"Тоқаев Абайды айтса да, Назарбаевты сөзінен тастамайды"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл туғанына 175 жыл толатын қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы туралы мақаласында "өзгеріс керек деп байбалам салушыларды" мінесе, авторды сынаушылар "Биліктің өзі Абай айтқан жолмен жүрді ме?" деген сұрақ қояды.

"ҰЛТТЫ АБАЙША СҮЮ"

Қаңтардың тоғызына "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" деп аталатын мақаласын билік органдары мен кей блогерлер насихаттай бастағаны байқалады.

Автордың өзі "Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскім келеді" деп жазған.

Биыл Абайдың 175 жылдығы мемлекет және халықаралық деңгейде аталатынын айтқан Тоқаев "ұлтты Абайша сүюге" шақырған.

Алматыдағы Абай Құнанбайұлының ескерткішін қоршап тұрған полиция қызметкерлері. Көрнекі сурет.

Қазақстанда отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатқаннан кейін, көп жыл бойы оның төңірегінде жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті болып сайланған. Тоқаевтың пікірінше, президент қызметіне кіріскеннен кейін өзі жариялаған "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" атты тұжырымдамасы Абайдың "әділетті қоғам құру идеясына" сай келеді.

"Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды" деген Абай сөзін алға тартып, "Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ" замандастарымыз көбеймес үшін... Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық" дейді президент.

Тоқаев Абай туралы мақаласында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа төрт рет сілтеме жасаған. "Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты", Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады" деп екі рет Нұрсұлтан Назарбаевты атап өтсе, бұрынғы президенттің Абай туралы өнегелі сөзінен екі рет цитата келтірген.

Қазақстан президентінің жазуынша, Абайдың адамды мәртебесіне қарай емес, талабы мен еңбегіне қарап бағалау туралы ой-пікірі Қазақстанда қазір жүріп жатқан саяси жаңғыру үдерісімен сай келеді.

Полиция Тәуелсіздік күні саяси талаптармен наразылық шеруіне шыққан азаматтарды ұстап, әкетіп жатыр. Нұр-Сұлтан, 16 желтоқсан 2019 жыл.

"Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады" деген Тоқаев "Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді" дейді Тоқаев.

Президент "осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: "Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып" дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс" деп жазған.

"ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ КОМПАС БОЛУЫ ТИІС"

Президенттің Абай туралы мақаласы жайлы Facebook-те түрлі пікір айтылып жатыр. Nurserik Zholbarys есімді қолданушы "Түсінген адамға мақала жақсы ой салады. Кешегі мен бүгінімізді зерделеп, ертеңімізді болжауға, жоспарлауға мұндай мақалалар қызмет етеді деп ойлаймын" деп жазады.

"Elorda Aqparat" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жарқын Түсіпбекұлы Тоқаевтың мақаласы "қоғамның идеологиялық компасы болуы тиіс" деп санайды.

"Менің білуімше, бұл – Тоқаевтың елдегі ең жоғарғы лауазымда отырып жазған алғашқы мақаласы. Мақала ғана емес, ұлт тағдырына басымдық берген толғау деуге де келеді. Ұлы ойшылдың әрбір сөзін қарапайым тілмен талдап, Абай көрсеткен олқылықтардың орнын қалай толтыруымыз керектігін анық жазған. Білім-ғылымға ұмтылу, керітартпалықтан арылу, еңбекке ұмтылу сияқты тақырыптар жақсы ашылған" дейді ол.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық сенім кеңесі отырысында. Нұр-Сұлтан, 20 желтоқсан 2019 жыл.

Әлеуметтік желі қолданушы Аршат Ораз "Мақала жалпы Абай шығармашылығы және биылғы мерейтой туралы болғанымен, арасында "түсінетіндер түсінсін" деген месседж да бар сияқты. Мысалы:

- Популист болма, нақты іс істе;
- Масыл болма, тірлік қыл. Балық сұрама, қармақ салып үйрен;
- Шет тілін үйрен, болашақта аш қаласың;
- Негатив болма, позитивке ұмтыл;
- Ғылымға ден қой, ұстазға құрмет;
- Интеллектуал орта құр" деп жазған.

