Биік те берік қоршау, оның аржағында Қаңтар оқиғасы кезінде қиратылып, өртелген президенттің Алматыдағы бұрынғы резиденциясы тұр. Былтыр жылдың басында, бейбіт нарызылықтың аяғы тәртіпсіздікке ұласқан сәтте көпшілік бұл ғимаратты басып алған. Қарапайым жұрт оны қашанда авторитар режим мен қолжетпес саяси элитаның оқшау үйі санайтын. Резиденцияның қалың да берік қақпасын жүк көлігі бұзып-жарып өтіп, жүздеген адам жан-жақтан қарша бораған оққа қарамастан ішке ентелей басып кірген еді.
– Осы жерге қарасам, жүрегім тулап, кеудеме сымайды, – дейді 2022 жылғы 5 қаңтарда болған оқиғаларды көзімен көрген Жәмила Бурабаева. – Бұл күйімді сөзбен жеткізе алмаймын. Қайғыру деуге келмейді, кеудеме ащы өксік тығылады. Қаншама жас жігіттің қаза тапқанын, темір тордың аржағында қанша адамның азап шеккенін ойлаймын...
Мүгедек арбасына таңылған 58 жастағы Жәмиламен Алматыдағы бұрынғы президент резиденциясы маңындағы тротуарда әңгімелесіп отырмыз. Ол былтыр қаңтарда "өліп, қайта тірілген" қанды оқиғадан кейін бұл жерге алғаш келіп отыр.
БҰЛЫҢҒЫР БІР КҮН
Жәмила қаңтардың сол бір күні Алматыдағы Назарбаев даңғылымен жаяу келе жатқанын айтады, көшеде автобус та, такси де болмапты. Қалада интернетті өшіріп тастаған. Ал Жәмила ол күні қаланың орталығында не болып жатқанын білмеген.
– Резиденцияның тұсына жетсем, ол жерде адам шұбырып жүр екен. Біреулер атып жатыр дегенді естідім. Сенбедім. Халыққа қалай оқ атуға болады?
Сол оқиғаларға қарап әйел 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске түсірді. Бұдан 37 жыл бұрын мыңдаған қазақ жасы советтік Қазақстан басшысы етіп республикаға бөтен адам – Геннадий Колбинді тағайындаған Кремльдің шешіміне назарылық білдіріп, Алматының орталық алаңына шыққанда, көптің арасында Жәмила да бар еді. Ол 17 желтоқсан күні ереуілшілердің қатарында болған. Бірақ келесі күні совет билігі наразы топты басып-жаншу үшін сапер күрегімен, жуан таяқпен қаруланған сарбаздарды және қызметтік иттерді жібергенде ол алаңнан кетіп қалған екен.
– Содан бері 30 жыл өтті, ал мен "Неге қазақ жастарымен бірге алаңда болмадым?" деп, өзімді әлі күнге жазғырамын. Неге олай болатынын білмедім, неге кетіп қалдым деймін. Біртүрлі борышымды орындай алмаған сияқтымын, – дейді Жәмила Бурабаева. – 5 қаңтар күні де жастар көп болды. Бәрі рухтанып алған. "Кешіріңдер, бұған менің қатысым жоқ", – деп жанынан өтіп кете алмадым. Кейін балаларымның, немерелерімнің алдында ұятқа қалмас үшін, халықпен бірге болғым келді.
Бұлыңғыр күн, қалада дүрбелең, мылтық даусы. Жәмиланың есінде оқтан қашқан жастар қалыпты. Кенет аяғы жанын шыдатпай ауырып кеткен.
– Қатты ауырғаны сонша, есімнен танып қалдым. Құлап түстім, – деп әңгімесін жалғады ол. – Есімді жисам, жерде жатырмын. Біреу денемнен су сорып жатқандай. Оқ аяғымның тамырын қиып, қан атқылап жатыр екен. Бұлттан асып, көкке қарай көтеріліп бара жатқандай болдым. Әлде олар маған жақындап келе жатыр ма? Ешкім маған тиіспесе екен деп тіледім. Жүріп [өліп] бара жатқан болып тұрмын ғой.
Оған екі жас жігіт көмекке келген. Олардың кім екенін әлі күнге білмейді, бірақ жүзі есінде қалған. Жігіттер өздерінің өміріне төнген қауіпке қарамастан, жаралы Жәмиланы оқ борап жатқан жерден әрірек алып кеткен.
