"Айыппұл салып, қазынаны толтырмақ". Министрлікте түнеген бірнеше әйел "сотқа тартылды"

Your browser doesn’t support HTML5

Министрлер үйінің алдында наразылық білдіріп, екі күн түнеген әйелдерді 10 маусым таңертең қорғаныш киімін кигендер күштеп әкетті. Наразы әйелдердің бірнешеуі өздеріне онлайн сот өтіп, айыппұл алғандарын айтты. Кейбіріне сот енді өтпек.

КҮШПЕН ӘКЕТУ ҺӘМ АНАЛИЗ АЛУҒА ТАЛПЫНЫС

Биліктен баспана және жәрдемақы мәселесін шешуді талап етіп, екі күн Министрлер үйінің алдында түнеген көп балалы әйелдерді күшпен таратты.

8 маусымда жиырмадай әйел еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кіреберісіне келіп, "естімейтін билікке" талаптарын жеткізу үшін "үнсіз" наразылық бастаған. Олар баспана, жәрдемақыға қатысты талаптарын плакатқа жазып алып тұрды және аштық жариялайтынын айтты.

Билікке талап айтқан аналар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында "үнсіз" наразылықта тұр. Нұр-Сұлтан, 8 маусым, 2020 жыл.

Әйелдер алдарына президент Қасым-Жомарт Тоқаевты да шақырған. Бірақ Ақордадан да, үкіметтен де ешкім келмеді.

Наразылардың біразы Нұр-Сұлтан әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов пен санитарлық дәрігерлердің ескертуіне қарамастан 8-9 маусым Министрлер үйінің алдында түнеп шықты. 10 маусым таңертең вирустан қорғанатын киім киген бір топ адам әйелдерді күштеп әкеткен (наразылық елде коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған карантин кезінде өтіп жатыр).

Әйелдердің бірі Азаттыққа хабарласып "бес жедел жәрдем көлігі және бірнеше автобус келіп тұр, бізді алып кететін сияқты" деген еді. Шамамен жарты сағаттан соң барған Азаттық тілшісі министрлік алдында әйелдер жоқ екенін, жұмысшының баспалдақты жуып жатқанын көрді.

Интернетте жарияланған видеоның бірінде қорғаныш киім киген адамдардың полиция автобусынан түсе салып, әйелдерге қарай жүгіріп, автобусқа күшпен салып жатқаны көрінеді. Әйелдер "міне, бізде әйелдерге қалай қысым жасайды, көріңдер! Көмектесіңдер!" деп айқайлайды.

Наразы әйелдерді астанадағы коронавирус карантиніне арналған орын ретінде жабдықталған "Рамада Плаза" қонақүйіне апарып, олардан анализ алмақ болған. Осы сәтте қонақүйдің сыртында бір топ әйел іштегілерді босатуды талап етіп тұрды.

Наразылардың бірі Айжамал Сариева отельде әйелдер коронавирус тестін тапсырудан бас тартқанын айтады. Осыдан кейін оларды полиция көлігімен басқармаға әкетіп бара жатқанда сыртта тұрған әйелдер жолды бөгеп, машинадағы аналарды босатуды талап қылды. Арнайы қорғаныш киімін кигендер әйелдерді босатуды талап еткендерді күштеп, көлік алдынан алып тастады.

"Рамада Плаза" қонақүйінің алдында әйелдердің бір тобы іштегі аналарды босатуды талап еткен сәт. 10 маусым 2020 жыл.

АЙЫППҰЛ МЕН ПОЛИЦИЯҒА ШАҚЫРТУ АЛҒАНДАР

Әйелдердің сөзінше, оларды қонақүйден қаладағы полиция басқармаларына апарған. Кейбіріне сот болып айыппұл салған, біріне ескерту берілген.

Наразылықтың басы-қасында жүріп, желіге жиі тікелей эфирге шығып, журналистермен тілдескен екі әйел Зиуар Жұманова мен Бота Шынықұлова (екеуі Министрлік үйінде түнемеген) полицияға шақырту алғанын айтады.

Жұманованың қолындағы қағазда "11 маусымда Сарыарқа аудандық полиция басқармасына қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақыртылғаны" жазылған. Шақыртуда қандай қылмыстық іс екені көрсетілмеген.

Министрлікте түнеген Ләззат Қарағожина өзін Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесіне апарып, онлайн сот болғанын жеткізді.

