2022 жылы Талдықорғанда Қаңтар дүрбелеңі сәл саябырлаған соң, 8 қаңтарда полиция Алмас Мұқашевті көшеде әйелімен кетіп бара жатқанда күштеп алып кеткен. Бес күннен соң Алмастың сүйегін туыстары мәйітханадан тапқан. 42 жастағы азамат азапталғаннан қаза тапты деп тергеу басталған, күдіктілер де бар. Бірақ сот әлі басталған жоқ. Ұлын азаптағандарды тапқысы келіп, ісін қузаған анасы бір жылға жетпей күйіктен қайтыс болды. Көп ұзамай әкесі Ғабдұлқажы да өмірден озды. Азаттық Ғабдұлқажы ақсақалмен көзі тірісінде сөйлескен еді. Қазір Алмастың шиеттей балалары әкесіз, ата-әжесіз өсіп жатыр. Марқұмның ағасы Қаңтар оқиғасы бұл әулетке қасірет шектіргенін айтады.
"МЕН ДЕ, НЕМЕРЕМ ДЕ ЖЕТІМБІЗ"
Талдықорғанда былтыр Қаңтардағы дүрбелеңнен кейін қамауға алынып, азаптаудан қайтыс болған Алмас Мұқашевтің қала шетіндегі үйін әрең таптық. Алмастың әкесі Ғабдұлқажы Мұқашев алдымыздан жол бастайтын көлік жіберген соң ғана жете алдық. Бізді есік алдынан қарияның өзі қарсы алды. Жетпісті алқымдап қалған, ұзын бойлы, арықша кісі. Үйге өзі бастап кірді. Төрт-бес бөлмелі кең үй. Бірақ қарияның өзінен басқа ешкім байқалмайды.
Жөнімізді айтып, жайғасқанда ғана жалғыз кішкентай қыз есіктен қарап тұрды да бұрылып кетті.
– Немерем. Бұл да – жетім, мен де – жетім. Мынау даңғарадай үйде екеуіміз қалдық. Алдымыз кесілді ғой. Мынау үйді жалдап тұрып жатырмыз. Лепсідегі үйімізді сатып, Алмас Талдықорғаннан үй салып бастаған еді, – деді отағасы күрсініп.
13 жастағы Кәусар – Алмастың тұңғышы. Босанғанда анасы қайтыс болған. Қаңтар оқиғасынан кейін әкесінен де айырылып, жетім қалды.
Ғабдұлқажы Мұқашев Алмасты Қаңтардағы дүрбелең басылғаннан кейін көшеде әйелімен кетіп бара жатқанда қалай ұстап әкетіп, мәйітін қалай тапқанын таусыла айтты. "Мәйітханада жатқан белгісіз адам Алмас болуы мүмкін" деген хабардан соң өзі баруға жүрегі шыдамағанын, Алмастың денесінің сау-тамтығы қалмағанын айтқанда ғана көзі жасқа толып, босағандай болды.
– Ұлымды азаптап өлтіргенін шешесі көтере алмады. Суретін ұстап күні бойы жылай берді. [Президент Қасым-Жомарт] Тоқаевқа дейін арыз жазып жүріп, іс қозғатты. Бірақ аяғына жете алмады. Күйіктен ауру жамап, 2022 жылы 15 қарашада үш күн ауырып, 67 жасында жүріп кетті, – деді Ғабдұлқажы Мұқашев.
Ол кісімен бұл әңгіме биыл, 2023 жылғы қаңтарда болған еді. Әйелі өмірден озған соң, Алмастың қазасына қатысқан іспен өзі айналысуға бел буғанын айтқан. Алайда Ғабдұлқажы Мұқашев та марқұм ұлының ісін қуа алмады. Көп ұзамай, ақпанда төрт күн ауырып, өзі де қайтыс болды.
