншалық алысқа бара алады?" деген сұрақ туындайды" деп жазады Foreign Policy.

Журнал тарихқа көз жүгіртіп, дәстүрлі ақпарат құралдарының жағдайы барлық кезде бірдей жаман болмағанын еске алады. 1990-жылдардың бірінші жартысында Қазақстанда азын-аулақ ақша төлеген адамның бәрі хабар тарату лицензиясына ие болған. 1996 жылға қарай лицензиялар саны 200-ге жеткен, осылай Қазақстанда 47 тәуелсіз теле-радио арна болған.

Vlast.kz тәуелсіз жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Вячеслав Абрамов 90-жылдарды "қазақстандық басылымдардың қайта өрлеу дәуірі" деп атайды.

1997 жылы қиындықтар басталған: ол кезде билік ақпарат тарату саласын бақылауды күшейтпек болған. Президент сайлауы екінші рет өткенде Назарбаев режимі "хабар тарату лицензиясын алу үшін компаниялар қайтадан өтініш беріп, экономикалық жағдайы тұрақты екенін дәлелдеуі керек" деп мәлімдеген. Нәтижесінде біраз медиа лицензиясынан айырылып қалған.

"Осыдан кейін баспасөз бостандығы нашарлай берді" деп жазады Foreign Policy. Журнал ақпарат құралдарына қысым күшейген кезге де тоқталған: 1999 жылы үкімет монополияға шектеуді алып тастап, ақпарат құралдарын билікті жақтайтын тұлғалардың қолына жинаған. 2001 жылы билік ақпарат құралдарын тіркеу жүйесін енгізген. 2005 жылғы президент сайлауынан кейін салық және құқық қорғау органдары кез келген ақпарат құралын ескертусіз тексеруге мүмкіндік алған. 2017 жылдан бері журналистер біреу туралы жеке және қаржылық ақпарат жарияламас бұрын, материалда аты аталатын тұлғаның рұқсатын алуы керек. 2021 жылы наурызда журналистер аккредитациясына байланысты толықтырулар енгізіліп, ақпарат құралдары қызметкерлерінің үкіметтік және өзге де ресми шараларға қатысуы қиындады.

Материалда "Қазір әкімшілік кодексте баспасөз қызметін реттейтін 40 түрлі бап бар. Заңның кез келген пунктісін бұзудың соңы ақпарат құралының қызметін тоқтатуға немесе вебсайтын бұғаттауға әкеліп соғады. Халықаралық "Әділ сөз" қорының бағалауынша, 2010-2015 жылдары жыл сайын 5-9 ақпарат құралына қарсы санкция қолданылып келген. 2021 жылы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының жыл сайынғы баспасөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 155-орын алған" деген жазылған.

Автор ойын "Дәстүрлі медиа-кеңістіктің тас-талқаны шығып, пайда болған бос орын дәстүрлі емес журналистикаға жаңа мүмкіндіктер қалыптастырды" деп жалғайды.

Foreign Policy Вадим Борейко, Дмитрий Дубовицкий, Мұрат Данияр мен Максим Пономаревтың YouTube арналарын, Instagram желісіндегі сатиралық Le Shapalaque және белсенді Әсем Жәпишеваның парақшаларын атап өткен.

"Дәстүрлі емес медиажобалар белсенді аудитория мен ықпал жинап жатыр. Олар біз сияқты дәстүрлі ақпарат құралдарымен салыстырғанда, болған оқиғаларға жылдам реакция білдіріп, ақпаратты тез таратады" дейді "Уральская неделя" газетінің бұрынғы бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лұқпан Ахмедияров: Кез-келген билікке сын көзімен қарау керек

Foreign Policy "Қазақстан үкіметінің табанына кірген жаңа дәстүрлі емес "медиа шөгірге" жұмыс істеуге мүмкіндік беруінің себебі неде?" деген сұраққа жауап іздеген.

"Қазір [балама ақпарат құралдарының өсуіне] жақсы кез. Өйткені біздің реформатор болып көрінгісі келетін президентіміз бар. Оның айналасындағы адамдар президентке осындай бедел қалыптастырғысы келеді. Бұл адамдарға белгілі бір мүмкіндіктер туғызады" дейді Вячеслав Абрамов.

Үкімет дәстүрлі емес ақпарат құралдарының "қысым клапаны" деген маңызды қызмет атқарып, қоғам наразылығын бақылаудан шығып кетпей тұрып, әлсіретіп отыратынын түсінген сияқты.

Қазір интернет еркін әрі аз реттелген ортаға жатады. Бірақ Foreign Policy бұл ұзаққа созылмайды деп топшылайды: кей азаматтар 2021 жылдың соңына дейін блогерлердің қызметін реттеп, шектеулер енгізетін шаралар қабылдануы мүмкін деп алаңдайды.

"Бірақ оған дейін Қазақстандағы балама ақпарат құралдары үкіметке қарсылық көрсетуін жалғастыра береді" деп жазады Foreign Policy.