- "Заңсыз митинг өткізді және санитарлық нормаларды сақтамады" деген айыппен соттап, 57 мың теңге және 9 мың теңге айыппұл салды. Сот айыппұлдың 30 пайызын кешірді. Сотта санитарлық норма сақтағанымызды, антисептик, маска болғанын айттым. Шарамыз ғимарат ішінде емес сыртта болғанын да жеткіздім, - дейді ол.

Your browser doesn’t support HTML5

Министрлікте түнеген әйел: Билік бізді алдады

Ал Нәзира Мұқашева өзін Байқоңыр аудандық полиция басқармасына апарып, онлайн сотта "карантин шартын сақтамады деп айыппұл салғанын" айтады.

- Ашуланып тұрып, айыппұл көлемін де ести алмадым. Жақында сот шешімі шыққан қағаз келетін шығар, - дейді ол.

Министрлік алдында түнеген Нәзира Мұқашеваны полиция бөлімшесіне әкетіп барады. 10 маусым 2020 жыл.

Шынықұлова "бірнеше әйелге митинг өткізу заңын бұзды, карантин шарттарын сақтамады" деп айыппұл салынғанын естігенін жеткізді. "Билік осылайша аналардың ақшасымен қазынаны толтырғысы келеді" дейді ол.

Оксана Мырзағалиева да Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апарып, "қоғамдық тәртіпті бұзды" деп әкімшілік іс қозғағанын айтты. Сөзінше, сот алдағы күні онлайн өтуі тиіс.

Әсел Нұрлыбаева да "Сарыарқа аудандық полиция басқармасында маған хаттама толтырды, полициядағылар сот бір-екі күнде болады, шақыртамыз деп қайтарды" дейді.

Айжамал Сариева өзін Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апарып, наразылыққа не үшін шыққаны жайлы түсініктеме жаздырып алып, босатқанын мәлімдеді.

Екі күн министрлік алдында түнеген әйелдер билікке талаптарын жеткізе алмаған соң осындай қадамға барғанын айтады.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті әйелдерге қозғалған әкімшілік іске қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ. Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап беруден бас тартып, ресми сауал жолдауды сұрады.

Билікке талап айтқан наразы әйелдер Министрлер үйінің алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 9 маусым 2020 жыл.

Әйелдер министрлік алдында отырған кезде алдарына бірнеше мәрте келген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің кеңесшісі Дәурен Бабамұратов "мен ішкі істер органында жұмыс істемеймін ғой, менің [айыппұлға] қатысым да, хабарым да жоқ" деді. Әкімдік өкілі наразы әйелдер жұмыс тобын құруды талап еткенін, олардың бұл ұсынысын "қарастыруға тырысатынын" жеткізді.

- Олар ұсыныс ретінде "жұмысшы тобын құрайық, онда бірнеше министрлік өкілі болса" деп айтты. Мен "идея жаман емес, ойланайық, шешу жолдары болса, қарап көрейік" деп айттым. Жалғыз мен шешім қабылдамаймын ғой. Мен "қарсы емеспін, ізденіп, талаптанып көрейік. Ертең жиналайық" деген едім, - дейді Бабамұратов.

Жергілікті әкімдік бұған дейін де бірнеше рет аналардың талабын қарастыратыны жайлы айтқан. Бірақ әкімдіктің жауабына көңілдері толмаған әйелдер осыған дейін де бірнеше рет наразылық білдірген. Жалпы Қазақстанда көп балалы әйелдердің билікке талап айтқан наразылығы былтыр ақпанда Нұр-Сұлтандағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір отбасының бес баласы қаза тапқан соң басталды.

Осы оқиғадан Қазақстанда көп балалы әйелдер, мүгедек баласы бар әйелдер, жалғызбасты аналардың наразылығына түрткі болды. Олар мемлекеттің тиісті деңгейде көмектеспейтінін, жәрдемақының мардымсыздығын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап етіп келеді.

Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу туралы шешім қабылдаған.

Біраз уақыт өткен соң билік "елде үкіметке қол жаятындар" көбейіп кеткенін, "масылдық артып бара жатқанын" айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, әр балаға 21 мың теңге көмекті алып тастаған. Бұл шешімді парламент пен президент Тоқаев қолдаған.

Оқи отырыңыз: Әйелдер наразылығын тудырған жаңа тәртіп. АӘК пен жәрдемақы енді қалай төленеді?

Жаңа ережеге сай, үкімет көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай ай сайын жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға - 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға - 53127 теңге, алты балаға - 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді. Ал АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты төленеді.

Бұл шешімге көп балалы әйелдер наразы, олар көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңгені қайтаруды, төмен пайызбен баспана беруді талап етеді.