Назарбаев тұсында байығандар, "террористер" және кезекті аста-төк уәде

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда парламенттің бекітуіне жаңа үкімет жетекшісін ұсынып сөйлеген сөзінде "террорлық шабуыл" жайлы сөзін қайталады. Бірақ олардың нақты кімдер екенін бұл жолы да ашып айтпады. Президент үкіметке қарсы жаппай наразылықтар тәртіпсіздіктерге ұласып, салдарынан бүлінген дүние-мүлікті қалпына келтіруге уәде берді. Ал бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында елде аса бай адамдар тобы пайда болғаны жайлы сөзі бұған дейін оған мадақ айтып келген сөзінен өзгеше естілді.

11 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламентке елдің жаңа үкімет жетекшісі етіп Әлихан Смайыловты тағайындау туралы ұсыныс жасады. Депутаттар оны қолдап, 2019 жылғы ақпаннан бері премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі болып істеп келген Смайыловты үкімет басшысы етіп бекітуге келісім берді.

Тоқаев бұл жолы президент әрі билік партиясының басшысы ғана емес, елдегі жоғарғы билік құрылымдарына ықпалы күшті қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде сөйледі. Осыдан бірнеше күн ғана бұрын бұл қызметті өмір бойы атқару құқығы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі болатын. Қазақстанды совет кезінен басқарып, 2019 жылы наурызда сол кезде парламент сенаты төрағасы болған Тоқаевқа билікті тапсырып, президенттіктен кеткен Назарбаев былтырғы 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шыққан жоқ.

Қазақстанда бұл жолы үкімет бүкіл ел аумағында төтенше жағдай режимі енгізілген кезде жаңарып отыр.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық бүкіл елге тарап, жаппай қарсылық акциялары күшейген тұста бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин отставкаға кеткен. Смайылов содан бері премьер-министр міндетін уақытша атқарып келді. Сейсенбі күні түстен кейін болған тағайындаулар Мамин басқарған үкімет мүшелерінің көбі кабинет құрамында қалғанын көрсетті.

ТОҚАЕВ "ТЕРРОРШЫЛАР" ТУРАЛЫ СӨЗІН ҚАЙТАЛАДЫ

Жаңа жыл енісімен басталған Қазақстанның жаңа тарихындағы ең ірі наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Алматыда әкімдік ғимараты мен сауда орындары, банк бөлімшелері тоналып, қиратылды. 1-5 қаңтардағы наразылықтарды "бейбіт митинг" деп атаған Ақорда 5 қаңтардан кейінгі оқиғаларды бейбіт наразылыққа қатысы жоқ дегенді меңзей бастады. Елде жағдай ушыққан тұста, Ұжымдық қауіпсіздік шарт туралы ұйымына (ҰҚШҰ) мүше Ресей, Армения, Беларусь елдері президент Тоқаевтың сұрауы бойынша Қазақстанға көмекке әскер жіберетінін мәлімдеді. Ресей ҰҚШҰ аясында Қазақстанға бірнеше мың әскер кіргізді. Армения, Беларусь, Қырғызстан мен Тәжікстан — бірнеше жүз сарбазын жіберді. Қазақстан билігі шетелдік әскер тәртіпсіздіктерді басып-жаншуға қатыспайды, тек "стратегиялық нысандарды" күзетеді деп мәлімдеді. Тоқаевтың ҰҚШҰ-нан көмекке әскер сұрауы Қазақстанда және шетелде сынға ілінді. Бірнеше елдің астанасында азаматтар Қазақстанға қарулы контингент енгізілуін айыптап, бейбіт акциялар өткізді.

Сейсенбіде Тоқаев Қазақстандағы ҰҚШҰ контингенті жақында елден шығарыла бастайды деп мәлімдеді.

"ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің негізгі миссиясы аяқталды. Екі күннен кейін біртіндеп шығарыла бастайды. Контингентті шығару процесі он күннен аспайды" деді Тоқаев.

10 қаңтарда онлайн өткен ҰҚШҰ жиынында Тоқаев "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" жайлы мәлімдеген. Бірақ "мемлекеттік төңкерісті" нақты кім жасамақ болғанын, "билікті басып алмақ болғандар" кімдер екенін ашып айтпады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан билігі "мемлекеттік төңкеріске талпыныс" жайлы айта бастады

Сейсенбіде парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Тоқаев қаңтардың наразылық акциясына қатысушылар туралы ештеңе демеді. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, елде ұсталған адам саны 9,9 мыңға жеткен.

Бейбіт басталған митингтердің қалай тәртіпсіздікке ұласып кеткені, қару-жарақты кімдер иеленгені, күштік құрылымдармен кімдер атысқаны әлі күнге анық емес. Қақтығыстар барысында қарудан оқ атылды, адамдар қаза болды. Бірақ қанша адам мерт болғаны жайлы ресми ақпарат жоқ. 9 қаңтарда Телеграмдағы үкіметке жақын арна Қазақстанда қаңтар оқиғалары кезінде барлығы 164 адам қаза болған деп хабарлаған. Бірақ кейін денсаулық сақтау министрлігі бұл мәліметті жоққа шығарып, "техникалық қате" деп атады. Оның алдында күш құрылымдарының 18 қызметкері және "қарулы топтың" 26 мүшесі опат болған деген хабар тараған. Кемінде екі бала өлген.

