Назарбаев «бесінші колонна» деп қалды

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан президенті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет ішіндегі «бесінші колонна» туралы мәлімдемесімен кімдерді меңзеді? Азаттық кей саясаткерлер мен сарапшылардың пікірін сұрап көрді.

Ақпанның 3-і күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізіп, әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастаған бірнеше мәлімдеме жасады. Мысалы, президент Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке оның беделін БАҚ арқылы түсіргісі келетіндерден «қорықпауға» кеңес беріп, мұндай әрекетпен айналысып жүрген ақпараттық ресурс «қожайындарын» жазалау керек деді. Кейінгі кезде интернетте Данияр Ақышев «тұтқындалыпты» деген қауесет тарап, оны ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың терістеуіне тура келген.

АЙТЫЛУЫ ЖИІЛЕГЕН ТІРКЕС

Бүгін Астанадағы жиында Назарбаев «бесінші колонна» деген тіркес қолданып, үкіметтің ішінде Қазақстан кәсіпкерлеріне кімдердің «зиянкестік» жасап жүргенін іздеуді де айтты. Жергілікті ақпарат агенттіктері Назарбаевтың «2016 жылы бизнес пен халыққа қатысты алты мыңдай акті қабылданды. Жалпы ел бойынша бақылау-қадағалау функциясын атқаратын 61 ведомство бар, оның 45-і орталық, 16-сы аймақтық жерлердегі қадағалау органдары... Жеке меншік клиника ашу мүмкін емес көрінеді. Бұл біздің қолымыздағы шаруа емес пе, оған не кедергі? Бұл - кімдердің әрекеті? Үкіметтің ішінде бесінші колонна қай жерде отыр? Біз бірдеңе жайлы айтып, шешім қабылдаймыз, ал ол өзгеше жасалады. «Атамекен» [ұлттық кәсіпкерлер палатасы] дерегінше, кәсіпкерлерге 28 мыңнан көп талап қойылатын көрінеді» деген сөзін келтірген.

Негізі, Қазақстанның саяси сөздігінде «бесінші колонна» тіркесі іштен жау іздеу мағынасында бұрын да қолданылған. Ресей Қырымды аннексиялауды бастаған кезден бері оны қолдану жиілеп, Ресейді Қазақстанда отырып қолдайтын «бесінші колонна» туралы жергілікті кейбір саясаттанушылар саяси ағым өкілдері де айта бастаған. Бұдан бөлек, бұл тіркесті «Еуразия» Бірінші арнасының» «жер мәселесіне» қатысты былтырғы митингілерге арналған «Аналитика» бағдарламасы эфирінде де қолданған болатын. Ол кезде бағдарлама жүргізушісі Аймира Шәукентаева «Рұқсат етілмеген митингіге келген әр адам үшін, ұйымдастырушылар, жоқ, сіздерді шақырғандар емес, ең жоғарыдағы «бесінші колонна» 50-150 доллар алады» деп мәлімдеген. Телеарнаның әлдебір адамдардың ақша ұстаған қолдары ғана көрініп, бет-жүзі көрсетілмеген видеоны митингіге қатысқандарға ақша беру «дәлелі» ретінде түсіндірген әлгі хабары әлеуметтік желілерде қарсылыққа тап болған.

Бірақ президент Назарбаев бұл тіркесті қолдану арқылы нені меңзеуі мүмкін?

«ӨКІЛЕТТІКТЕРДІ БӨЛУ» ҚАРСАҢЫНДА

Жергілікті саясаткерлер мен бақылаушылардың арасында президенттің мұншалықты ызғарлы тұжырым жасауына не түрткі болғанына қатысты ортақ пікір жоқ. Мысалы, оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов Азаттыққа берген сұхбатында «бесінші колонна» туралы тіркесті қолдану арқылы Назарбаев министрлер арасындағы «алауыздық пен сенделіс» фактісін ғана емес, олардың бір-бірін «аңду» фактісін де мойындады дейді. «Енді ше, министрлердің бәрі бір-біріне қарсы кландардан жасақталған. Сондықтан Назарбаевтың үкіметті сайлауда жеңген партия жасақтайтын болады деген өзі ұсынған бастамасынан олар сайлау алдында берген уәделерін орындамаса, бірге келгендердің бірге кетуіне тура келетінін, сондықтан өз қатарларының бірлігін сақтау қажеттігін түсінетін болды» дейді Қосанов.

Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосановтің пікірінше, әлгі тіркес «тазартуды» заңдастыруға себеп болуы мүмкін, өйткені ол бір жағынан қолайлы. «Өйткені нені, кімнен және кімге тазартуға болатын нәрселер жетеді. «Мұрагер» операциясы басталатын сәт жақындаған сайын кланаралық тартыс құрбандары да көбейе береді, оның үстіне, коррупциямен және елбасы шешімдеріне саботаж жасаумен күрес туралы жақсы ұрандар бар» дейді ол.

