Ішінара жаңарған үкімет құрамында отыздан енді асқан министрлер бар

Қазақстан астанасы. Көрнекі сурет.

4 қаңтарда Қазақстан үкіметі құрамында ауыс-түйіс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен бес министр жаңадан тағайындалды. Олардың арасында жасы отыздан енді асқандары бар. Жаңа министрлердің көбі бұған дейін сол ведомстволарда вице-министр болған. Желідегі жұрт Тоқаевтың Асхат Аймағамбетовті оқу-ағарту министрі қызметінен алып тастағанына наразы болып жатыр. Үкіметтегі ауыс-түйісті қысқаша шолып шықтық.

АЙМАҒАМБЕТОВТІҢ ҚЫЗМЕТТЕН АЛЫНҒАНЫНА ҚАРСЫЛЫҚ

Сәрсенбі күні Асхат Аймағамбетовтің оқу-ағарту министрі қызметінен босатылып, оның орнына 53 жастағы Ғани Бейсембаев тағайындалды. Ғани Бейсембаев 2022 жылдың наурызынан бастап оқу-ағарту (тамызға дейін білім және ғылым министрлігі аталған) министрінің орынбасары болған. Қызылорда облысы Шиелі ауданында автоклуб меңгерушісі, қазақ тілі пәні мұғалімі болып істеген. Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясын басқарған.

Тоқаевтың Аймағамбетовті қызметінен босатуына желідегі жұрттың басым бөлігі қарсы шығып жатыр, оның министрлікте атқарған қызметіне алғыс айтып жатқандар да көп. Интернет қолданушылар Аймағамбетовтің "білім саласына көп еңбек сіңіріп, мұғалімдер мен оқушыларға жағдайын жақсартқан реформалар жасағанын, педагогтардың мәртебесін көтергенін, әліппе оқулығын қайтарғанын" жазды.

Аймағамбетов елде пандемия өршіп, оқушылар ұзақ уақыт онлайн оқуға көшкен тұста министрлікті басқарды. Бұған қоса, бастауыш сыныптарды түскі аспен қамтамасыз ету, сенбі күнін демалыс деп жариялау туралы шешім шығарған. Бірақ Аймағамбетов тұсында мектепке қыздардың хиджабпен кіру мәселесі толық шешілмеді.

Асхат Аймағамбетов.

Ал Аймағамбетовтің өзі Facebook парақшасында жұмысын қорытындылап, министрлік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 475 мыңнан астам балаға көмектескенін, мектеп автобустарының паркі жаңартылғанын, баланы буллингтен қорғау құқығы бекітілгенін, балалар құқығын қорғау бойынша жұмыстар атқарылғанын, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуына жағдай жасалғанын жазды.

Аймағамбетовтің қандай қызметке тағайындалғаны белгісіз.

32 ЖАСТАҒЫ МИНИСТР ҺӘМ "АМАНАТТАН" МИНИСТРЛІККЕ БАРУ

32 жастағы Зүлфия Сүлейменова экология, геология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол 4 қаңтарда қызметінен босатылған Серікқали Брекешовті алмастырды. Зүлфия Сүлейменова 2022 жылдың наурызынан бері экология министрі орынбасары қызметін атқарды. Оған дейін президент жанындағы қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты ғылыми қызметкері болған, БҰҰ даму бағдарламасында еңбек еткен. Астанадағы Еуразия ұлттық универститетін, Жапониядағы саяси зерттеулер институтын тәмамдаған.

Сүлейменова осыған дейінгі сұхбаттарында "ет жемейтінін, жануарлардың майынан жасалған косметикаларды қолданбайтынын, зоопарк пен дельфинарияға бармайтынын" айтқан.

Дәурен Абаев мәдениет және спорт министрі қызметінен босап, оның орнына 32 жастағы Асхат Оралов тағайындалды. Ол 2022 жылдың ақпанынан бері биліктегі "Amanat" партиясының атқарушы хатшысы болған. Оған дейін Оралов Павлодар облысы әкімінің орынбасары, ақпарат және қоғамдық даму министрі орынбасары, Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

Ораловтың осыған дейін партияның жиынында айналасындағы жұртты президент Тоқаевтың сөзіне қошемет көрсетуге шақырған видеосы желіде тарап, қызу талқыланған еді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып 35 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды. Бұған дейін аталған министрлікті басқарған Қайырбек Өскенбаев қызметінен босатылды. Марат Қарабаев 2021 жылдың шілдесінен бері индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі болған. Әр жылдары ауыл шаруашылығы министрлігі, индустрия және жаңа технология министрлігі, көлік және коммуникация министрлігіінде түрлі қызмет атқарған. Ташкент автокөлік-жол институтында, Ұлыбританиядағы Уорик университетінде және Тараздың Дулати атындағы мемлекеттік университетін тәмамдаған.

43 жастағы Азамат Есқараев әділет министрі болып тағайындалды. Қаңтар оқиғасынан кейін әділет министрі болып тағайындалған Серік Мусин өткен аптада бұл қызметтен босатылып, жаңадан құрылған конституциялық соттың судьясы болып тағайындалған еді. Азамат Есқараев 2019 жылдың шілдесінен бері премьер-министр кеңсесінде заң бөлімін басқарған. Оған дейін әділет министрлігінде түрлі қызмет атқарған.

Қызметінен босатылған Абаевтың, Өскенбаевтың, Брекешовтің де қандай қызметке орналасатыны айтылмады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жаңа Қазақстандағы" ескі басшылар. Сайлауды желеу етіп, әкімді қайта тағайындауКонституциялық сотқа Эльвира Әзімова жетекшілік етедіБас прокуратураның бұрынғы қызметкері "Тоқаевтың ұсынысымен" омбудсмен болып тағайындалды