"24 оқ ізі қалған". Асхат Бегешовтың отбасы марқұмды жазықты қылған билікке наразы

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза тапқан Асхат Бегешовтың отбасы архивіндегі суреті.

9 қаңтарда Тараз қаласында туған-туыстары 65 жастағы Баян Бегешованы ақтық сапарға шығарып салды. Бегешовтар отбасы тура бір жыл бұрынғыдай тағы да қара жамылды. Баянның ұлы Асхат Бегешов былтыр қаңтардың жетісіне қараған түні Таразда күш құрылымдары атқан оқтан қаза тапқан. Қайғыдан құса болып, ауыр дертке шалдыққан анасы араға бір жыл салып баласының қабірі жанынан мәңгілік мекенін тапты. Асхаттың үстінен "комендант сағаты кезінде билік өкіліне бағынбады" деген айыппен қозғалған іс кейін тоқтаған. Билік оған оқ атқандарға іс қозғамаған.

"ҰЛЫМ ӘКЕСІН ЖИІ ІЗДЕЙДІ"

2022 жылғы қаңтардың жетісіне қараған түні комендант сағаты кезінде жеке көлігін айдап келе жатқан 37 жастағы теміржолшы Асхат Бегешов күш құрылымдары өкілдері жаудырған оқ тиіп, тіл тартпай кеткен. Ұлынан қапелімде айрылып, құса болған анасы айықпас дертке шалдықты дейді Асхаттың жесірі Ардақ Темірбаева.

Асхаттың ата-анасы Бақтыбай мен Баян Бегешовтар төрт бала тәрбиелеп өсірген. Анасының оған деген ықыласы ерекше еді деп еске алады келіні.

– "Қалған балаларым бір төбе, Асхатым бір төбе" деп айтып отыратын. Ешқашан ауырмаған, тіпті дәрі ішпеген адам болатын. Асхаттың қазасын естірткенде енем "ішім іріп кеткендей болды ғой" деп қатты қайғырды. Жарқырап жүрген адам көз алдымызда сөніп, ақыры сұм ажал алып тынды, – дейді Ардақ.

Былтыр 9 қаңтарда жер қойнауына берілген Асхат Бегешовтың зиратының жанынан араға тура бір жыл салып тағы бір төмпешік пайда болды.

Асхат Бегешов анасы Баян Бегешовамен бірге. Отбасы архивіндегі фото.

– Асхат үлкенді сыйлай білетін, балажан адам еді. Аузымыздан "шаршадым" деген сөз шықса ұнатпайтын. Өмірге сондай құштар болды, – дейді Ардақ Темірбаева.

Асхат екеуі 2018 жылы отау көтеріп, өмірге екі ұл әкелген. Ардақ қазір сол кішкентай екі балаға қарап үйде отыр. Тетелес екі ұлдың үш жарым жасар үлкені әкесін іздеп, анасынан күніне бірнеше мәрте "қайда жүр?" сұрайды екен.

– "Папаң жүрегіңде" десем, шолақ жейдесін түртіп, "Қайда?" деп қайта сұрайды. Атасының үйіне барады, әкесін таппайды. Үйге келеді, әкесін таппайды. Ондайда ашушаң болып кетеді. Ойын баласы ғой, артынша алдана қояды, – дейді Ардақ.

Ардақ жарымен ең соңғы рет былтыр қаңтардың жетісіне қараған түні сағат 12-ге таман телефонмен сөйлескенін айтады. Жұбайы жанындағы адамдарды үйіне жеткізіп тастаған соң қайтамын депті. Бірақ содан кейін тым-тырыс қалған. "Теміржолшы болғандықтан вагон қабылдап, беймезгіл уақытта жұмыста жүретін кезі көп еді. Бірақ ішімдік ішпейтін, бейсауыт жүрісі де болған емес" дейді Ардақ.

"Қазір келем" деген күйеуінің кешіккеніне уайымдап, көңілі алабұртқан келіншек таң атқанша көз ілмеген. 7 қаңтарда сегіз айлық сәбиін қолтығына қысып, күйеуін іздеп шыққан. "Жансая" ықшамауданы жақтағы көпірдің тұсынан өтіп бара жатып, төрт есігі ашық тұрған Асхаттың BMW X5 маркалы жеңіл көлігін жазбай таныпты.

– Көліктің қасында қару асынған адамдар жүр екен. "Мына көліктің иесі қайда, айтыңдаршы?" деп жалындым. "Жақындама! Атып тастаймыз!" деп қорқытты. Қарапайым киінген бір кісі қолымда кішкентай бала болғасын жаны ашыған болуы керек: "Күйеуіңді ауруханалар мен мәйітханадан ізде" деді. Күндізгі 12 жарым шамасы болатын, – деп еске алды Ардақ Темірбаева.