"КӨЛІКТЕ ҚАРУ-ЖАРАҚ ЖОҚ"
Ғабдұлқажы Мұқашев "Алмасты өлтіргендерді жауапқа тарта ма, жоқ па, оны да білмейтінін, тергеушілер үнсіз отырғанын" айтқан еді.
– Келініміз жанында болмағанда, Алмасты кім әкеткені де, кім өлтіргені де белгісіз болып қалар еді, – деген еді ол.
Таяуда Алмас Мұқашевтің жары Айнұр Мұратбайқызымен сөйлестік. Арада жыл өтсе де, қайғылы оқиғаны еске алу Айнұрға оңай болмады. Оның сөзінше, Алмас Мұқашев Талдықорғандағы Қаңтар оқиғасына қатысқан. Дүрбелең кезінде өз киімін полицейлердің біріне кигізіп, көптің арасынан шығарып жіберген. Кейін, 14 қаңтарда Алмасты жерлегенде, әлгі полиция қызметкері жай киіммен келіп, көңіл айтып, Алмастың күртесін беріп кетіпті. Бұл оқиғаны Алмастың әкесі Ғабдұлқажы да айтқан еді:
– "Алмас мені өлімнен құтқарды, Алмасқа қарыздармын" деп бір жігіт келді. Полицияда істейтінімді айтпаңыз деді.
Ол полицей кім екенін, қайда тұратын Алмастың отбасы жақсы біліп отыр. Айнұрдың айтуынша, Алмасты 4-5 қаңтардағы дүрбелең аяқталғаннан кейін, 8 қаңтарда көшеде ұстаған.
– Алмас мал соятын, өзім базарда ет сататынмын. Дүрбелеңнен кейін базарды көрейік деп шыққанбыз. Сәлден соң-ақ көлігіміздің доңғалағы жарылғаны белгілі болды. Машинамыздан түсе бергеніміз сол еді, бетіне маска таққан қарулы қызметкерлер жетіп келді де, Алмасты жерге жатқызып тастады. "Қарсыласпады, көлікте қару-жарақ жоқ" деп рациямен айтып жатты. Менің де телефонымды жұлып алды, – дейді Айнұр.
Маска таққан қарулы қызметкерлер кім екенін айтпаған. Айнұрға "үндемеңіз, әйтпесе өзіңізге жаман болады" деп, Алмасты белгісіз бір жаққа алып кеткен.
"Ішкі істер органдары туралы" заңының 19-бабы бойынша, қызметкерлер өкілетін жүзеге асыру кезінде өзін таныстыруға, қызмет куәлігін көрсетуге, не үшін ұстағанын айтуға және бір рет телефон соғуға рұқсат беруге, адамға қорғаушы алуға құқығы бар екенін түсіндіруге міндетті.
Осы бапта жеке адам ұсталғаны туралы оның жақын туыстарына хабарлауға, ұсталған адамды азаптамауға, қадір-қасиетін қорлайтын жаза қолданбауға, қасақана тән зардабын және жан азабын тарттырмауға да міндетті деп жазылған.
Алмастың әйелі күдікті ұсталып, тергеу жүріп жатса да, маска таққан адамдар кім екенін әлі күнге білмейді. Алмастың анасы екеуі ертеңінде, 9 қаңтарда Талдықорғандағы облыстық, қалалық полицияға да, ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментіне де барған. "Бізге ондай адам түскен жоқ, жақындасаңдар, атамыз" деп жауап берген. Содан соң олар Алмасты ауруханадан іздепті.
– Алмастың достары мәйітханада қатты соққыдан өлген белгісіз адам жатыр дегенді таныстарынан естіп, мәйітті барып көрген. Бірақ тани алмаған. Атамызға айтқанда, ол кісі сұп-сұр болып кетті. Алмастың өзім білетін белгілерін түсіндірдім. Мәйітханадағылар ол неден қаза болғанын да жазбаған, – дейді Айнұр.
