Қазақстандағы билікке қарсы митингіде полиция наразыларды қалай ұстады?
Алматыда митингіге келген жұрт. Алматыда полиция, арнайы жасақ наразылық шарасына келгендерді "митинг орнына" жібермей қоршап алды.
Алматыда полиция "митинг орны" ретінде белгіленген жерге келген жұртты алаңға өткізбей тұр. Билік өкілдері алаңда "коронавирусқа қарсы дезинфекция шарасы" жүргізілетінін айтып, наразыларды тарауға шақырды. Бірақ жиналғандар оған келіспей, өздерін алаңға өткізуді талап етті.
Полицейлер билікке талап айтқан наразыларды қоршап тұр. Полиция алаңға өткізбей қойған азаматтардың кейбірі сол жерде-ақ билікке талабын айта бастады. Олар Алматы әуежайының сатылуына, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсы екенін, табиғи ресурсқа бай мемлекетте халықтың кедейлік тауқыметін тартып отырғанын айтты.
Полиция Абай ескерткіші маңына келген бірнеше адамды ұстап әкетті. Полиция көлікке күштеп салғандардың бірі "Назарбаев жүйесі құриды!", "Қазақстан, алға!" деп айқайлады.
Арнайы жасақ наразылардың бірін күштеп әкетіп барады.
Алматы қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Тілеубердиев "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң бүгін, 6 маусымнан бастап күшіне енгенін айтып, бұл митингіге қала билігінің рұқсат бермегенін алға тартты. Ал құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов осы уақытқа дейін қала әкімдігіне 6 маусымда митинг өтетіні жайлы ескерту берілгенін, бірақ биліктің жауап бермегенін айтты.
Алматыда ұсталғандардың арасында тіркелмеген "Көше партиясының" жақтастары да бар. 19 мамырда астаналық сот тіркелмеген "Көше партиясын" елде экстремистік деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Бұған дейін белсенділер "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.
Наразылар жиналған жерге арнайы қорғаныш киімін кигендер бірнеше рет дезинфекция жасады. Митингіге келгендер "бұл - биліктің кедергісі" деп санайды.
Наразылық шарасы елде "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң күшіне енген күнмен тұспа-тұс келді. Бұған қоса, бұл митинг - елде коронавирус тарауына байланысты төтенше жағдай аяқталған соң өтіп жатқан алғашқы шара.
Қазақстан билігі бұл митингіні заңсыз деп санайды. Ал наразылар "ешкімге зиянымыз тиіп жатқан жоқ, бүлік жасап жатқан жоқпыз, тек билікке талабымызды бейбіт түрде жеткізуге келдік" дейді.
Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ наразылыққа келген адамды ұстап әкетіп барады.
Қала полициясы "митинг орны" ретінде белгіленген - Республика алаңын қоршады.
Нұр-Сұлтанда митингіге келгендер несиені амнистиялауды, биліктің орнынан кетуін, адам құқықтарының бұзылмауын талап етті.
Нұр-Сұлтанда "митинг орнын" полиция темір кедергімен қоршап тастады. Полиция Азаттық тілшісіне алаңның қоршалуы коронавируске қарсы дезинфекциямен байланысты деп айтқан. Бірақ дезинфекция жасаушылардың алаң ішінде ешқандай жұмыс жүргізбеген.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Қызылордада полиция кем дегенде 30 адамды ұстады. Алаңға беттеген наразылардың қолында "Саяси тұтқындарға бостандық", "Белсенділерді қудалауды тоқтатыңдар", "Бас басына би болған өңшең қиқым, мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?" (Абай Құнанбаевтың өлеңінен үзінді) деген жазуы бар плакат болған.
Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ наразылардың бірін автозакқа күштеп кіргізіп жатыр.
Ақтөбеде де полиция алаңға келген адамдарды ұстады.
Ақтөбеде 6 маусымда күзет күшейді.
Шымкентте де күзет күшейіп, қалада полиция мен арнайы жасақ қарасы көбейді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл қалада полиция кем дегенде 20 адамды ұстап әкеткен. Семейде де полиция 20-дан астам адамды ұстады.
Ішкі істер министрлігі елде нақты қанша адам ұсталғаны жайлы ресми хабарламады.