Таңғы сағат 05:08. Бірінші вагон күнделікті бағытымен жолға шықты. Теміртауда трамвай белгіленген кестеге сай жүреді. Көбіне таңғы рейске қаладағы негізгі кәсіпорын саналатын металлургия зауытына баратын жұмысшылар мінеді.
Қарағанды облысындағы өндірістік қаланың инфрақұрылымы комбинатқа негізделген. Қазақстандық Магнитканың құрылысы 1950 жылдары басталған. Металлургия кәсіпорны жанынан трамвай цехын ашу туралы шешімді Мәскеудегі министрлер кеңесі мен СССР Коммунистік партиясының орталық комитеті қабылдаған: совет дәуірінің ауқымды жобасына жұмыс күші керек болып, Теміртау халқының саны біртіндеп өсе бастаған соң, қалада жұмысшыларды құрылыс алаңына жеткізу мәселесі туған.
Қаладағы трамвай желісі 1959 жылы іске қосылған. Алғашқы вагондар болат тақтайшадан дайындалып, іші ақ қайыңмен қапталған, терезе жақтауы еменнен жасалған.
– Салонда екі қатарға 24 жолаушыға арналған екі және бір орындық ағаш дивандар қойылған. Бірақ жолаушы көптігінен жұмысқа бара жатқан немесе үйіне қайтқан жұмысшылар трамвайдың сыртына жармасып, не төбесіне отырып баратын болған. Ол кезде қалада автобус жүрмейтін, сондықтан жолаушы тасымалындағы бүкіл ауыртпалық шағын вагондарға түсті, – дейді Теміртаудағы өлкетану мұражайының қызметкері Татьяна Хмелева.
Уақыт өте келе трамвай желісі кеңейіп, 1992 жылға қарай қалада бес бағыт жұмыс істеп тұрған.
Қазір үлкен трамвай паркінен тек бірнеше ескі вагон мен тозығы жеткен жол ғана қалған. Бірінші бағыт – қалада жұмыс істеп тұрған жалғыз трамвай бағыты. Моноқалада соңғы күндері трамвай қызметі біржола тоқтауы мүмкін деген сыбыс тараған.
Қала тұрғындары мессенджерлерде Қарағанды өңіріндегі комбинат пен көмір шахталарының иесі – кәсіпорындарды постсоветтік жекешелендіру науқаны кезінде иеленген "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы бас директорының "бұйрығын" таратып жатыр. Қаладағы трамвайға иелік ететін компания басшысы қол қойған құжаттың көшірмесінде "трамвай көлігін пайдалануды доғарып, бір немесе бірнеше кезеңде автобус тасымалына көшу" туралы жазылған
26 тамызда теміртаулық трамвай жүргізушілері өздері қарайтын мекеменің алдына жиналды. Олар 14 қыркүйектен бастап трамвай цехының барлық жүргізушісін (цехта барлығы 150 адам жұмыс істейді) ақылы еңбек демалысына жіберу жоспарланғанын айтты.
Жұмысшылардың сөзінше, оларға ақпарат құралдарымен байланыспау туралы ескерткен. Бірақ жұмысшылар заңсыз ештеңе істемегенін, бар болғаны трамвайды сақтап, жолды жөндеуге қаржы құйып, адамдарды жұмыссыз, ал өндірістік қаланы экологиялық таза көліксіз қалдырмауды сұрайтынын айтады.
– Парк жабылуы мүмкін екенін естігенде, бәрі таңғалды. Қалада онсыз да тек жалғыз бағыт қана жұмыс істейді. Бұл қаланың тарихы, көрнекілігі мен қолайлы көлік түрі ғой. Оның үстіне жұмыссыз қалғымыз келмейді. Қатты уайымдап жүрміз, – дейді парк қызметкері Наталья Полын.
Шу шыққаннан кейін жүргізушілерге оларды ешкім күштеп еңбек демалысына жібермейтінін айтқан. Бірақ жұмысшылар бұлыңғыр болашағына қатты алаңдайды.
– Ары қарай қалай жұмыс істейтініміз түсініксіз. 7 қыркүйекте трамвай жүргізушілерімен болған жиналыста комиссия жұмысты тоқтатқанын, әзірге бұрынғы режимде жұмыс істеп, қысқа дайындалатынымызды айтты. Бірақ бұл ұзаққа созыла ма? Трамвай паркіне назар аударып, оны сақтап қалу керек деп ойлаймыз. Бір трамвайға жүзден астам жолаушы сыяды. Бұл көлік түрі сұранысқа ие. Бізге балаларды трамвайға мінгізу үшін Қарағанды мен астанадан келетіндер де бар, – дейді анасы мен әжесі де трамвай паркінде жұмыс істеген жүргізуші Ирина Крикунова.
