Оралдағы "Кублей" консерві зауыты, жеке кәсіпкер Ирменова атты компания мен әкімдік арасындағы сот тартысына екі жылдан асты. Тараптар жүз метр жерге таласып жатыр. Кәсіпкерлер мен жергілікті билік жерді бөліске сала алмай жатқанда тұрғын үй құрылысына ақша салған 400-ден астам үлескер уәделі пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Көбінің тұратын жері де жоқ.
Оралдағы өндіріс аймағында орналасқан "Кублей" зауыты Қазақстан мен шетелге ет және балық консервілерін өндіруші компания ретінде танылған. Зауыт кеңсесі мен қоймасына жақын маңда отыз жыл бұрын салынған тұрғын үйлер, "Нұржанар" сыра зауыты, су шығаратын "Кристальная" компаниясы мен тағы бірнеше кәсіпорын бар. "Кублей" зауытына көрші аумақта "Азия ТехСтрой" компаниясының базасы болған. 2020 жылы жеке кәсіпкер Ирменова деп аталатын жергілікті құрылыс компаниясы осы жерге көпқабатты тұрғын үй сала бастаған. Басында бес қабатты алты үй салынады деп жоспарланған, бірақ жобаға төрт үй ғана енген. Жергілікті тұрғындар үй құрылысына ақша құйып, үлескер атанған.
ДАУЛЫ ЖЕР
"Кублей" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыты өкілдерінің айтуынша, құрылыс компаниясы кәсіпорынның аумағы жүз метр санитарлық қорғаныс аймағына кіріп кеткен. Тұрғын үй кешеніндегі төрт үйдің үшеуі санитар дәрігер ластану деңгейі жоғары аймақ деп белгілеген жүз метр жердің ішіне өткен. Бұл аймақта қатты шу болып, химиялық қалдық шығарылуы мүмкін. "Кублей" ЖШС зауыты аумағындағы қазандық мұржасы негізгі ластану көзі саналады. Санитарлық қорғаныс аймағы осы зауыт қызметіне байланысты белгіленген.
Құрылыс компаниясының директоры Жанар Ирменова бұл аумақ дұрыс белгіленбеген деп есептейді. Кәсіпкер тұрғын үйлер мен кәсіпорын арасына кірпіш қабырға соғып, осы арқылы халықты артық шу, жағымсыз иіс пен химиялық қалдықтардың бөлінуінен қорғамақ болған.
Жаңа қонысына көшіп үлгерген үлескерлер шу да, жағымсыз иіс те жоғын, тұрғын үй кешені өмір сүруге жайлы екенін айтады.
ТАЛАС НЕДЕН БАСТАЛДЫ?
Тұрғын үй құрылысы басталғаннан кейін "Кублей" ЖШС заңгерлері мердігерден рұқсат қағаздарын көрсетуін сұраған. Әкімдікке, прокуратураға, мемлекеттік сәулет өнері және құрылысты бақылау басқармасына хат жазған.
– Құрылыс қандай негізде жүріп жатқанын тексеруді сұрадық. "Құрылыс 2019 жылы қазанда бекітілген жобаны егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сай жүріп жатыр" деген жауап келді. Жобаға жеке кәсіпкер Ирменова компаниясы тапсырыс берген. Құжатты Орал әкімдігі қаулы қабылдап бекіткен. Ол кезде шағын және орта бизнеске қатысты мораторий болғандықтан, тексеру жүргізуге рұқсат бермеді, – дейді зауыттағы заң бөлімінің басшысы Гүлфия Қалиева.
Қалиеваның айтуынша, компанияның басқа хаттары да елеусіз қалған. Осыдан кейін "Кублей" зауыты сотқа арыз беріп, Орал әкімдігінің жер учаскесінің жоспарын өзгертіп, өндіріс аймағына тұрғын үй салу туралы қаулысын заңсыз деп тануды сұраған.
– 2020 жылы мамырда зауыттың санитарлық қорғаныс аймағын ескеріп, жоспарға түзету енгізген. Бірақ төрт тұрғын үйді бұрынғы орнында қалдырған. Олардың үшеуі санитарлық қорғаныс аймағына еніп тұр. Үйлер консерві зауытынан жүз метрге толмайтын қашықта орналасқан. Бір айдан кейін 2020 жылғы 23 шілдеде жер учаскесінің қолданылу мақсаты өндіріс аймағынан көпқабатты тұрғын үй салынатын аумақ деп өзгертілген, – дейді Гүлфия Қалиева.
Оралдағы ауданаралық арнайы экономикалық сот даулы істі 2020 жылғы 17 шілдеде қарай бастаған. Қыркүйектің басында "Кублей" зауыты жеңіп шыққан.
"БЕЙБІТ БІТІМГЕ КЕЛЕ АЛМАДЫҚ"
Құрылыс компаниясының басшысы Жанар Ирменова 2022 жылы қазанда журналистерге сұхбат беріп, "Кублей" ЖШС талаптарымен келіспейтінін айтқан. Ол бірнеше рет мәселені "бейбіт жолмен" шешуді ұсынғанын жеткізген.