Ардақ пен қайнысы бірнеше сағаттан кейін Асхатты мәйітханадан тапқан. Туыстары сол күні марқұмды мәйітханадан үйге әкеліп, 9 қаңтарда жерлеген. "Ол бір қиын кез еді. Өлім-жітім көп, жер де қатты. Көр қаздыру үшін кезек күттік" дейді Ардақ.​

"КАРАБИН, АВТОМАТ ПЕН ПУЛЕМЕТ ОҒЫ"

Сот-баллистика сараптамасы қорытындысында Асхат Бегешовтың жеңіл көлігіне 24 оқ тесіп кіріп, 7 оқтың шыққан ізі қалғаны айтылған. Марқұмның басынан алынған калибрі 7,62 мм оқтың қалдығы өздігінен оқталатын карабин, Калашников автоматы мен қол пулеметі сияқты үш түрлі қарудан атуға арналған оқтан қалған болуы мүмкін дейді сарапшылар. Бұған қоса Бегешовтың киімінде тесіп өткен үш оқтың ізі қалған.

– Сараптама қорытындысын оқудың өзі маған өте ауыр тиді, – дейді Ардақ.

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда оққа ұшқан Асхат Бегешовтың қазасына байланысты жүргізілген сот-баллистика сараптамасы қорытындысынан үзінді.

Қаңтар оқиғасына дейін Тараздағы "Сигнализация" атты жеке меншік мекемеде құрастыру инженері болып еңбек еткен Нариман Өзбеков оқ атылған сәтте Асхат Бегешовпен бірге көлікте болған. Ол көліктің жолаушы отыратын алдыңғы оң жақ орындығында, ал балдызы Парасат артқы орындықта ұйықтап келе жатқан кезде тұтқиылдан оқ жауғанын айтады. "Жансая" ықшамауданы жақтағы көпір маңына блок-бекет қойылғанынан да, комендант сағаты тәртібі енгізілгенінен де хабарсыз едік" деп еске алады Нариман.

– Түнгі 12 шамасы болатын, қалғып-мүлгіп отырғам. Бір кезде ысқырған оқтан оянып, бізге біреулер шабуыл жасады ма деп ойладым. "Асхат" деп сол жағыма бұрылғанымда досымның басы рөлге сылқ ете қалғанын көрдім. Снайпер атқан болуы керек. Сол жерде маған да оқ тиіп, есімнен танып қалдым. Көзімді ашсам, сыртта жатыр екенмін. "Асхат!" деп айғайлап, көлікке қарай тұра жүгіргенімде тағы да оқ атылды, – дейді Нариман Өзбеков.

Көліктің артқы орындығында отырған Парасатқа да оқ тиген, әйткенмен ол ес-түссіз жатқан жездесін әскери қызметкерлердің бұйрығымен көліктен алып шығып, жерге жатқызған. Есін жиып, көлікке ұмтылған Нариманның балағынан тартып құлатқан да сол екен.

– "Жезде, қимылдаушы болма! Аналар атып тастайды. Асхат аға жүріп кетті" деді. Қанша жатқанымызды білмеймін. Бір мезетте екеумізді сарбаздар блок-бекеттен 500 метрдей жердегі әскери-тергеу басқармасына (ВСУ) сүйреп апарды да, тепкінің астына алды. Ертесіне қансырап жатқан Парасатты ауруханаға әкетті. Екі жарым күн дегенде онлайн сот өткізіп, "комендант сағаты тәртібін бұзғаным" үшін мені он күнге қамады, – дейді Нариман.

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда оққа ұшқан Асхат Бегешовтың қазасына байланысты жүргізілген сот-баллистика сараптамасы қорытындысынан үзінді.

Нариманды жан-жақтан іздеп таба алмаған отбасы оның әкімшілік жазаға тартылып, Тараздағы СИ-13 мекемесіне қамалғанын кейін білген. Он күн қамауда болып, жазасын өтеп шыққан соң Өзбеков томографқа түсіп, сол жақ шекесін тесіп кірген оқтың миға жетіп, қадалып тұрғанын сол кезде бір-ақ білген.

