"Балаларымның болашағын ойлап шеруге шықтым". Үш айда бес рет қамалған белсенді

Оралдық белсенді Маруа Ескендірова. 20 тамыз 2021 жыл.

Оралда тұратын 48 жастағы белсенді Маруа Ескендірова кейінгі үш айда бірнеше рет тұтқындалды. Ол қатарынан төрт бірдей әкімшілік жазаға кесілген. Белсенді әкімшілік қамау мекемесінен босап үлгермей жатып, билік жаңа айып тағып, жазасын ұзартып отырды. Ескендірова шамалы үзілісті есептемегенде, 40 күн бойы қамауда болған. Маруа Азаттық тілшісімен сөйлескен күні тағы да ұсталды. Сот оны бесінші рет "бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін айыпты" деп тауып, 20 күнге қамады. Ескендірова алдыңғы жазасын өтеп шыққан соң небәрі бір аптадай ғана бостандықта болды. Азаттық оралдық белсендінің әңгімесін жазып алды.

"АЛҒАШҚЫ МИТИНГІМ"

Митингілерге бұрыннан қатысқым келетін. Елге өзгеріс керегін, биліктің халықты естімейтінін ерте түсіндім. Айналамдағыларға "үнсіз отыруға болмайды, жағдайды өзіміз ғана өзгерте аламыз" деп үнемі айтып жүретінмін. Бірақ белсенділер көше аралап, "біз – белсендіміз" деп жар салмайды ғой. "Оларды қалай табамын?" деп ойладым.

Ақпанда YouTube арнасынан Оралда рұқсат етілген митинг өтеді деген видео көрдім. 28 ақпанда Мәншүк Мәметова атындағы алаңға бардым. Бұл – мен қатысқан бірінші митинг еді. Жақындарым алаңдамасын деп, оларға наразылық акциясына шығатынымды айтпадым.

Маруа Ескендірова билік келісім берген митингіге қатысып тұр. Орал, 28 ақпан 2021 жыл.

Ол кезде ешкімді танымайтынмын. Жай ғана қарап, тыңдауға бардым. Сахнадан [журналист] Лұқпан Ахмедияров, [белсенділер] Бауыржан Әліпқалиев, Орынбай Оқасов сөйледі. Ұйымдастырушыларға барып, пікір білдіргім келетінін айттым. Маған микрофон берді. Азық-түлік бағасы мен коммуналдық төлемдердің қымбаттауы, жалақы мен зейнетақы мөлшерінің төмендігі, жеріміздің сатылып жатқаны, билікті ауыстырып, реформа жүргізу керегі туралы ақтарыла сөйлеп, ішімдегі бар ойымды ортаға салдым.

Осыдан кейін жеңілдеп қалғандай болдым. Өзімді жақсы сезіндім, өзімді толғандырған нәрсені айтып, көпшіліктен қолдау таптым. Кейіннен бәрімен танысып, телефон алмасып, араласа бастадық.

Орал: 28 ақпандағы митинг және одан кейінгі қудалау

28 ақпанда Орал қаласында жергілікті билік келісім берген митингіге жүздеген адам қатысты. Бұл кейінгі үш жылда биліктің рұқсатымен ұйымдастырылған бірінші жиын еді. Ұйымдастырушылар наразылық акциясына саяси реформалар және саяси себеппен қудалауды тоқтату мәселесін басты тақырып етіп алды. Митингіден кейін бірнеше ай бойы акция ұйымдастырушылары мен қатысушылары қудалауға ұшырап, сотқа тартылып, тұтқындалды. Белсенділер мұны өздері қатысқан наразылық акциясымен байланыстырды. Жергілікті тұрғындардың бағалауынша, ақпанда өткен митингіден кейін әкімдікке бейбіт жиын өткізу жайлы ондаған өтініш берілген, бірақ оның бір де бірі қанағаттандырылмады.

