Тұрғындарының саны миллионға таяған Шымкент көшесінде тротуарлар аз дейді жергілікті тұрғындар. Азаттық тілшісі жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жағдайын білу үшін қаладағы бірнеше көшені аралап көрді. Жүргіншілермен сөйлесіп, пікірін білді.
ТРОТУАРЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Қаланың орталық бөлігінен шетіне қарай жүрген сайын тротуарлар саны сирей береді. Азаттық тілшісі Күншығыс, Теріскей, Сайрам шағын аудандарына барған кезде орталықтан басқа көшелердің көбінде тротуарлар жоқтығын, бар жолдардың сапасыз екенін байқады.
Кейбір көшелер тар, тас не топырақ төселген. Кейбір жерлерде тротуар болғанмен ыдырап тоза бастаған. Дүкен, дәмхана, көлік жуу орталықтарын салған кәсіпкерлердің жүргіншілер жолын бекітіп алған жағдайлары да кездеседі. Көп көшелердің бір жағында ғана жаяу жүргіншілер жолы бар. Қоқыс жәшіктері қойылмаған, тазаланбай қалған жүргіншілер жолы да көзге жиі шалынады.
Аудан орталығындағы тротуарлардың арбамен жүретін азаматтарға қолайсыз екені байқалады. Бағдаршамнан өтетін тұста арбаның жүруіне бетон бордюрлар кедергі келтіреді. Мұны ары-бері өткен тұрғындардың өзі де айтады.
- Мұндай жолмен күнде қалай жүріп жұмысқа баруға болады? Жолдардардың кейбірінде пандустар жоқ. Мүгедек арбасымен не болмаса балаларын қоларбамен алып жүретін адамдарға өте қолайсыз. Бар болған күннің өзінде талапқа сай емес. Пандус тым биік, бұрышы 80 градус шамасында. Мұндай жерлерде арбадағы баламен түсу қиын, - дейді Жолан батыр көшесінің бойында Азаттық тілшісі жолықтырған қала тұрғыны.
Ары-бері өткен тұрғындардың айтуынша, жөндеу жұмыстарына қарамастан жүргіншілер жолдары тез тозады. Басы бар, соңы бітпей қалған жолдар да кездеседі.
- Мысалы, Рысқұлов және Жібек жолы көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолы бітпей қалған. Жолды жекеменшік көлік жуу орталығы шарбақпен қоршап алған. Әне, адамдар көлік жолын қиып өтуге мәжбүр. Бұл жер - аялдаманың түбі. Байқасаңыз, көшелердің қиылысқан осы тұсынан көліктер де, жолаушылар да өте көп жүреді. Ары-бері өтуге қауіпті, қолайсыз. "Тиын" аялдамасынан Күншығыс шағын ауданына бұрылатын тротуар да осы. Кәсіпкерлер иеленіп, дүкен, дәмхана салып алған. Ығы-жығы көлік, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген тұрғын.
Кейбір азаматтар тротуарлардың уақытында тазаланбайтынын, күтімсіз қалғанына қынжылыс білдірді.
МҮГЕДЕК ЖАНДАРДЫҢ "ЖОЛ АЗАБЫ"
Тротуарлардың ыңғайсыздығы туралы әкімдікке шағымданып жүрген "Шектелме" мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсат Сәрсембаев мүгедектер арбасымен жүретін адамдарға қалада жүру өте қиын екенін айтады. Оның сөзінше, жаңадан салынған және салынып жатқан көшелердің өзінде мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі ескерілмеген.
Бірлестік төрағасы "Нұрсәт шағын ауданынан бастап, қаланың орталық көшелері саналатын Қонаев, Тәуке хан көшелерінің бойындағы бордюрлар мүгедек арбасының жүруіне кедергі келтіретіндіктен, автокөліктермен қатарласып үлкен жолмен жүруге мәжбүр боласың" дейді.
