"Драма" мен "шоу" сипаты бар процесс. Бишімбаевтың соты миллиондаған адамның назарын аударды. Неліктен?

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев сотта сөйлеп тұр.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың сотын миллиондаған адам бақылап отыр. Арасында шетелдіктер де бар. Неліктен сот процесі жұрт назарына ілікті және Қазақстанда сот отырысын алғаш рет онлайн көрсетудің сыры неде?

ЕЛ БОЛЫП ТАЛҚЫЛАП ЖАТҚАН ПРОЦЕСС

"Бір сөзбен айтқанда, басынан бірнеше рет ұрған. Есі бар адам өздігінен мұндай жарақат алмайды", – деді Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқаби мүшелері алдында сөйлеген сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров. Сот наурыз айының аяғынан бері 31 жастағы Салтанат Нүкенованың азапты өліміне қатысты қылмыстық істі қарап жатыр. Сотталушы – марқұмның азаматтық некедегі күйеуі, Қазақстанның бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев. Екеуі ислам діні жоралғысымен неке қидырған.

"Нүкенова басына бірнеше соққы тиіп қайтыс болған, адам құлаған кезде мұндай жарақат алмайды" деп түсіндірді сарапшы. Сараптама қорытындысы марқұмның қанында болмашы мөлшерде алкоголь барын анықтаған.

Халимназаров әйелдің мойнында буындырғаннан қалған із барын айтты. Сарапшы соққы тиген Салтанаттың басында қандай жарақаттар болғанын манекенге фломастермен салып көрсетіп, тәптіштеп баяндады.

Халимназаровтың сөзін 10 алқаби мүшесі және сот процесін тікелей эфирден көрген миллиондаған адам тыңдады. Қазір Нүкенованың қазасын бүкіл Қазақстан талқылап жатыр. Бұл сот процесі жайлы әңгімені журналистер, заңгерлер мен белсенділер ғана емес, кез келген дәмханада да, қоғамдық көлікте де, спортзалда да, көшеде де жұрт сөз қылып жүр.

"Бұған бәрі әсер етті: айуандықпен [адам] өлтіру, айыпталушының танымал тұлға екендігі, гендер теңдігі тақырыбының әлемдік трендке айналуы, процесті техникалық тұрғыдан ұйымдастыру, – дейді сотты бақылап жүрген адвокат Жохар Өтебеков резонанс тудырған іс жайлы. – Сот алғаш рет бірнеше камера қойып, дыбысы жақсы тікелей эфир ұйымдастырды".

Әлеуметтік желілер Астанадағы сот процесі туралы постқа толы. Көбі Нүкенова мен оның отбасын қолдап пікір жазған. Сотты шетелден бақылап отырған желі қолданушылар да #салтанатүшін, #Saltanat хэштегтерімен флэшмобқа қатысып жатыр. Марқұмға өлең, музыка арнап, суреттер салып, жариялап жатқандар да бар.

Reuters, BBC, Deutsche Welle, Delfi сияқты әлемдік басылымдар және Ресейдің ірі медиалары мен блогерлері де осы сот жөнінде жазып жатыр.

"Сот процесі жария өткендіктен шартарапқа тарады. Қолданушылар сот туралы пікірін жариялап, контентті генерациялайды. Әлеуметтік желіде қызу талқылға түскенін байқап отырмыз. Мұндайды қолдан ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл халықтың наразылығы мен ашуы", – деді БАҚ және коммуникациялар жөніндегі сарапшы, әйелге қарсы зорлық-зомбылық ісін БАҚ-та жариялаумен айналысып жүрген ерікті Айгүл Әлиясова (Әлиясова Нүкенованың өліміне қатысты іс жөніндегі жұмыс тобына қосылмаған – ред.).

АҚШ пен Еуропада тұратын қазақстандықтар "No excuse for abuse", "Әр қазақ әйелі – жалғызым", "За Салтанат" ("Салтанат үшін"), "Бьет – значит сядет" ("Ұрды ма – отырады") деген және т.б. ұранмен ондаған митинг өткізді.

Марқұм Салтанат Нүкенованы қолдау акциясы. Рим, Италия, 13 сәуір, 2024 жыл.

Тікелей эфирде өтіп жатқан сот отырыстарын отбасындағы және тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиі болатын Орталық Азия елдері де бақылап отыр. Әлемдегі жабық мемлекеттердің бірі Түрікменстанда баспасөз бұл процесс туралы хабар таратпағанымен, халық оны көреді деп хабарлады Ашғабаттағы Азаттық тілшісі. Жергілікті тұрғындар қазақ қоғамындағы қызу талқыға назар аударған. Журналистің жазуынша, Түркіменстанда адамдар мұндай жайттарды, әсіресе ықпалды отбасылардағы зорлық-зомбылықты ашық талқылай алмайды.

