"Қазақ балалары сапалы дүние көрсе деп..." "Шырақ" қазақ анимациясының шырағын жақты ма?

"Шырақ" анимациясынан көрініс

Биыл қазанда қалың көпшілікке ұсынылған "Шырақ" мультфильмі көрерменнің ықыласына бөленіп, YouTube’тегі көрілімі бір миллионнан асты. "Шырақтың" авторлары анимация арқылы отбасы құндылығын дәріптеуді көздегенін айтады. Ал сарапшылар қазақ анимациясында мәселе көп, бұл салада сапалы дүниелер әлі де аз дейді.

"ДИСНЕЙДІ БАСЫП ОЗАМЫЗ"

Сіркірей жауған жаңбыр, қараңғы жертөледе тұрған домбыра мен сырты оюлы сандық. Бір кезде шырақ ұйқыдан ояна сала, жарқ етіп, қараңғы жертөлеге жарық береді... "Барлық отбасыға арналады" деп басталатын мультфильмде кішкентай майшам бір жанұяның басын қосып, бір-біріне жақын етеді.

Мультфильмге спойлер жасамай қояйын, бірақ YouTube желісінде "қысқа уақытта ой түйіп шығатын дүние болыпты", "кейінгі он жылда көрген ең ғажап дүние", "балама қатты ұнады, екінші сериясын шығарыңыздаршы", "Диснейді басып озамыз", "Жылап алдым" деген мыңдаған жылы пікір жазылған.


"Шырақты" жас аниматорлардан құралған "Ара" анимациялық студиясы өз қаржысына жасап шыққан.

– Фильм мемлекеттің, гранттың, қорлардың қолдауымен түсірілген жоқ. Бұл – осындағы мамандардың маңдай тері, еңбегі. Біз арасында коммерциялық жобамен айналыстық. Содан түскен түскен табысты "Шыраққа" құйып отырдық. Студиямыздың негізгі миссияларының бірі – отбасы институтымен жұмыс істеу. Отбасы тақырыбында анимациялық фильмдер шығару, – дейді "Шырақтың" режиссері әрі сценарисі Мейіржан Сандыбай.

Аниматорлар "Шырақты" жасағанда әр детальға, әр қимылға, әр сәтке аса ыждағаттылықпен мән бергендерін айтады. Мәселен, "Шырақтағы" кейіпкерлерге "жан бітірген" студияның бас аниматоры Нұрбек Нұрланбекұлының сөзінше, бөбектің анимациясын жасауға ағасының кішкентай баласы әсер етіпті.

"Шырақ" анимациясынан көрініс

– Көрерменді сәбидің анимациясына сендіру қиын болды, бірнеше түрін жасадық, бірақ көңілден шықпады, арзан көрінді. Ағамның баласы Байбек дүниеге келгенде сұрақтарыма жауап табылды. Оны құшақтап, ойнатқан кездегі күлген дауысы, қылықтары саналы түрде ойыңа жазылады екен. Байбектің видеоларын қарап, қолдан келгенше фильмде баланың тәттілігін көрсетуге тырыстық, – дейді ол.

"ШЫРАҚ" – ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ЕҢБЕКТІҢ НӘТИЖЕСІ

"Шырақтың" режиссері Мейіржан Сандыбай.

"Ара" студиясы "Шырақ" анимациясын жасауға екі жыл уақыт жұмсаған. Мейіржан жоба шығармашылық топ үшін үлкен мектеп болғанын айтты.

Жас аниматорлар бұл фильмді Blender бағдарламасында жасаған. Blender бағдарламасында үш өлшемді графика жасап, оны өңдеуге болады және 3D модельдеу, анимация жасап, сурет салу сияқты функциялары бар. Танымал "Моана", "Мұзды өлке", "Өрмекші адам-2" анимациялық фильмдері Blender-ді қолданған. Қазан айының аяғында "Ара" ұжымы Амстердамда (Нидерланд) өткен Blender конференциясына да барып, "Шырақты" көрсетіп қайтқан.

Мейіржан мен Бақытжан Шабдукаримов бастаған студияда қазір 23 маман жұмыс істейді.

– Студиядағы мамандардың бәрі – анимацияға тәнті, өнерсүйер жастар. Қатарымызда аниматорлар; кейіпкер мен қоршаған ортаның моделін істейтін 3D суретшілер; найзағай, от сияқты табиғи құбылыстарды жасайтын FX мамандары; кейіпкерге сүйек енгізіп, оны қозғалтатын риггерлер (rigger) бар, – дейді ол.