- Бұл – қауіпті. Электр қуатының көмегімен жүретін қосымша құрылғыны арбаға жалғап, күніне шамамен 30 шақырым жол жүремін. Жұмысқа, одан шығып бассейнге барамын. Бірде-бір көшеде кедергісіз жүре алмайсың. Тіпті жанында көмекшісі бар мүмкіндігі шектеулі адамның арбасы өте алмайтын жерлер бар. Ондай жерден бір адамның көмегімен өте алмайсың. Үш-төрт адамның күші керек. Қоғамдық көлікке міне алмаймыз - арнайы пандусы жоқ. Аялдамаларда арнайы жүретін жер салынбаған. Инвотаксидің өзі аз. Бір адам бір айда сегіз-ақ рет қолдана алады, - дейді Мақсат Сәрсембаев.
Бірлестік төрағасы мұндай жағдайды көп адамдардың бастан кешіретінін айтады.
- Күнде арбамен жүріп, қиналған кезде жаным ауырады. Мен ғана емес, мен тәрізді қанша арбадағы адам жол азабын көріп отыр. Жолды салатын кезде онымен мүмкіндігі шектеулі азаматтар да жүретінін ескерсе ғой. Қала әкімінің, не облыс әкімінің бір кеңесшісі қол арбамен жүретіндер не зағип жандар арасынан сайланса, жағдайды толық түсінетін еді. Дені сау кісінің мүгедек адамның жанын түсінуі қиын, - дейді Мақсат Сәрсембаев.
"ӘЛІ 2200 ШАҚЫРЫМ ЖЕРГЕ ТРОТУАР САЛУ КЕРЕК"
Жергілікті билік өкілдері тротуарлардың аздығын растағанмен, олардың сапасын "қанағаттанарлық деңгейде" деп бағалайды.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Баймендиевтің айтуынша, қаладағы шамамен 2800 шақырым жолдың 600-ден астам шақырымында ғана тротуарлар бар. Жыл сайын 100-200 шақырым жерге тротуар салынады. Биыл 57 шақырым жол жаңадан пайдалануға берілген.
- Тұрғындар қауіпсіздігі үшін барлық көшелерде тротуарлар салынуы керек. Амал жоқ, тар көшелерге жаяу жүргіншілер жолын сала алмаймыз. Шағын аудандарда мұндай көшелер көп. Мысалы, Қайтпас, Азат шағын ауданында жаяу жүргіншілер жолын салуға мүмкіндік жоқ, көшенің өзі өте тар. Жалпы қалаға кемінде 2200 шақырым жерге тротуар салу керек. Оны бюджеттен қаражаттың бөлінгеніне қарай салатын боламыз, - дейді Қайрат Баймендиев.
Оның айтуынша, қалада тротуар салуға келмейтін 700 шақырым жол бар. Ондағы жүргіншілердің қауіпсіздік мәселесін қалай шешуге болатынын қала билігі айтпады.
Басқарма өкілінің сөзінше, қалаға тиесілі жолдардың жартысына (шамамен 1500 шақырым) ғана асфальт төселген. Қалғаны тас және топырақ жол. Оларға асфальт төселген кезде тротуарлар да жасалады дейді билік өкілі.
- Жаяу жүргіншілер жолының ені кемі 0,75 метр болуы керек. Десе де, қалада ені 0,75 метрден аз жолдар бар. Жолдың кем-кетігін көбіне тұрғындардан түскен арыз-шағымдар негізінде зерттеп, жөндейміз. Арыз-шағымдар көбіне мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған сырғыма баспалдақтарға байланысты түседі, - дейді Қайрат Баймендиев.
Оның айтуынша, кәсіпкерлер тротуарларды жергілікті әкімдікпен келісім-шарт жасасып, пайдалана алады. Тек қызыл сызыққа түсіп қалғандарға ғана басқарма шара қолданады. Басқарма өкілі жөндеу жұмыстарына байланысты қазылған жолдардың қайта қалпына келуін бақылап отырамыз деп сендіруге тырысты.
- Жолды бұзып, қайта қалпына келтірмеген компанияға екі рет ескерту беріп, сотқа береміз. Сотқа жүгінген кездеріміз де болған, - дейді Қайрат Баймендиев.
Шымкент қалалық әкімдігінің дерегінше, бір шақырым жерге тротуар салу үшін шамамен 10 миллион теңге жұмсалады. 2018 жылы жол салу мен жөндеу жұмыстары үшін бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінген.