Журналистерді қорғау комитетінің дерегінше, 2019 жылдың басынан бері әлемде 19 журналист қаза тапқан. Ұйым "олардың көбі өлтірілген" деп хабарлады. Халықаралық журналистер федерациясының мәліметінше, өткен жылы әлемде 94 журналист кәсіби қызметін атқарып жүріп қаза тапқан. Ұйым есебінше, бұл – соңғы төрт жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Федерация "журналистер көбіне қастандық құрбаны болады, бомбалау мен атыс кезінде оққа ұшады" дейді.
Халықаралық ұйымдар Қазақстанда да журналистер кәсіби қызметіне байланысты қудаланатынын бірнеше рет мәлімдеген. "Шекарасыз тілшілер" ұйымының өткен жылға арналған баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында 158-орында тұр. Азаттыққа берген сұхбатында "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева Қазақстандағы журналистер қауіпсіздігі мен биліктің баспасөзге қысымы туралы баяндады.
Бізде "қауіпті тақырып" деген бар. Журналист сол тақырыппен айналыса бастаса, жеке басына қатер төнеді.
Азаттық: Тамара ханым, Қазақстанда тәуелсіз журналист болу қауіпсіз бе?
Тамара Калеева: Қазақстандағы ахуал Сириядағы жағдайдан жақсырақ шығар. Бізде жанжал ошағынан хабар таратып жүріп қаза тапқан тілшілер жоқ. Бірақ Қазақстанда бұл мамандықты қауіпсіз деуге болмайды. Себебі журналистерді қорқытып-үркітеді, жала жауып, қылмыстық іс қозғап қудалайды, жекелеген азаматтар "жеке басым мен кәсіби абыройыма нұқсан келтірді" деп сотқа беріп, тілшілерді қатты шығынға батырады. Тілші қызметіне дөрекі сипатта кедергі келтіру деген де бар. Шенеуніктің айтылған кездесуге келмегені – бір басқа, ал кездесу орнына шенеуніктің күзетшілері мен жақтастары келіп, күш қолданған жағдайлар да кездеседі. Бізде "қауіпті тақырып" деген бар. Журналист сондай тақырыппен айналыса бастаса, сөзсіз жеке басына қатер төнеді.
Қолшатыр ұстағандардың журналистерге кедергі жасауы. 6 шілде 2019 жыл
Азаттық: Журналист жұмысына кедергі келтіру жайлы деректеріңіз бар ма?
Тамара Калеева: Сөз бостандығының бұзылуын бақылап отырамыз. Сонда "журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру" деген тарау бар. Бұл – Қылмыстық кодекстен алынған ұғым. 2015 жылға дейін 155-бап болып келді де, қазір 158-бап болып өзгерді. Жаза ауыр – бұл бап бойынша кінәлі деп танылғандар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Біз осы баптың қалай қолданылатынын бақылап отырамыз. 2000 жылдан бері журналистерге кедергі келтіру бойынша 820 факті тіркелді. Біз мұны журналистер мен заңгерлер айтқан деректерді негізге алып жинақтадық. [19 жыл ішінде] полицияға небәрі 37 тілші шағым түсірген. Яғни, журналистерде өз құқығының бұзылғанына айқын дәлел болса да, шағым түсіруге я қорқады, я қаламайды, уақытын жоғалтқысы келмейді не нәтиже шығарына күмәнмен қарайды. Берген шағымнан нәтиже шықпай қалатыны да рас. Прокуратураға – төрт шағым, жоғары инстанцияларға 13 шағым түскен. Сотқа тек екі шағым жеткен. Оның біреуі журналистің пайдасына шешілді. Мұның өзі 2005 жылы болды.
Журналистер қағаз жүзінде қорғалғанымен, шын мәнінде заң қолданылмайды.
Азаттық: "Әділ сөз" қорының статистикасы билік дерегінен өзгеше ме?