Президент үкіметтің жауапкершілік арқалап, стратегиялық шешімдер қабылдап, олардың орындалуын бақылау қабілетіне онша сеніңкіремейтін тәрізді.
Досым Сәтпаев

Ал «Тәуекелдерді бағалау тобы» орталығы директоры Досым Сәтпаев үкімет жұмысы «синхронды емес» деп Назарбаевтың «наразы» болғанын еске салады. «Әр келесі үкімет «ведомствоаралық бәсеке» деп аталатын қарғысқа тап болады. Бір командада ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Сәтпаев бұл тұрғыдан алғанда, «бесінші колонна» терминін қолданылуы «өте қызық» деп санайды, өйткені «терминнің шығу тарихына қарасақ, әдетте мұндай терминмен мемлекетті ішінен ірітіп, зиян келтіретін адамдар мен құрылымдарды атайды».

«Меніңше, өкілеттіктерін қайта бөлу жайлы ойланып жүрген президент үкіметтің жауапкершілік арқалап, стратегиялық шешімдер қабылдап, олардың орындалуын бақылау қабілетіне онша сеніңкіремейтін тәрізді» деп санайды саяси сарапшы.

Назарбаев қолданған терминді тарихшы Әзімбай Ғали «байқамай айтылған, сондықтан мүлде орынсыз қолданылған болуы мүмкін» деп санайды. «Бірақ ол мүмкін баюды ғана ойлайтын адамдарды меңзеп айтуы мүмкін. Немесе президентті мүлде «тыңдамайтындарды» меңзеуі мүмкін, өйткені экономиканы диверсификациялау жайлы тапсырма берілгелі қай заман. Ол кезде мұнай бағасы әлі қымбат болатын. Ештеңе істелген жоқ» дейді ол. Бұған қоса, Әзімбай Ғалидың айтуынша, әлгі тіркесті президент өкілеттіліктерінің бір бөлігін парламент пен үкіметке беру жоспарына сәйкес қарастыру керек. Мысалы, үкімет парламентке есеп беруге тиіс болады, ал бұл депутаттарға министрлермен онша сырбазданбай-ақ қоюға болады деген белгі болуы мүмкін. «Ол жақтағы жігіттер [президентке] қарағанда қаталдау болып, министрлердің «сілікпесін» шығарып, лақтыра салуы мүмкін, - дейді Ғали.

Дәл осы сөзге шүйлігудің керегі жоқ, өйткені бұл тіркестің эмоциялық сипаты басымырақ.
Азат Перуашев

Назарбаевтың сөзіне қатысты комментарий берген оппозициялық саясаткер Петр Своик президенттің жуырдағы жолдауына сілтеме жасайды. «Ол жаңа дәуір қарсаңында бұрын елестетудің өзі қиын болған дүниелер болатынын айтты ғой. Мысалы, ертеректе мемлекет басшысы үкіметтегі «бесінші колонна» жайлы айта алмайтын, ал енді айтып отыр. Негізі, бұл жағдайды Мао Цзэдун мен Қытайдағы «мәдени революциямен» салыстыруға болады. «Партия әбден қажалған», сондықтан оны хунвейбиндер ғана құтқара алады дегенді Маоның өзі мәлімдеді емес пе. Әлдебір сын сәттерде «жоғарыдан» үнемі осындай белгі келеді» дейді Своик. Оппозициялық саясаткердің пікірінше, Назарбаев «бесінші колонна» тіркесін рефлекс бойынша қолданып, «мына үкіметке ештеңе істей алмайтынын» білдірді.

Билікшіл «Ақ жол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев президенттің сөзінде қандай да бір астар жоқ деп ойлайды.

- Дәл осы сөзге шүйлігудің керегі жоқ, өйткені бұл тіркестің эмоциялық сипаты басымырақ. Меніңше, қандай да бір астыртын мағынасыз қолданылған, - деді Азат Перуашев.

«Бесінші колонна» термині алғаш рет 1930 жылдардың аяғында Испаниядағы азаматтық соғыс кезінде қолданылған. Негізгі төрт колоннамен (бесінші деген атау содан шыққан) бірге тұтқиылдан соққы беруге әзір генерал Франконың жау тылындағы әскери колоннасын осылай атаған. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары түрлі елдердегі нацистік агентура осы терминмен аталған. Кейін термин айқын саяси реңк алып, биліктегі режимнің саясатын қолдамайтындарды «бесінші колоннаға» жатқызатын саясаткерлердің сүйікті терминіне айналған.