Заң бойынша, мәйітханада мәйітке медициналық сараптама жасап, қандай жағдайда өлгені туралы анықтама беруге тиіс. Айнұрдың айтуынша, Алмастың мәйітіне аты-жөні де жазылмаған.
– Баламды әкеткенде, қалтасында жеке куәлігі де, жүргізуші куәлігі де болған. Оны белгісіз деуге еш негіз жоқ еді. Сірә, қылмыстарының ізін жасырғысы келсе керек, – деп еді Азаттыққа Ғабдұлқажы Мұқашев көзі тірісінде.
Хабарсыз кеткен Алмас Мұқашевті кім әкетуі мүмкін екенін анасы Әлия Әбдірахманова шамалағанға ұқсайды. Ол ұлын азаптап өлтіргендерді анықтауды сұрап, Қазақстан президент Тоқаевқа хат та жолдаған.
"6 қаңтарда маған Талдықорған қалалық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Марат Түсіпбеков хабарласты. Ол туған әпкемнің баласы, яғни жақын туысымыз еді. Алмаспен сөйлесіп, полиция ғимаратын қорғауға көмек сұрады. Алмас көмектесіп келді. Бір полицейді құтқарып қалғанын айтты" деп жазған Әлия Әдірахманова президентке.
Марқұмның жақындарының сөзінше, 8 қаңтарда "Алмасты белгісіз бір адамдар алып кетті" дегенді естіп, анасы Әлия Марат Түсіпбековке дереу хабарласқан. Ол "уайымдамаңыз, балаңыз үйіңізге қайтады" деп жауап берген.
Алмасты іздеп, полиция мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне, ауруханаға шарқ ұрып қайта-қайта барып жүрген отбасын 13 қаңтарда полицейлер келіп, "Алмас қайда тығылып жатыр?" деп сұрақтың астына алған. "Мәйітханада соққыдан өлген белгісіз адам жатыр" дегенді Алмастың достары да сол күні, 13 қаңтарда естіген.
"КҮДІКТІНІҢ ӘКЕСІ ҚҰН ТӨЛЕМЕК БОЛДЫ"
Алмастың анасы Әлия Әбдірахманованың тынымсыз әрекетінен кейін ғана қылмыстық іс қозғалған. Бірақ жәбірленуші деп танылған туыстарының қолында Алмас Мұқашевті кім өлтіргені, қалай өлтіргені жөнінде нақты мәлімет жоқ.
Мұқашевтің ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Берден Қадырдың айтуынша, тергеу 2022 жылдың аяғына дейін созылған. Тергеу ісіне қарағанда, қазір күдікті ретінде ҰҚК-нің бір қызметкері тергеу изоляторында, бір қызметкері үйқамақта отыр. Абақтыда отырған қызметкерге "Алмас Мұқашевті азаптап өлтірді" деген айып, үйқамақтағы қызметкерге "естіген ақпаратын тиісті органға хабарламаған" деген айып тағылған.
Адвокаттың сөзінше, "маска таққан қарулы қызметкерлер Алмасты Талдықорған қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына апарған. Сол жерде ҰҚК қызметкерлері тергеп, бірер сағатта-ақ ұрып өлтірген. Қамаудағы ҰҚК қызметкері Алмасты өлтіріп қойғанын әріптесіне, яғни үйқамақта отырған ҰҚК қызметкеріне айтқан. Ал ол қылмысты ести тұра хабарламаған".
Берден Қадырдың айтуынша, тергеу кезінде естен танып қалған Алмасқа жедел жәрдем екі рет шақырылған. Бастапқыда тергеуші жедел жәрдемнің Алмасты әкетуіне рұқсат етпеген. Кейін тағы шақырып, ҰҚК тергеушісі де ауруханаға ілесе барған. "Бұл – террорист" деп, әл үстінде жатқан Алмастың қолындағы кісенді де шешкізбеген.
