Adamdar/CA платформасының бас редакторы, жуналист Тимур Нүсімбеков бірнеше ай бұрын Украинаға еріктілер штабында жұмыс істеуге, фотожурналистердің соғыс жағдайындағы қызметімен танысып, украиндардың жау соққысына қалай тойтарыс беріп жатқанын көруге кеткен. Журналист Азаттыққа берген сұхбатында Украинадағы соғыста куә болған жайттарды баяндады.
Азаттық: Қазір қай жердесіз? Украинаның қандай өңірлерінде болдыңыз?
Тимур Нүсімбеков: Жақында Киевке оралдым. Оған дейін мыңдаған километр жол жүріп, Украинаның әртүрлі өңірін араладым. Әуелі Варшаваға барып, бұрыннан қызығып жүрген тақырыбымды зерттеуге кірістім: украиналық еріктілер, журналистер, суретшілер мен мәдениет өкілдері соғыс жағдайында қалай жұмыс істеп жатқанын білгім келді.
Маған украиндар мұндай ауыр сынаққа қалай төтеп беріп, басқыншыларды қалай тоқтатқанын, тығырыққа тірелген сәттерде қалай жеңіске жетіп жатқанын түсіну өте маңызды болды.
Қазір Варшавада әлемдегі ең ірі еріктілер хабы орналасқан. Онда Польша, Украина және басқа да мемлекеттерден келген азаматтар Украинаның әртүрлі аймағына гуманитарлық көмек жинап жібереді. Сол жерде еріктілермен танысып, бірге жұмыс істей бастадым. Тамыздың басында Украинаның Львов қаласына жеттім.
Ары қарай Киев және Киев облысына бет түзедім. Ресей әскері жете қоймаған бейбіт қалалар мен басқыншылардан босаған Буча, Дмитровка, Ирпень, Гостомель сияқты елдімекендерде болдым. Чернигов пен Чернигов облысына да бардым. Бұл қоршауда болған қала, бірақ аумақтық қорғаныс бөлімшелері, Украина қарулы күштері мен ерікті азаматтардың бірлескен күресінің арқасында Чернигов блокадаға түссе де, жау қолына өтпеген. Ресейлік басқыншылар қаладағы үлкен аудандарды жаппай атқылаған. Шабуылға артиллерия мен танкілерді жұмылдырып, қаланы әуеден бомбалап, қанатты зымырандар тастаған.
Осы елдімекендерді аралап, тұрғындармен әңгімелескен кезде олардан Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің оккупациясына түскен украиндардың ерлігін байқайсың. Әсірелеп отырған жоқпын, жергілікті халықтан шынымен осыны көрдім.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тимур Нүсімбеков: Билік журналистерді де, сөз бостандығын да жақтырмайдыБАТЫСТАН ШЫҒЫСҚА – МАЙДАН ШЕБІНЕ ДЕЙІН
Азаттық: Украинаға не үшін бардыңыз?
Тимур Нүсімбеков: Ол елге барамын деген ұйғарымға саналы түрде келдім. Былтыр Киевтегі достарыммен бірге мәдени жоба дайындауға келіскенбіз. 21 ақпанда Украинаға ұшуым керек еді, бірақ сапарым сәуірге қалды. Өйткені Ресей Донбасқа шабуылдауы мүмкін деген қауіп болды. 24 ақпанда Путин Украинаға басып кіруге бұйрық бергеннен кейін жоспарымның күл-талқаны шықты. Бәрібір Украинаға барғым келді. Өйткені мен үшін маңызды еді. Қаңтар қырғынына байланысты бірден кетіп қала алмадым.
Әдетте ай сайын бірнеше рет сыртқа шығып тұрамын. Бұл жолы жарты жыл бойы еш жаққа бармадым. Өйткені туған елім мен қалам тәуелсіздік кезеңіндегі ең ауыр трагедияны басынан өткерді. Алматыда қалып, қала, адамдар мен мемлекет қалай өзгергенін зерттегім келді. Қаңтар оқиғасына байланысты ойларымды аз да болса реттеп, өзіме уақытша кідіріс жариялаған кезде Украинаға баруға дайын екенімді түсіндім.
Виза алуға, сапарымды жоспарлауға көп уақыт кетті. Соғыс болып жатқан мемлекетке, Киев, Львов сияқты бейбіт қалаларға ғана емес, майдан шебінде орналасқан елдімекендерге бару оңай емес. Шілдеде жолға шығып, Украинаға тамыздың басында бір-ақ жеттім.
Әуелі Дубай арқылы Варшаваға ұштым, бірнеше күн Польшада болып, еріктілермен сөйлестім. Олардың жұмысымен таныстым, Украинадан Польшаға келіп жатқан босқындарға көмектестім. Польша миллионнан астам босқын қабылдап, украиндарға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бұл іске еріктілерден бөлек, мемлекет пен азаматтық қоғам да жұмылған.
Варшавадан кейін шекара асып, Львовқа жеттім. Ол жақта бірнеше күн жұмыс істеп, Киев облысына, Чернигов, Полтава, Харьков, Одесса және Харьков облыстарына бардым. Сонда Украинаның алты облысында болыппын.
Азаттық: Бучаға барыпсыз. Ол жақта не көрдіңіз? Кіммен сөйлестіңіз?