"Әлбетте, бұлар Тоқаевтың сөздері емес. Ұлы Абайдың сөздерін жеткізіп отыр. Бірақ сол арқылы орындалуы тиіс нәрселерге бағыт/бұйрық беріп отырған сияқты. Енді осы мақаланың негізінде шаруалар атқарылатын шығар?" деген сұрақ қояды Аршат Ораз.

"ӨЗГЕРІС ТАЛАП ЕТУ ПОПУЛИЗМ БЕ?"

Тоқаевтың Абай жайлы мақаласына сын айтып жатқандар да бар. Өткен жылы Қазақстанда президент ауысқан соң жаңадан құрылған "Oyan, Qazaqstan!" жастар қозғалысының белсенділері елде саяси және экономикалық өзгерістер болғанын қалайтынын мәлімдеген. Қозғалыс өкілі Әсем Жәпішева президенттің мақаласына сыни көзқараспен қарайды.

"Назарбаевтарсыз Қазақстан!" деген жазу ұстап шеруге шыққан жастар. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.

"Жаңа жылдық демалыста Тоқаев әдебиеттанушылықты меңгеріп, Егеменге ("Егемен Қазақстан" басылымы – ред.) "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" деген еңгезердей лонгрид жазыпты. Талдауына сенсек, Абайдың жазғандарының барлығы дерлік Тоқаевтың өзі мен Назарбаевтың ("Назарбаев" пен "елбасы" сөздері мақалада үш-төрт сөйлем сайын кездеседі) ақылды саясаты туралы екен. Ақынымыз солардың билікке келгенін армандап, өлеңдері мен шығармашылығын соған арнаған көрінеді" деп жазған Әсем Жәпішева.

Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударып жүрген Ербол Жұмағұлов Тоқаевтың Абайдың мерейтойын атап өту, шығармашылығын тереңірек зерттеу туралы бастамасы дұрыс деп санайды.

- Алайда билік Абайды пайдаланғысы, Абай арқылы халыққа сөзін өткізгісі келетін сияқты. Абай айтқан кемшілік қоғамда да, биліктің өзінде де бар, - дейді ол.

Саяси реформа жасау туралы акция өткізіп тұрған жастар. Алматы, 30 тамыз 2019 жыл.

Азаттық тілшісі сөйлескен кей сарапшылар "Тоқаев Абайды айтқанда да бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты аузынан тастамайды" деп сынға алды. Қоғам белсендісі Бэлла Орынбетова мен саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов президенттің Абай жайлы мақаланы өзі жазғанына да күмәнданады.

- "Кәсіп қыл, сұрай берме" дегенді Абайдың сөзімен айтқысы келеді. Бірақ біз Абайдың сөзін емес, биліктің сөзін көріп отырмыз. Тоқаевтың абайтанушы емес екені белгілі. Мақаланың өзін екі адам жазған сияқты. Абайды айтып келе жатып Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін қыстырып жібереді, - дейді Бэлла Орынбетова.

Ол Тоқаев мақаласында популизмді сынағанымен өзі де популизмге барып отыр деп санайды.

- Биліктің өзі Абайдың сөзіне сай ма екен? Халық билікке қарсы келгенімен Абайға қарсы келмейді. Билік соны пайдаланып отыр. Бұл нағыз популизмнің өзі, - дейді белсенді.

Жазу стилінен де, идеяларын жеткізу тәсілінен де жаңашылдық көрінбейді. Бұл – президент төңірегінде ой қалыптастыратын адамдар ауыспады деген сөз.

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов мақаланы "Тоқаевша жаңғыру" деп бағалайды. Оның сөзінше, мақала сарыны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдауларына ұқсас.