"БАЛАЛАРЫМНЫҢ ЖАҚСЫ ЕЛДЕ ТҰРЫП, БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН"

Қай жерде жұмыс істесем де, саясатқа, елде болып жатқан оқиғаларға байланысты ой-пікірімді ашық айтатынмын. Көбі пікірімді қоштап, қолдайтын. Бірақ адамдар көшеге шығып, ойын ашық айтуға қорқады.

Мұндай әңгімелер басшылыққа ұнамайды. 2020 жылы наубайханада істедім. Ол жақта саяси жағдайды жиі талқылап, билікті сынайтынбыз. Бірде наубайхана басшысы "бұдан кейін жұмысқа келмей-ақ қойыңыз" деп ескертті. Себебін түсіндірген жоқ, жай ғана "Жұмыстан шықтың" деді. Ол ұжымдағы наразылық сипаттағы әңгімелерден қорықты деп ойлаймын. Мүмкін, оған "жоғарыдан" қысым жасалған шығар.

Осыдан кейін жұмысқа тұрған жоқпын. Бәрібір еш жерге жұмысқа алмайды. Алса да, жұмыс берушілер "Митингіге шықпа, әйтпесе жұмыстан шығасың" деп қысым көрсетеді.

Оралдық белсенді Маруа Ескендірова. 20 тамыз 2021 жыл.

Қазір мені інілерім мен сіңлім асырап отыр. Олар, әрине, маған "тыныш жүрсеңші, ойыңды ашық айтпа, алаңға шыққаныңды қой" деп ұрысады. Өйткені маған алаңдайды. "Тағы да ұстап әкетсін дейсің бе? Халық үшін алаңға шығасың, сені түрмеге жабады, ал шырылдап, қамын жеген халқың үйінде отырады" дейді.

Жақындарым мені ұзақ уақытқа түрмеге жауып не өлтіріп кетуі мүмкін деп қауіптенеді. "Балаларыңды ойла" дейді. Ал мен балаларымды ойлағаннан алаңға шығып жүрмін. Олардың жақсы елде тұрып, болашағы жарқын болғанын қалаймын.

"АҚЫЛҒА КЕЛМЕСЕҢ, САҒАН ДА КЕЗЕК КЕЛЕДІ"

Наурызда бірінші рет ұсталдым. Біз Мәншүк Мәметова атындағы алаңға жиналуымыз керек еді. 10 адам болдық, бәрімізді ұстап әкетті. Бірінші рет полиция бөлімшесіне апарды. Онда "Кімсің?", "Неге митингіге шығып жүрсің?" деп сұрады.

30 сәуірде Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 488-бабы 6-бөлімі (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңда белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін қоғамдық жиындарға қатысу) бойынша бірінші сот отырысы өтті. Судья маған ескерту берді (сот Маруаның кәмелет жасына толмаған қызын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, баланың денсаулығы нашар екенін ескерген – ред.).

Одан кейін тағы төрт сот болды. Басында 10 күн, 30 маусымда тағы да 10 күн әкімшілік қамау жазасын берді. Жаза мерзімі аяқталуға аз қалғанда, бостандыққа шығардан бір күн бұрын, кабинетке шақырды. Ол жақта жай киім киген екі адам отырды. Олар мені азаматтық белсенділігімнен бас тартуға көндірмек болып, үгіттей бастады. Алаңға шықпасаң, "жақсы жұмысқа тұрғызамыз" деді. "Белсенділігіңнен бас тартпасаң, қызыңды тартып алып, балалар үйіне өткіземіз, қызыңның қалтасына есірткі салып жібереміз" деп қорқытты.

Орал мен өзге қалаларда белсенділер "саяси тұтқындарды" босату талабымен аштық жариялады (24 маусым 2021 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Орал мен Шымкент белсенділері де "саяси тұтқындарды" босатуды талап етіп, аштық жариялады

Маған жақындарым арқылы ықпал ете алатынын айтты. Барлық ұсыныстан бас тарттым. Олар "онда ертең шықпайсың" деді. Ертеңіне сот болып, жазамды тағы 10 күнге ұзартты. Мен тіпті қамауда отырған мекемеден шығып та үлгермедім.

