Қазақстандық эколог, «Табиғат» экология одағының басшысы Мэлс Елеусізов өткен аптада Алматыда «Жасылдар» партиясын құратынын мәлімдеді. 68 жастағы Елеусізов қазақстандықтарды бас қосып, өзімен бірге экологиялық ортаны сақтау үшін күресуге шақырды.
Екі рет президент сайлауына түсіп, қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтан жеңілген (ресми деректер бойынша, 2005 жылы эколог 0,28 пайыз дауыс жинады, ал 2011 жылы 1,15 пайыз дауыс алды, өз дауысын Назарбаевқа берді) Елеусізов партиялық ұйым құру туралы бұған дейін де мәлімдеген болатын.
Экология одағын партияға айналдыру туралы жоспарын Елеусізов 2015 жылы айтқан. Ал қазіргі сөзіне қарағанда ол кезде партия құру мүмкін болмаған, себебі азаматтық қоғам мен азаматтардың сана-сезімі жетілмеген, қазір «жағдай өзгерді».
Елеусізовпен бірге партия құру жоспары бар екенін Алматы тұрғыны Санавар Закирова да жеткізді. Кәсіпкер Закирова бұған дейін саясатпен айналыспаған, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріне араласқаны туралы дерек жоқ. Закирова наурызда «Біздің құқық» («Наше право») атты партияны тіркеу үшін құрылтай съезін шақырмақ.
Өзінің айтуынша, «заңсыздықты» көп көрген, сондықтан саясатқа араласып, құқық қорғаумен айналысқысы келеді.
- Қазіргі қолданыстағы заңмен әділдікке жете алмасам, партия құрып, бұл заңдарды өзгертемін деп өзіме уәде бердім. Соттың заңсыз шешімін ұстап жүрген көптеген адамды білемін. Әділдікке жетуді қалаймын, - дейді кәсіпкер.
Закированың әлеуметтік желіде жариялаған «бағдарламасында» президенттік басқару формасын парламенттікке ауыстыру, полицияны, соттарды, прокуратураны реформалау және әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсету туралы бастамалар бар. Закирова соңғы кездері әлеуметтік желіде және көшеде азаматтарды құрылтай съезіне қатысуға шақырып жүргенін айтады, әзірге билік тарабынан еш кедергі немесе қысым көрмедім дейді.
Азаттықтың «Интернетте партия құруға күмән келтірушілер көп, олар ұйымның артында биліктің адамдары тұруы мүмкін деседі. Бұған қалай қарайсыз?» деген сұрағына Санавар Закирова:
- Сынаушылардың бәріне «Өздерің партия құруға өтініш беріп көрдіңдер ме?» деген сауал қоямын. Олар үндемей қалады, - деп жауап берді.
БАСТАМАҒА ҚАТЫСТЫ ОЙ-ПІКІРЛЕР
«Біздің құқық» («Наше право») партиясының съезін шақырғаны туралы ақпарат мемлекеттік «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев ресми басылым бетіне хабарландыру беру «алдағы парламенттік және жергілікті сайлаулар алдында биліктің кезекті жобасы шығар деген ойға жетелейді» деді.
- Бұл партияны ықпалды топтардың бірі құрып, болашақта жетекші топтардың мүддесін институциялап, олардың бәсекесін партияаралық бәсекеге айналдыратын сияқты. Тағы бір нұсқа бойынша, жеке азаматтардың бастамасын қолдап, съез өткізуге рұқсат беруі мүмкін. Қазір қоғамда наразылық пен қарсылық көп, сондықтан кішкене «ашуын басуға» жағдай жасайды. Бірақ кейін тіркемей қоя салады, - деді Facebook бетінде пікірімен бөліскен Андрей Чеботарев.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козлов Санават Закированың бастамасына режиссер Станиславскийдің «Сенбеймін!» деген сөзімен жауап қатты. Козлов Жаңаөзен оқиғасынан соң түрмеге қамалғанға дейін 2005-2012 жылдары (оны «әлеуметтік алауыздықты қоздырды» деген айыппен жеті жарым жылға соттаған – ред.) Ақорданың сыншысы және қудалауға түскен банкир Мұхтар Әблязов қолдаған «Алға» партиясын тіркемек болды, бірақ ол әрекетінен ештеңе шықпады.
2012 жылдың желтоқсанында сот «Алға» партиясын экстремистік деп танып, Қазақстан аумағында жұмыс жасауына тыйым салды.
