Жапсарлас құрылыстың қала мен оның тұрғындарына қаупі қандай?

Павлодар қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерге тақау салынған бизнес орталығы.

Павлодарда құрылысы жүріп жатқан және салынып біткен ондаған ғимарат дауға қалып отыр. Тағы бірнеше үй сот шешімімен бұзылатын болды. Олардың көбі – қала тұрғындарының пікірі ескерілмей, көпқабатты үйлер мен рекреациялық аймаққа жақын салынған нысандар. Иін тіресіп, бір-біріне жапсарлас орналасқан үйлер – Қазақстандағы көп қалаға ортақ мәселе.

ДАУЛЫ ҚҰРЫЛЫС

Ертіс жағалауындағы өндіріс орындарынан алыс, жасыл-желегі көп аймақта тұру – Павлодар тұрғындарының арманы. Мұнай-химия өнімдерін электролиз, картон шығаратын, құбыр жасайтын зауыттар халықты жұмыспен қамтып, мемлекеттік бюджетке салық аударудан бөлек, қаланың ластануына да "үлкен үлес қосады".

2021 жылы өзен маңында жергілікті халық "клуб тектес кешен" деп атаған, бесқабатты қос үйдің құрылысы басталғанда, осы жерден пәтер алуға ниеттілер көбейген. Құрылыс жүргізуші "УБУНТУ" компаниясы жер учаскесін сатып алып, сәулет-жобалау тапсырмасы бойынша дайындалған сызбаны әкімдіктің мақұлдауына берген. Бірақ Торайғыров көшесі, 1/4 мекенжайында орналасқан үй пайдалануға беруге дайын тұрғанда, аяқ астынан дау шықты...

2022 жылы жазда құрылыс істері комитетінің қызметкерлері сәулет бөліміне жоспардан тыс тексеру жүргізген. Комитет "УБУНТУ" компаниясына берілген рұқсат қағаздарына күмән келтірген. Қаланың бас жоспарында тұрғын үй салынған жер учаскесі рекреациялық аймақ деп көрсетілген. Яғни бұл жерде құрылыс жүргізуге болмайды.

Торайғыров көшесі 1/4 мекенжайдағы даулы ғимараттар. Павлодар, 10 сәуір, 2023 жыл

Комитет сәулет бөлімі шешімінің күшін жою үшін сотқа жүгінген. Бірінші инстанциядағы сот әкімдік берген рұқсат қағаздарын заңсыз деп тапқан. және қала құрылысы бөлімі апелляциялық шағым берген. Қазір бұл іс Жоғарғы соттың қарауында жатыр.

"УБУНТУ" компаниясы Павлодар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасын сотқа беріп, Торайғыров көшесі, 1/4мекенжайында орналасқан қос үйді пайдалануға беруге болмайды деген қорытындысын өзгертуді сұраған. Наурыздың соңында компания шағымы әкімшілік істер бойынша ауданаралық арнайы сотта қаралды.

Бұл істегі мүдделі тарап пәтер иелері болды.

– Павлодар облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қойсын! Осы үйден пәтер сатып алған адамдардың бәрі мені қолдайды деп ойлаймын. Жағдайды толық түсінбедік. Жер учаскесі сатылған. Құрылысқа рұқсат берілген. Жоба мақұлданған. Құрылыс жүріп жатқанда, бірде-бір шенеунік "бұл заңсыз" деген жоқ. Банк арқылы ипотекалық несие алдық. Онда да еш қиындық болмады. Тезірек баспаналы болғымыз келеді, – деді Торайғыров, 1/4 мекенжайындағы үйден пәтер алған кісі.

– Пәтер жалдап тұруға немесе ипотека төлеуге жағдайым жоқ. Өз пәтеріме кіріп, соған ғана төлеймін деп ойладым. Жалдамалы пәтер бағасын көрдіңіз бе? Ипотека айына 200 мыңнан көп шығады. Әлі пайдалануға берілмеген үйге бірінші болып кіріп алдым. Басқа амалым жоқ, – деді тағы бір пәтер иесі.

