"Соқыр мылқау танымас тірі жанды". 1 наурыздағы шеруде полиция жұртты қалай ұстады?

Алматыда полиция Республика алаңында наразылардың бірін ұстап әкетіп барады. Алматыдағы орталық көшелер мен алаңдар жабылып, интернет байланысы нашарлады.

Полиция ұсталғандардың бірін автозакқа салып жатыр. Қазақстан билігі "экстремистік" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған ҚДТ қозғалысы мен оның жетекшісі, шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, билік сынаушысы Мұхтар Әблязов жұртты 1 наурыз әкімдіктер алдында билікке қарсы наразылыққа шақырған. Бұған қоса, осы күні билікті сынап жүрген "Oyan, Qazaqstan" ұйымы, "Демократиялық партия" құруды көздейтін бастамашыл топ пен Respublika қозғалысы да жұртты 1 наурызда митингіге шақырды. 
 

Алматыда полиция алаңға келгендердің бірін ұстап жатыр. Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған соң елде билікке қарсы наразылық күшейді. Біраз белсенді биліктің "Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды" дегеніне сенбейді. Белсендінің өліміне билікті айыптайтындар да бар. 

 

Оппозициялық топтар 1 наурыздағы митингіде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ол былтыр наурыздың 19-ы күні президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарған, алайда әлі де билікке ықпал ететін құқыққа ие) пен оның маңайындағылардың билікке араласпауын талап етпек болған. 

Алматыда полиция алаңға келгендердің бірін күштеп әкетіп барады. Билік 1 наурызға белгіленген шеруді заңсыз деп санайды. 28 ақпанда бас прокуратура демалыс күні митингіге шыққандар жазаланатынын ескерткен. 

Алматыда полиция мен арнайы жасақ алаңға келгендердің бірін ұстап әкеткен сәт. Қала әкімдігі мен Қазақстан президентінің Алматыдағы резиденциясы орналасқан жермен жапсарлас алаң мен көшелерде қозғалыс шектелген. Республика алаңы маңындағы кейбір дәмханалар жабық тұр.

Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ Respublika қозғалысының мүшесі, белсенді Бэлла Орынбетованы әкетіп барады. 

Нұр-Сұлтан қаласында жергілікті әкімдікке таяу жерде тұрған Абай ескерткішінің жанында Азаттық тілшілерінің көзінше полиция 14 адамды ұстап әкетті. 

Нұр-Сұлтанда наразылыққа келген белсенділер. Олардың бірі қолындағы плакатта қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңіндегі "Соқыр мылқау танымас тірі жанды..." деген жолды жазып алған. 

Арнайы жасақ плакат ұстағандардың бірін әкеткен сәт.

Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ белсенді Айсұлтан Жақыповты ұстап әкетіп барады. 

Нұр-Сұлтанда митинг жоспарланған жерде жүрген арнайы жасақ.

Нұр-Сұлтанда полиция ұсталғандардың бәрін автозакқа салып, бөлімшеге әкетті. 

Нұр-Сұлтандағы наразылардың бірі. Қазақстанда жұрт митингіге шығу үшін жергілікті биліктен рұқсат алуы тиіс. Жергілікті әкімдіктер түрлі себеппен митингіге рұқсат ете бермейді. Елде рұқсат етілмеген митингілер заңсыз деп танылып, қатысушылары ұсталады.

Қазақстан ішкі істер министрлігі 1 наурызда қанша адам ұсталғанын нақты айтпады. 

Нұр-Сұлтанда полиция наразылардың бірін ұстап жатыр.

Ақтөбеде наразылар жергілікті әкімдік маңына жиналды. 

Ақтөбе қаласында да полиция жергілікті әкімдік маңына жиналған 15 шақты адамды ұстап, көлікке күштеп салып, алып кетті.

Ақтөбеде полиция наразылардың бірін күштеп ұстап жатыр. 

Ақтөбеде ұсталғандардың бірі автобус терезесінен билікке қарсы наразылығын білдіріп тұр. 

Ақтөбеде наразылар биліктің отставкаға кетуін талап етті. 

Шымкентте полиция қала әкімдігі маңына жиналған 15 шақты адамды ұстап, көлікке күштеп салып, алып кетті. Полиция әкетіп бара жатқан кезде кей белсенділер "Шал, кет!" деп айғайлады. 

Шымкенттік белсенділерді полиция күштеп әкеткен соң қолдарындағы суреттер жерде қалды. 

Шымкентте полиция белсенді Мұрат Аштаевты көлікке күштеп салып жатыр. Бұл - Қазақстандағы кейінгі екі аптада билікке қарсы екінші наразылық. 22 ақпанда да наразылық шарасында полиция алаңға келгендерді жаппай ұстаған. Құқық қорғаушылардың есебінше, 22 ақпандағы наразылықта полиция 300-ден адам әкеткен. ІІМ сол күні 53 адам ұсталғанын айтады.