"Зорлық шеңбері". Қаңтардағы азаптауға кім жауап береді? Халықаралық зерттеушімен сұхбат

Иллюстрация авторы - Shapalaque.

"Азаптауға ұшырағандардың көбі – 18-50 жас аралығындағы ерлер. Бірақ әйелдер мен балалардың азапталғаны жөнінде де ақпарат түскен. Азаптау әдістерінің арасында ұрып-соғу, электрошокер қолдану, басына қапшық кигізу, үстіне ыстық су құю, ыстық темір басу, тісін жұлу, зорлаймыз деп қорқыту бар". Бұл – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезіндегі және одан кейінгі азаптау туралы есептен үзінді. Қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар 37 беттен тұратын құжат дайындаған. Азаттық Қаңтар оқиғасы туралы есеп авторларының бірі Рэйчел Гасовскимен сөйлесті.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталған 10 мыңға жуық адамның көбіне күш көрсетілген. Жүздеген тұтқын азапталған. Ресми дерекке енген 238 адамның кем дегенде алтауы азаптау салдарынан көз жұмған. Тірі қалғандарға арызын қайтарып алсын деп қысым көрсетіп жатыр. Жәбірленушілердің басым көпшілігі полиция бөлімшесі мен тергеу изоляторларында басынан өткерген сұмдығын ешқашан айтпауы да мүмкін. Ал қылмысқа қатысы бар адамдар не істесе де, жазасыз қалатынын біледі. Құқық қорғау органдарында мұндай "әдіс" бұрыннан бар.

Өткен аптада бірнеше құқық қорғау ұйымы Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптау мен жазасыз қалу туралы "Біз ендігі жылауды да қойдық" деген тақырыптағы есебін жариялады. Есепті дайындауға Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро, Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясы, Негізгі құқықтар альянсы қатысқан. Есепке Qantar2022 еріктілер бастамасы жинаған деректер қосылған.

Азаттық Брюссельде орналасқан Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік зерттеушісі Рэйчел Гасовскимен сұхбаттасты.

"ЖАЙ ҒАНА ХАБАРЛАСЫП, ДӘЛЕЛ ТАБЫЛҒАН ЖОҚ, ІСІҢІЗ ЖАБЫЛДЫ ДЕДІ"

Азаттық: Баяндамада азаптау туралы істердің көбі жабылғаны айтылады. Неге мұндай қорытындыға келдіңіз?

Рэйчел Гасовски

Рэйчел Гасовски: Сандар сөйлесін! Азаптауға қарсы коалицияға 190 шағым түскен. Коалиция оларды билік өкілдеріне тапсырған. Баяндама дайындалып жатқанда осы шағымдар бойынша қозғалған 104 іс "қылмыс құрамы табылмады” деген себеппен тоқтатылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы Олжас Бектенов 5 қаңтарда ведомство билік өкілдерінің Қаңтар оқиғасы кезіндегі заңсыз әрекетіне қатысты 432 шағымды қарағанын айтты. 347 іс дәл осы қылмыс құрамы табылмады деген себеппен сотқа жетпеген.

Дәл сол күні бас прокуратура азаптау фактілері бойынша 329 қылмыстық іс қозғалып, арнайы прокурорлар күш құрылымдарында істейтін 34 адамның ісін қарап жатқанын мәлімдеді.

Бұл істерге ашықтық жетпейді. Азаптау құрбандары көп жағдайда ісі бойынша қабылданған шешімді телефон арқылы білген. Оларға жай ғана хабарласып, “Қылмысқа дәлел табылған жоқ, ісіңіз жабылды” дейді.

Атыраулық белсенді Сергей Шутовтың полициядан көрген қорлығы жайлы айтқаны

"Бірінші соққы кеудеме тиді, ауырғаннан көзімді жұмып, бетімді көлегейлеп отыра қалдым. Басымнан, иығым мен белімнен тепкілеп, ұрып жатты. "Митингіге тағы барасың ба?" деп сұрады. Денем ауырғаннан айқайлап, бұл қорлықты доғаруды өтіндім. Жүзімді қабырғаға қаратып, қолымды желкеме қоюды талап етті де, екі жақ қабырғамнан, бүйрегімнен ұрды. Жамбасыма тиген соққылардан құлап, орнымнан тұра алмай қалдым. Душтан төрт тағандап шығып, спортзал ішінде полиция қызметкерлері отырған үстелдердің арасымен жүріп өтуге мәжбүрледі [...], кейін тағы да аяғымды ашып, тұрғызып қойды".