– Талғат Мәлікұлымен ("Кублей" ЖШС құрылтайшыларының бірі – ред.) мәселені бейбіт жолмен шешуге тырыстым. Өзім салып жатқан тұрғын үйдің подъезін ұсындым. Ол үйде 15 пәтер бар. Бас тартты. Тағы 15 пәтер мен жанындағы подъезді компания қызметкерлеріне ұсындым. Келіспей, сотқа берді. Бейбіт жолмен шеше алмадық, енді құқық қорғау органдарынан мәселені әділ шешіп беруін сұраймын, – деді Жанар Ирменова.
Ирменованың заңгерлері Светлана және Виталий Клёниндердің пікірінше, "зауыт басшылығы мәселені зорайтып көрсетіп отыр. Олардың қолында заңды құжат – "Кублей" зауытының санитарлық қорғаныс аймағын бекіту туралы қаулысы жоқ, тек санитар дәрігер белгілеген шартты аумақ ғана бар. Бұл санитарлық қорғаныс аймағының шекарасын бекітпейді. Зауыт пен өндіріс орындары қаланың басқа бөлігінде орналасқан.
– Орал қаласы, Рыбцех көшесі, 55 деген мекенжайда зауыт бар. "Кублей" ЖШС-ға тиесілі ет өңдейтін кешен сол жақта орналасқан. Потанин, 13 мекенжайы бойынша (тұрғын үй кешені жанындағы өндіріс аймағы – ред.) төртінші деңгейлі қауіпке жататын зауыт жоқ. Бірнеше тоңазытқыш құрылғы, қойма, тасымал жолдары, өндіріске қатыспайтын, тек ғимаратты жылытумен ғана айналысатын екі қазандық, әкімшілік кешен ғана бар, – дейді адвокат Светлана Клёнина.
ӘКІМДІК НЕ ДЕЙДІ?
"Кублей" ЖШС сотқа тартып жатқан Орал әкімдігі де өзіне тағылған айыппен келіспейді. Қала әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев екі жарым жылда жергілікті билік мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынғанын, бірақ тараптар жағдайды ушықтырып жатқанын айтады. Құлбаев әңгіме барысында көп заң бұзу фактілеріне назар аударды. Оның сөзінше, "Кублей" ЖШС санитарлық қорғаныс аймағының шекарасын бекітпеген, қаланың бас жоспарына сәйкес, көлік торабы болуы тиіс жерге кеңсе мен қойма салып алған. Жеке кәсіпкер Ирменова компаниясы ресми рұқсат алмай жатып, үлескерлерден ақша жинап, тұрғын үй құрылысын бастап кеткен.
– Қос тарап та не 4 үйді пайдалануға береміз, ал "Кублей" кетеді, не ресми бекітілмеген санитарлық қорғаныс аймағын мойындап, үш үйді сүріп тастаймыз деген позицияда отыр. Үйді сүріп тастаса, үлескерлер мен Ирменов мырза компаниямен өзі арпалысады. Бұл – соның мәселесі. Заңды бұзып, үлескерлерден ақша жинап алғанда, қандай қауіп-қатер болуы ықтимал екенін ойлаған шығар… Кикілжің себебі – зауыт жабылуы мүмкін деген ойдан туған қорқыныш. Қазір санитарлық қорғаныс аймағы бар ма, жоқ па деген мәселе ғана талқыланып жатыр, – дейді Құлбаев.
"Циолковский - 1" тұрғын үй кешенін жеке кәсіпкер Жанар Ирменованың компаниясы салып жатыр, ал онда әкімнің орынбасары "Ирменов мырза" деп кімді меңзеп отыр? Ирменовтар – өңірге танымал адамдар. Жанар Ирменованың жұбайы Роберт Ирменов – "Орал Полимер" ЖШС басшысы, құрылыс саласында істейді. Роберт Ирменов – Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Қамидолла Ирменовтың ағасы. Қамидолла Ирменов он жылға жуық облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарып, бес жыл бұрын қызметінен кеткен. Қазір Батыс Қазақстан жоғарғы медицина колледжін басқарады. Сондықтан әкім орынбасары "Ирменов мырза" дегенде кәсіпкерді меңзеді ме, әлде бұрынғы ықпалды шенеунік туралы айтты ма, ол жағы түсініксіз.
Әкім орынбасарының сөзінше, жергілікті билік санитарлық қорғаныс аймағының шекарасын белгілейтін қаулы шығармаған. "Әкімдік мұндай қаулы бермегенін ресми түрде мәлімдеймін" деді Құлбаев. Мұндай қағаз алу үшін "Кублей" ЖШС әкімдікке жоба мен санитар дәрігер қорытындысын өткізуі керек еді. Бірақ компания қажет құжаттарды өткізбеген.