"Шырақтың" аниматоры Нұрбек Нұрланбекұлы

Студияның бас аниматоры Нұрбек Нұрланбекұлы университетте информатика мамандығын тәмамдаған, ол анимацияны өзі ізденіп, қызығып үйренген. Ал студияның 3D-аниматоры 26 жастағы Шыңғыс Мұхтаров Назарбаев университетін құрылыс инженері мамандығы бойынша оқып бітірген. Бірақ оның бала күнгі арманы мультфильм жасау болған. Шыңғыс мектеп, университет қабырғасында курстардан анимация негіздерін үйренген, студияға қосылғанда күрделі анимациялар жасай бастап, кейін "Шырақ" жобасына қатысқан.

– Фильм көрерменге ұнағанына, оны қазақтар көріп жатқанына өте қуандым. Өйткені "Шырақ" адамдарға пайдалы болсын деп жасалды. Менің арманым – қазақстандық балаларға мультфильм, мультсериал жасау. Бұған дейін мұндай мақсат болмаған, себебі мен Sony, Dreamworks, Pixar, Disney секілді жерде жұмыс істегім келетін, – дейді Шыңғыс.

"Шырақ" 80-ге жуық фестивальге қатысып, онға жуығында шорт-листке енген. Екі байқаудың жеңімпазы атанды. Жастар "Шырақ" арқылы қазақ анимациясын әлемге танытсақ деген мақсаты болғанын айтады.

– Аниме десе жапондар, Pixar десе Америка еске түседі. "Шырақты" аяқтағанда "Неге қазақтың өз стилі болмасқа?" деген сұрақ пайда болды. "Шырақтан" домбыра, текемет, сандықты алып тастасаң, оқиға шетелде боп жатқан сияқты көрінеді. Осыдан соң анимациялық фильмде қазақи бір көрініс болатындай көркемдік шешім табуға миссия қойдым, – дейді Мейіржан.

"Шырақ" анимациялық фильмінен көрініс


"Шырақта" кейіпкерлердің диалогы жоқ. Мейіржан бұл туынды "адамзатқа ортақ болса" деп ойластырғандарын айтады.

– Қазақстанда шыққан туындыны дүниежүзі көрсе, бәрі аудармасыз түсінсе деген мақсатпен жасап көрдік. Алдағы уақытта жобаларға сөз қосамыз, кейіпкерлер қазақша сөйлейді, – дейді Мейіржан.

"Шырақтың" авторлары "қазақ балалары сапалы дүние көрсе деген ықыласпен бар күштерін салғанын" айтады.

– Алдағы уақытта анимация бойынша Оскар, Канн жүлдесін алғымыз келеді. Бұл мақтану үшін емес, егер ондай жүлде алар болсақ, халықтың, инвесторлардың көзіне түсеміз, бұл бізге жаңа инвестиция алып келеді. Одан біз өзіміздің басқа да жобаларымызды жасай аламыз, – дейді "Ара" өкілі Шыңғыс Мұхтаров.

"СӨРЕДЕ ҚАЛҒАН ӨНЕР"

"Ара" студиясындағы жастардың көбі – энтузиастер. Анимация мамандары қазір қазақ мультфильмінде мәселе көп, маман тапшы екенін, тек осындай "өз ісін сүйетін жастардың арқасында тірі тұрғанын" айтады.

Қазақстан аниматорлары қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев бұл мәселеге анимацияны реттейтін дұрыс заң жоғы себеп деп біледі.

Қазақстан аниматорлары қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев. Азаттық архивіндегі фото

– Анимация киносын өзіміз өлтірдік. Әлемдік деңгейдегі жетістікке бәріміз зәруміз, шамамыз келеді. Бірақ мемлекетте оны тыңдайтын заң жоқ. Заң ішінде дистрибуция, сату мүмкіндігіміз жоқ. Жүздеген мультфильм жасалып жатыр, бірақ бәрі сөреде тұр, – дейді 63 жастағы аниматор Ғали Мырзашев.

"Қазақфильм" киностудиясы жанынан құрылған "Қазақанимация" бірлестігінің жетекшісі Жәнібек Оразалының айтуынша, 2022 жылы үкіметтен "Қазақанимацияға" 1 млрд теңге, биыл 500 млн теңге бөлінген. "Қазақанимация" басшысы бұл қаржы "теңізге тамған тамшыдай" дейді.