Қамаудан шыққаннан кейін үш күннен соң, 23 шілде күні түнде бізді [белсенді Бекболат Өтебаев екеуімізді] ұстап, мені 20 тәулікке қамады. Содан 12 тамызда бір-ақ шықтым.

Орынбай Оқасов пен Дастан Базенов

Маруа Ескендірова – Оралда кейінгі айларда бірнеше рет тұтқындалған жалғыз белсенді емес. Азаттық тілшісі оралдық белсенділер Орынбай Оқасов және Дастан Базеновпен де сөйлесуі керек еді. Бірақ олармен байланысу мүмкін болмады.

Дастан Базенов

"Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауын" (Қазақстан билігі бұл екі ұйымды "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Бірақ Еуропарламент қарарында бұл ұйымдар "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп көрсетілген) бейбіт оппозициялық қозғалыс деп мойындауды талап етіп, аштық жариялауға қатысқан. Дәл осындай акция Қазақстанның бірнеше қаласында өткен.

Наразылықтың 13-күні Базенов пен Оқасовты полиция ұстаған. Дәл сол күні, 5 шілдеде Базеновті "заңмен бекітілген тәртіпті бұзатын митингіге қатысқаны үшін" 10 тәулікке қамаған. 15 шілдеде жаза мерзімі аяқталардан бірнеше сағат бұрын белсенді тағы 15 күнге түрмеге жабылған. Базеновпен байланысу мүмкін болмады. Достарының айтуынша, жақындары Базеновті қудалаудан қорғау үшін қаладан басқа жаққа алып кеткен.

Орынбай Оқасов

5 шілдеден бері үш рет әкімшілік жазаға кесіліп, 45 тәулік бойы қамауда отырды. Бірақ белсенді бостандыққа шығып үлгермеген, оны қылмыстық іс бойынша тергеу үшін Орал қалалық полиция бөлімшесіне жеткізген. Адвокат Айсұлу Биялиеваның айтуынша, 18 тамызда оның қорғауындағы Оқасовты "эктремизм немесе терроризммен айналысқаны үшін сот шешімімен елде жұмыс істеуіне тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу (Қылмыстық кодекстің 405-бабы 2-бөлімі) ісі бойынша күдікті деп таныған.

Бұрын Оқасов қорғану құқығы бар куәгер болған еді. Белсендіні әуелі 72 сағат тергеу изоляторында ұстаған. Ал 21 тамыз күні тергеу соты белсендіні тергеу аяқталғанша үйқамақта ұстауды ұйғарды. Үйқамақта отырған кезде оның телефон, интернет пайдалануына, үйден шығуына, өзге адамдармен сөйлесуіне тыйым салды.

Оқасов арнайы ұстау мекемесінде қамауда болған кезде құқық қорғаушыларға хат жазған. Онда өзіне қоқан-лоқы көрсетіп, "саған қарсы қылмыстық іс ашамыз" деп қорқытқанын, азаматтық белсенділігінен бас тартуға мәжбүрлеп қысым көрсетуге тырысқанын айтқан.

Солдан оңға қарай: Дастан Базенов, Маруа Ескендірова және Амангелді Оразбаев "Саяси тұтқындарға бостандық!" талабымен аштық жариялап отыр. Белсенді Орынбай Оқасовтың әлеуметтік желідегі парағында жарияланған сурет.

Қамаудан шығардан бір күн бұрын мені тағы да кабинетке шақырды. "18 тамызда жаза мерзімі аяқталатын Орынбай Оқасов бостандыққа шығады деп үміттенбе! "Оған қарсы 405-бап ["тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу"] бойынша қылмыстық іс ашылды. Оны куәгер мәртебесінен күдікті санатына ауыстырамыз, түрмеге отырады. Ақылға келмесең, саған да кезек келеді" деді.