Теміртаудың бұрынғы тұрғыны, металлургтер қаласындағы ауаның ластануы мәселесін көтеріп жүрген журналист әрі белсенді Анжелика Волкович билік пен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын паркті сақтап қалуға үндеді.
– Неге әкімдер мен депутаттар үнсіз отыр? Қалай ғана темір жолдарды бұзып, ерекше көлік түрін жоюға болады? Осының бәрін металлургтер қаласының ерекшелігіне айналдыруға болады ғой! Жолаушы үшін бонус ойлап тапсын, байқаулар өткізсін, "Трамвай күнін" ұйымдастырсын, демеушілер тартып, бүкіл елге жарнамаласын, ақша бөлсін! Басқа елдерде адамдар қараусыз қалған ерекше орындарды бизнесті тарту арқылы қалпына келтіреді. Теміртауда керісінше, өткеннен қалған соңғы жәдігердің өзін жабайылықпен жойып жібереді! Үнсіз қалуға болмайды, – дейді Анжелика Волкович.
Трамвай паркінің жұмысшылары неден қауіптенетінін ашып айтқаннан кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі жергілікті журналистерге "әлі ешқандай шешім қабылданған жоқ", "компания жергілікті билікпен кеңесіп жатыр" деп хабарлады.
4 қыркүйек күні Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына "Компания трамвай паркінің қызметіне қанша ақша жұмсайды?", "Трамвай паркі компанияға шығын келтіріп отыр ма?", "Трамвайдан бас тарту мәселесі қаралып жатыр ма?" және "Компания билікке трамвай паркін қаланың иелігіне алуды ұсынып көрді ме?" деген сұрақтар жолдады. Бірақ мақала жарияланған кезге дейін компаниядан жауап келген жоқ.
Теміртау әкімдігінің өкілдері Азаттыққа бұл мәселені зерттеп жатқандарын мәлімдеді. Қала әкімі Қайрат Бегімовке сілтеген баспасөз қызметі Азаттыққа "Біз қазір трамвай паркі және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы басшылығымен талқылап көреміз. Компания бұл туралы жеке мәлімдеме жасайды. Паркті жабу, жөндеу, ауыстыру мәселесі қаралып жатқан жоқ" деген жауап жіберді.
Азаттық әкімдіктен "Компания трамвай қызметін қаржыландырудан бас тартқан жағдайда, парктің қала иелегіне өтуі мүмкін бе?" деп те сұрады. Бірақ жауап алған жоқ.
Теміртаулықтардың көбі трамвайды қалдыру керек деп есептейді. Олар бұл қоғамдық көлік түрін қолайлы санайды: трамвайлар таңнан түннің ортасына дейін жүреді, қыстың аязды күндері де тоқтап қалмайды, жолақы құны – 50 теңге (автобус жолақысынан 20 теңге арзан, металлургия комбинатының жұмысшылары тегін жүреді).
– Трамвай паркін міндетті түрде сақтап қалу керек. Қаланың кей ықшамауданы автобусқа жарымай келеді, сондықтан көп тұрғынға трамваймен жүрген ыңғайлы. Өзім де трамвайға жиі мінемін, – дейді Теміртау тұрғыны Сартай Қалмағамбетов.
Қала тұрғындары трамвайдың жойылып, экспонатқа айналғанын қаламайды. Екі жыл бұрын (Қазақстанның сол кездегі президенті) Нұрсұлтан Назарбаев жас күнінде еңбек жолын бастаған қалаға барарда ескі трамвайдың бір вагонын жөндеуден өткізіп, паркке қосқан. Сапар барысында Назарбаев үшін Теміртауда театр қойылымы ұйымдастырылып (Қазақстанда жоғары шенді шенеуніктерді осылай аста-төк күтіп алу тәжірибесі қалыптасқан), мәртебелі мейманды трамвай вагонында 1960 жылдардың стилінде киінген бір топ актер күтіп алған.
СССР тұсында Қазақстанның бес қаласында трамвай қозғалысы іске қосылған.
Орталық Қазақстандағы өндірістік қала Қарағандыда трамвай қызметі 1997 жылы тоқтаған.
Елдегі ірі қалалардың бірі Алматы билігі бес жыл бұрын трамвай желісін алып тастады. Әкімдік бұл шешімін жолдар мен қозғалыс құрамы апатты жағдайда, трамвайдың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы жиіледі деп түсіндірді. Жергілікті биліктің бұл шешіміне экобелсенділер наразы болды.
Былтыр Назарбаевтың орнына ел президенті қызметіне келген Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы трамвай қызметінің тоқтауын "жұмсақ тілмен айтқанда, даулы шешім" деп бағалап, қоғамдық көліктің бұл түрі "Еуропа елдерінде жақсы жұмыс істеп тұрғанын" мысалға келтірген.
Қазір трамвай желісі үш-ақ қалада – Теміртау...
...Павлодар...
және Өскеменде ғана жұмыс істеп тұр.
Your browser doesn’t support HTML5