- Қазіргі Қазақстанда билікке оппозициялық бағыттағы ешбір партия жұмыс істей алмайды. Ол не аңғал адам, не ойын қылып жүр. Партияны тіркеу – өте ауыр процедура, кейін тіркемеу үшін кез келген сатыда әлденені бұрмалай салады. Түрлі аймақтан келген мыңдаған адамды бір ғимаратқа жинау керек, қаржыландыру туралы айтпай-ақ қояйын, - дейді Козлов.
Бірнеше саяси ұйымның жұмысына араласып көрген саясаттанушы экономист Петр Своиктің пікірінше, Қазақстанда партия тіркеу үшін бір талапты орындау керек.
- Құрылтай жиынын өткізу үшін мың адамды жинауға әкімшілік ресурс керек. Тікелей бұйрық және қолдау болған жағдайда ғана партияны тіркей аласыз. Басқа амалы жоқ. Қазіргі билікке ешқандай жаңа партия керек емес, - дейді Своик.
Петр Своиктың айтуынша, қазіргі үш партиялы парламент «түгелімен бақылау астында», «ол жерге басқа партияның керегі жоқ».
МӘЖІЛІСТЕГІ ҮШЕУДЕН БАСҚАСЫ ТЫНЫШТЫҚ САҚТАЙ МА?
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң саяси плюрализм мен көппартиялы жүйе қалыптастыруға ұмтылыс байқалды. 1990 жылдары мемлекетте түрлі қоғамдық бірлестіктер пайда болды, партиялар құрылды.
Кейін бірнеше партия жұмысын тоқтатты. Басқалары өзара бірікті. Мысалы, «Азаматтық партия» мен президенттің қызы Дариға Назарбаеваның «Асар» партиясы 2006 жылы президенттік «Отан» партиясымен бірікті (кейін атауын «Нұр Отан» деп өзгертті).
Заңнама өзгерген соң басқа партиялар міндетті қайта тіркеуден өте алмай қалды. Үшіншілері, мысалы, қуғынға тұскен экс-премьер Әкежан Қажыгелдин құрған Қазақстанның республикалық халықтық партиясы немесе «Азамат» партиясы сияқты мүлдем жоқ боп кетті. Төртіншілеріне сот тыйым салды: оппозициялық Коммунистік партияны сот таратты, тіркелмеген «Алға» партиясын «экстремистік» деп таныды.
Соңғы кездері жаңа партия құру әрекеті сәтті болған емес. Астаналық белсенді Сырым Әбдірахманов былтыр «Алаш» партиясын құратынын мәлімдеді, алайда ұйым тіркеуден өтпеді. Әбдірахмановтың өзі желтоқсаннан бері уақытша қамау абақтысында отыр, оған «билік өкілін қорлады» және «билік өкіліне қарсы күш қолданды» деген айып тағылған.
ВИДЕО: "Нұр Отан" партиясының табысы мен шығыны (6 желтоқсан 2018 жыл)
Қазір Қазақстанда президент басқаратын «Нұр Отан» партиясы үстемдік етіп тұр. Парламентте үш партия өкілдері отыр, президентшіл партиядан бөлек, билікке қарайтын «Ақ жол» мен Коммунистік халық партиясы бар. Қазақстан заңнамасына сай сайлау қорытындысы бойынша парламентке өткен партиялар мемлекеттік қаржыландыруға ие болады, бюджет қаржысы партиялар арасында сайлаушылардан алған дауысына сай үлестіріледі.
Қазақстанда ресми түрде алты саяси партия тіркелген. «Бірлік», «Ауыл» және өзін оппозициялық деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) мәжіліске өту үшін жеткілікті дауыс жинай алмады. Соңғы жылдардағы олардың жұмысы туралы ақпарат мардымсыз.
Орталық сайлау комиссиясының дерегі бойынша, «Нұр Отан» парламенттік сайлауда кем дегенде 80 пайыз дауыс жинаған. Қазақстан парламентінің сайтында билік партиясының жеңісі «Қазақстан халқының бірлігінің көрсеткіші» және мемлекет басшысына «сенім білдіруі» деп сипатталған.
Билік саяси алаңда бір партияның үстемдік етуін қалыпты тәжірибе деп санайды. Парламент сайтында: «Сингапур, Швеция, Үндістан, соғыстан кейін Жапония елдерінің тәжірибесі көп партиялы жүйенің болғанына қарамастан, ұзақ уақыт бір партияның билік еткенін көрсетті» деп жазылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Нұр Отан" партиясының 20 жылдағы эволюциясы