"Күйеуім қаза тапқан кезде жүкті едім". Қаңтар құрбандарының жесірлері

Арайлым Салдарова – 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте оқ тиіп қаза болған Серік Салдаровтың жесірі. Шымкент, 27 сәуір, 2023 жыл

Қаңтар оқиғасында ері қаза тапқанда 10-нан астам әйелдің құрсағында нәресте болған. Сол сәбилердің алды бір жасқа толды. Оқиғадан бір жылдан астам уақыт өткенде осы әйелдердің кейбірі қандай сынақты көргенін әңгімелеп берді.

"БАЛАСЫН КӨРЕ АЛМАДЫ"

Күйеуі қазаға ұшырағанда Ырысты Дәуірбаева 5 пен 3 жасар екі қызымен және құрсағындағы екі айлық баласымен жалғыз қалған. Өмірі күрт өзгерген келіншек балаларымен бірге Қарағандыда тұратын ата-анасына кеткен.

Ырысты Дәуірбаева

– Көңілі кең, сабырлы адам еді, – деп еске алады Ырысты жары Нұрлыбек Асылбековті. – Ол қайтыс болғаннан кейін жалғыздықтан қорықтым. Ол енді жоқ деген ойды қабылдай алмадым. Қорқынышымды жеңе алмадым. Қарағандыға көшіп кетуімнің бірінші себебі – осы. Суретіне қараймын да, жылай беремін. "Кімге, неге тастап кеттің?" деп өз-өзіммен сөйлесетінді шығардым. Өмір сүргім келмеді.

Қайғыдан құса болған Ырыстыға ата-анасы көмектесіп, көңілін аулауға тырысқан. Бірақ, өзінің айтуынша, қайғысы жеңілдемеген. Ес жиюға анасының ашулы сөзі себеп болған.

– Анам "Ішіңдегі бала ауру болып туса, қайтесің? Неге баланы ойламайсың?" деп қатты ұрысты, – дейді ол.

Ырысты Дәуірбаева мен балалары. Үлкен қызы үйдің кенжесіне Қаңтар оқиғасында Шымкентте оққа ұшқан марқұм әкелері Нұрлыбек Асылбековтың суретін көрсетіп отыр. 19 сәуір, 2023 жыл

Ырысты анасының осы сөзі әсер етіп, сабырға келгенін айтады. Бірақ шілденің аяғында босанып, баласын бауырына басқанда жалғыздық сезімі қайта қысқан. Былтыр шілдеде туған Айсұлтан қазір тоғыз айға толып отыр. Еңбектейді. Тілі енді-енді шығып келеді. Әкесінің суретіне қарап, "папа, папа" дейді. Мұны өзінен үлкен екі әпкесі үйретіп қойған.

Ырысты әлі күнге күйеуі туралы, оның өмірі жайлы сөйлегенде көзіне еріксіз жас алады. Ондайда үлкен қызы үйдің бұрыш-бұрышын іздеп, тығылады. Көз жасын анасына көрсетпеуге тырысады. Екінші қызы анасын құшақтап, қосылып жылайды. Мұндайда әкесін көрмеген Айсұлтан оларға жалтақ-жалтақ қарайды. Анасының көз жасын кішкентай алақанымен сүртіп, бетінен сүйеді.

Нұрлыбек Асылбеков – Қаңтар оқиғасы күндері Шымкентте оққа ұшып, мерт болған адамдардың бірі. Жасы 41-ге таяп қалғанда көлденең қазаға тап болды. Ырысты жұбайының қаза тапқанын 6 қаңтар күні естіген.

Әуелде Шымкент полициясы марқұмның үстінен "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ырысты бұған нала болып, күйеуінің жазықсыз екенін дәлелдеймін деп, Қарағандыдан Шымкентке көшіп келген.

"СЕРІК, ҚАРАШЫ, БАЛАМЫЗ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ"

Қаңтар құрбаны Серік Салдаровтың жары Арайлым Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы қазақ драма театрында жұмыс істейді. Кезекті жаңа қойылымның тұсаукесерінен соң ол үйіне – 10 айлық қызы Әлияға асықты. Былтыр қаңтарда Серік оққа ұшқанда, 7 және 2 жасар екі қыз тәрбиелеп отырған Арайлымның құрсағында бала болған. Екі қызын оңай босанған Арайлым үшінші баласын тапқанда қиналып қалғанын айтады. Оның сөзінше, бұл жолы қан қысымы көтерілген, түсік болу қаупі күшейген. Жүктіліктің 38-аптасында дәрігерлер жасанды жолмен толғақ шақыртып, жедел босандырған.