Басқарма өкілі бұл кісі үйде заңсыз тұрып жатқанын, өйткені жергілікті билік үйді қабылдау туралы актіге қол қоймағанын айтты.

– Пәтер жалдап тұруға кеткен шығындарымды кім өтейді? Мемлекеттік органдардың қатесі мен келіспеушілігінен неге мен зардап шегуім керек?! – деді тұрғын.

Сот құрылыс компаниясының мемлекеттік басқарма қорытындысының күшін жою туралы талабын қанағаттандырды. Бірақ бұдан еш пайда жоқ. Пәтер иелері дайын үйлеріне әлі кіре алмай отыр.

Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Арман Бекбосынов. Павлодар, 17 сәуір, 2023 жыл

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Арман Бекбосыновтың сөзінше, былтырғы жылдың екінші жартысында Павлодарда салынып жатқан нысандардың көбіне тексеріс жүргізілген. Торайғыров, 1/4 мекенжайындағы нысаннан бөлек, қаладағы бірнеше көпқабатты тұрғын үй де заңсыз құрылыс тізіміне кірген.

– Біздің ведомство мен комитет жеке не заңды тұлғалардың шағымынсыз салынып жатқан нысандардың заңдылығын тексере алмайды. Торайғыров, 1/4-ке келсек, комитетке "Адалдық жолы" қоғамдық ұйымы хабарласты. Олар өздері заңбұзушылық деп есептеген жайттар туралы айтты. Құрылыс комитетінен инспекторлар келіп, сәулет-жобалау тапсырмасын кері қайтарып алу туралы ұйғарым жазып берді, – деді Арман Бекбосынов.

Қазір құрылыс істері жөніндегі комитет пен сәулет бөлімі арасындағы дау Астанада соттың жоғарғы инстанциясында жалғасып жатыр.

– Сотта сәулет бөлімі жеңіске жетсе, тұрғын үйді пайдалануға беру туралы актіге қол қоямыз. Іс комитеттің пайдасына шешілсе, эксплуатация мәселесі шешілмей қалады, үйді құлатып тастауға тура келеді, – дейді басқарма басшысы.

Бұған дейін салынған үйлерді құлатып тастау туралы сот шешімдері болған. 2023 жылғы 20 сәуірде Павлодардағы арнайы сот Максим Горький, 44, 46 мекенжайындағы үйлерді күштеп бұзып тастау және MALAISARY GROUP компаниясын Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 319-бабы ("заңсыз құрылыс") бойынша жауапқа тарту туралы шешім шығарған еді.

Жер учаскесі жеке тұрғын үй салуға арналған. Бірақ орнына бесқабатты үй тұрғызылған. Компанияның сәулет-жобалау тапсырмасы, жобалық-сметалық құжаттары жоқ. Құрылыс басталғаны туралы әкімдікке де хабар бермеген. Сот бұл нысанды "рұқсатсыз салынған құрылыс" деп тапты.

Компания директоры үйді бұзып тастамауды сұрады. Құрылыс материалдары талапқа сай келетінін растайтын сертификаты барын, тұрғын үй стандарттан ауытқымай салынғанын, құрылысқа рұқсат алу үшін мемлекеттік органдарға құжат тапсырғанын айтты.

Кейінгі жарты жылда сот Павлодардағы көпқабатты бес үйді құлатып тастау немесе құрылысын тоқтату туралы қаулы шығарған. Одан бөлек, 30-ға жуық нысан даулы деп есептеледі құрылыстың заңдылығы сотта тексеріліп жатыр.

УШЫҚҚАН МӘСЕЛЕ

Павлодарда және Қазақстанның басқа да ірі қалаларында жапсарлас құрылыс мәселесі бұрыннан бар. Кейінгі кездері бұл мәселе ушыға бастады. Бұған құрылыс саласында белсенділіктің артуы себеп. Жылжымайтын мүлік нарығының жаңа серпін алуына жеңілдетілген ипотека ұсынатын мемлекеттік бағдарламалар және тұрғын үй алу үшін зейнетақының бір бөлігін шешіп алу мүмкіндігі әсер етті. Құрылысқа рұқсат алу процедурасының жеңілдеуі мен мемлекеттік органдардың мердігерлер жұмысын бақылау құзыретінің азаюы да септігін тигізді.