– Адамның сөйлеу қабілетіне мидың сол жағы жауапты екен. О бастан ешкімге жағдайымды түсіндіре алмадым. Халым нашар болатын. Тергеушілер сұрақ қойса, тұтыға сөйлеп, одан сайын қиналатынмын. Ал екінші қаңғыған (рикошет) оқ басыма арт жақтан тиген. Құйқаны тесіп, сүйекке енген ол оқты, бізді әскери-тергеу басқармасына апарған соң, сарбаздар суырып алды, – дейді Нариман.

Өзбековке ота оқ тиген соң екі апта өткеннен кейін ғана жасалған.

– Ауруханада 20 күн жатып шықтым. Дәрігерлер "үш-төрт жыл бақылауымыз керек" деп мүгедектік бермей қойды. Жуырда тағы да консилиум жасап, 44-бұйрыққа сәйкес (Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы бұйрығы – ред.) сізге мүгедектік берілмейді деді. Бала-шағаны асырау үшін күзетші болып жұмысқа тұрғанмын. Бірақ денсаулығыма байланысты жұмысқа барғаннан бармайтын кезім көп. Біздің бар кінәміз – комендант сағаты жарияланғанын білмей көшеге шығып кеткеніміз болар. Ол үшін он күн жазамды өтеп шықтым ғой. Басқа кінәміз жоқ. Алаңға барған жоқпыз, – дейді Нариман.

Нариман Өзбеков қазір жұмысқа жарамсыз. Оның отбасы кәмелетке толмаған төрт балаға төленетін жәрдемақы мен Нариманның әйелінің 60 мың теңге (шамамен 130 доллар) айлығына қарап қалған.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу

"АДАМ ӨМІРІНІҢ ҚҰНЫ БОЛМАҒАНЫ МА?"

Қаңтар оқиғасынан соң қозғалған қылмыстық іс материалдарында Асхат Бегешов Тараздағы Төле би көшесімен солтүстік-батыс бағытында көлікпен кетіп бара жатып, "Алтынкүл" дүкені қасындағы №1 блок-бекеттен ескерту ретінде аспанға оқ атылса да тоқтамаған деп көрсетілген. Блок-бекетте Қазақстан қорғаныс министрлігі "Оңтүстік" өңірі қолбасшылығының №85395 әскери бөлімі жауынгерлері мен Жамбыл облыстық полиция департаменті қызметкерлері болған.

Тергеу органдары 2022 жылғы 21 ақпанда марқұм Асхат Бегешовтың үстінен Қылмыстық кодекстің "Билік өкіліне бағынбау" (379-ші) бабымен іс қозғаған. "9.11.1985 жылы туған Асхат Бегешов өз іс-әрекетімен төтенше жағдай жарияланған жерде және терроризмге қарсы операция жүргізу аймағында, билік өкілінің заңды талабына бағынбаған, яғни Қылмыстық кодекстің 379-бабында көрсетілген қылмысты қасақана жасаған" деп жазылған тергеу материалдарында.

Сонымен бірге Асхат Бегешовтың қанынан 0,83 % промилле мөлшерінде (жеңіл дәрежедегі мастық саналады) этил спирті және ағзасынан синтетикалық анальгетик, яғни трамадол-гидрохлориді табылғаны айтылған.

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза болған адамдардың жақындары марқұмдарға тағылған айыпты жойып, оларды ақтауды талап етіп Бас прокуратураға келіп тұр. Астана, 22 желтоқсан 2022 жыл

Марқұм күйеуіне тергеу орындары негізсіз айып тақты деп білетін Ардақ Темірбаева Асхат ешқашан психотропты препарат тұтынбаған адам, спирттік ішімдік те ішпейтін дейді.

– Оқиға болардан екі күн бұрын қоныс тойын жасап, ертесіне достарымызбен балыққа бардық. Ішімдік ішкенім рас. Бірақ Асхат ішкен жоқ. Ол 7-сіне қараған түні де энергетик сусын ішіп отырды. Біз сегізінші сыныптан бері дос едік. Ешқашан оның теріс қылығын көрген емеспін, – дейді Нариман Өзбеков.

Тергеу Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы №1 блок-бекет жанында билік өкілдері оқ атқан BMW X5 жеңіл көлігінде Асхат Бегешовпен бірге болған Нариман Өзбеков пен Парасат Омарқұлдың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 379-бабында көрсетілген қылмыс құрамы болған жоқ деп таныған. Ал 24 наурызда Асхат Бегешовтың үстінен қозғалған істі тоқтату туралы қаулы қабылданған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің тоқтатылу себебін сұраған Азаттыққа Жамбыл облыстық полиция департаменті "бұл іспен ведомствоаралық жедел тергеу тобы айналысқандықтан Қазақстан бас прокуратурасына хабарласыңыз" деп жауап берді.