- Жазу стилінен де, идеяларын жеткізу тәсілінен де жаңашылдық көрінбейді. Бұл – президент төңірегінде ой қалыптастыратын адамдар ауыспады деген сөз. Мәтін шынайы болуы үшін логика, эмоция және соны айтатын адамның моральдық құқығы болуы керек. Тоқаев абайтанушы емес, сондықтан Абай туралы толғауы жұртты сендірмейді, - дейді ол.

Сарапшы "өзгерісті талап етуді популизмге теңегені қателік. Президент популизмнің себебін білуі тиіс" деп санайды. Оның пікірінше, мақаладан биліктің осы уақытқа дейін жасамаған, нәтиже шығара алмаған әлеуметтік экономикалық саясатын ақтауға тырысу да байқалады.

- "Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз" дегенінен аумақтық кемсітушілік аңғарылады. Әлеуметтік-экономикалық дамытуды талап ететін өңірлер Қазақстанның бүкіл аумағында бар. Семей өңірін көтеруді Абай мен Шәкәрімнің туғанымен байланыстырмау керек. Ол – биліктің үздіксіз атқаратын тікелей міндеті, - дейді ол.

Абайдың Жидебайдағы мұражайы ауласындағы ескерткіші. Абай ауданы, Шығыс Қазақстан облысы.

Бэлла Орынбетова Абайдың 175 жылдығын атап өту – кезекті науқаншылдықтың бір түрі болуы мүмкін деп есептейді. Ол 1995 жылы ел көлемінде Абайдың 150 жылдығы атап өтілгеннен кейін Абай туып-өскен өңірдің әлеуметтік жағдайы жасалмағанын, Абайдың "Жидебай-Бөрілі" мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі төңірегінің тозғанын айтады.

"ҚАЗАҚСТАН ДЕСЕ НАЗАРБАЕВ ЕСКЕ ТҮСЕТІНДЕЙ ЕТТІ"

Шалқар Нұрсейітов Тоқаевтың "Абайдың "Толық адам" формуласы ағылшын тіліндегі "A man of integrity" түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама" деген пікірін де сынайды.

- "A man of integrity" бірінші кезекте адалдық деген мағынаны, мәселен сертке адалдық, айналаңдағы адамдарға адалдық деген мағынаны білдіреді. Биліктің өзі осы мағынаға сай ма? Биліктің өзі Абай айтқан жолмен жүрді ме, Абай айтқан бес нәрсе: өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтан қашты ма? – деген сауал қояды ол.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында "Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек" деп жазған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығына ие бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

"Билік 30 жыл бойы Қазақстан десе Назарбаев еске түсетіндей етті. Тоқаевтың өзі өмір бойғы мемлекеттік қызметінде солай айтып келді. Қазір де солай айтып жүр. Аяқ астынан Абай неге еске түсе қалды?" дейді Шалқар Нұрсейітов.

АҚЫННЫҢ 175 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТУ

Президент Тоқаев мақаласында биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылатынын жазған. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп "Абай мұрасы және әлемдік руханият" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында "Абай және рухани жаңғыру мәселелері" деген тақырыпта халықаралық конференция өтпек.

Абай шығармалары әлемнің көптеген тіліне аударылған.

Абай шығармаларын ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аудару, ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы деректі фильмдер және "Абай" телесериалын түсіру жоспарланған. Әдебиет және өнер саласындағы үздік шығармаларға берілетін мемлекеттік сыйлық мұнан былай Абай атындағы мемлекеттік сыйлық деп аталмақ.

"Шығыс Қазақстан облысының Ақшоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскенбайұлы әулетінің қорымы абаттандырылады, сонымен қатар Семей қаласын Қазақстаның рухани дамуында ерекше орны бар тарихи орталық ретінде белгіленеді" деп жазады президент.

ЮНЕСКО халықаралық ұйымы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай 1995 жылды "Әлемдегі Абай жылы" деп жариялаған. Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ақынның 150 жылдық мерейтойы ел көлемінде атап өтілген.