Заң бұзу фактісі жоқ. Қазақстан бас прокуратурасы елдегі ең бай әрі ықпалды адамдардың бірі Тимур Құлыбаевтың шағымы бойынша жүргізген тексеру қорытындысын осындай бір ауыз сөзбен түйіндеді. Тимур Құлыбаев – Қазақстан президенті қызметінен кетсе де билікке әлі ықпалын жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы.
Құлыбаев былтыр желтоқсанда британ газетінде жарияланған мақаладан кейін прокуратураға шағымданған. Financial Times журналисі Том Берджес Қытайға газ құбырын тартып жатқан мемлекеттік компаниялардың жұмысын үйлестіріп отырған Құлыбаев келісімшарттардан "қаймақты қалқып жеп", жасырын жолмен ондаған миллион доллар пайдаға кенелген деп жазған.
Осы мақаланың ізінше Құлыбаевтың заңгерлері Назарбаевтың күйеубаласы "газет материалындағы деректер жалған" екенін айтып, онымен келіспейтіні және Қазақстанның бас прокуратурасына жүгінгені жайлы хабарлама таратқан. Алайда Құлыбаев әлгі мақаланы жариялаған шетелдік газеттен немесе авторынан онда айтылғанды теріске шығаруын талап етіп британ сотына жүгінуді жөн көрмеген сыңайлы.
Бас прокуратураның жауабы көпшілік күткендей шықты: 2020 жылдың соңында Құлыбаевтың берген арызы бойынша Қазақстанның энергетика министрлігі тексеру жүргізген, бірақ ешқандай "заң бұзу фактісі анықталмаған".
"Прокуратура туралы" заңның 7-бабына сай, мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган – Қазақстан энергетика министрлігіне мақалада баяндалған фактілерді тексеру тапсырылды. Тексеру қорытындысы заң бұзу болмағанын анықтады. Арыз иесіне 23.02.2021 жылы жауап берілді" деп жазылған Азаттыққа 25 мамырда прокуратурадан келген ресми жауапта. Хатқа бас прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұлов қол қойған.
Тексеру жұмысы қалай жүргізілді, оның қорытындысы бойынша қандай да бір шара қабылдана ма деген сауалға прокуратура жауап берген жоқ.
2020 жылғы 3 желтоқсанда Financial Times басылымы жариялаған мақалада авторлар дерек көзінен алған құжаттарға сүйеніп, Қазақстан экс-президентінің күйеубаласы Тимур Құлыбаев Орталық Азиядан тартылатын газ құбырын салған "Еуразия құбыр желісі консорциумы" (ЕТК) компаниясымен жасалған келісімшарттардан 75 миллион долларға жуық пайда көрген деп жазды. ЕТК компаниясы Украина мен Ресей зауыттарынан құбыр сатып алған. Бірақ құбыр жасауға қажет болатты Қытайдан сатып алып, әлгі зауыттарға қымбатқа сатқан. Журналист Берджес келтірген деректер бойынша, ETK Қытайдан бір тоннасын 935 долларға сатып алған шикізатты 1500 долларға қайта сатқан. Автор қолға түскен құжаттар ақыр соңында әлгі қаржының қомақты бөлігі ЕТК компаниясын басқаратын ресейлік бизнесмен Александр Кармановқа емес, Тимур Құлыбаевқа арналған деген "жорамал жасауға болады" деп жазды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
FT: Тимур Құлыбаев Қазақстанның газ құбыры жобасынан құпия жолмен миллиондаған доллар пайда көргенОққағар, дипломат, кәсіпкер және миллиардер. Орталық Азиядағы 13 "күйеу бала" "Күйеу бала" Құлыбаевтың иелігіне ұлттық университет жері қалай өтті?Ол кезде Құлыбаевтың заңгерлері өз клиентінің ЕТК компаниясына тікелей де, жанама түрде де қатысы жоғын мәлімдеген.
Алайда Берджестің мақаласына АҚШ конгресінің мүшелері назар аударды. Мамырдың басында Өкілдер палатасының мүшесі Бенни Томпсон әріптестері мен президент Джо Байден әкімшілігінің назарын журналист Берджес жазған Қазақстандағы "клептократия" (ұрлық – ред.) оқиғасына аударды.
Бенни Томпсон Financial Times материалындағы "АҚШ-тың стратегиялық әріптесі болуға ұмтылып отырған" және "әлемнің маңызды бөлігіндегі" елде – Қазақстандағы жемқорлық болуы ықтимал деген деректерге байланысты "алаңдап отырғанын" айтқан.
Конгреске Миссисипи штатынан сайланған Томпсон Құлыбаевтың қоғамда резонанс туғызатын мақала кейіпкері болып отырғаны бірінші рет емес екенін атап өткен. Оның сөзінше, Назарбаевтың күйеубаласы 2007 жылы британ патшайымы ІІ Елизаветаның ұлы Эндрю ханзададан Саннингхилл-парк поместьесін сатып алған (БАҚ Құлыбаев 15 миллион фунт-стерллинг төлеп, сатуға қойылған бағадан 3 миллион фунт-стерлинг артық төлегенін жазған, британ қоғамы мұның астарында пара беру жатқан болуы мүмкін екенін айтып, сауда мәмілесін тексеруді талап еткен).
Қала сыртындағы ол үйді Эндрю ханзада үйленген кезде анасы сыйға тартқан. Қазір ол үй сүріліп, орнына "ірі зәулім үй" тұрғызылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаев әулетінің шетелдегі зәулім сарайларыАмериканың Forbes журналы биыл сәуірде Тимур Құлыбаев пен оның әйелі Динараның (Назарбаевтың ортаншы қызы) жиынтық байлығы 5,6 миллиард доллар (әрқайсысында 2,8 миллиард доллардан) деп бағалаған. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар өз меншігіндегі "Алмэкс" компаниясы арқылы елдегі ең ірі коммерциялық банк – Халық банкке иелік етеді. Биыл Тимур Құлыбаев елдегі ең ірі әуежай – Алматы аэропортын түрік холдингіне 365 миллион долларға сатты.
54 жастағы Тимур Құлыбаев – KAZENERGY мұнайгаз және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық ассоциациясы жетекшісі, ресейлік "Газпром" компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін, Қазақстан бокс федерациясын басқарады.