– Зауыт салған, санитарлық қорғаныс аймағын белгілеп алған, бірақ бұл туралы ешкімге хабар бермеген. Қала аумағына жауапты, қай жерде қандай санитарлық қорғаныс аймағы барын білетін адамдар ретінде түсінбей қалдық. Мердігер өндіріс аймағын тұрғын үй кешеніне айналдырмақ болған. Өнеркәсіп орнының жері мен "Кублей" ЖШС санитарлық қорғаныс аймағын алған. Бұл аумақ 2014 жылғы 19 желтоқсанда бекітілген қаланың бас жоспарында да бар. Детальді жобалау жоспарында да бар. (…) бекітілген жерлерде… Кей адамдардың пікірінше, бұл заң бұзу екен-мыс. Заң бұзу емес. Өйткені мен де қаланың бас жоспарын көрсетіп, мынадай ерекшеліктері бар деп айта аламын, – дейді Асхат Құлбаев.
Қазір Оралда 96 кәсіпорын жұмыс істейді. Құлбаевтың айтуынша, қала зауыттар мен фабрикалардың айналасына салынған. Өндіріс орындарының көп бөлігі қала ішінде орналасқан. "Қазір 96 кәсіпорынның бәріне санитарлық қорғаныс аймағын белгілесек, қаланы сүріп тастауға тура келеді" дейді әкімнің орынбасары.
Билік санитарлық қорғаныс аймағы шекарасын бекітуді, "Кублей" ЖШС территориясындағы ластану көзі болып отырған қазандықты жиырма метрге ары жылжытып, мұржаны биіктетуді ұсынған. Ал мердігерге төрт үйдің екеуін бизнес ғимаратқа айналдырайық деген.
– Екеуі де келіспеді, – дейді Құлбаев.
СОТ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР
Алғашқы сот отырысы басталғалы бері екі жыл үш айдың ішінде бірнеше сот отырысы өткен. Іс бірінші рет қаралғанда, сот ұсынылған қаулыларды заңсыз деп тапқан. 2020 жылы қазанда басталған апелляция соты желтоқсанда аяқталған. 2021 жылы мамыр-шілде аралығында істі кассация инстанциясы қараған. Жоғарғы сот істі Оралдағы экономикалық сотқа қайтарған. Жаңа сот процесі 2022 жылғы 27 шілдеде басталып, әлі жалғасып жатыр.
"Кублей" зауытын сотта Қазақстандағы жер мәселесімен айналысатын белгілі заңгер Бақытжан Базарбек қорғап жатыр. Ол сотты "абсурд театры" деп атап, судья Бахтиёр Жорабаевтың мердігер Ирменова, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев пен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановқа жақтасып жатқанын айтады.
Заңгердің кейінгі жазбаларының бірінде "Жағдай ушығайын деп тұр. Кейін ескертпеді демеңіздер. Мүмкіндігіміз көп, еркіміз жетеді. Бәрі енді ғана басталды" делінген.
"СӨЗІМІЗГЕ ҚҰЛАҚ АСҚАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ"
Үш тарап сотта тартысып жатқанда, "Циолковский - 1" тұрғын үй кешеніне ақша салған мыңнан астам адам уәде етілген пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Қазір құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген бірінші корпуста жүз отбасы тұрып жатыр. Екінші корпус та дайын, бірақ сот дауына байланысты мемлекеттік органдар оны қабылдамай отыр. Үлескерлердің 60 пайызы қолында құжаты болмаса да, осы үйлерде тұрып жатыр.
– Қазір болып жатқан оқиғалардан қарапайым адамдар зардап шегіп жатыр. Әділдік орнағанын қалаймыз. Көп адамдың басқа барар жері жоқ. Сондықтан екінші корпуста да адамдар тұрып жатыр. Пәтер жалдауға мүмкіндігі жоқ, оның үстіне қазір қымбаттап кетті ғой. Арамызда көпбалалы, жалғызілікті аналар бар. Оларға өз үйінде тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Қазақстанда заң бар шығар деп үміттенеміз, – дейді үлескерлердің бірі Динара Қисабекова.
Тұрғындар өткен ғасырда өнеркәсіп орындарының айналасына салынған үйлердің санитарлық қорғаныс аймағына кірмей-ақ, ешқандай қиындықсыз өмір сүріп жатқанын айтады. Олардың сөзінше, тұтас шағын каудан, мектеп пен зағиптар қоғамы да осы аймаққа кіреді.
– Онда бүкіл шағын ауданды сүріп тастау керек: жекеменшік сектор да, көпқабатты үйлер де бар. Бұл аймаққа әлеуметтік нысандар, 23 мектеп пен зағиптар қоғамы да кіреді. "Кублей" тыныш жұмыс істеуі үшін бүкіл шағын ауданды сүріп тастасын. Сөзімізге құлақ асқанын қалаймыз, – дейді Динара Қисабекова.
22 қарашада тағы бір сот отырысы өтеді. Онда тараптар арасында жарыссөз болады.