Азаттық: Баяндамада куәгерлердің өз аузынан жазып алынған хикаялар да бар. Мұндай ақпарат жинау қиын болмады ма?

Рэйчел Гасовски: Қиын. Адамдар көбіне өзіне және жақындарына кесірі тиіп кете ме деп қорықты. Бірақ, қуанышымызға орай, көп адам бізбен сөйлесуге, басынан өткерген жағдайды айтып беруге келісті. Біздің баяндама осындай көп хикаяға негізделген. Құжатта олардың аз бөлігінен ғана үзінді келтірдік. Бұл – хикаясын жариялауға рұқсат бергендердің ғана оқиғасы.

Азаттық: Баяндамада күш құрылымдары Қаңтар оқиғасына қатысты деген күдікке ілінген адамдарға қарсы істерді жауып тастаймыз деген ұсыныспен жәбірленушіні азаптау туралы шағымын қайтарып алуға көндірмек болғаны айтылады. Бұл туралы не ойлайсыз?

Рэйчел Гасовски: Бірнеше адвокатқа клиенттері басында қалай азапталғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берген. Кейін өз сөзінен бас тартып, адвокат бәрін ойдан шығарды деп айыптаған. Бірнеше оқиғаға қарап, бақылаушылар осындай заңдылықты анықтады.

"Біз ендігі жылауды да қойдық" есебінен үзінді

"[Нұртас] Қаранеев басқа наразылармен бірге № 12 [Алматы] қалалық ауруханаға түскен. Оған шұғыл ота жасалған. 8 қаңтарда ауруханадағы бөлмесінде жатқан. Кешкісін сағат 6-7-лер шамасында қарулы 10 адам кіріп (арасында форма кигені де, азаматтық киім киген кісілер де бар) науқастардың аты-жөнін сұраған. Олар Қаранеевтің палатадағы көршісі Аманжолды (ол кезде арбада отырған мүгедек еді) автоматтың оқпанымен, Нұртасты жұдырықпен ұрған. Қаранеев пен Аманжолды лифтімен түсірген. Лифт ішінде жедел реакция білдіру бөлімінің қызметкерлері Аманжолды қатты соққыға жығып, Нұртасты ішінен ұрған. Науқастар отадан кейін әлсіз болған. Қатты қорқып, өздерін тұтқындауға қарсылық білдірмеген. Дәрігерлердің ешқайсысы науқастарды ауруханадан күштеп әкетуге қарсы болмаған".

Азаттық: Баяндамада "Медицина мекемелерінің кей қызметкерлері құқық қорғау органдарына көмектескен" деген жолдар бар. Бұл әрекет қылмысқа жатпай ма?

Рэйчел Гасовски: Коалиция мен басқа да ақпарат көздері медициналық қызметкерлердің күш құрылымдарына қарсы тұра алмағанын, науқастарға тиісті көмек бермегенін растайтын жағдайларды тіркеп алған. Кейбір аурухана наразылық кезінде жараланған адамдарды қабылдаудан бас тартқан. Дәрігерлер полицияда дұрыс емдемеген.

Науқастарды ауруханадан қамауға алып, тергеп, күш көрсету үшін алып кеткен. Алматыда науқастарды ұстауға арнаулы жасақ өкілдері мен полиция тартылған. Ал дәрігерлер мен медицина қызметкерлері бұған қарсы болмаған. Қарқынды терапия бөлімінде жатқан адамдарға аурухана ішінде-ақ күш көрсете бастаған.

Баяндамада сипатталған бір жағдайда дәрігерлер тергеу изоляторына барып, науқаспен кездескен. Катетерін жұлып алған, бірақ жарақатын дезинфекциялап, тікпеген. Осыдан науқастың жарасы іріңдеп кеткен. Ол босап шыққаннан кейін сегіз күннен соң ауруханаға қайта барған. Бірақ дәрігерлер наразылық қатысушыларын емдемеу туралы бұйрық түскенін айтқан.

Алматыда тұратын Ділшат Әбдісатаров 6 қаңтарда алаңда жараланған. Кейін күш құрылымдары қызметкерлері оны ауруханадан алып кетіп, тергеу абақтысында азаптаған. Айтуынша, өзге жаралы адамдармен бірге автозакқа күштеп тиеген кезде билік өкілдері оның үш тісін қағып алған.

