Қазақстандағы ең үлкен мешітте Құрбан айт намазы оқылды

Астанада Құрбан айт намазы таңғы 6.00-ге белгіленді. Жамағат мешітке бір-екі сағат бұрын жинала бастады. Күн бұлттанып, қоңыр салқын болды.

Мешітке келген көп адам 35 мың орындық үлкен залды толтыра алмады. 10 гектар аумақты алып жатқан құлшылық орнында барлығы 235 000 адам намаз оқи алады: 35 мыңы мешіт ішінде, 200 мыңы мешіт сыртындағы аулада. Іштегі орындардың 23 мыңы – ерлерге, 5 мыңы әйелдерге арналған. Мешіт ортасындағы ашық алаңда 7 мың адамға орын бар.

Мұсылман ғибадатханасы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған. Сәулетшісі – Түркия азаматы Айшекүл Ерин. Содан болса керек, жаңа мешіт алдыңғыларына қарағанда Түркиядағы тарихи мешіттердің үлгісіне ұқсайды.

Мешіттегі үлкен күмбездің биіктігі 83 метрден асады, диаметрі – 62 метр. Төрт мұнарасы бар. Әрқайсысы 130 метрге жетеді.

Ішке кіргенде қоңыр түсті биік ағаш қақпа көзге түседі. Ресми ақпаратқа қарағанда, африкалық Ирокко ағашынан жасалған бұл қақпаның биіктігі – 12,56 метр, салмағы – 1,5 тонна.

Мешітте мұндай қақпаның бірнешеуі бар.

Төрдегі қабырғада Алланың 99 есімі бейнеленген.

Мешіт ішінде садақаны онлайн төлеу қарастырылған.

Ғимаратты ерекшелейтін тағы бір тұсы – аспашамдары. Ортадағы үлкен аспашамның диаметрі – 27 метр, салмағы – 22 тонна. Бұдан бөлек, залдың төрт жағында үлкеніне ұқсайтын төрт кіші шам ілініп тұр. Олардың диаметрі – 8 метр.

Намаз оқып шыққандарға айт мерекесіне арналған дәм ұсынылды.

Мешіт қала қонақтары іздеп келетін орынға айналған.

Бүгінгі намазда суретке, видеоға түсіп жатқандар көп болды.

Ұлытау облысы Жаңарқа ауданында тұратынын айтқан мына азамат Астанаға келген соң, осы мешітке келіп намаз оқуды ниет еткенін айтады. Аты-жөнін атамады.

Жамағат ішінде шетел азаматтары да кездесті. Пәкістандық Мұхамед Жамали Назарбаев университетінде химия инженерия мамандығы бойынша PhD оқып жүр. Қазақстанда жүргеніне бір жылдан асқан. «Қазақстандағы екінші жылым. Пәкістанның өз мәдениеті, бұл жақтың да өз алдына бөлек мәдениеті бар екен. Керемет тәжірибе» дейді ол мешіттегі намаздан алған әсерін сипаттап.

Ауғанстан азаматы Ашраф та Назарбаев университетінде зерттеумен айналысады. Қазақстанға 2016 жылы келген ол алдымен Алматыдағы Қаныш Сәтбаев ұлттық университетінде оқып, 2021 жылы Назарбаев университетіндегі магистратура бөліміне түскен. Мамандығы – азаматтық экология инженериясы. Оқуын тәмамдап, қазір сол университетте ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. "Бүгін мына үлкен мешітке Құрбан айт мерекесін тойлау үшін келдік. Қазір қаланың түрлі ауданына келген достарыммен мерекелік дастарханға барамыз. Қуанышты көңіл күйдемін» деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев мешіттің алғашқы кірпішін 2019 жылғы 18 наурызда – президенттіктен кетерін мәлімдемей тұрып бір күн бұрын қалаған. Құрылыс аяқталып, тұсаукесері былтыр тамызда өткен. Ашылу салтанатына Назарбаевтың өзі қатысқанымен, ол жерде оның ізбасары, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бой көрсетпеді.

Ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев жаңа нысанның Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт екенін айтты. Алайда бұл мәртебені 8 маусымда Душанбеде ашылған мешіт даулайтын көрінеді. Fergana сайтының жазуына қарағанда, Душанбедегі мешіттің ішінде бір мезетте 43 мың адам намаз оқи алады. Ауласымен қосқанда сыйымдылығы – 133 мың адам. 12 гектар жерді алып жатыр. Құрылысы 2011 жылы басталып, 2019 жылғы күзде аяқталған. Ашылу рәсімі коронавирус індетінен кейінге шегерілген. Жобаға барлығы 100 миллион доллар кеткен. Оның 30 миллионын тәжік үкіметі, 70 миллионын Катар билігі берген.

2019 жылға дейін Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті болған. Бұл да Назарбаев бастамасымен салынған. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусым күнгі Құрбан айт мерекесінде бір топ шенеунікпен бірге осы мешітке барды. Оған дейінгі діни жоралғыларды да ол Әзірет Сұлтан мешітінде жасаған, былтыр ашылған бас мешіттен төбе көрсетпеген. Ақорда жариялаған мына сурет сол мешітте түсірілген.

Астанадағы бас мешіттің ашылу рәсімінде Нұрсұлтан Назарбаев жобаға мемлекет қаржысы жұмсалмағанын, мешіттің демеушілер есебінен салынғанын айтқан. Бірақ әзірге дейін қанша ақша кеткені, демеушілердің кім екені айтылмады. Ашық дереккөздерге қарағанда, жобаны "Астана-20" мемлекеттік қоры қаржыландырған. Ресми құжаттарға қарағанда, қор 2018 жылғы шілдеде құрылған, құрылтайшысы – Қазақстан президентінің іс басқармасы.

Statsnet.co сайтының дерегіне қарағанда, 2018-2022 жылдары қордың түсімі 60 миллиард теңге (133 миллион доллар) болған. Қорға қаражатты кім құйғаны беймәлім.

Кейінгі ұлт санағына қарағанда, Қазақстанда 19 миллионнан астам халық бар, оның 70 пайызға жуығы – мұсылман. Елде 2,7 мыңнан астам мешіт бар. Ал 1,2 миллион халқы бар Астанада мешіт саны – 13.

Зәулім мешіттердің салынуына қатысты Қазақстанда екі түрлі пікір бар. Кейбір адамдар қыруар қаражатқа мешіт салғанша, аурухана мен мектеп соққан дұрыс десе, кейбірі мешіт елдің рухани дамуына ықпал етеді, аурухана мен мектепті салу мешітке кеткен қаржының есебінен жүзеге аспауы керек дейді.

28 маусым – Құрбан айт күні Астанадағы бас мешітте де мерекелік намаз оқылды. Былтыр ашылған жаңа мешіт сәулетімен ерекшеленіп, туристер жиі баратын нысанға айналды. Құлшылық орны Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған.