"Шаңырақ". Оралдағы балалар үйі түлектерінің құлағалы тұрған жатақханадағы өмірі

Оралда баспана кезегін күткен балалар үйінің жүзден астам түлегі тұрып жатқан "Шаңырақ" жатақханаcы. 25 қазан 2021 ж.

Қазақстанда балалар үйі түлектері мемлекеттен жалға берілетін баспана алуға құқылы. Оралдабалалар үйінің жүзден астам түлегі баспана кезегін күтіп "Шаңырақ" жатақханаcында өмір сүріп жатыр. Кей азаматтардың мұнда тұрып жатқанына ондаған жыл болған. Құлауға шақ тұрған, санитарлық талапқа сай келмейтін ғимаратта бала өсіріп, тіпті немере күтіп отырған жүздеген отбасы жақында осы баспанадан да айырылып қалуымыз мүмкін деп алаңдайды.

Орал қаласындағы үш қабатты "Шаңырақ" жасөспірімдер үйі 1960-жылдардың басында салынған. Содан бері дұрыс жөндеу көрмеген ғимарат әбден ескіріп, қирауға айналған.

"Шаңырақ" жатақханасы. Орал, 25 қазан 2021 ж.

Сырты ұсқынсыз жатақхана ғимаратының іші де көз тартатындай күйде емес: қабырғасы түсіп, әйнегі сынып, едені жарыла бастаған.

Әсел Антаева күйеуі және екі баласымен бірге бірінші қабаттағы шеткі бөлмеде тұрады. Оған ұзын, қараңғы дәлізбен жүріп жетесіз. Дәліз бойында басқа бөлмелер, бірінші қабатта тұратындар пайдаланатын ортақ асхана мен әжетхана бар. Бір кездері асханада тамақ істеуге қолайлы жағдай, ас ішуге арналған үстелдер болған. Қазір онда су құбыры мен ыдыс жуатын раковинадан басқа ештеңе қалмаған.

"Шаңырақ" жатақханасындағы "асүй" деп аталатын бөлмені жуып жүрген адам. Бүкіл қабаттағы жалғыз раковина осында орналасқан. Орал, 25 қазан 2021 ж.

Дәліздегі электр қуаты қорабының жанынан өтіп барамыз. Әсел "Шаңырақта" жарық жиі өшетінін, бірде электр сақтандырғыш істемей, енді бірде желі кернеуге шыдамай өрт шығып кететінін айтты.

– Өз қаржымыздан жөндеп, ауыстырып отырамыз, – дейді Әсел.

Сырттан келген адамға жатақханадағы ортақ душ ерекше әсер қалдырады. Жуынатын бөлменің еденінде су көлкіп жатыр, өйткені қалдық су жиналатын ескі шұңқыр тез толып қалады. Бөлме іші дымқыл әрі суық, қабырғалардан душтың суағары бекітілген құбырлар көрінеді. Кіреберіс есік пен жуынатын орынның арасы көгерген ағаш тақтаймен бөлінген.

Әсел Антаева "Шаңырақ" жатақханасында тұратындарға ортақ душ бөлмесін көрсетіп тұр. Орал, 25 қазан 2021 ж.

– Жуынуға кезекке тұрамыз. Туысы бар адамдар солардың үйіне барып жуынып келеді. Моншаға баруға болады, бірақ қыста аязды күні балаларды моншадан алып келгенше осы жерде жуындыра салған әлдеқайда жеңіл, – дейді Әсел.

12 ШАРШЫ МЕТР БӨЛМЕДЕГІ ӨМІР. ӘСЕЛДІҢ ХИКАЯСЫ

Аумағы 12 шаршы метр шағын бөлмеде жиһаз да, оны қоятын орын да жоқ. Бөлмедегі жалғыз үстел басында Әселдің үлкен қызы сабақ оқып, отбасы мүшелері ас ішеді. Үстелдің үстінде ыдыс-аяқ пен ұсақ-түйек заттар тұр. Оның астына ұйықтар алдында балаларды жуындыратын шылапшын қойылған. Үйдегілер еденге төсек салып ұйықтайды.

– Екі жасымда, 1993 жылы балалар үйіне түстім. Балалық шағым есімде жоқ. 2003 жылы отбасы типіндегі балалар ауылы ашылып, бізді сол жаққа көшірді. Ол жақта жағдайымыз біршама жақсарды. Балалар үйінде 12 шаршы метр бөлмеде 25 қыз, дәл сондай екінші бөлмеде 25 ұл тұратын.

Әсел Антаева ұлымен бірге.

