Шымкенттегі апатты үй
1935 жылы тұрғызылған ескі үйдің қабырғасы жарылып, іргетасы мүжіліп кеткен.
Жергілікті билік 2015 жылы бұл үйді апатты жағдайда деп таныған.
Үйдің екі подъезіндегі бір, екі және үш бөлмелі алты пәтерде жиыны 26 адам тұрады. Олардың арасында жасы кәмелетке толмаған балалар мен қарт адамдар да бар.
Тұрғындар тозығы жеткен үйдің сансыз проблемалары барын айтып шағынады.
Есік-терезе, ағаштан жасалған еден мен баспалдақ әбден ескіріп, сынған.
Шатырдан ағатын жаңбыр суынан қабырғалар сарғайып кеткен.
"Бұрын жылу құбырын төбеден жүргізген екен. Ол шіріп, биыл екі рет жарылып төбемізден ыстық су ақты. Қабырғаларды сылаймыз, қайта жарылады, одан қалса түсіп қалады" дейді зейнеткер Мәнсия Алданова.
Үй ішінде кесіртке, өрмекші, тарақан тәрізді жәндіктер өріп жүр.
Үйдің екінші қабатындағы бір пәтердің едені сынып, төменгі қабатқа құлап түсуге шақ тұр. Оның астынан тіреуіш қойғанымен, еденге салмақ түсіп, ол жөртөлеге қарай шөге бастаған.
Қабырғалары әр жерден сөгіліп, ырсиған үй құлағалы тұрғандай әсер етеді.
Бірақ үй тұрғындары өздеріне жеке меншік баспана берілмейінше орындарынан қозғалмайтындарын айтады.
"Отбасымда 11 жан бар. Екі баламның бала-шағасымен бірге тұрамыз. Мұнша жанмен қайда барамын, қызымның үйіне барсам да сыймаймын" деп шағынады зейнеткер Мәнсия Алданова. Ол осы үйде тұрып жатқанына 40 жыл болғанын айтады.