Астана күні полиция адамдарды қалай ұстады?

Жергілікті уақыты бойынша сағат 19.00-ден өте полиция Алматыдағы Абай және Ахмет Байтұрсынов көшесі маңайында жүрген адамдарды күштеп ұстай бастады. Қазақстан билігінің оппоненті Мұхтар Әблязов үндеуінде митингіні осы маңнан бастауға шақырған. 

Полиция адамдарды еш түсіндірместен күштеп ұстап, сол маңда тұрған арнайы көліктерге салып жатты. 

Абай мен Ахмет Байтұрсынов көшесі маңында болған Азаттық тілшілерінің есебінше, полиция жүзден астам адамды ұстаған. 

Ұсталғандардың кейбірі "бұл маңнан жай өтіп бара жатқандарын, ешқандай митингіге келмегендерін" айтса да, полиция олардың сөзіне құлақ аспады. 

Алматы полициясы ұсталғандарды бөлімшеге әкетті. 

Абай мен Ахмет Байтұрсынов көшесінің маңында қаладағы аудан әкімдері мен прокуратура өкілдері де жүрді. Олар халыққа осы маңнан тарауды бірнеше рет талап етті. 

Абай көшесінің бойында Қазақстан туын ұстап тұрған адам. 

Полиция Абай көшесінің бойында адамдардың бірін ұстап, көлікке салып жатыр. Халықаралық ұйымдар "Қазақстан билігі адам құқығын жиі бұзады және азаматтардың бейбіт митингіге шығуына көп кедергі жасайды" деп айыптайды. Қазақстан бұл айыптауларға жиі жауап бермейді.

Полиция Балуан Шолақ спорт сарайы маңында жүрген адамның бірін ұстап әкетіп барады. 4 шілдеде Қазақстан бас прокуратурасы "6 шілдеде заңсыз митингіге шыққандар заңға сай жазаланатынын" мәлімдеген. 

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Абай және Ахмет Байтұрсынов көшесі бойындағы сауда орталықтары, дүкендер жабылып, арнайы жасақ пен полиция саны көбейген. 9 маусым сайлау өткен күні Алматыда, Нұр-Сұлтанда наразылық шарасы өтіп, мыңнан астам адам билікке, сайлауға қарсы жаппай наразылыққа шыққан. Наразы халық сайлаудың әділдігіне күмән келтіріп, Астана атауын Нұр-сұлтан деп өзгертуге қарсы болған. 9-12 маусымда Қазақстан полициясы мыңдаған адамды ұстаған. 

Нұр-Сұлтанда да полиция жүзге жуық адамды ұстады. Бет перде киіп, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдар Азаттықтың түсірілім тобының камерасын көлегейлеп, жұмысына кедергі келтірді. Азаттық тілшілері сол маңда жүрген полицияларге белгісіз адамдардың әрекетін айтып шағымданса да, құқық қорғау органының өкілдері ешқандай реакция танытқан жоқ. 

Осы күні  Шымкентте де полиция ондаған адамды ұстады. Белгісіз біреулер қолшатырмен Азаттық тілшісінің жұмысына кедергі келтірді. 

Шымкенте ешқандай форма кимегендер де адамдарды ұстады. ​ 
 

Шымкентте полиция Әл-Фараби көшесі бойында жүрген адамды ұстаған сәт.

Шымкент полициясы адамдардың бірін күштеп әкетіп барады. Әл-Фараби көшесі бойында жүрген адамдар ешқандай ұран айтпады.

Шымкентте формасыз жүрген кейбіреулер полицейлерге адамдарды ұстауға көмектесті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, осы күні Ақтөбеде де полиция отыздан астам адамды ұстаған.

Ақтөбеде күзет күшейген.

6 шілде таңертең биліктегі "Нұр Отан" партиясы Алматыда рұқсат етілген митинг өткізіп, "елді арандатушыларды" сынаған. Митингіге қатысушылар "Әблязов нағыз алаяқ", "Соғысқа қарсымыз", "Экстремисті қолдама" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. 

Алматыда өткен "Нұр Отан" партиясының "алаяқтарға қарсы" митингіне келгендердің бірі.