Медицина қызметкерлері кәсіби этиканы бұзып отыр. Сондықтан олардың да қылмысқа қатысы бар деп есептеуге болады: Ыстамбұл хаттамасы мен басқа да құжаттарға сәйкес, оның ішінде "адамдарға кейін күш көрсету мақсатында қарқынды емдеу, азаптауға дейін, күш көрсету кезінде және одан кейін азаптап жатқан адамдардың нұсқауымен медициналық көмек беру" "азаптауға қатысу" деп саналады.

Қазақстан заңдарына сәйкес, азаптауға итермелеген адамның бәрі оған қатысқан болып есептеледі. Теориялық тұрғыдан алғанда, дәрігер немесе медицина қызметкері бұл үшін азаптауға қатысты деп айыпталуы мүмкін. Дәрігерлер науқастарды азаптайтынын біле тұра жіберсе, мұны үнсіз келісім арқылы азаптауға жатқызуға болады.

"АЗАПТАУ ҚҰРБАНДАРЫ ҚЫЛМЫС БОЛҒАНЫН ӨЗДЕРІ ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК"

"Біз ендігі жылауды қойдық" есебінен үзінді

"Коалиция тіркеп алған, кінәлілер жазасыз қалған азаптау фактілерінде ыстық үтік басу, темекі тұқылымен күйдіру, зорлау сияқты әдістер қолданылған. Ұзақ уақыт ұрып-соғу, адамның басына пакет кигізіп, тұншықтыру, тырнағының астына ине жүгірту, үтік басу әдістері 2022 жылғы қаңтарға дейін де болған".

Азаттық: Баяндамада жыныстық зорлық, азаптау, кәмелет жасына толмағандарға күш көрсету туралы айтылады. Құжатта "қатыгездікке толы әдістердің қолданылуын… полицияда жылдар бойы қалыптасқан тәжірибенің жалғасы деп қарастыруға болады" деп жазылған. Мұндай қорытынды жасауға не себеп болды?

Рэйчел Гасовски: Құқық қорғау ұйымдары Қазақстандағы азаптау тәжірибесін ондаған жыл бойы бақылап келеді. БҰҰ-ның азаптауға қарсы күрес комитеті Қазақстан билігіне "2001, 2008, 2014 жылдары болған азаптау шағымдары бойынша жедел, әділ әрі объектив тергеу жүргізуге" үндеген.

2022 жылғы қаңтарда қолданылған азаптау әдістері бұрын да тіркелген. Азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясына 2008 жылдан бастап азаптау бойынша жылына 200-250 шағым түседі. 2015 жылы жаңа қылмыстық-іс жүргізу заңы күшіне енді. Оған сәйкес, шағымдарды дереу тіркеу керек. Осылай жыл сайын түсетін шағымдар саны 600-ге дейін өсті. Бұл – мәселенің көзге көрінетін тұсы ғана, өйткені көбі қуғын-сүргіннен қорқып, арыз бермейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Үтік, таяқ, электрошокер. Қамау мекемесіндегі азаптау қайтсе тыйылады?

Азаттық: Қазақстанда азаптау көбіне жазасыз қала ма?

Рэйчел Гасовски: Иә, біздің есебімізде Қазақстандағы азаптау жүйесі қалай жұмыс істейтіні, кінәлілер көбіне жауапқа тартылмайтыны жайлы толық ақпарат бар. Биліктің өзі де азаптау туралы шағымдардың 1-2 пайызы ғана сотқа жететінін, 80 пайызы дәлелденбеді деп жабылып қалатынын мойындады. Бұл шағым болғанымен, қылмыскерлер жоқ дегенді білдірмейді. Керісінше, тергеу кінәлілерді анықтауға көмектесетін дәлел таппағанын көрсетеді. Тыңғылықты, жан-жақты тергеу жүргізуге қабілетсіздік жазасыз қалуға, ал ол жаңа азаптауларға жол ашады.

"Біз ендігі жылауды да қойдық" есебінен үзінді:

"Қазақстанның 60-қа жуық қаласында наразылық өткенімен, көп жерде азаптау фактілері қағаз жүзінде тіркелмеген, ал азаптау әдістері өңірге байланысты өзгеріп отырған. Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро Алматы, Талдықорған, Тараз, Семей, Қызылорда, Атырау мен Шымкентте азаптау көп қолданылғанын байқаған. Сондай-ақ Ақтөбе, Екібастұз, Қостанай, Өскемен мен Оралда да азаптау болғаны жөнінде шағымдар бар".