Қазір инспекторлар үнемі құрылыс алаңында жүре алмайды. Өйткені оларда құрылыс компаниясының қызметін үздіксіз бақылау құзыреті жоқ. 2016 жылы Қазақстанда жаңа нысандарды комиссияның қарауынан өткізіп, қабылдау тоқтады. Бұрын комиссия құрамына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен төтенше жағдайлар қызметінің инспекторлары, санитария дәрігерлері кіретін.

Қамзин көшесі, 102 мекенжайдағы көппәтерлі тұрғын үй. Павлодар, 10 сәуір, 2023 жыл

– Жер учаскеңіз болса, құжат жинап, тапсырасыз. Бәрі дұрыс болса, әкімдіктің құрылысқа рұқсат бермеуге құқығы жоқ. Рұқсат етпесе, әкімдікті сотқа беруге болады. Мұндай жағдайда, көбіне арыз беруші тарап жеңіске жетеді. Құрылыс барысы мен нысанды тапсыру кезінде тапсырыс беруші, жобалау ұйымы, техникалық бақылау қызметі болады. Оларға тапсырыс беруші ақша төлейді. Құжаттар дұрыс болса, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы нысанды пайдалануға беру туралы актіні құрылыс алаңына бармай-ақ бере салады. Тағы да қайталаймын: құрылыс орнын тексеруге құқығымыз жоқ. Шағым түскенде ғана барып, заңбұзушылықтар болса, тіркеп, сотқа береміз. Бұрын біздің басқарма құрылыстың барлық кезеңіне жауап беретін. Бірақ кәсіпкерліктің дамуы үшін енгізілген жеңілдіктерге байланысты құзыретіміз шектеліп қалды. Мүдделі тұлғалар осыны пайдалануы мүмкін. Заңға баға бере алмаймын. Бірақ құрылыс істері жөніндегі комитетпен бірлесіп жүргізген тексеріске қарап, сәулет және жер қатынастары бөлімінде істейтін қызметкерлер заң талаптарын елемейді деп айтуға болады. Мысалы, қаланың бас жоспарын бұзып, тыйым салынған жерден құрылысқа рұқсат беріп жібереді, – дейді Арман Бекбосынов.

Павлодарда қала құрылысы нормалары мен Экологиялық кодекс талаптарына сай келмейтін ғимараттар пайдалануға берілген кездер де болған. Кейде құрылысқа тұрғындардың қарсылығы мен ұзаққа созылған сот процесі де кедергі бола алмайды.

Осындай атышулы құрылыстардың бірі – миллиардер Болат Өтемұратовқа тиесілі Forte Bank филиалының ғимараты. 2019 жылы Торайғыров көшесіндегі ең үлкен әрі жап-жасыл Денсаулық саябағындағы ағаштар кесіліп, шыныдан салынған кеңсе тұрғызыла бастады.

Экологиялық ахуалы нашар қаладағы онсыз да аз ағашты кесіп, құрылыс жүргізу халықтың ашуын туғызды. Қала тұрғындары әкімдіктің табалдырығын тоздырып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына, прокуратура мен президент әкімшілігіне хат жазды. Бірақ банк өкілдері қоғамдық тыңдау өткізбей-ақ, рұқсат қағазына қол жеткізіп, кеңсе тұрғызып алды. Қоғамдық резонанс туғызған дау кезінде бір жыл бұрын шенеуніктер қаланың бас жоспарын өзгертіп, саябақты рекреациялық аймақтан шығарып, мәдени-іскерлік құрылыс жері деп бекіткені белгілі болды.

Осыған ұқсас тағы бір мәселе – жапсарлас құрылыс. Тұрғын үйге жақын маңға, көбіне көпқабатты үйлердің ауласына басқа нысандар салынады. Жапсарлас салынған ғимараттардан үйге жарық дұрыс түспейді, балалар ойнайтын, көлік қоятын, демалатын орын қалмайды. Ғимараттардың бәрі тұрғын үйге тартылған су, жарық, газ желісіне қосылатындықтан, электр қуаты мен судың қысымы төмендейді. Осыдан жарық жиі өшеді, су жай ағады, кейде жоғары қабаттарға мүлде көтерілмей қалады.