– Олар болмағанда қансырап өліп қалар едім. Мені сүйреп келе жатқанда, тағы да оқ жауды. Олар: "Жат, жат! Оқ атып жатыр!", – деп айқай салды. Тура кинодағыдай. Екеуі екі жағымнан құлап, әрі мені, әрі өздерін оқтан көлегейледі. Сәлден соң атыс тоқтағанда екеуі қайта түрегелді. Ары қарай не болғаны есімде жоқ.
Жәмила есін резиденциядан жүздеген метр қашықта, Республика алаңында тұрған көліктің ішінде жияды. Айтуынша, ол жаралыларды тиеген микроавтобус екен.
– Кіл ер адамның ортасында отырдым, ешкімге қарайтын жағдайда болмаса да, мені әйел деп сыйлап, бір шетіне орналастырды. Адам көп, біразы ес-түссіз жатыр. Олар бәрін жан-жақтан сол көлікке жинаған сияқты. Жай ғана әкеліп тией берген. Бір кезде аяғым солардың астында қалып қойып, жаным көзіме көрінді. Біреуіне "балам, аяғым ауырып барады" деп айтқаным есімде. Ол көмекке келді де, адамның көп екенін көріп, ештеңе істей алмады. Шыдай тұруымды өтінді. Содан соң тағы есімнен танып қалдым. Оянсам, жанымда бір бала отыр. Өңі бозарып кеткен, ол да мен сияқты көп қан жоғалтқанға ұқсайды. Судан бір ұрттады да, бөтелкені қоя салды. Әдетте біреудің бөтелкесінен су ішпейтінмін, бірақ сол кезде одан қалған суды қылғытып ішіп алдым. Содан соң тағы есімнен танып қалдым. Одан кейін оянғанымда ауруханаға алып бара жатыр екен.
МҮДЕГЕК АРБАСЫНА ТАҢЫЛҒАН ӨМІР
Жаралы әйелге ауруханадағы үш апта үш жылдай болған. Оқ тиген аяғына дәрігерлер екі рет операция жасаған. Қаңтардың аяғында Жәмиланы ауруханадан шығарған.
– Үйге әрең кірдім. Илизаровтың аппараты болды. Аяғым күп болып ісіп кеткен. Дәрігер жүру керек деді. Біз балдақ алдық. Бірақ мен есімнен танып құлап қала бердім. Біріншісінде, балаларым ұстап қалды. Екіншісінде, қатты құлағаным сондай, қозғала алмадым. Содан кейін ақпаннан тамызға дейін төсек тартып жаттым. Енді ешқашан тұра алмайтын шығармын деп ойладым.
Оған медициналық көмек алу қиынға соққан. Заң бойынша, емханадан тегін ем алу үшін еңбекке жарамды адам сақтандыру төлемін төлеуге тиіс. Алайда орнынан тұра алмай қалған Жәмилаға жұмысты да, төлемді де ұмытуға тура келген. Қаңтар оқиғасына дейін ол риелтор болып жұмыс істеген. Мұндай кәсіптегі адамды аяғы ғана асырайды. Бұрын ол қала ары-бері кезіп, сатылатын пәтерлерді қабылдап алып, сатып алушы іздеп, жылжымайтын мүлік сату-сатып алу келісім шартын жасауға көмектесетін. Қаржы жағынан ешкімге тәуелді емес еді. Ал қазір оның бәрі көзбен бұлбұл ұшқан.
– Емханадағылар тегін емдемейміз деді, себебі сақтандыру төлемін төлемегем. Жатқан адамда медициналық сақтандыру қайдан болсын. Жазықсыз атылып, төсекке таңылғаным аздай, медициналық көмексіз қалдым. [Былтыр] қыркүйекте орнымнан тұрдым, бірақ жүре алмадым. Сосын мені травматологқа жіберді. Төрт рет қабылдауында болдым, бір де бір рет аяғымды тексеріп, жарақатым туралы сұраған жоқ. Онымен қоймай: "Сіздің деректеріңіді полицияға береміз, оны білесіз бе?" деді. Мен оған: "Бере беріңіз. Оларда онсыз да бар" дедім. Дәрігер маған ем-дом, жаттығулар жазып берудің орнына: "Қаңтар оқиғасы қатысқандарды мүгедек ретінде тіркемейміз" деп қорқыта бастады. "Сол бұйрықты көрсет. Оны саған кім айтты?" деп сұрап едім, үндемей қалды.
