Теміртаудағы қара қар һәм "экоцид" жайлы мәлімдеме
Теміртауда ақ қарды көру тым сирек. Жауған қар бір-екі сағат ішінде қара түске боялады.
Комбинаттар орналасқан аймақпен қатар Теміртаудың басқа аудандарында, қала орталығында да қарлардың түсі қараға айналған.
Ата-аналардың көбі балаларына лас қарда сырғанап ойнауға тыйым салады. Қала ауасынан жағымсыз иіс шыққанда сыртта ойнап жүрген балаларды сирек кездестіресіз. Қаладағы ауаның жағдайына онлайн мониторинг жасап жүрген жергілікті экобелсенділер жұртты сыртқа шықпауға шақырады. Себебі қалада ауа тым лас.
Металлургиялық комбинаттан шыққан түтін. «Отражение» қоғамдық қоры АҚШ елшілігінің қаржысына қалада ауа ластығын РМ-2,5 жиілігімен анықтайтын құрал орнатқан. Үш «датчиктің» көмегімен қаладағы ауаның ластығын онлайн режимде бақылап отыруға болады. Қоғамдық қор жетекшісі Елена Варганованың сөзінше, жақында тағы екі «датчик» орнатылады. Бұл бүкіл Теміртау аумағындағы ауаның жағдайын бақылауға мүмкіндік бермек.
Кейбір экобелсенділер әлеуметтік желіде жұртты «АрселорМиттал Теміртау» (қаладағы өндірістің иесі) компаниясының жауапты қызметкерлерін «қоршаған орта мен адамдарды улағаны үшін» сотқа беруге шақырады.
ТЭЦ-2 станциясы. «АрселорМиттал Теміртау» (иесі үндістандық миллиардер Лакшми Миттал) ақпараты бойынша, өндірістің қалдықтың бір бөлігі ТЭЦ-2 және ТЭЦ ПВС жылу электр станцияларына тиесілі. Компания бірнеше жылдан бері өндірістік қалдық мөлшерін 30 пайызға азайту жайлы айтып келеді. Бірақ іс жүзінде өзгеріс байқалмайды: ауа лас, қыста қар қарайып кетеді.
Үйі комбинатқа жақын маңда орналасқан бұл тұрғын Азаттық тілшісіне бірнеше жыл бұрын қар бұдан таза болғанын айтады. Сөзінше, күн сайын қарға өндіріс қалдықтары қонады.
Жергілікті экобелсенділер мен тұрғындар бұл жағдайды экоцид деп атайды. Тұрғындар полицияға шағым жазу үшін жергілікті заңгерлерге жүгінген. Заңгер Сергей Бондаренко айтуынша, өндірістік қалдықтардың шамадан тыс асып кетуіне Қылмыстық кодекспен іс қозғалады.
Теміртаулық журналист және экобелсенді Олег Гусев Азаттыққа «экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың (президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) еңбек жолын бастаған Теміртау қаласы экологиялық апат алдында тұрғанын» айтады. Сөзінше, ауаның ластығынан кейбір тұрғындардың тыныс алу жүйесі аурады.
- Бес жастағы ұлым астмаға шалдыққан. Мұндай диагноз бір аймақта тұратын тағы төрт балаға қойылған. Бұл экогеноцидке, биліктің қараусыз отырғанына енді ешкім шыдамас. Біз биліктен тек міндетін дұрыс атқарып, азаматтарының құқығын қорғағанын қалаймыз. Үкімет Митталдан комбинатты модернизациядан өткізуді талап етсе, арзанға түспек. Ал жағдай ушығып кетсе, оның салдарын жою тым қымбатқа шығады, - дейді ол.
Ақпанның басында Теміртауда ауа ластығының орташа және жоғарғы деңгейі тіркелді. Мұндай деректі (суретте) «датчиктердің» онлайн-мониторингі көрсетіп тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасы бойынша, қауіпті концентарциялардың РМ-2,5 жиілігі бойынша 30 микрограмм/куб метр болуы тиіс.
Өндіріс орындарынан шыққан шлактардан ұшқан шаң да ауаны ластайды.
Тұрғындар қара қар мәселесін тағы көтерген соң Қазақстан экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жақында экология департаменті қалада тексеріс жүргізіп, жағдайды реттеу үшін шаралар жасалатынын айтты. Министрдің сөзінше, жұмыс нәтижесі жұртқа жарияланады