Ардақ Темірбаева марқұм күйеуінің үстінен қозғалған қылмыстық істің ақталмайтын негізбен тоқтатылғанына наразы. Ол Асхатқа тағылған айып толық жойылып, ол ақталуы тиіс деп есептейді. Осы талаппен Ардақ былтыр 22 желтоқсанда өзі тәрізді бір топ адаммен бірге Астанаға, Қазақстан бас прокуратурасына барды.

Қаңтарда туысынан айырылған тараздықтар талабы (22 желтоқсан 2022 жыл)

Your browser doesn’t support HTML5

"Марқұмдарға тыныштық берсін". Қаңтарда туысынан айырылған тараздықтар талабы

– Конституцияда Қазақстанның ең басты құндылығы адам және адам өмірі деп жазылған. Ал шын мәнінде олай болмай тұр. Жазығы жоқ адам өліп қалды. Ал оны атып өлтіргендердің үстінен қылмыстық іс қозғалған да жоқ, – дейді Ардақ.

Қаңтар оқиғасынан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша құрылған "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры сайтында кездейсоқ құрбан болғандар тізімінде Жамбыл облысынан бір адам – Асхат Бегешовтың отбасына 7 млн теңге төленді деп көрсетілген. Бірақ марқұмның жесірі Ардақ Темірбаева қордан "отбасына және екі балаға қаржы аударамыз" деген уәде ғана болғанын, ешқандай төлем жасалмағанын айтады.

Бас прокуратура арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров жуырда Азаттыққа берген арнайы сұхбатында елде Қаңтар оқиғасы бойынша бірде-бір әскери қызметкердің үстінен "адам өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалмағанын растады. Ол күш құрылымдарының адамдарға оқ ату себебін "қоғамдық қауіпсіздік қорғау мақсатында қару қолдану құқығы пайда болады" деп түсіндірді.

Ресми дерек бойынша, Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам қаза тапқан. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің барлығы жабылған. Қазір Тараз сотында "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айып тағылған тоғыз адамның соты өтіп жатыр. Сотталушылардың үшеуі тергеу абақтысында қамауда отыр.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы былтыр 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп мәлімдеді. Бас прокуратура мұнымен келіспейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Кім оқ атты? Бұйрық берген кім? Сот пен тергеу қалай өтті? Қаңтардың басты сұрақтарына әлі жауап жоқ

2022 жылдың басында Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсылықтан басталған наразылық елдің түпкір-түпкірінде қолдау тапты. Көптеген қала, ауылдарда жаппай шеруге шыққан демонстранттар қымбатшылықты, кедейлік пен жұмыссыздықты ауыздықтауды, халық тұрмысын жақсартуды, сыбайласқан жемқорлықты жоюды, үкімет пен парламентті таратып, елде еркін де әділ сайлау өткізуді талап етті.

Бейбіт басталған митингілер кейін тәртіпсіздікке ұласып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз атып тастауға бұйрық бергенін телеэфирден мәлімдеді. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіспен есте қалған Қаңтар оқиғасында, ресми ақпарат бойынша 238 адам (19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер) қаза болған. Арасында оқ тиіп өлген адам көп. Қазақстан қоғамында да, халықаралық құқық қорғау ұйымдары да Тоқаевтың бұйрығын қатты сынға алды. Халықаралық ұйымдар биліктің жосықсыз күш қолдануы салдарынан бейбіт адамдар, соның ішінде наразылық пен тәртіпсіздікке еш қатысы жоқ жандар (арасында балалар да бар) мерт болғанына назар аударды.

Биыл 5 қаңтарда парламенттегі тыңдауда Қазақстан бас прокуроры Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдары Тоқаев ескертусіз атуға бұйрық бермей тұрып қару қолданған деп мәлімдеді. "Іс жүзінде күш құрылымдарына қылмыскерге оқ ату үшін арнайы бұйрық қажет емес" деді Берік Асылов.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қаңтар оқиғасында қаза болғандар"Папаларың келеді деп жүрмін". Қаңтарда атылған малшы жігіт отбасының өмірі"Атып тастап, жала жапты". Қаңтар құрбаны Бауыржан Сейдомаровтың туыстары марқұмды ақтауды талап етеді"Оқ атуды бұйырған басшы кінәлі". Қаңтарда қаза тапқан студенттің анасы ұлын ақтауды талап етеді"Сенің балаң – 200 пайыз террорист". Қаңтарда үш оқ тиіп өлген Тоқтар