Жәмила оңалу оңай емес дейді. Аяғы анда-санда ісіп кетеді екен.
– Жарақаттың орнындағы некроздың жазылуы ұзаққа созылды. Ол кезде дәрігер маған аяғыңды басуға болмайды деп айтқан жоқ. Мен жаттығу жасап, аяғымды шынықтырайын деп ойладым. Отырып-тұрып жаттығу жасадым. Сөйтсем, менің жағдайымда олай істеуге болмайды екен. Аяғым қабына бастады. Терісі де жазылмай қойды. Төсектен тұра алмай қалдым. Хирургті шақырып едім, ол бәрін кесіп алып тастады. Жүрсем болды, аяғым қайта қабынады. Сосын дәрігер оны тағы кесіп тастайды. Үш рет кесіп, тазалаған шығар. Дәрігер өкшеңмен жүр дейді. Олай жүре алмаймын.
Жәмила мүгедек ретінде тіркелген. 2022 жылы екінші топтағы мүгедек болса, биыл үшінші топқа ауысқан. Бұл санат физикалық мүмкіндігі "орташа" шектелген адамдарға беріледі. Жәрдемақысы 71 мың теңге, яғни 150 доллар шамасында. Ол өзін іс жүзінде еңбекке жарамды деп таныған медициналық комиссияның шешімімен келіспейді.
Біз бұрынғы президент резиденциясы алдында кездескеннен кейін келесі күні Жәмила Бурабаева мүгедектігі үшін берілген санатқа келіспейтіні туралы өтініш жазу үшін Алматы қалалық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментіне барды.
Биік баспалдақтың алдында мүгедек арбасындағы адам отыр. Арғы жағында – ғимараттың ішінде арбаның дөңгелектері өте алмайтын биік табалдырық жатыр.
– Қорғағандарың осы ма? – деді Жәмила алдынан шыққан әлеуметтік қорғау саласының бір қызметкеріне. – Өткен жолы осы жерден көтеріле алмағанмын, маған айналып өт дедіңдер. Бірақ ол жақта пандус жоқ. Мен ғана емес, басқа да мүмкіндігі шектеулі адамдар бұл жерден кіре алмайды.
Екінші топтағы мүгедектер қоғамдық көліктермен тегін жүреді деп түсіндірді Жәмила. Олардың төмен пайызбен ипотека рәсімдеуге мүмкіндігі бар. Одан басқа жеңілдік жоқ.
Департамент жетекшісі Асқар Аймағамбетовпен кездесу кезінде Жәмила Бурабаева арбаға таңылғандар қоғамдық көлікпен жүре алмайтыны туралы мәселе көтерді. Комиссия өзіне шығарған шешімін қайта қарап, екінші топтағы мүгедек деп танысын деген тілегін жеткізді.
– Мүгедектік жөніндегі комиссиядан қайтадан өтесің деді. Тіпті екінші топты бермеген күннің өзінде, ең болмағанда шешіммен келіспейтін, үнсіз қалмайтын адамдар барын білсін, – деді ол департамент басшысының кабинетінен шығып бара жатып.
ЖІГЕРІ МҰҚАЛМАҒАН ЖАННЫҢ ТАЛАБЫ
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен "Қазақстан халқына" қоры құрылған. Оған елдегі танымал олигархтар миллиардтаған теңге аударды. Қайырымдылық мақсатта құрылған қордағы қаражат денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласына көмек көрсетуге жұмсалады делінген.
"Қазақстан халқына" қоры Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандардың – 148 адам кездейсоқ құрбан деп танылған – туыстарына және отбасына жеті миллион теңгеден қаражат аударылғаны туралы есеп берді (ресми деректер бойынша барлығы 238 адам қаза тапқан). Қор Қанды қаңтар кезінде жараланғандарға көмек бергенін де мәлімдеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан билігі Қаңтарды жан-жақты тергеуден сескене ме?Жәмила Бурабаеваның айтуынша, оған сол қордан үш миллион теңге (алты жарым мың долларға жуық) төленген. Бірақ ол бұл ақша тартқан азабының өтемі бола алмайды дейді.
– Үкімет маған моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге берсін деген талабымды айтып, арыз жаздым. Алматының Әуезов аудандық соты арызымды қанағаттандырудан бас тартты.