– Алмас изоляторға аман-сау кіргенін көрген полицейлер және ол тергеу кабинетінде құлап жатқанын көрген, оны ауруханаға әкеткен дәрігерлер берген куәліктер бар. Бірақ күдікті адам тағылған айыпты мойындаған жоқ. Өзіне қарсы айғақ бермеу құқығын пайдаланып, тек сотта сөйлеймін деп отыр, – дейді адвокат Берден Қадыр.
Алмас Мұқашевтің ісі бойынша тергеу Жаңа жыл қарсаңында біткенімен, алдын ала сот тыңдауы әлі аяқталған жоқ. Бірнеше рет кейінге қалған соттың алғашқы отырысы 4 сәуірге белгіленген.
Алмастың әкесі Ғабдұлқажы Мұқашев көзі тірі кезінде бізге күдіктінің әкесі үйіне сегіз айдан кейін кешірім сұрап келгенін айтқан еді.
– Кешірім сұрап, құн төлегісі келді, бірақ "балам кінәлі емес, қасындағы адамдар қылмысын балама аударып отыр" деп сөйледі, – деген болатын.
Күдікті ретінде қамауда отырған ұлттық қауіпсіздік қызметкерінің әкесімен сөйлесуге мүмкіндік болмады. Алмас Мұқашевтің туыстары да, адвокат Берден Қадыр да оның телефон нөмірін сақтамағанын, оның сөйлесуге құлқы да жоқ екенін айтты.
"ӘКЕҢ АСПАНДА ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ТҰР"
Алмастың артында кәмелетке толмаған алты бала қалды. Ол алғашқы әйелі сәбиін босанғаннан кейін қайтыс болған соң, Айнұр Мұратбайқызымен үйленген. Айнұр мен Алмас екі бала көреді.
– Ұлым әкесін іздеп көп жылайтын еді, кейін аздап басылғандай болған. Таяуда әкесінің видеосын тауып алыпты, тағы жылап жүр. Жеті жасар қызымды "әкең аспанда саған жұлдыз болып қарап тұр" деп жұбатқам. Күнде кешкісін терезеден аспанға қарап, бүгін не істегенін сыбырлап тұрады. Өте ауыр, – дейді Айнұр.
Айнұрдың екі баласына өкімет жәрдемақы тағайындаған. Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған "Қазақстан халқына" қоры 7 миллион теңге берген. Есепшоттарына тағы да 4 миллион теңге түскен. Басымен қайғы болған Айнұр оны кім бергенін де білмейді.
– Алмас үй саламын деп қарыз алған. Өкімет берген ақшаны соған төледім. Үй бітпестен қалды. Өзім ауырып жүргенмін, оған да жұмсадым амалсыз. Сөйтіп ол ақша демде таусылды, – дейді Айнұр.
Қазір Айнұр бір кездері әке-шешесі сатып әперген үйінде тұрып жатыр.
Алмас Айнұрмен заңды некеде тұрған. Кейін Гүлнұр есімді екі балалы келіншекке сөз салып, екінші әйел етіп алған. Алмаспен діни рәсім бойынша некелескенін айтқан Гүлнұр көп сөйлегісі келмеді. Тек "Әлеуметтік желіде кейбіреулер Алмасты "көп әйел алатын уахабист" деп жазып жүргенін байқадым. Ол – уахабист емес. Әр адамның тағдыры әртүрлі. Біздің тағдырымызға осылай жазған шығар. Оны жұрттың бәріне түсіндіру мүмкін емес" деп қысқа қайырды.
Айнұр да Алмас "уахабист" емес екенін ұзақ дәлелдеді. Отбасында, туған-туысының арасында, дастархандағы тамаққа ешқандай шектеу қоймағанын, әзіл-қалжыңды жақсы көргенін, ағайын-туысымен жиі әрі еркін араласқанын айтты.
Қазақстанда "деструктив ағым" деп есептелетін уахабистік көзқарастағы адамдар халықтың байырғы салт-дәстүрі мен тұрмысының кей тұстарына шектеу салатыны әдетте жиі айтылады. Оларды туыстық қатынастарға да қатаң қарайды деп сипаттайды.