– Қатты қиналдым. Толғақ кезінде күшенгеннен баламен бірге жатырым сыртқа шығып кетті. Кейіннен дәрігерлер мұны стрестен көрді. Баламды қолға алғанда "Серік, қарашы, баламыз туды!" деп жыладым. Жанымда болған әпкем де, дәрігерлер де менімен бірге қосыла жылады. Күйеуімнің аманатын сақтап қала алдым деп іштей қуанғаныммен, жанымда жарым жоқ болғаны қайғы-мұңға батырып, өкініштен өзегім өртенді, – дейді Арайлым көз жасына ерік беріп.

Арайлымның айтуынша, туыстар мен дос-жаран Серіктің орнын жоқтатпауға тырысып, перзентханада да, одан кейін де қолдау білдіріп тұрған. Бірақ бұл күйзелістен толық құтқармаған.

– Қаңтарға дейін арқа сүйер азаматым бар еді. Екеуіміз бір адамдай едік. Алдағы күнге сенім мен мақсат, жоспар бар болатын. Далада қаламын деген ой болмайтын. Уайым жоқ еді. Қаңтардан кейін бәрінің күлі көкке ұшты. Арқа сүйер азаматымнан айырды, өмірімнің мәні кетті. 18 жыл бірге жүріп, бауыр басқан адамымнан айырылдым, – дейді Арайлым күрсініп.

Серік Салдаровтың жесірі Арайлым Салдарова. Шымкент, 27 сәуір, 2023 жыл

Арайлымның сөзінше, Серікті ес біліп қалған екі қызы да қатты іздеген. Екі жасар қызы ұйықтай алмай мазасы кеткенде, Арайлым оны әкесінің жейдесіне орағанын айтады. Осыдан кейін бала тынышталып, сол жейдені жамылып ұйықтауды әдетке айналдырған.

– Серіктің жаназасында үлкен қызымды қасыма алып отырдым. Қызымның өмір бойы әкесін күтіп, есікке телміріп отырғанын қаламадым. "Қарашы, әкеңді әкетіп барады. Енді біз оны көрмейміз" дедім. Көзіне жас толып, қозғала алмай қалды. Қызым түсінді, әкесі қайтып келмейтініне мойынсынды. Содан кейін "әкем қайда?" деп сұрамады, – дейді Арайлым. – Екінші қызым "әкем қайда?" деп сұрап жүрді. Кішкентай ғой. Аспанға құс болып ұшып кетті дедік. Кейде далаға шыққанда, аспанға ұзақ қарап, әкесін іздейді. Ал кенже қызым беймазалау, көп жылайды. Жәутеңдеп тұрады. Екі қызым әке мейірімін көрді. Мына қызым әкесінің түрін де көре алмады, сол – өкініш.

Арайлым үйде күнделікті күйбең тірлікке алданады. Ал сыртқа шыққанда, жазғыз қалғанын, жаралы екенін сезеді.

– Жұмысым Қаңтар оқиғасы болған алаңның жанында орналасқан. Алғашында сол алаңды көрудің өзі маған ауыр тиді – дейді Арайлым шерлі үнмен.

Арайлым баласын қолына алғанша Серіктің үстінен қозғалған іске араласпаған. Баласының буыны қатқаннан кейін Қаңтар оқиғасында туысынан айырылған адамдардың тобына қосылған. Қайғысын бөлісе алатын тағдырлас адамдардың ортасында өзін жайлы сезіне бастағанын айтады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Адамның қадірі кеткен заман ба?" Қаңтардағы дүрбелеңде жақыны оққа ұшқандардың мұң-зары

"БАЛАЛЫ БОЛАТЫНЫН БІЛМЕЙ КЕТКЕНІНЕ КҮЙІНДІМ"

Қаңтардағы қаралы күндерде Алматыда оқ тиіп, қыршын кеткен шымкенттік Аңсар Исламның әйелі де жүкті болған. Сол оқиғадан санаулы ай бұрын Аңсармен шаңырақ көтерген Ақнұр Алысханова құрсағында бала барын күйеуінің қырқын өткізген соң бір-ақ білген.

Оның айтуынша, Аңсар екеуі Жаңа жыл мерекесін Шымкентте отбасымен атап өтіп, Алматыға жұмысқа асыққан. 5 қаңтарда Аңсар ағасымен бірге көлігінің майын ауыстыруға барғанда, қаладағы жаппай наразылықтың куәсі болған.