"Мұндай отбасылар әйелдерді қорқытып ұстайды. Оларды тіпті үйден шығармайды, туыстарына баруға рұқсат етпейді. Әйелдер дәрменсіз күй кешіп жатыр. Олар ешқайда барып шағына алмайды", – дейді басылымға сұхбат берген адам.

"САЛТАНАТТЫ ҚАРАЛАУ СТРАТЕГИЯСЫ ЕЛДІҢ СОТҚА НАЗАРЫН АРТТЫРДЫ"

2023 жылғы 9 қарашада Астанадағы Bau мейрамханасынан жедел жәрдем қызметіне телефон соғып, шақыртқан. Оқиға болған жерге жеткен дәрігерлер жас әйелдің өлгенін хабарлаған. Оның беті мен денесінің әр тұсында қанталаған із қалған. Полиция марқұмның азаматтық некедегі күйеуі Қуандық Бишімбаевты ұстайды. Ол содан бері абақтыда қамауда отыр.

Кейінірек бақылау камераларындағы видеодан Бишімбаевтар отбасы басқаратын мейрамханада ерлі-зайыпты екеуінің арасында жанжал шығып, оның арты ұрып-соғуға ұласқаны анықталған. Тергеу барысында қалпына келтірілген видеоға (қайғылы оқиғадан кейін Бишімбаевтың бұйрығымен видео өшірілген) ер адам әйелді бетінен ұрып құлатқаны, содан соң еденде жатқан әйелді күшін сала тепкені түсіп қалған.

"Оны өлтірейін немесе ауыр жарақат салайын деген ойым болған жоқ. Мен айқын түсіндім, абай болдым, бұл тұрыда өзімді ұстай аламын. Сақ болдым", – деді Бишімбаев әйелі қаза тапқаннан кейін жарты жыл өткен соң сотта сөйлеген кезде.

Салтанат Нүкенова өлі табылған VIP-кабинада бейнекамера болмаған. Сол күні мейрамхана қабырғасын сырлауға келген жұмысшылар қабырғаның арғы жағынан айқайлаған дауыс пен дүрсілдеген дыбыс естіген. Мұны сот тергеуіне келіп, түсінік берген жұмысшылардың бірі айтты. Оқиға орнынан түсірген фотосуреттерде VIP-кабинаның қол жуатын бөлмесінің тесілген есігі, қан жұққан перделер көрінеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экс-министрдің өз жұбайын өлтірді деген күдікпен ұсталғаны әйелдердің жағдайын өзгерте ала ма?

Бишімбаев сол күні кешке Салтанат екеуі жанжалдасып қалғанын айтып, "масайғандықтан (сараптама марқұмның қанында болмашы мөлшерде алкоголь барын анықтаған) өзі барып бетін унитазға соқты, содан соң кафель еденге бірнеше рет құлады" деп айтты. Ол әйелін шапалақпен ұрғанын және бөксесінен бірнеше рет тепкенін ғана мойындады.

Оның айтуынша, әлгі жағдайдан кейін Салтанат ұйықтап қалған, сол аралықта беті көгеріп, ісік пайда болған. Әйелдің ұзақ уақыт бойы оянбағанын байқаған Бишімбаев таныс "көріпкеліне" телефон соққан. Ол әйелің оянады деп "уәде берген". "Содан кейін көңілім орнына түсті" дейді Бишімбаев.

Бірақ Салтанаттың денесі суып, жағы қарысып қалғанын көрген сәтте мейрамханаға жедел жәрдем шақыртуды ұйғарған...

Сотта Бишімбаев Салтанаттың отбасынан кешірім сұрады. Бірақ өзін оның өліміне кінәлі санамайтынын, тек "осы жағдайға қатысы барын" ғана айтты.

Осы кезде сот залында отырған марқұмның анасы шыдай алмай: "Мен қызыммен қоштасқан жоқпын. Оны көре алмадым. Өмір бойы көз алдыңнан кетпейді деп, көрсетпей қойды. Сен оны бірнеше сағат бойы азаптап, қорладың. Сегіз сағат бойы өлтірдің", – деп айқай салды.