Алмас Мұқашевтің әкесі Ғабдұлқажы да ұлының сақал қойғаны "құқық қорғау органдарының террорист ретінде қарауына себеп болды-ау" деп күдіктенетінін айтқан.
– Қаңтар оқиғасы кезінде билік "Қазақстанға 20 мың террорист кіріп кетті" деді емес пе? Талдықорғаннан да бір "уахабист-террорист" шығару керек болған шығар, – деп күйінген еді ол.
Алмас Гүлнұрға үйленгенін екеуінің де туыстары біледі. Ажырасып, екі баламен күнкөріссіз қалған Гүлнұр Алмаспен некеде 10 ай ғана тұрған. Алмас қаза болған соң, дүниеге ұл келген. Қазір бір жаста.
– Әкесі ұл екенін көзі тірісінде біліп кетті. Қатты қуанды. Заңды некеде болмаған соң, мені Алмастың сотына қатыстырмайды. Ұлымның әкесі Алмас екенін растайтын ресми құжатым ғана – дәтке қуат. Үкімет жәрдемақы беретін шығар. Басқа көмек сұрай алмаймыз, – дейді ол.
Гүлнұр Талдықорғанда үш баламен пәтер жалдап тұрады.
"АЛМАС БАЛА КЕЗДЕ ОФИЦЕР БОЛУДЫ АРМАНДАДЫ"
Алмас Мұқашев – отбасындағы үш баланың: бір қыз, екі ұлдың бірі. Қазір Алмастың шиеттей балаларына қарайласу, бірінен кейін бірі күйіктен өмірден озған ата-анасы Әлия Әбдірахманова мен Ғабдұлқажы Мұқашевтің асын беру үлкен ұлы – 44 жастағы Қыдыркелдіге қалған.
Алмастан екі жас үлкен, құрылыста дәнекерлеуші болып істейтін Қыдыркелдінің отбасы Алматыда, өзі кейінгі айларда көбіне Талдықорғанда жүруге мәжбүр болған.
– Әке-шешемді Лепсі станциясынан Талдықорғанға Алмас көшіріп әкелген еді. Лепсідегі үйді сатып, қарыз алып, үй бастаған. Бәрі жайына қалды. Шешем Алмастың күйігін көтере алмады. Шешемнің де кеткені әкеме қатты тиді. Тынымсыз болып кетті. Еш жерге сыймай, іштен тынып жүргенін сездім. Әкеме "мәшинемді берейін, қалада такси болып, ел-жұртпен араласып сергіңіз" дедім, ол "мақұл" деген. Әкем қалай тез кеткенін түсінбей қалдық, – дейді Қыдыркелді Мұқашев.
Қыдыркелді құлын-тайдай тебісіп бірге өскен інісі Алмасты "Бала күнінде офицер, генерал болсам деп армандайтын. Мектепте өте белсенді болды, кейін де қатарының алдында жарқырап жүрді. Көпшіл болып өсті, көпшіл болып жүрді" деп еске алады.
Бауыры қалай азапталғаны туралы естігендерін көп әңгімелеген Қыдыркелді офицерлердің қатыгездігіне таңырқайды және тергеудегі жауаптарына да сеніңкіремейді.
– Осының бәрі әншейін кино, өтірік сияқты, – дейді ол.
Қыдыркелді небәрі бір жылда бауырынан, әке-шешесінен қатар айрылғанына, бұрынғы жайбарақат өмірі көрген түстей болғанына да сене алмай жүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"238 адамның қазасы зерттелмеген күйі қалды". HRW есебіндегі ҚазақстанАзапталған Талдықорған. Арнайы репортаж"Полиция кек алады". Азапталғандар ісінің ешбірі сотқа жетпей жатыр"Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?Евгений Жовтис: Бетперде тағып алып азаптағанды да жауапқа тартудың амалы бар