– Түсте "уайымдама" деп хабарласты. Бірақ неге екенін білмедім, көңілім алабұртып, жүрегім жай таппады. Қайта хабарласқанда, телефонын көтермеді. Түн ортасында қалада жаппай тәртіпсіздік болып жатқанын интернеттен көрдім. Таңға қарай аға (Аңсармен бірге болған ағасын айтады – ред.) келді. "Аңсардан айырылып қалдық. Денесін мәйітханадан таптым" деді. Өмірім бір сәтте төңкеріліп кетті, – дейді Ақнұр.

Қаңтар оқиғасында қаза тапқан Аңсар Исламның жесірі Ақнұр Асылханова. Шымкент, 21 сәуір, 2023 жыл

Күйеуін ажалға қимаған Ақнұр тергеушілер марқұмның сүйегін қазып алып, сараптамаға жіберген кезде де ол тіріліп келетіндей күй кешкенін айтады.

– Бойыма бала біткенін сездім. Алғашында бұл туралы біреуге айтуға қорықтым. Аңсар баланы жанындай жақсы көретін. Бірақ жүкті екенім анық болғанда, қуана алмадым. Жанымда бірге қуанатын Аңсар болмады. Аңсар балалы болатынын білмей кеткеніне қатты күйіндім, – дейді ол.

Ақнұрдың аяғы ауыр екенін білгенде әке-шешесі мен ата-енесі оны артық уайымнан мейлінше қорғауға тырысқан. Оны Аңсардың қазасына қатысты қозғалған істің төңірегіндегі дауға араластырмаған.

Аңсардың анасы Жазира Жандарбекова қаңтарлықтар тобының наразылық жиындарына өзі барып жүрген. "Бар ойым Аңсарымнан қалған жалғыз тұяғымды қолыма алу еді" деді келінін жұбатқан Жазира әңгімеге араласып.

Ақнұр Асылханова (сол жақта) сәбиімен және енесі Жазира Жандарбековамен бірге. Шымкент, 21 сәуір, 2023 жыл

Ақнұр аяғы ауыр кезінде құрсағындағы баладан айырылып қаламын ба деп үрейленгенін айтады. Оның сөзінше, перзентханада дәрігер баланы қолына ұстатқанда да, өз сәбиі екеніне бір сәт көз жеткізе алмай абдырап қалған.

– Қызым Алуананың туғанына жеті айдан асты. Көзіне қарасам, жылағым келеді: әкесінен аумайды. Бейкүнә көзімен маған қарағанда, жаным ауырып кетеді. Бақытым бітіп қалған сияқты күй кешемін. Аңсардан бұлай айырылуға дайын болмадым. Қабылдай алмай жүрмін, – дейді ол.

Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Шымкентте 20 адам опат болған. Жергілікті полиция олардың үстінен "жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғаған. Бірақ марқұмдардың туыстары бірігіп, қаланы басқарып отырғандар мен мемлекеттік биліктен қаза тапқандарды кінәсіз деп тануды талап етіп, бірнеше мәрте наразылық акциясын өткізді. Астанаға келіп, орталық мемлекеттік органдарға, президент әкімшілігіне арызданды. Кейін құзырлы органдар Шымкентте қаза тапқан Қаңтар құрбандарының бәрін "жәбірленуші", оқиғаның "кездейсоқ құрбаны" деп таныды. Алматыда опат болған Аңсар Исламның үстінен қозғалған іс те осылай аяқталған.

Билік өкілдері жария еткен дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында барлығы 238 адам қаза тапқан. Осы оқиғадан кейін құрылған "Қазақстан халқына" қорының дерегіне қарағанда, соның ішінде 52 адамның артында кәмелетке толмаған 124 бала қалған. Азаттық радиосы, бұған қоса, әкесінен құрсақта жатып айырылғандардың да есебін жүргізді. Жиналған ақпаратқа қарағанда, сол қанды оқиғада өмірі қиылған кемі 12 азаматтың артында жүкті әйелі қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Баламның сүйегін бір жарым айдан соң таптым". Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 17 жастағы бозбала"Кеудесі мен басынан оқ тиген". Ерлан Аяздың анасы ұлын кім өлтіргенін білгісі келеді"Алаңда оққа ұшты". Шымкентте қыршынынан қиылған қос ғұмырдың сұрауы кімнен?"Оқ ішіне тиген". Шымкенттегі наразылыққа барған жігіттің қалай қаза тапқаны белгісіз"Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?