Салтанат Нүкенова қаза тапқан Астанадағы Bau мейрамханасы

Соттағы сөзінде Бишімбаев азаматтық некеде болған марқұм жұбайын мінезі қызба, қызғаныштан үнемі айқай-шу шығаратын әйел болатын деп сипаттады.

Жохар Өтебеков айыпталушының сотта айтқан марқұмды қаралау стратегиясы елдің сот процесіне деген ынтасын арттырып жіберді дейді.

"[Бишімбаев] әйел іс-әрекетімен белгілі бір дәрежеде өзін-өзі өлімге итермеледі дегенге саятын долбар құрастырды. Аяғына тұра алмады, унитазға, қабырғаға соғылды, еденге құлады, қайта-қайта күйеуінің шыдамын түгесті дегендей. Мұның жанында Голливуд драмалары ойнамай қалады", – дейді адвокат.

Салтанатпен таныс-білім болған адамдар сотқа түсініктеме беріп, оның "күйеуім құрбыларыммен араласуға тыйым салады, телефонымды тексереді, қызғаныштан титықтатты" деп шағынғанын айтып берді. Бұған қоса әйелдің денесі көгеріп жүретінін байқағандарын да айтты.

Тергеу болжамы бойынша, күйеуі Салтанат Нүкенована қайтыс болар алдында бір ай бойы азаптаған, бірақ Бишімбаев оны мойындамай, әйелінің психикалық саулығында кінәрат болғанын, ішімдікті шамадан тыс көп ішкенін, аузына келгенді айтып, қызғанып, өзіне маза бермегенін және үнемі бақылауда ұстағысы келгенін айтып, сол сөзінен танбаған. Бұған қоса, өзіне дейін Салтанаттың өзге ер адамдармен қарым-қатынасы жөнінде де баяндауды жөн көріпті.

Құқыққорғаушы Мөлдір Албан әйелге жасалған зорлық-зомбылық оқиғалары бойынша сот отырыстарында "әйелдің өзі кінәлі" деген әңгіме жиі айтылады дейді.

"Артық қимылдады, артық сөйледі, дұрыс киінбеді, бармайтын жерге барды деп айыптайды. Бұған дейін ол қалыпты жағдай саналатын. Өкінішке қарай, судья Салтанаттың жеке өмірінде әлдеқашан болған оқиғаларды тікелей эфирде талқылауға жол беріп отыр. Бәрі марқұмның бұрын не істегенін, кімдермен қарым-қатынасы болғанын еш қарсылықсыз тыңдады".

Осы сот процесінде Бишімбаевпен бірге оның туысы, оқиға болған мейрамхананың иесі саналатын компанияның директоры Бақытжан Байжановтың да ісі қаралып жатыр. Оған "Қылмысты жасыру" және "Аса ауыр қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша айып тағылған.

Тергеу болжамына сүйенсек, Байжанов өлім аузында жатқан Салтанаттың телефоны қай жерде екенін туыстары геолокация бойынша біліп қоймасын деген ниетпен үйіне апарып тастаған және қоластындағы қызметкерге мейрамхананың бақылау камерасындағы видеоны өшіріп тастауды бұйырған.

Байжанов сотта әйелінен және марқұмның отбасынан кешірім сұрады. Ол Салтанаттың өлімші халде екенін білген жоқпын деп мәлімдеді. Ағасы [Бишімбаев] әйелін үнемі ұрып-соғатынын бұрыннан білетінін, бірақ "біреудің отбасы мәселесіне араласуға қазақы менталитеті кедергі болғанын" айтып ақталды. Сотталушы "өз әрекеті мен әрекетсіздігіне" өкінетінін айтты.

"АЛТЫН БАЛА" ФАКТОРЫ

44 жастағы Қуандық Бишімбаев – Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билігі тұсындағы саяси элитаның өкілі. Ол 1990-жылдары Назарбаевтың жарлығымен қабылданған, болашағынан үміт күттіретін жастардың әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарында білім алуын көздейтін "Болашақ" бағдарламасының стипендиаты. 2001 жылы АҚШ-тағы Джордж Вашингтон университетінде магистр дәрежесін алып, Қазақстанға оралған соң Бишімбаевтың биліктегі мансап жолы басталды. Мемлекет басшысының көмекшісі және Ұлттық экономика министрі болып қызмет атқарды, квазимемлекеттік қорлар мен құрылымдарда басқарушылар құрамында болды.

Қуандық Бишімбаев сот залында отыр. Астана, 29 наурыз, 2024 жыл.