Өзімнен басқа арқасүйер ешкімім болмады, сондықтан сабақты жақсы оқыдым. Педогогика институтына грантқа оқуға түстім. 18 жасымда балалар ауылынан кеттім. Барар жерім болмады. Үздік оқығандықтан жоғары шәкіртақы – 17 мың теңге алатынмын, оның сегіз мың теңгесін жалдап тұратын пәтерге төлеймін. Кешкісін сабақтан кейін конспект жазып, көшірме орталығында жұмыс істеп, репетитор болып ақша табатынмын.

2010 жылы балалар үйінен шыққаннан кейін пәтерге кезекке тұрдым. Негізі балалар үйіне түскен кезде кезекке тұруым керек еді. Бірақ ешкім кезекке қоймаған. Университетте оқып жүрген кезде жиі хабар алып тұрдым, бірақ кезегім мүлде жылжымай қойды. "Шаңыраққа" көшкенде бір-ақ жылжыды. Сол кезде отбасылы болдым.

Әсел Антаеваның ұлы отбасы тұрып жатқан көлемі 12 шаршы метр бөлмеде отыр. Орал, 25 қазан 2021 ж.

2011 жылы болашақ күйеуімді кезіктірдім. Басында күйеуімнің ата-анасымен бірге тұрдық, бірақ сыйыса алмай, көшіп кеттік. Көп пәтер ауыстырдық. Қызымыз, кейін ұлымыз дүниеге келді. Бір жалақыға пәтер жалдап тұру қымбат болған соң "Шаңыраққа" келдік.

Бұл жақта тегін тұрамыз, бөлме жалдауға не коммуналды төлемге ақша төлемейміз. Бірақ мұндай жағдайда өмір сүру мүмкін емес әрі қауіпті. Ғимарат қирап жатыр. Әкімдіктен, тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінен адамдар келді. Бәрі "ғимарат апатты жағдайда тұр" дейді. Бес-алты жылдан бері солай, бірақ әлі күнге жөндеу жүргізілген жоқ.

Әсел Антаева балалар үйі түлектері тұратын "Шаңырақ" жатақханасын көрсетіп тұр. Орал, 28 қазан 2021 ж.

12 шаршы метр – стандартты бөлме. Бірінші қабатта осындай он бөлме бар. Бұдан сәл үлкендеу, отбасылық бөлмелер де бар. Тамақ ішкен жерде ұйықтап, тісімізді тазалап, балаларды жуындырамыз. Кереует сатып ала алмаймын, оны әкелсем, айналатын жер қалмайды. Қазір ұлым үстел үстінде тамақ ішіп отырса, астында горшок тұрады.

Баспана кезегінде 243-орында тұрмын. Пәтер қазіргі қарқынмен берілсе, баспанаға бес жылдан кейін бір-ақ қолым жетеді, – дейді Әсел.

КҮТПЕГЕН КЕЗДЕСУ ЖӘНЕ "АШУЛЫ ЖЕТІМДЕР"

"Шаңырақта" тағдыры Әселдікіне ұқсас жан көп. Бұл жатақхана басында балалар үйі түлектері жеке пәтерге қол жеткізгенше уақытша паналайтын баспана ретінде салынған. Қазір мұнда жүзден астам адам тұрады. Көбінің баласы бар, енді біреулері жақында немерелі болмақ.

Қазан айының аяғында "Шаңырақ" тұрғындары Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің алдына шығып, өздерін мазалаған сұрақтарға жауап алмақ болған. Бірақ наразылық шарасы басталардан бір сағат бұрын жатақханаға қала әкімінің орынбасары, тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлім басшысы, облыстық білім бөлімінің өкілінен тұратын делегация келді.

Орал қаласы тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ерлан Шайхиев (оң жақта) "Шаңырақ" жатақханасы тұрғындары қатысқан жиында отыр. Орал, 25 қазан 2021 ж.

"Шаңырақта" бұрыннан тұрып келе жатқандардың айтуынша, жоғары шенді шенеуніктер қатысқан мұндай жиын алғаш рет өткен. Бірінші қабаттағы шағын бөлмеге ондаған адам жиналған. Бәріне орын жетпеген соң, тұрғындар жиынға кезекпен қатысқан.

Шенеуніктер бөлменің бұрышындағы үстел басына жайғасып, көбіне үнсіз отырған. Барлық сұраққа Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мұлқай жауап берген. Тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ерлан Шайхиев ләм-мим деп тіл қатпаған.