Азаттық: Билік көбіне "жәбірленушілер қылмыскерлерді танымайды, олар бетпердемен, формасыз жүрген" деп сылтауратады. Қазақстан үкіметі халықаралық міндеттемелерін орындау үшін мұндай жағдайда не істеуі керек?

Рэйчел Гасовски: Ыстамбұл хаттамасы мен халықаралық сот тәжірибесіне сәйкес, азаптау фактісін дәлелдеу жәбірленушінің мойнына жүктелмеуі керек. Кінәліні анықтау – олардың міндеті емес. Олар жай ғана азаптау болғанын көрсетеді. Азаптаудың алдын алуға және тергеу механизмдерінің жылдам әрі тиімді жұмыс істеуіне, кінәлілердің жауапқа тартылуына мемлекет жауапты.

ҚАҢТАР МЕН ЖАҢАӨЗЕН: "АЗАПТАУ ӘДІСТЕРІ ТАП ОСЫНДАЙ АЯУСЫЗ БОЛҒАН"

Азаттық: Сіз Жаңаөзендегі қанды оқиғаны Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайға ұқсатасыз. Толығырақ айтып беріңізші?

Рэйчел Гасовски: 2011 жылғы Жаңаөзендегі оқиғадан кейін жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты деп айыпталған 30-дан аса адам азаптау мен қатыгездікке шағымданды. Бірақ олардың шағымдары негізсіз деп қабылданбады.

2022 жылғы Қаңтар сияқты 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы кезінде де азаматтарды полиция мекемелерінде көбіне балаклава киген арнайы жасақ өкілдері азаптады. Осы азаптау мен қатыгездіктің мақсатындағы тағы бір ұқсастық – ұсталғандарға кінәсін мойындату және тәртіпсіздікке қатысушыларды сотсыз жазалау.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Билік бұрынғы ісін қайталап отыр". Қаңтар қырғыны мен Жаңаөзен оқиғасынан кейінгі ұқсастық

Азаптау әдістері де бірдей аяусыз болды – аязда далада адамдардың үстіне мұздай су құйып, түрлі затпен ұрып-соғып, жерде жатқандардың үстіне секірді. Бес полицей шектен тыс күш қолданғаны және билікті асыра пайдаланғаны үшін сотталғанымен, азаптауға қатысты бірде-бір іс сотқа жеткен жоқ.

2022 жылы біз тағы да көбі әлеуметтік және экономикалық құқығын қорғауға бейбіт түрде наразылық білдірген адамдарға шамадан тыс күш қолданудың, азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың куәсі болдық. Осы жолы да билік шағымдарды бейтарап әрі тыңғылықты тергегісі келмейтін сияқты.

Алматы тұрғыны Тимур Ким Қаңтар оқиғасынан кейін 25 күн тұтқында болды. Ол: "Электрошокер қолданды. Бастан, денеден ұрды. Сосын тізерлетіп қойып, басыма пластик қапшық кигізіп, әбден тұншығып, қиналған сәтте бір-ақ алды. Біраз демалғаннан кейін қайта кигізді. Қос қолды созып тұруды бұйырып, су толы бөтелкемен ұрды. Аяқкиімді шешкізіп, өкшеден ұрды" дейді.

Полиция қызметкерлері азаптады, қатыгездік жасады деп айыпталған, аз да болса сотқа жеткен бірнеше іске қатысты зор алаңдаушылық бар. Мысалы, Талдықорғанда бес полицей ішінде кәмелетке толмаған үш баламен бірге барлығы 24 адамды азаптады деп айыпталды. Бірақ процесс кезінде заңбұзушылықтар болып жатыр: сот отырыстары кезінде жәбірленушілерді қайта жарақаттады, айыпталушылар мен олардың отбасы мүшелерін қорқытты (қоқан-лоқы және олармен сот залынан тыс келіссөздер жүргізу әрекеттері).