2017 жылы Бишімбаев "Бәйтерек" ұлттық холдингінде жұмыс істеп жүріп, сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша күдікке ілініп, тергеуге алынды. Тергеу мәліметтері бойынша, Бишімбаев холдинг басшысы ретінде миллиард теңге жымқыру қылмысын ұйымдастырып, құрылыс компанияларынан пара алған. 2018 жылы сот оны 10 жылға бас еркіндігінен айырып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтесін деген үкім шығарды. Бишімбаевты Түркістан облысына алып кетті.

"Шынымды айтсам, Қуандық Бишімбаевқа жаным ашиды. Сонша оқыттық, адамдарды дайындауға уақытымызды, ақшамызды, қаражатымызды сарп етеміз", – деген еді ол туралы Нұрсұлтан Назарбаев.

2019 жылдың ақпанында Назарбаев бұрынғы министрге кешірім жасап, 10 жылдық жаза мерзімін 4 жылға қысқартты. Бишімбаев өзін қамау орнынан мерзімінен бұрын босатуды сұрап өтініш беріп, 2019 жылы бостандыққа шықты.

Шымкент сотының баспасөз қызметі Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтініші заң аясында толығымен қанағаттандырылды, ол жаза мерзімінің үштен екісін өтеді, колония әкімшілігі ол туралы жақсы пікірде, қасақана заң бұзған жоқ деп жазды.

"Бишімбаев ісі – жемқорлықтың, протекционизмнің және жазадан сытылып кетудің жиынтық образы", – дейді Айгүл Әлиясова.

Назарбаевтың экс-министрге кешірім бергені Нүкенова қайтыс болғалы бері ел аузында.

ProTenge жобасы Бишімбаев жасаған қылмысы үшін алған жазасын 2026 жылға дейін өтеуі керек еді деп есептейді.

"Ол ең ақылды, ең жас шенеунік ретінде [биліктің] сүйіктілердің қатарында еді. Жазасының үштен бірін де өтеген жоқ. Ауыр қылмысының өзі кешірілетін "алтын бала". Егер түрмеде отырғанда, Салтанат тірі болар еді. Осы бір пайым халықтың ашу-ызасын одан сайын қайнатты", – дейді SVET зорлық-зомбылық қорының құрылтайшысы Мөлдір Албан.

Бишімбаевқа жаңа айып тағылған сәтте қоғамда бұл адам тағы да жауапкершіліктен бұлтарып, жазадан сытылып кете ме деген дүдәмал пікірлер көп айтыла бастады. Айыпталушыға қатысты үкімді алқабилер соты шығарады деген жаңалық көптің көңілін одан сайын күпті етті. Мәселен, Азаттықтың жазылушылары "енді ол алқабилерді сатып алатын болды", "демек, оны ақтайды" деген пікір қалдырды.

"Біздің елде мұндай аргумент негізсіз емес. Өйткені біздегі құқық қорғаушылардың есебі бойынша, сот жүйесі атқарушы билікке тәуелді, ал ол жақта сыбайлас жемқорлық белең алған" дейді Жохар Өтебеков. Бірақ алқабилер соты, адвокаттың айтуынша, әдеттегі сотқа бәсекелес бола алады.

"Алқабилер сотына әлемнің кез келген елінде ықпал етуге болады. Алайда сотқа қысым көрсету одан оңайырақ, – деп түсіндірді ол. – Алқабилер қорғалған болуы керек".

10 сәуірге дейін Бишімбаевтың ісі бойынша барлық отырысқа журналистер қатысты. 10 сәуірде БАҚ өкілдерін залдан шығарып жіберді. Судья Айжан Құлбаева мұны алқабилер бейнеленген кадрлар әлеуметтік желіге тарап кетті деп түсіндірді. Сот алқабилерді видеоға түсірген журналистерді әкімшілік жауапқа тартпақ ниетте. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын бұл материалдарды алып тастауға міндеттеп, алқабилерді қысым жасаудан қорғау үшін олар туралы деректерді таратуға тыйым салды.

"НАЗАРДЫ БАСҚАҒА АУДАРУ" ӘРЕКЕТІ МЕ?

Бишімбаев ісін қарайтын сот процесі этика мәселелерін де алға шығарды деп есептейді сарапшылар. Сот залында болған трансляция барысында мейрамхананың бақылау камерасы түсірген этикаға қайшы кадрлар көрсетілді. Онда Салтанат Нүкенованың үстінде Қуандық Бишімбаевтың күртесінен басқа киім болмағаны байқалады. Сотқа жәбірленуші ретінде қатысып отырған Айтбек Амангелді мен құрбыларының марқұммен жазысқан хаттары да оқылды.