Жатақханадағылар жергілікті билік өкілдерінің мұндай әрекетіне үйреніп қалғанын айтады: осыған дейін жатақхана тұрғындары құрған бастамашыл топ өкілдері Шайхиевқа бірнеше рет барған. Жұрттың айтуынша, бөлім басшысы оларды "есіктен шығарып жіберген".

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мұлқай (оң жақта) мен тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөлімінің басшысы Ерлан Шайхиев "Шаңырақ" жатақханасы тұрғындарымен кездесіп отыр. Орал, 25 қазан 2021 ж.

Жатақханада өткен кездесуде әкім орынбасары ұзақ сөйлеп, "арнайы комиссия құрылады, мәселе шешіледі" деп уәде берген.

– Қазір алдымызда тұрғындарды жатақханадан көшіру мәселесі тұр. Екі жол бар: жеке баспана беру не жаңа жатақхана салу. Қазір шешім қабылдауымыз керек, – деген Мирас Мұлқай.

Жұрт осы сөзге тоқтап, тараған.

Балалар үйі түлектеріне арналған "Шаңырақ" жатақханаcында тұрып жатқан азаматтар жергілікті билік шенеуніктері қатысқан жиында отыр. Орал, 25 қазан 2021 ж.

Құлауға шақ тұрған "Шаңырақ" жатақханасы облыстық білім басқармасының балансында. Бұл мемлекеттік орган жетім балаларды қамтамасыз етуге жауапты. Жатақхананы қаржыландыру міндеті де осы мекемеге жүктелген. Ресми дерек бойынша, жатақхана қажетіне жыл сайын едәуір қаржы жұмсалады: былтыр бұл мақсатқа 17,3 миллион теңге, биыл 22,7 миллион теңге бөлінген.

Облыстық білім басқармасы инклюзивті, арнаулы білім беру және балалар құқығын қорғау бөлімінің бас маманы Сәулеш Хамзина бұл қаржының "желге ұшып жатқанын", өйткені "Шаңырақ" тұрғындары "жетім балаларға жатпайтынын" айтады.

– Ол жақта 94 ересек адам тұрады, оның 28-і – үйлі-баранды азаматтар. Демек ол жерде тағы бір ересек адам бар. Жатақханада 78 бала тәрбиеленіп жатыр. Қазір оларды қамтамасыз етіп, ақшаны желге ұшырып отырмыз, олар – біздің балаларымыз емес, – деді Азаттық тілшісіне телефон арқылы жауап берген Хамзина.

"Шаңырақ" жатақханасындағы бір қабаттағы жалғыз әжетхана.

Шенеунік "Шанырақта" тұратын азаматтар балалар үйі түлектеріне берілуі тиіс жалға алынатын пәтерлердің үлестіріліп жатқанына "ашулы" деп есептейді.

– Бізде 1994 жылы қабылданған тұрғын үй туралы заң бар. Ол заңға сәйкес, 20 жасқа дейінгі жетімдерге ғана үй берілетін. 2009 жылы осы заңға жасы 23-ке дейінгі азаматтар үй алуға құқылы деген өзгерістер енгізілді. 2011 жылы тағы да жаңа өзгертулер енгізіліп, 29 жасқа дейінгі жетімдер баспанамен қамтылатын болды. Жатақханада тұрып жатқан азаматтар 2011 жылы, ал балалар үйінің 16 жасқа толмаған тәрбиеленушілері одан екі жыл бұрын кезекке тұрған. Сондықтан оларға баспана ерте беріліп жатыр, – дейді Хамзина.

Шенеуніктің сөзінше, облыстық білім басқармасында жатақхананы жөндеу мәселесі талқыланып жатыр, бірақ бұл жұмыстардың қашан қолға алынатыны белгісіз.

– Жатақхананы толық жөндеуден өткізудің жоба-сметалық құжатын дайындадық. 7 миллион 650 мың теңге шықты, – дейді Хамзина.

Жетімдердің құқығы және қалыптасқан жағдай

"Бала құқығы" туралы заңның 14-бабына сәйкес, "әр бала баспаналы болуға құқылы". Бұл жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларға да қатысты. Олар "…баспанасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес баспана алуға құқылы". Жетім балаларды басқа пәтер алмай тұрып, мемлекет берген баспанасынан қууға болмайды.

Балалар үйінің түлегі және "НеМолчиСирота" қорын құрған Руслан Тұрысбектің айтуынша, мемлекет жетімдерге кейін сатып алу мүмкіндігімен жалға баспана беруі керек. Мұндай пәтер беру 2019 жылдан бастап тоқтаған. Қазір жалға берілетін пәтерде тұратын адам оны сатып ала алмайды. Тұрысбек мемлекеттік органдардан пәтерді жалға беру шарты неге өзгергенін сұрап, мардымды жауап ала алмаған.