2018 жылы Павлодар халқы Бұқар жырау көшесіндегі бесқабатты үйдің маңына үшқабатты бизнес орталығы салынып жатыр деп дабыл қақты. Жаңа ғимарат тұрғын үйлерден қол созым жерде тұр.

Тұрғындар өз ауласы үшін күресіп, ақпарат құралдарын шақырды. Әкімдік сот арқылы құрылысқа берген рұқсат қағазын кері қайтарып алуға тырысты. Бірақ сот бұл өтінішін қанағаттандырмады. Жоғарғы сот та құрылысты тоқтатуға негіз жоқ деп тапты. Аз уақыт ішінде бизнес орталығы бой көтерді. Үш жылдан бері Бұқар жырау көшесінің тұрғындары қараңғы пәтерде тұрып келе жатыр. Ал жеті метр жерден салынған бизнес орталығы сол күйі қаңырап бос тұр.

Бұқар жырау көшесіндегі бесқабатты үйге жапсарлас салынған үшқабатты бизнес орталығы. Павлодар, 10 сәуір, 2023 жыл

Жапсарлас құрылыс мәселесі Қазақстандағы ірі қалалардың бәрінде кездеседі. Азаматтық позициясын еркін білдіріп жүрген алматылық суретші Салтанат Тәшімова 10 жылдан бері таза ауа, жаяулар жолы мен аула мәселесін көтеріп келеді. Белсенді сейсмикалық қауіп аймағына жататын Алматыдағы жапсарлас құрылыс тақырыбында бейбіт митингілер мен акциялар өткізеді.

Тәшімова құрылысқа рұқсат алу ережесі жеңілдегелі (қазір мемлекеттік органға құрылыс бастағалы жатқаныңды ескерту жеткілікті) мәселе тіпті ушығып кеткенін айтады.

– Біріншіден, құрылыстың әртүрлі кезеңінде бірде-бір мемлекеттік орган оның заңдылығын тексермейді. Екіншіден, мониторинг тобынан төтенше жағдайлар департаменті мен мемлекеттік сәулет – құрылыс бақылауы басқармасының өкілдерін алып тастаған. Нормативтік құжаттарға да өзгеріс енгізген. Мысалы, тұрғын үйлер арасындағы қашықтық, терезеге күн түсу уақыты қысқарған. Ірі құрылыс компаниялары шағын кәсіпкерлерге осындай жеңілдіктер болсын деген идеяға лобби жасады. Енді өз компанияларын шағын бизнес субъектілеріне бөліп, осы жеңілдіктердің игілігін көріп отыр. Мемлекет шағын бизнеске келгенде ештеңе істей алмайды. Тым болмаса, қарапайым тексеріс енгізудің өзі көп көмектесер еді. Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің сотқа жүгінуден басқа амалы жоқ. Оның өзі нәтижелі бола бермейді. Мемлекеттік сәулет-құрылысы бақылауы басқармасы заңгерлерінің не біліктілігі төмен, не олар сотта әдейі жеңіледі. Судьялардың көбі пара алады, – дейді Тәшімова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Іркес-тіркес, иін тірескен құрылыс Алматыны тұншықтырып, жайсыз қалаға айналдыра бастады

Белсенді құрылыс бастардан бұрын қала құрылысына жауапты кеңестің пікірін ескеріп, әр нысан бойынша қағаз толтыру үшін емес, тұрғындарға шынымен құлақ асу үшін қоғамдық тыңдау өткізу керек деп есептейді.

– Бұл – бәрімізге қатысты мәселе. Жаңа үйлерді заң талаптарын сақтамай, қалай болса, солай салып жатыр. Мұндай көзқарас тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Көпқабатты үй салғанда құрылыс нормалары мен ережелерін ескермейді. Жапсарлас құрылыстың экологияға кері әсер ететіні – өз алдына бөлек әңгіме, – дейді Салтанат Тәшімова.