Сейсенбіде сөйлеген сөзінде Тоқаев қаңтар оқиғалары кезінде "террорлық агрессия нысанасына айналған" тұрғындарға көңіл айтты.

"Қаза болған құқық қорғау, әскери қызметкерлер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету - қасиетті борышымыз. Бұл мәселені жіті бақылайтын болам. Баспанамен, оқумен және басқа да қажет нәрсемен қамтамасыз етеміз"деді ол.

Бірақ Тоқаев наразылық акциясына шыққандар туралы ештеңе деген жоқ. Кейбір сарапшылар алдағы уақытта билік өзін сынайтындарға қысымды күшейтуі мүмкін деп санайды.

ТОҚАЕВ МӘЛІМДЕМЕСІ НЕ ШЕШЕДІ?

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРДЫ НЫҒАЙТУ

Қазақстан президенті елдің ұлттық қауіпсіздік комитетінің жұмысын сынап, бұл жүйені түбегейлі қайта құру керегін айтты. Бұрынғы президент Назарбаевтың көп жылғы сенімді серігі, 2016 жылғы қыркүйектен бері ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімов өткен аптада қамауға алынып, оның үстінен "Отанға опасыздық" бабы бойынша іс қозғалған. Оның бірнеше орынбасары қызметтен алынды.

"Қарулы күштеріміздің, құқық қорғау құрылымдарының, ұлттық қауіпсіздік органдары, сыртқы барлау жұмысын қайта құруға тиіспіз. Олардың барлығы бір мақсат – азаматтарымызды, конституциялық құрылыс пен егемендігімізді кез-келген сипаттағы және көлемде барынша тиімді қорғау үшін үйлесімді жұмыс істеуі керек. Мемлекетіміздің түбегейлі мүддесі осыны талап етеді" деді Тоқаев.

Оның сөзінше, "жаппай террорлық шабуылдарға қарсы тұру үшін" құқық қорғау жүйесін реформалаудың шұғыл шараларын қолға алу керек. Тоқаев күш құрылымдарының әскери дағдысын шыңдап, керек-жарақпен жабдықтауға дереу кірісуді, полиция мен ұлттық гвардияның арнайы жасағының саны пен сапасын арттыруды тапсырды.

"Діни экстремизмге қарсы тұру жөніндегі жүйелі шаралар кешенін іске асыру керек, оның қылмыс әлемімен, әсіресе қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сыбайласып кетуіне ешқашан жол беруге болмайды" деді Тоқаев.

Бұған қоса Тоқаев билік өкілдеріне шабуыл жасаған және заңды талабына бағынбағандардың жауапкершілігін қатаңдатып, полицейлерді құқықтық қорғауды нығайту керек деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы наразылық – көрші автократияларға белгі

ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІРІНЕН БЕЙХАБАР БИЛІК

Тоқаев билік құрылымдарының қарапайым халықтың өмірі жайлы түсінігі шала екенін, азаматтардың көп мәселесі шешілмейтінін, "пайданы олигархиялық қаржы топтары" көріп отырғанын сынады. Үкіметке Қазақстан даму банкінің қызметін қайта құруды тапсырды.

"Қазақстан даму банкі қаржы-өнеркәсіп және құрылыс топтары ішінде таңдаулы тұлғалар тобының жеке банкіне айналған. Бәрінің аты-жөні бізге белгілі. Жоғары кабинеттерге кіре алатынын пайдаланып, олар өз жобасын іске асыруда артықшылыққа ие болған. Осы жобаларға кеткен мемлекет қаражатын шағын және орта бизнеске жұмсауға болар еді" деді ол.

Сонымен бірге Тоқаев қазіргі кезде активі елдің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына пара-пар "Самрұқ-Қазына" әл-ауқат қоры мен өзге ұлттық компаниялардың жұмысында да көп нәрсе айқын емес деп сын айтты.

"Самұрық-Қазына" қоры негізгі міндетін орындап отыр ма? Яғни "ұлттық байлықты еселей алды ма" деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?" деген президент үкіметке квазимемлекеттік саланы түбегейлі реформалау жөнінде ұсыныстар дайындау жөнінде тапсырма берді.

"Егер "Самұрық Қазына" қорын қайта құру мүмкін болмаса, ел экономикасына мұндай құрылым қажет емес" деді Тоқаев.

ТОҚАЕВТЫҢ КЕЗЕКТІ АСТА-ТӨК УӘДЕСІ

Сарапшылар қаңтардағы наразылықтар кезінде халықтың жаппай көшеге шығып, билікке талап қоюына кедейліктің етек жаюы, жұмыссыз жастардың көбеюі, ертеңгі күнге деген сенімсіздік пен әлеуметтік лифтердің жоқтығы себеп болғанын айтқан еді.