Тамара Калеева: Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есепке алу комитетінің ресми деректері де бар. Ондағы көрсеткіштер тіптен аз. Жыл басынан бері бірыңғай реестрде екі іс қана тіркелген. "Оның бірі тоқтаған, бірі сотқа жіберілген" деп көрсетіледі. Алайда сотта бірде-бір іс қаралмаған. Міне, журналистер жұмысының қауіпсіздігі мен олардың қаншалықты қорғалғанының көрсеткіші – осы. Журналистер қағаз жүзінде қорғалған, ал шын мәнінде заң қолданылмайды.
Азаттық: Журналистерге қысымды көбіне кім жасайды?
Тамара Калеева: Тақырыпқа байланысты. Жемқорлық туралы журналистік зерттеу жүріп жатса, қысымды шенеуніктер жасайды. Шенеуніктер шағым түсіріп, "жала жабу" бабымен қылмыстық іс ашу арқылы қыспаққа алады. Халықаралық қауымдастық пен БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі кеңесі Қазақстанға жала жабу мен ар-намысқа нұқсан келтіру баптарын Қылмыстық кодекстен алып тастауды сан рет ұсынған. Бірақ 2015 жылы бұл баптарға жаза қалай күшейді – сол күйі әлі ештеңе өзгерген жоқ. Жыл сайын жала жабу бабымен ондаған іс қозғалады. Журналистің бәрі жазаға тартыла бермейтінін де айту керек. Таяуда Жоғарғы соттың судьяларымен жала жабу бабын Қылмыстық кодекстен алып тастау жайын сөйлестік. Олар "Жала жабу бабымен қозғалған істерге көбіне ақтап үкім шығады ғой" деген уәж айтты. Иә, көбіне ақтайды. Бірақ әлдекім ілуде бір жазаға тартылса, оған оңайға соқпайды ғой. Мысалы, 2 жыл 3 айға сотталған Амангелді Батырбеков – 2019 жылы түрмеге кесілген алғашқы журналист. Бірақ одан Амангелдіге оңай ма? Яғни сотталғандар санына қарап шешім шығаруға болмайды. Адам айтқан сөзіне бола түрмеге отырмауы керек. Қарашаның 7-і күні Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі пактіні ратификациялаған ел ретінде БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесі алдында есеп береді. Осымен үшінші рет есеп беретін Қазақстан олардың айтқан ұсыныстарын орындауы керек. "Жала жабу бабымен қылмыстық жауапқа тартуды қойыңдар" деп айтқандар көп. Оны орындамаймыз. Енді қалай есеп бермек? Өкінішке қарай, шенеуніктеріміз тек есеппен ғана бас ауыртады. Ал журналистердің кәсіби қызметіне бола көретін қиындығы көп.
Азаттық: Журналистерге жасалатын тосқауылдың тағы қандай түрлері бар?
Тамара Калеева: Менің келтіргендерім (тілшіні сотқа тарту – ред.) – кедергінің заңды формалары ғана. Ұрып-соғу, сес көрсету, техникасын сындыру сияқты заңсыз түрлері де бар. Биылғы жылдың "жаңалығы" - түсірілім жасауға мүмкіндік бермейтін, іс-шараға басып кіріп, журналистердің құралдарын сындыра жөнелетін әйелдер "бандасы". Кедергі келтірудің сипаты көп және жыл өткен сайын түрленіп барады.
Тілшілерге жасалған шабуыл хроникаы. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.
Your browser doesn’t support HTML5
Азаттық: Бұл БАҚ жұмысына қалай әсер етіп жатыр?
Тамара Калеева: Қазақстанда жыл сайын ақпараттық кеңістік жоспарлы түрде тазартылып жатыр. Оппозициялық БАҚ туралы айтпаймын да, себебі ондайлар біраздан бері жоқ. Жыл сайын басылымдар түрлі себеппен жұмысын доғарып жатыр. Не редакторын түрмеге кеседі, я кәсіби қызметпен шұғылдануына тыйым салады, болмаса айыппұл салып, әбден шығынға батырады. Интернеттегі басылымдар домендік атауды тіркеу жайлы сылтаумен репрессияға ұшырайды. Соңғы жылдары тәуелсіз БАҚ-тың күшпен жабылғанын аз көреміз. Бұған биліктің мейірімді бола қалуы емес, тәуелсіз басылымдардың азайып кеткені себеп.
Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.