– Танымал анимациялық фильмдердің бюджеті бізде анимацияға бөлінетін бір жылдық қаражаттан көп. Қазақстанда 40-тан аса киностудия бар. Биыл 10 жоба жасап, 10 студияға жұмыс беріп отырмыз. Қалған 30 студияға нәпақасын басқа жақтан іздеуге тура келеді, – деді Жәнібек Оразалы.

Ал Ғали Мырзашев қазақ мультфильмінің мәселесін шешу үшін кино мен анимацияны екіге бөлу керек деп есептейді. Жәнібек Оразалы да мемлекет анимацияны жеке етіп шығарып, индустрияны дамытуға болар еді деп есептейді.

– Мысалы, Жапония анимелер арқылы DVD, ойыншық, киім, түрлі заттар сатып, пайда тауып жатыр. Бұл Жапония экономикасына үлес қосып жатыр, – дейді Оразалы.

"ЕЛДЕ АНИМАЦИЯ МАМАНДАРЫ АЗ"

Сарапшылар елде маман тапшылығы мен білім беру жүйесі де анимацияның дамуына кедергі болып отырғанын баса айтады.

– Қазақстанда бакалавр дәрежесінде 3D-аниматорларды дайындайтын жоғары оқу орны жоқ. Сондықтан YouTube, онлайн сабақтардан үйренуге тура келеді. 3D техниканы білетін мамандарды университетке ұстаз болуға шақырайын десең, магистратура дипломы жоқ. Бізде университетте сабақ беру үшін магистр дәрежең болу керек. Кейбірі университеттегі азғантай жалақыға келгісі келмейді. Көбіне жеке компанияларға, телеарнаға жұмыс істеуге кетеді, – дейді Жәнібек Оразалы.

Ал Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің анимациялық кино режиссері мамандығын бітірген Мейіржан Сандыбай "Бізде маман аз, дұрыс білім жүйесі, бағдарлама да жоқ. Кейбір мықты мамандар анимацияны шетелдік курстардан үйреніп, көбіне сол жаққа кетіп қалады" дейді.

"Ара" студиясында аниматорлар кезекті суретті салып жатыр


"Қазақанимация" жетекшісі Жәнібек Оразалы авторлық құқық мәселесі де анимацияның алға жылжуына кедергі болып отырғанын айтады.

– Анимациялық фильмді телеарнаға жасағанда авторлық құқық соларда қалады, "Қазақанимациямен" жасаса, авторлық құқық мәдениет және ақпарат министрлігіне тиесілі болады. Студиялар өнімді ары қарай жалғастыруға, фестивальдерге қатысуға, демеуші табуға олардан рұқсат алуы керек, – дейді Жәнібек Оразалы.

Ал мемлекеттік арнамен жұмыс істеп көрген Мейіржан Сандыбай телерналардың жылдық жоспарды орындауы анимация сапасына әсер етеді дейді.

– Телеарналар жылды жабуға жұмыс істейді, бөлінген қаражатты бір жылдың ішінде игеріп шығу керек дейді. Ал анимациялық фильмді жасауға бір жыл деген тек дайындық кезеңі. Бір жылдың ішінде керемет дүниені "мә" деп бере салу өте қиын, – дейді ол.

"Ара" студиясының аниматоры жұмыс үстінде

"Шырақты" жасаған аниматорлар бұл мәселелерге қарамастан тоқтап қалғысы жоқ. Команда қазір 26 сериядан тұратын анимациялық фильм дайындап жатыр.

Аниматор Нұрбек Нұрланбекұлы "Шырақ" шығып, бізді адамдар тани бастады, енді сол адамдардың көңілінен шығатындай тағы да өнім жасау керек. Жұмыс таза көңілден шығуға тиіс, сонда ғана адамдардың жүрегіне жол табады" дейді.

Мейіржан әңгімесін мультфильмдеріміз арқылы қоғамға пайдамызды тигізгіміз келеді деген тілегімен аяқтады.

Ал "Шырақ – Қазақстанда кейінгі жылы жасалған ең сапалы анимациялардың бірі" деген "Қазақанимация" жетекшісі Жәнібек Оразалы бұл мультфильм басқа да сапалы дүниелерге серпін берер деген үміт білдірді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанда балалар қандай әдебиет оқиды? Баланы кітапқұмарлыққа қалай баулиды?