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді (оң жақтан үшінші тұр) сотқа жәбірленуші ретінде қатысып отыр.

"Сот ашық болуы керек, оған дау жоқ. Бірақ онлайн-трансляция соншалықты қажет пе еді? Күмәнім бар. Біздегілер Бишімбаевтың сотын онлайн-шоуға айналдырып жіберді, – деп есептейді Димаш Әлжанов. – Біріншіден, бұл жалпыға ортақ қағидаларға қайшы, себебі ол ақпараттық шуды көріп-біліп, бақылап отырған алқабилердің шешіміне теріс әсер етуі мүмкін. Екіншіден, марқұм Салтанаттың өміріндегі тым жеке (интим) жайттарды бүге-шігесіне дейін бүкіл елге таратты".

Сарапшы сот процесін дәл осылай ұйымдастыру шешімі президент әкімшілігінде қабылданған болуы мүмкін деп топшылайды. Сондай-ақ ол Ақорда халықтың наразылығын ескеріп, "Әділетті Қазақстан" дегеннің осындай болатынын және сот жүйесі жұмысының өзіне тиімді жағын көрсеткісі келген деп есептейді.

Бұл саяси тұрғыдан қауіпсіз екенін айта кету керек, өйткені осы сотқа айыпталушы ретінде "ескі Қазақстанның" шенеунігі қатысып отыр, оған қоса қылмыстық істің саясатқа еш қатысы жоқ.

"Қаңтардағы наразылықтарға қатысты жабық сот отырыстары, [азаматтық белсенділер] Марат Жыланбаевқа, Әйгерім Тілеужанға [журналист] шығарылған саяси үкім, Думан Мұхаммедкәрімнің тұтқындалуы және солармен бір уақытта Самат Әбіш пен Назарбаевтар отбасының басқа да мүшелеріне қатысты даулы үкімдер шығуы сияқты оқиғалардан кейін Бишімбаевтың онлайн-соты – елдің назарын басқа бір ақпаратқа аударудың және қоғамның президентке қарсылығын бәсеңдетудің таптырмас мүмкіндігі. Сондай-ақ, бұл кейс Тоқаев "ескі Қазақстанға" шындап кірісті дегенді көрсететін керемет картина", – дейді Әлжанов.

Сарапшы биліктің елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайын өзгертуге шынымен ниетті екеніне күмәнмен қарайды.

"Бұл жерде мәселе [ұрып-соққаны үшін] жазаны қатаңдатуда ғана емес, полиция мен соттардың жұмысын қайта құру қажеттігінде. Зорлық-зомбылық жасаған адамды қылмыстық жауапқа тарту жеткіліксіз. Қоғамдық резонансты басқа арнаға, яғни реформаны талап етуге бұру керек. Полицияның жұмыс істеу әдісін кез келген дабылға денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесе отырып жауап беретіндей етіп өзгерту қажет", – дейді саясаттанушы.

Әлжанов экс-шенеунік ісін жария процеске айналдыру "ішкі аудитория үшін жасалып жатқан" әрекет екеніне сенімді. Қазақстандықтарға соттың қалай өтетіні көрсетіліп жатыр, бірақ шын мәнінде сот үнемі солай өтпейді.

"Көрнекі соттың орнына алқабилер сотының классикалық моделі мен тараптардың шынайы бәсекелестігі бар ашық соттардың стандартты тәжірибесі көрсетілуі керек. Қоғамның міндеті – осы өзгерістерге қол жеткізу", – деп түйіндеді сөзін Әлжанов.

Бишімбаевтың соты кезінде марқұмның ағасы Айтбек Амангелді, құқық қорғаушы Дина Таңсәрі, Халида Әжіғұлова және өзге де белсенділер "Сенатқа хаттар" науқанын бастады. Олар қазақстандықтарды палата төрағасы Мәулен Әшімбаевқа әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы заң жобасын қайта қарауды өтініп, хат жіберуге шақырды. Құжатта басқа жайттарға қоса, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және педофилия қылмысына барғандарды өмір бойына бас еркіндігінен айыру көзделген.

Бес мыңға жуық адам өтініш-үндеу жіберіп үлгерді. Науқан басталғаннан кейін бір апта өткенде депутаттар заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. 11 сәуірде – Қуандық Бишімбаевтың туған күнінде парламент "Салтанат заңын" қабылдап, 15 сәуірде президент құжатқа қол қойды.