Нұрсұлтан Назарбаев наурыздың 20-сынан бастап президент өкілетін тоқтатады. "Қызмет мерзімі аяқталғанша" сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев президент міндетін атқармақ.
Конституцияға сәйкес Қазақстандағы келесі президент сайлауы 2020 жылы өтуі тиіс. Назарбаев "Елбасы" ретінде Қауіпсіздік кеңесін, парламентте басым көпшілік болып отырған "Нұр Отан" партиясы мен Конституциялық кеңесті басқара бермек.
Билік басына келгеніне 30 жыл толатын шақта өз еркімен президент қызметінен кеткен Назарбаев Орталық Азиядағы жетекшілер үшін прецедент тудырды. Қазақстанның экономикасын дамытуға күш салғанымен қоғамды демократияландыруға келгенде жиі сыналған Назарбаевтың кенет биліктен кетуіне байланысты постсоветтік елдердегі сарапшылар Азаттыққа пікірлерін айтты.
Абдумалик Кадыров, тәжікстандық саясаттанушы
- Алдын-ала жоспарланған нәрсе деп ойлаймын. Соңы қалай боларын әлі білмейміз. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ уақыт елді тапжылтпай басқарып келген адам болса да, қызметін басқаға берем деп шешсе, мұнысы – ердің ісі. Басқа жағынан алғанда авторитарлық ел президентінің отставка туралы мәлімдегені қызық көрінеді екен. Осылайша Назарбаев аймақ жетекшілеріне үлгі болып тұр. Бұрын Өзбекстан президенті Ислам Каримов пен Назарбаевтың арасында бәсеке бар еді. Шавкат Мирзияев келгелі Назарбаевтың аймақтағы рөлі әлсірегендей. Дер кезінде кетуді жөн көрген шығар.
Камолиддин Раббимов, өзбекстандық саясаттанушы, саяси эмигрант
- Шынымды айтсам, таң қалдым. Өйткені Назарбаев, марқұм Ислам Каримов пен Владимир Путин сияқты адамдар "биліктің нашақорлары" ғой. Өз еріктерімен дұрыстап биліктен кету, я біреуге тапсыру қолдарынан келмес еді. Назарбаевтың бәрін ойластырып қойғанына сенімдімін. Бір немесе бірнеше мұрагері де дайын тұрған шығар. Жуыр уақытта Назарбаев таңдап алған мұрагерге билікті тапсыру процесі басталады деп ойлаймын. Қартайған да сияқты. Каримов өлмес бұрын ол да билікті өзі қадағалап біреуге тапсырады деп ойлағанбыз. Бірақ кенеттен қайтыс болды да, ештеңе жасай алмады. Өлген соң бәрі жүзеге асты. Назарбаев басқа жолмен келеді. Билік ауысуын көзі тірісінде қадағаламақ. Кеткеннен кейін де Қазақстандағы нақты бір процестерге ықпал етіп отырады деп ойлаймын.
Акбаршо Искандаров, сарапшы, Тәжікстанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі
- Президент қызметінен кетуі дана шешім болды деп ойлаймын. Соңғы кездері жайы болмай жүргені анық еді. Қаншама жыл ауыр міндет арқалады, әлбетте денсаулығына әсер етеді ғой. Соңғы уақытта қызметтен кетпей отыр деп жиі сынға ұшырады. Енді нағыз талантты жас адамдарға жол ашты деп үміттенем. Назарбаев қазақ халқына көп жақсылық қылды. Келесі сайлауда кандидатурасын ұсынбайды деп ойлаймын, оған саяси көрегендігі жетеді.
Феликс Кулов, саясаткер, Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі
- Атүсті қабылданған шешім емес. Өйткені бұған дейін Назарбаев Қауіпсіздік кеңесін өмір-бақи басқарады деген шешім шыққан. Сондықтан оның ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы сақталып қалады. Жалғыз айырмасы – шаруашылық істерінен аулақтанып, болашақтың жобаларымен айналысады.
Асқар Ақаев, Қырғызстанның бұрынғы президенті
- Өте қисынды және дана шешім. Өйткені Нұрсұлтан Әбішұлының жасы да келді. Өте жақсы прецедент екеніне дау жоқ. Елді 30 жылдай басқарды. Президенттік жұмысы табысты болды. Қазақ мемлекеттілігі қалыптасты, ел тәуелсіздік алды. Өз елінде зор құрметке ие, постсоветтік кеңістіктегі интеграциялық процестер үшін маңызды рөл атқарды. Лайықты демалысқа кетіп барады. Президент кезінде көптеген талантты кадр дайындады, қазақ халқы үшін таңдап алатын адам көп. Демократиялық, бәсекелі сайлау өткізеді де, лайықты президентті һәм Назарбаевтың мұрагерін сайлап алады деп сенем. Алға жылжу үшін биліктің өзгеріп тұрғаны керек.
Валентина Матвиенко, Ресей Федерация кеңесінің төрағасы (федералдық телеарналарға айтқан пікірі)
- Расында да күтпеген жағдай. Назарбаев – байыпты да дана саясаткер. Бастамасымен Еуразия экономика одағын құрып жатырмыз. Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасын нығайтуға ниетті болды. Қатты қадірлеймін. Осындай шешім қабылдаса, дәл қазір жасағаны дұрыс болды деген сөз. Тоқаев — көрнекті мемлекет қайраткері. Қазақстандағы өтпелі кезеңнің берік адамға тапсырылғанына әбден сенімдімін. Ал президент кім болатынын Қазақстан халқы сайлауда шешеді.
Аркадий Дубнов, Орталық Азия бойынша ресейлік сарапшы
- Назарбаев — қабілетті, есті мемлекеттік қайраткер. Өз позициясы мен отбасының позициясын сақтай отырып өзі қалыптастыратын, орналастыратын, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде тапсырма беретін жетекшілік форматын құрмақшы. Жалпы алғанда бұл революция емес, астаң-кестең жағдай емес, абыройын асыратын түрде ойластырылып жасалған қадам.
Ресми Кремль мен Вашингтон әзірге Қазақстан президентінің отставкасына байланысты комментарий жариялаған жоқ.
AZATTYQLIVE: Назарбаев биліктен кетті. Неге? (19.03.2019).
Your browser doesn’t support HTML5