– Білім және ғылым, индустрия және инновация министрліктеріне хат жаздық. Бәрінен "Нұрлы жер" бағдарламасы бар" деген жауап келді. Бұл бағдарлама бойынша, жетімдерге жалға баспана беріледі. Тұрғын үй мәселесін басқа әдіспен шешуді сұрасақ, "бекітілген бағдарлама бар" дегенді айта береді. Біз екі пайызбен жеңілдетілген ипотека алатын "Бақытты отбасы" бағдарламасына да кірмейміз. Бұл бағдарлама бойынша көпбалалы отбасылар, мүгедектер мен жалғызілікті аналарға үй беріледі. Бірақ бұл тізімде жетімдер жоқ. Себебін сұрағанымда, "ақша жоқ" деген жауап алдым, – дейді Тұрысбек.

Қоғам белсендісінің сөзінше, Қазақстанда жетімдердің жағдайы қиын. Баспана кезегі тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқан ірі қалаларда ғана жылжып отырады.

– Алматы, Астана [Нұр-Сұлтан], Шымкент қалаларында ғана баспана кезегі жылына жүз, екі жүз адамға жылжиды. Қалған қалалардағы кезек әлі бұрынғы қалпында тұр, – дейді Тұрысбек.

Әкімдік дерегінше, Оралда баспана кезегінде тұрған 1889 жетім жас бар. Тұрысбектің ақпаратына сәйкес, Қазақстанда балалар үйінің 23 мың түлегі пәтер алу мүмкіндігін күтіп отыр.

"МҰНДА БОС БӨЛМЕ БОЛМАЙДЫ"

Қазанның аяғында өткен шенеуніктермен кездесуден кейін "Шаңырақ" тұрғындарының уайымы күшейген. Олар жатақханадан көшсек, кейін бұл жаққа орала алмауымыз мүмкін деп қауіптенеді.

– "Үш айға жатақханадан көшіреміз, уақытша жалдап тұратын үй іздеңіздер" деді. Бірақ үш айда жақсы жөндеу бола қоймайтыны белгілі. Бізді жай ғана жатақханадан қуып шыққысы келетін сияқты. Бірақ бұл жаққа қайта көшіре ме, жоқ па, белгісіз, – дейді "Шаңырақ" тұрғыны, бес баланың анасы Алеся Арыстанғалиева.

"Шаңырақ" жатақханасындағы көлемі 30 шршы метр бөлмеде тұратын Алеся Арыстанғалиеваның ұлы.

Алеся жатақханада "жолы болғандардың" қатарына кіреді. Өйткені сегіз жылдан бері "үлкен", отбасылық бөлмеде тұрады. Әр қабатта мұндай алты бөлме ғана бар. Көлемі 30 шаршы метр бөлмеде жеке су құбыры мен әжетхана бар. Осыдан басқа артықшылығы жоқ.

– Кейде жылына екі рет жөндеу жүргізуге тура келеді: еден бүлініп, қабырғалар жарылады. Балалардың жәрдемақысына күнелтіп жүрмін. Кей көршіміз құрылыста істейді, солар көмектеседі. "[Шенеуніктер] жатақханаға жыл сайын миллиондаған ақша бөлінеді" дейді. Онда неге жөндеу жүргізбейді? – дейді Алеся.

Бұл сұрақ "Шаңырақ" тұрғындарының бәрін мазалайды. Жағдайы нашар болса да жатақхана бөлмелері мүлде босамайды: апатты ғимараттан пана іздейтіндер қашанда табылады. Кей тұрғындар жатақханадағы бөлмесін жақындарына "мұраға" қалдырады.

– Жатақханада тұратын кей азаматтардың туыс-бауыры көп. Мысалы, біреу мемлекеттен үй алып, көшіп кетсе, бөлмесін пәтер жалдап жүрген сіңлісіне қалдырып кетеді. Бізде бөлме босамайды, – дейді Әсел Антаева.

"Шаңырақ" жатақханасы фойесінде ойнап жүрген бала.

Далада – күз, "Шанырақтың" қараңғы дәлізінде сыртқы есіктен кірген өкпек жел соғып тұр. Тастай суық фойеде Әселдің балалары ойнап жүр. Жылдың суық мезгілінде балалар бой жазып, асыр салып ойнайтын жалғыз "жылы" орын – осы.