Менің қай жерім экстремист? Үй шаруасымен жүрген, қарапайым ғана әйелмін.

Үйге келсем, қалалық білім бөлімінен хат келіпті. Олар қызымды тартып алып, балалар үйіне өткізу мәселесі қаралатынын жазыпты. Біз қалалық білім бөлімі басшысына барып, баламды қандай негізбен тартып алғалы жатқанын түсіндіруді сұрадық. Білім бөліміндегілер бәрін жоққа шығарып, ондай шешім қабылданбағанын айтты. Олар қорқып кетті, өйткені біз Facebook-те тікелей эфирге қосылдық.

"ҮНСІЗ ОТЫРА АЛМАЙМЫН"

Маруа Ескендірова 12 тамызда бостандыққа шыққаннан кейін белсенді Бекболат Өтебаевпен бірге 21 және 22 тамызда бейбіт митинг өткізу туралы екі өтініш берген. Екі күннен кейін жергілікті биліктен митинг өткізуге келісім бермейтіні жөнінде хабарлама келген. Маруа Ескендірова 28 және 29 тамызда митинг өткізу үшін тағы да өтініш тапсыратынын мәлімдеген. 20 тамызда белсендіні ұстап, "бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін" сот шешімімен 20 күнге қамады.

Халыққа көшеге шығып, шындықты айтуға болатынын, қорқатын ештеңе жоғын жеткізгіміз келеді. Иә, бізді түрмеге жапты, 10, 20 күн отырып, бостандыққа шықтық. Иә, қорқытады. Бірақ бәрін солай қорқытады. Қорқудың қажеті жоқ!

Халыққа "бізді түрмеге жауып, қудаласа да, бәрібір митингіге шығып жүрміз. Яғни, сіздер де көшеге шығып, өз ой-пікіріңіз бен талабыңызды айтсаңыз, ештеңе болмайды" дегенді көрсеткіміз келеді.

"Қазақстанда саяси тұтқындар бар және аз емес"

Павел Кочетков, адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро филиалының директоры

Белсенділер жайлы айтар болсақ, барлық деңгейде қудалау, ұстап әкету, телефонын тыңдаудан бастап (бұл рұқсат етілмеген тергеу шарасына жатады, ондайды қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінген азаматтарға ғана қолданады), әкімшілік сотқа дейінгі (мұнда автоматты түрде заңбұзушылықтардың күшін жоятын процестік нормалар сақталмайды, сондықтан судьялар қайта-қайта айыпталушыны тұтқындау туралы үкім шығарады) заңбұзушылықтар көп кездеседі.

Бұл жерде азаматтардың конституциялық құқығы ғана емес, еркін пікір білдіру, еркін қозғалу, жиналу құқығы және халықаралық нормалар бұзылып отыр. Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіні ратификациялаған, сондықтан мемлекет осы құжатта көрсетілген міндеттемелерді орындауы керек. Әйтпесе оның не мәні бар? Мұнда азаматтардың құқығы толықтай бұзылып отыр. Полиция, прокуратура мен сот қызметкерлері процестік заңбұзушылықтарға жиі жол береді.

Менің ойымша, бұл азаматтарды саяси белсенділігі мен азаматтық позициясы үшін қудалауға жатады. Қазақстан үкіметі "елде саяси тұтқын жоқ" дегенімен, саяси белсенділігі үшін қамауда отырған азаматтар бар және олар аз емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Үкімет халықпен санасатын күн бәрібір туады". 1,3 млн теңге айыппұл арқалаған белсендінің әңгімесі
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Соғыс кепілдері" немесе белсенділерді қудалау
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шындықты ешкім шынжырлай алмайды". Шымкенттік үш белсенді "ҚДТ-ны қолдады" деп жазаланды