Жәмилаға оқ тигеніне қатысты қозғалған қылмыстық істі құпия тергеп, кейін жауып тастаған. Ол тергеу қандай шешім шығарды, өзіне кім оқ атты – Жәмила әлі күнге білмейді.
– Ол жазасыз қалды, өйткені оқ жоқ. Аяғымды тесіп өтіп кеткен. Оны қашан табады, таба ма, белгісіз. Менің ешқандай ықпалы жоқ әйел екенім көрініп тұр ғой. Ешкімге қауіп төндірмеймін. Атқан адамға: "Қалай өмір сүріп жүрсіз? Өзіңіз сияқты қарапайым халықты, Қазақстанның азаматтарын аттыңыз ғой. Сонда сіз ештеңе сезінбейсіз бе? Мұның бәрі бумеранг болып, алдымнан шығады деп ойламайсыз ба? Көресіз! Балаларыңыздың, немерелеріңіздің алдынан шығады. Бір күні әділет орнайды", – деп айтқым келеді.
Қозғалып-қимылдауы қиын болса да Жәмила Бурабаева барынша белсенді болуға тырысады. Ол былтырғы Қанды қаңтардан кейін, құқық қорғаушылардың айтуынша, қудалауға түскен азаматтық белсенділердің сотына қатысып жүр. Сарапшылар мемлекет басшылығы "биліктен айырылып қалудан" қорыққандықтан елде репрессиялық әрекеттер жиілеп кетті дейді.
Жуырда Жәмила қоғам белсендісі Назым Табылдиеваның ісі бойынша сот процесіне қатысып қайтты. Сот Табылдиеваны Facebook-тегі бірнеше жазбасына бола "көрінеу жалған ақпарат таратқаны" үшін кінәлі деп танып, бір жарым жылға бостандығынан айырды. Сол жазбалардың бірінде автор Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі "елге 20 мың террорист кіріп кетті" деген сылтаумен халықты қырып тастады деп жазған болатын.
Ақорда Қаңтар оқиғасынан бірнеше апта өткен соң да шетелде дайындалған мыңдаған лаңкес елге шабуыл жасады деген сөзін алға тартуын жалғастырды.
Оған ешқандай дәлел болған жоқ, бірақ Тоқаев елге лаңкестер шабуылдады деп, ескертусіз оқ атуға бұйрық берді. Кейін ол шетелден келген содырлар туралы ақпаратты бұрынғы күш құрылымдары басшылығынан алғанын мәлімдеді.
Жәмила Бурабаева өміріне қатер төнген сол бір күні көшеден бірде-бір лаңкес көрмегенін айтады. Сондай-ақ ол Қаңтар оқиғасына қатысқандарды оңалту үшін күресті жалғастырмақшы. Ақорданы осыған қатысты арнайы заң жасақтауға бастамашы болуға үндеп, хат да жазып қойған.
"Мен лаңкес те, содыр да, қылмыскер де емеспін. Жауған оқ астында қалып, ауыр жараланып, әрең дегенде аман қалдым. Маған оқ атқан адамды көрген жоқпын. Бірақ ескертусіз оқ атуға кім бұйрық бергенін білемін. Тоқаев мырза, сіз менің бұзылған құқығымды қалпына келтіруге міндеттісіз. Сол себепті жазықсыз құрбандар атынан "Қаңды қаңтар құрбандарын оңалту" туралы заңға бастамашы болуыңызды талап етемін. Мұндай талап қою үшін мен өзім сияқтылардың осы уақытқа дейін тартқан азабын, көрген қиындығын, шеккен қасіретін және сіз, Тоқаев мырза, адам құқықтарының кепілгері боламын деп көрсеткен Конституцияны негізге алып отырмын", – деп жазған Жәмила Бурабаева хатта.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Айкөркемнің аруағын өлтірді". Марқұм бүлдіршіннің отбасы үкімді ауыр қабылдады20 ай кешіктірді. Қаңтар құрбанының ісі жесіріне неге берілмей келді?Аруақтар соты. Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан адамдарды кінәлі етіп шығару кімге керек?"Әуежайды басып алған Тілеужанов" кім? Бас прокуратура уәжінің әлсіз тұстарыЕвгений Жовтис: Демократияға ешқашан бет бұрмаған, авторитар қалпынан айнымаған режим болды