Талдықорғандағы сот процесі кезінде жәбірленушілерге дәлелдеу жауапкершілігі жүктелді. Сонымен қатар жәбірленушілерге белгілі лауазымды қызметтегі бірнеше адам сот алдында жауап бермеді. Мысалы, [жәбірленуші] Дәурен Аятов өзін бір офицер үтікпен күйдіргенін, қалған бесеуі ұстап тұрғанын айтса да, бұл іс бойынша тек бір адам сотқа тартылды.

"ТОҚАЕВ ҚОҒАМ АЛДЫНДА МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ АЛДЫ"

"Біз ендігі жылауды да қойдық" баяндамасынан үзінді:

"Жандос Жотабаев 2022 жылғы 6 қаңтарда “митингіге қатысқаны үшін” ұсталған. Ағасы Ердостың айтуынша, Жандос екі күн Семей полициясының орталық басқармасында болған. 8 қаңтарда Жандосты уақытша тергеу изоляторына ауыстырған. "Ешкімді, тіпті адвокаттарды да кіргізбеді. Ата-анасы жылы киім апарғанда полиция "тұтқындарға тамақ беріп жатырмыз, изолятор іші жылы деген" дейді Ердос Жотабаев.

2022 жылы уақытша ұстау изоляторының қызметкерлері жедел жәрдем шақырып, дәрігерлер Жандос қайтыс болғанын айтты. Аутопсия туралы есепте Жандос Жотабаевтың 11 қабырғасы сынған, екі өкпесінде сұйықтық табылған деген қорытынды жасалды. Оның отбасына аутопсия туралы есеппен бір айдан кейін ғана танысуға рұқсат етілді.

Азаттық: 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде күштік және басқа да мемлекеттік құрылымдар жасаған қылмыстар үшін кім жауапты болуы керек деп ойлайсыз?

Рэйчел Гасовски: Адам құқықтарының бұзылуына қатысы бар полицейлер мен қауіпсіздік қызметкерлері әділ сот стандарттарына сай сотқа тартылуы керек және олардың кінәсі дәлелденсе, заңға сәйкес жазалануы керек.

Президент Тоқаев 2022 жылғы наурызда "варварлық әдістерді" тоқтату және "тұтқындарға адамгершілікке жатпайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілікті күшейту" қажеттігін мойындаған кезде маңызды қоғамдық міндеттеме алды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөйлеп жатқан шарада мемлекеттік туды бейнелейтін жалауша ұстап тұрған адам. Архивтегі сурет.

Үкімет пен жоғары басшылық халықаралық міндеттемелердің сақталуына жауап береді; адамдарды азаптау мен қатыгездіктен қорғау; тиімді және бейтарап тергеулер; жәбірленушілерге өтемақы төлеу.

Азаттық: Қазақстан билігі халықаралық тәуелсіз зерттеу жүргізуден неге бас тартып отыр?

Рэйчел Гасовски: Бұл олардың жасырғысы келетін нәрселері бар екенін, ресми уәделеріне қарамастан, қауіпсіздік қызметкерлерінің, шенеуніктердің заңсыздықтарын байыпты түрде тергеуге ниеті жоғын көрсетуі мүмкін.

Азаттық: Қазақстанда сол оқиғалардан "шаршау" байқалады. Көп адам бұл қантөгіс және оның айналасындағы қылмыстар ұмытылуы керек дейді. Сіздің ойыңызша, бұл қауіпті ой емес пе және неге?

Рэйчел Гасовски: Үлкен жарақаттан кейін адам ауыр естеліктерді тастап, әдеттегі өмірге оралуға тырысуға ұмтылады. Қауіп мынада: құқықбұзушылық құрбандары мен олардың отбасыларына қатысты әділдікті қалпына келтіруге тырысатын ашық және тиімді процедуралар болмаса, мұндай қанды және ауыр жарақаттар зорлық-зомбылықтың қорқынышты шеңберінде қайталануы мүмкін.

Қылмысты ұмытып, кілем астына жасырып қоюға болмайды. Оны тіркеп, кінәлілерді жазалап, жәбірленушілерге өтемақы беріп, қоғам алдында кешірім сұрау керек. Қоғам осылай ғана алға жылжи алады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қаңтарда полицияда азаптан өлген жігіттің отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қауіптенеді
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Полицейлерді қаққан көлік, Гитлердің суреті. Қаңтар үшін айыпталғандарға үкім
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Төңкеріс Алматыда жасалмайды". Биліктің Қаңтарды түсіндіруі және ондағы кемшіліктер