Алматыда өтіп жатқан Еуразия медиа форумындағы үзіліс кезінде Азаттыққа берген сұхбатында ЕҚЫҰ-ның (Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы) БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Арлем Дезир 2017 жылдың соңында Қазақстан заңдарына енгізілген өзгерістерге қатысты позициясын айтты. Әлгі түзетулерге сәйкес, журналистер мақалаларында аты-жөні көрсетілген тұлғалардан дербес деректерін жариялауға келісім алуға міндетті. Бұған қоса, ЕҚЫҰ өкілі бұрынғы топ-шенеуніктің арызы бойынша өткен айда редакцияларына тінту жүргізілген Forbes Kazakhstan журналы мен Ratel.kz сайты журналистеріне қатысты іс жайын да қозғады.
Азаттық: - Дезир мырза, ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі ретінде тағайындалғаныңызға биыл шілдеде бір жыл толады екен. Былтырдан бері назарыңызға Орталық Азия елдеріндегі, әсіресе Қазақстандағы сөз бостандығы мен ой-пікірін білдіру еркіндігі саласында қандай жайттар көбірек ілінді?
Арлем Дезир: - Журналистердің, әсіресе түрлі қатерлерге тап болып зерттеулер жүргізумен айналысатын журналистердің қауіпсіздігі мәселесіне бұл қызметті атқара бастағаннан бері көп көңіл бөліп келемін. Бұл – журналистердің өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлер, экономикалық қысымға тап болу қатерлері. Орталық Азия аймағында бізді қамаудағы журналистердің жағдайы алаңдатады. Жуырда Өзбекстанда бірнеше журналист қамаудан босатылды. Бізді онлайн медиа саласындағы бұғаттау, шектеу қою әрекеттері, дербес деректерді жариялау талаптары мен "араздықты қоздыру" айыптары әлі алаңдатып отыр.
Азаттық: - Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-ты дамытып, қалыптастыруға қандай факторлар теріс әсер етеді?
Арлем Дезир: - Қазақстанда баспасөз саласы дамып келе жатқанын, медиа ландшафтың алуан түрлі екенін байқап отырмыз. Бірақ кейбір БАҚ дамуына кедергі жасайтын қылмыстық кодекстің белгілі бір баптарын [оларға қарсы қолдану] әрекеттеріне тап болып отыр, мысалы, Ratel.kz сайты мен Forbes Kazakhstan журналы. Меніңше, қылмыстық кодекстің 174-бабы ("ұлтаралық, әлеуметтік және діни араздықты қоздыру") мен 274-бабы ("көрінеу жалған ақпаратты тарату") ой-пікір еркіндігі мен сөз бостандығын дамытуға септеспейді. Маған Қазақстан қуатты ел болып көрінеді, сондықтан ел билігі БАҚ-та сыни пікірлер, түрлі сипаттағы көзқарастар барын мойындауы тиіс. Бұл билікке елде болып жатқан оқиғаларға деген көзқарастардың бүтін картинасын түсінуге көмектесіп, өзгерістер енгізуге жағдай туғызады.
Азаттық: - Қазақстанда БАҚ туралы заңдарға жуырда енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді қалай бағалайсыз?
Арлем Дезир: - Біз Қазақстан үкіметіне заңға енгізілген түзетулерді заң тұрғысынан бағалайтын комментарий жолдадық. Журналистің зерттеген тұлғасынан дербес деректерін жариялауға оның келісімін сұрауды талап ету дұрыс емес. Журналист қоғам қызығатын оқиғалар, фактілер туралы жеке тұлғаның құқықтарын ескере отырып мақала жазуға құқылы. Бұл өте маңызды, әсіресе коррупциялық зерттеулерге қатысты болса.
Азаттық: - Ал комментарийлеріңізге Астана тарапынан реакция болды ма?
Арлем Дезир: - Әрине, болды, бұл біздің Қазақстан үкіметімен пікірталасымыздың негізгі бөлігі саналады. Мына сапар аясында қазірдің өзінде бірнеше министрмен кездестім, әрі ЕҚЫҰ жанындағы Қазақстан делегациясымен тығыз жұмыс істеп, заңға байланысты әлгі мәселелерді талқылаймыз.
Азаттық: - "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан дәстүрлі түрде төменгі орындарда қалып жүр. Жағдайды жақсарту үшін билікке қандай кеңес айтар едіңіз?
Арлем Дезир: - БАҚ саласына қатысты әлдебір заңдар қабылдау елдің халықаралық беделіне әсер етеді. Бұл Қазақстанға да қатысты мәселе. Сондықтан бұл мәселені заңдарды жақсарту арқылы шешуге болады деп ойлаймын. Бұл халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның елге деген көзқарасына сөз жоқ әсер етеді. Бірақ бұған қоса, журналистер және басылымдарға қатысты шешуді қажет ететін жекелеген проблемалар да бар.
Көре отырыңыз: "Қазақстанда БАҚ-қа қысым күшейген"
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: - Тарихи контекст пен аймақ тәжірибесіне сүйенсек, Орталық Азия елдері үкіметтерін тәуелсіз БАҚ болғаны ұтымды деген уәжге қаншалықты көндіруге болады деп ойлайсыз?
Арлем Дезир: - Ең әуелі ЕҚЫҰ-ға Орталық Азия елдерінің бәрі мүше екенін айтқым келеді. Сондықтан мүше елдер ретінде олар өздеріне бірқатар міндеттемелер алған. БАҚ еркіндігі мен ой-пікір еркіндігін қамтамасыз ету - олардың ЕҚЫҰ жұмысына қатысуының құрамдас бөлігі. ЕҚЫҰ БАҚ еркіндігін қауіпсіздікке қатысты кешенді факторлардың бірі ретінде қарастырады. Біз, яғни ЕҚЫҰ барлық азаматтар үшін ақпараттың қолжетімді болуы, ой-пікірін ашық айту мүмкіндігі мен БАҚ-тың еркін дамуы мемлекеттердің жаңғыруына, ашық болуына және олардың арасындағы ынтымақтастыққа септеседі деп санаймыз. ЕҚЫҰ-ға мүше елдер, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері маған мына мандатты сөз бостандығы бір бөлігі саналатын ЕҚЫҰ-ның адами өлшем механизмдеріне бейілдігін қолдап, оларға көмектесу үшін табыстады. Сондықтан кейде оларды сынауға тура келеді, бірақ бұл саясат пен заңдарды жақсарту үшін жасалады.
Меніңше, біз Орталық Азия елдерімен жақсы қарым-қатынас орнаттық, сындарлы диалог барын байқап отырмыз. Қазақстанға алғашқы сапарым аясында көптеген журналистермен және азаматтық қоғам өкілдерімен кездестім. Олар шығармашылықпен жұмыс істеп, Қазақстан баспасөзінің бай ландшафтына зор үлес қосып жүрген тұлғалар. Қазақстан билігі оларға лайықты қолдау көрсетеді деп үміттенемін.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет!