"БҰЛ – ТӨСЕКТЕ ЖАТЫП СЫНАУ ЕМЕС, БІЗДІҢ РЕАКЦИЯМЫЗ"
Нұрсұлу Шаймерден бұрын ешқашан блог жүргізбеген. Бірақ кейінгі кезде Instagram парақшасын белсенді жүргізе бастады. Ол блогында құтқарушыларды іздестіру жұмыстары туралы айтып, биліктен көмек сұрайды, өз ойын бөліседі.
"Республикалық кәсіби әскери апаттық-құтқару қызметі" филиалында істеген екі адамның туыстары сияқты Нұрсұлу да бір айдан бері тынышынан айырылған. 4 қаңтарға қараған түні кен құтқару саласында жұмыс істейтін күйеуі Айдос Шаймерден әріптестерімен бірге "Майқайың алтын" компаниясының жұмыс істемейтін шахтасы маңынан түтін шығып жатыр деген хабар түскен соң, сол жаққа аттанған. Топырақ опырылып, шахта ішіне құлап кеткен автобустың ішінде төрт адам болған.
Айдос Шаймерден мен құтқару қызметінің жүргізушісі Айып Тілеубергенов әлі күнге үйінді астында жатыр. Басқа екі құтқарушы – Бердіқан Сарқыт пен Олег Тышкевич 4 қаңтарда өлі табылды.
Олардың әріптестері тірі табылады дегенге үміт аз. Бірақ жоғалған адамдардың жақындары үміт үзбей, күндіз-түні кезекпен автобус құлаған жерді күзетіп жүр. Әзірге автобустың қосалқы дөңгелегі мен бірнеше бөлшегі ғана табылды.
Нұрсұлудың қатардағы құтқарушыларға еш өкпесі жоқ. Бірақ жоғарыда отырған шенеуніктерге айтары көп.
– Бұл – төсекте жатып алып сынау емес, нәтиже болмағанына білдірген реакциямыз. Бірінші күннен бастап апат орнында жүрміз. Металл іздейтін құрылғы, геосканер, экскаваторға техникалық қолдау іздеп жатқандарын көреміз. Төтенше жағдайлар министрлігінің соған де шамасы жетпей ме? Қолымыздан келмей жатыр, қосымша күш/ақыл керек деп неге мойындамайды? – дейді Нұрсұлу парақшасына жариялаған видеолардың бірінде.
Үйінді астында қалған адамдардың туыстары жақында өздерін шенеуніктер "геосканермен автобус құлаған жерді таптық" деп босқа үміттендіріп қойғанына наразы.
– Нәтижесін күттік, бірақ геосканер жер астындағы металдың бәрін көреді екен. Сонда автобус кез келген жерде болуы мүмкін. Сарыла күтіп, жоқ нәрседен үміттеніп жүрміз, – дейді Нұрсұлу Шаймерден.
Ол Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан да көмек сұраған.
– Неліктен сіз, біздің президентіміз, араласпай, енжар кейіп танытып отырсыз? Жанайқайымызға назар аударып, күйеуімді іздеуге көмектесуіңізді сұраймын. Халыққа өтініш: біздің жағдайымыз туралы жан-жаққа хабар таратыңыздаршы!
Үйінді астында қалған жүргізуші Айып Тілеубергеновтің туыстары журналистермен сөйлесуге шамасы жоғын айтты.
Жақындары Айып Тілеубергеновтің суретін берді. Онда отбасын жалғыз өзі асырап келген азамат адал еңбегі үшін марапатталып жатқаны бейнеленген.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ?
29 қаңтарда апат орнынан автобустың қосалқы дөңгелегі мен басқа да бөлшектері табылған. Төтенше жағдайлар министрі іздестіру жұмыстарын қақаған аяз бен топырақтың жылжып, опырылуы қиындатып отыр деп мәлімдеді. Ведомство іздестіру жұмыстарында жүрген құтқарушылар өмірін қатерге тігіп жатқанын айтады.
– Апат болған жердегі топырақтың тұрақсыздығынан, жиі опырылуынан және жер астында бос кеңістік көп болғандықтан үстінде ауыр техника мен маман жүре алмайды. Сондықтан ол жерге көлемі шағын 1-2 экскаватор мен бірнеше маман ғана түседі. Қалғандары құтқарушыларды сақтандырумен айналысады. Жер опырылып кетсе, оларды арқан жіппен тартып алу керек. Құтқарушылар өміріне үлкен қауіп төніп тұр. Жұмыс осындай жағдайда жалғасып жатыр, – деп хабарлады Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Апаттан кейін полиция "тау-кен жұмысын жүргізу кезінде абайсызда құтқарушылардың қазасына әкеліп соққан қауіпсіздік ережесін бұзу" фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Содан бері іс барысынан хабар жоқ. Комиссия зерттеу қорытындысын жариялап, апатқа "Майқайың алтын" кәсіпорнының өкілетті тұлғалары жауапты деп мәлімдегеннен кейін де құқық қорғау органдары, оның ішінде істі өз бақылауына алған ішкі істер министрлігі ешкімді ұстаған жоқ.
КОМИССИЯ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
26 қаңтарда арнайы комиссия қорытындысы жарияланды. Олар болған оқиғаны "топ адам душар болған қайғылы жағдай" деп атаған. Комиссия апатқа "Майқайың алтын" компаниясындағы өкілетті тұлғалар тарапынан өндірістік бақылау дұрыс жүргізілмегендігі себеп болған деген қорытындыға келген. Комиссия дерегінше, осының бәрі "тау массасының күтпеген жерден опырылуына" әкеліп соққан.
– Кәсіпорын қызметінің нәтижесінде түзілген бос кеңістіктер тиісті бақылауға алынбаған. Жобалық құжаттамаға сәйкес, оларды күштеп опырып, үстін жауып тастау керек еді, – деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігі.
Апат салдарын зерттеген комиссия 7 жауапты тұлғаны анықтаған. Олардың қандай қызмет атқаратыны айтылмады. Зерттеу материалдары полицияға берілген. Комиссия кен орындарының өндірістік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін толық тексеру керек деп жазған.
ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?
Апаттан кейін ауыл тұрғындары мемлекеттік органдардан компанияның өндірістік қызметін кешенді түрде тексеруді сұрады. Тұрғындар арасында "Майқайың алтын" компаниясының бұрынғы қызметкерлері де бар.
Дәл осы кезде Майқайың ауылының іргесінде – автобус құлаған жерге жақын маңда тұратын жұрт шу көтерді. Олардың үйі бұрын шахта болған жерден 500 метр қашық тұр. Халық үйіміз опырылып құлап, үйінді астында қаламыз ба деп қорқады. Қаңтарда жиырма шақты тұрғын кен өндірілген жылдары қабырғасы жарылған үйлерді тексерістен өткізетін комиссия құруды сұраған. Видео авторлары тағы бір қайғылы жағдайдың алдын-алу үшін бұл үйлерді апатты жағдайда тұр деп танып, тұрғындарды басқа жерге көшіруді ұсынады.
17 қаңтарда парламент мәжілісінің депутаттары ауылдың бір бөлігі шахта маңында тұратынына шағынып жатқанын айтып, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады. 9 депутаттан құралған топ жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.
"Майқайың алтын" компаниясы апат пен арнайы комиссия қорытындысы жайлы қоғамдық пікір білдірген жоқ. Кәсіпорын акциясының 100 пайызы Кипрде тіркелген Rence Enterprises компаниясына тиесілі. Компанияның иесі – Сербия азаматы Милан Попович. "Майқайың алтын" компаниясының бас директоры – Қуаныш Ботин деп көрсетілген.
Компания алтын өндірісімен және алтын аралас пирит-полиметалл кенін өңдеумен айналысады. Кәсіпорынның 2 кен орны, кен байыту фабрикасы мен әртүрлі құрылымдары бар. Майқайыңда алтын өндіру өткен ғасырдың 30-жылдары басталған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Өмірге құштар еді!" Майқайыңдағы құтқару операциясы неге созылып кетті?