Тоқаев сейсенбідегі сөзінде осы жайттарға тоқталып, үкіметті "халықтың кірісін көбейтетін бағдарлама әзірлеуге", жұмыссыздықты азайтып, инфляцияны ауыздықтауға шақырды. Президент білім сапасына, әсіресе техникалық мамандықтарға көңіл бөліп, колледж және жоғары оқу орны түлектерін жұмысқа орналастыру қажетін айтты.

Ол елдегі ірі компаниялардың "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына тұрақты жарна аударуын тапсырды.

"Бұл барша қазақстандықтардың, халықтың қоры" деген президент қор жұмысын бақылау кеңесі құрылып, жауапты басшы тағайындалатынын, оның қызметінің толық ашық болуы қоғам бақылауында болатынын айтты.

"ЕЛБАСЫ" ТҰСЫНДА БАЙЫҒАНДАР

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда мәжілісте елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы жалғыз ауыз сөз айтты.

"Тұңғыш президент - елбасының арқасында елде өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдар тобы пайда болды. Енді олардың халыққа жүйелі әрі тұрақты түрде көмектесетін кезі келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен "Қазақстан халқына" қорына аударатын жарна мөлшерін анықтауы тиіс" деді ол.

Бұған дейін Тоқаев Назарбаев жайлы мақтау мен мадақ қосып сөйлеп келген. Ал бұл жолғы сөзінің сарыны оған мүлде ұқсамайды. Қазақстанды совет кезінен басқарып, 2019 жылы наурызда сол кездегі парламент сенаты төрағасы болған Тоқаевқа билікті тапсырып, президенттіктен кеткен Назарбаев былтырғы 28 желтоқсаннан бері жұрт алдына шықпады. Биылғы наразылық пен тәртіпсіздік жайлы ешқандай пікір білдірген жоқ.

Қазақстан билігі елде жағдай ушыққан тұста интернетті ажыратып тастаған. Халық мемлекеттік арналардың бірсарынды хабар-ошарынан басқа балама ақпаратқа қол жеткізу алмады. Сол тұста "Назарбаев пен оның отбасы елден кетіп қалды" деген сыбыстар тараған. 8 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай твиттерде бірнеше сөйлеммен Назарбаевтың Нұр-Сұлтанда екенін жазды.

Назарбаев ел басқарып тұрған тұста оның отбасы мүшелері мен төңірегіндегі ат төбеліндей азғана топ елдегі ең бай адамдарға айналды. Олардың есімдері офшор құжаттарында жиі айтылып жүр. Мысалы, Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевты АҚШ-та шығатын Forbes басылымы миллиардерлер тізіміне енгізген.

Азаттық былтыр жүргізген зерттеуінде Назарбаев әулеті мүшелерінің 20 жыл ішінде АҚШ және Еуропа елдерінде жылжымайтын мүлік алуға 785 миллион доллар ақша жұмсағанын анықтаған.

Тоқаев прокуратура, қаржы министрлігі мен өзге мемлекеттік органдар кедендегі, әсіресе Қытаймен шекарадағы жағдайды "тәртіпке келтіруі керек" деп мәлімдеді. Көпшілік Қытайдан келетін тауар ағынын бұрынғы президент Назарбаевтың туыстары бақылайды деп санайды.

Бұл жолғы сөзінде Тоқаев елде утилизация алымын жинайтын "Оператор РОП" компаниясын сынға алып, үкіметке оның жұмысын доғаруды тапсырды. Қоғамда бұл компания экс-президент Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі екені айтылып жүр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға утилизация алымы керек пе?

"Кәсіпкерлер мен жалпы қоғамда "Оператор РОП" компаниясының қызметіне байланысты сауалдар көп. Бұл жеке компанияға қарсы тіпті қандай да бір қоғамдық қозғалыс та құрылған. Үкіметке утилизация алымын жою үшін шара қолдануды тапсырамын" деді Тоқаев.

Ол утилизация алымын жинаумен жекеменшік компания емес, шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуы тиіс деп мәлімдеп, алымның көлемі де қайта қарастырылуы тиіс деді.

Қазақстанда жеке тұлғалар мен компаниялардан және оларға субсидия беруші үкіметтен жиналған ақша Қазақстанның бұрынғы президентінің кіші қызы Әлия Назарбаевамен байланысты "Оператор РОП" компаниясына аударылады. Ресми дерек бойынша, "Оператор РОП" бұл қаржыны қалдықты жинау, өңдеу және жоюға қажет инфрақұрылымға салады.

2020 жылдың басындағы дерек бойынша, үш жылда "Оператор РОП" ЖШС шотына 220 миллиард теңге түскен. Ең көп қаржы (75 миллиард теңге) автокөлік өндірісін ынталандыруға жұмсалған.

Елде автокөлік иелері жылдар бойы утилизация алымына қарсылық білдіріп келеді. 2021 жылы #НетУтильсбору қозғалысы құрылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билікке талас" па, басқа ма? Қазақстандағы оқиғалардың артында не тұр?