Тимур Нүсімбеков: Қаланы түгел жаяу аралап шықтық. Жергілікті тұрғындармен, еріктілермен, журналистермен сөйлестік. Бучаға барған күні аты-жөні анықталмаған азаматтарды жерлеп жатты. Ресей әскерінің қолынан қаза тапқан адамдардың денесі қаладан әлі күнге табылады екен. Кей азаматтардың аты-жөнін анықтай алмайды, сондықтан билік марқұмдардың ДНК-сын жинап жатыр.
Зиратта 2022 жылы ақпан, наурыз, сәуір айларында көз жұмған адамдардың моласы көп. Олардың көбі – қарапайым, бейбіт тұрғындар: әйелдер, қарттар, балалар. Бұл жантүршігерлік оқиғаны "Ислам мемлекеті" террористерінің, тәліптер мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі нацистердің әрекетімен салыстыруға болады.
Өкінішке қарай, Бучадағы қылмыс басқа елдімекендерде де қайталанған. Тек Буча Украина әскерінің қолына өткеннен кейін ақпарат құралдарында жиі аталып, танымал болып кетті. Бірақ Украинада ресейлік басқыншылардың әскери қылмысына куә болған басқа да елдімекендер бар. Мысалы, Херсон немесе Мариуполь толықтай қираған. Әлі де Ресей әскерінің қолындағы аудандарда не болып жатқаны белгісіз.
Бұл қылмыстар туралы Варшавада Украинаның басқыншылар жаулап алған аймақтарынан келген босқындардан да естідім. Ақпарат құралдарында жарияланған деректердің өзі жаға ұстатады. Бірақ қылмыс жасалған аудандардан келген адамдардың әңгімесін есту немесе басқыншылар зұлымдығының салдарын көзіңмен көру әлдеқайда қорқынышты.
"УКРАИНА ӨЗ ЖЕРІ ҮШІН ҒАНА ЕМЕС, ЕРКІН ӘЛЕМ ҮШІН СОҒЫСЫП ЖАТЫР"
Азаттық: Қазір Украинаға Қазақстанды қосқанда ондаған мемлекет көмектесіп жатыр. Ел ішінде бұл көмек сезіле ме?
Тимур Нүсімбеков: Сезіледі. Варшавада мектеп оқушысынан зейнеткерге дейінгі әртүрлі жастағы еріктілер гуманитарлық көмек тиелген жүк көліктерін күтіп алып, заттарды Украинаға баратын поездар мен шағын автобустарға тиейді. Украинаның өзім болған қалаларында да сырттан көмек келіп жатқаны байқалады.
Әлем Екінші дүниежүзілік соғыстағы Гитлерге қарсы коалициядан кейін дәл осылай біріккен жоқ. Украинада да өз азаматтарынан бөлек, басқа мемлекеттерден келген еріктілер көп. Үндістан, Франция, АҚШ, Канада мен Швейцариядан келген азаматтармен таныстым. Мен мұны Украинаға ғана емес, еркіндік пен демократия идеясына көмек деп атар едім. Украина өз жері үшін ғана емес, еркін әлем және демократиялық жүйе үшін соғысып жатыр.
Азаттық: Қазақстан үшін де ме?
Тимур Нүсімбеков: Бірінші кезекте, Қазақстан, Грузия, Молдова, Орталық Азия, Балтық елдері және Ресей экспансиясы қаупі төніп тұрған басқа да мемлекеттер үшін соғысып жатыр. Украиндар мұны жақсы түсінеді. Қазақстан азаматтары да осыны түсінер деп үміттенемін. Өйткені олар Украинаға көмектесу арқылы өздеріне көмектеседі.
Жергілікті украин қазақтар да гуманитарлық көмекке үлес қосып жатқанын білемін. Бұл жерде қазақ деп бүкіл Қазақстан азаматтарын айтып отырмын. Біздің дәрігерлеріміз Дмитрий Киреев, Бақытжан Момынов, Людмила Нам және Александр Шинкаренко ерлік жасап, Украинаға барып қайтты. Дәрі-дәрмек жеткізіп, соғыстан зардап шеккен адамдарға көмектесті. Украиндар бұл жақсылықты ұмытпайды.
Азаттық: Сұхбатқа келіскен кезде украиндар соғысқа қалай төтеп беріп, өмір сүріп, жұмыс істеп, әзілдеп жүргенін түсінбеймін деп едіңіз. Сізге кездескен адамдар осыншама ауыртпалықты қалай көтеріп жүргенін түсіне алдыңыз ба?
Тимур Нүсімбеков: Бала күнімде, студент шағымда, ересек кезімде, 2015 жылы Ресей Қырымды тартып алып, Донецк және Луганск облыстарында соғыс басталғаннан кейін Украинаға барып, бұл елді әртүрлі күйде көрдім. Осы жылдар ішінде украиндар түбегейлі өзгерді. Олар ашық-жарқын халық болса да, бұрынғыдай көп күлмейді. Қазір де әзілдейді, бірақ бұрынғыдан жиналып, күшейе түскен сияқты. 24 ақпаннан кейін елге түскен ауыртпалық халықтың көзіне мұң болып ұялап қалған.
Сапар барысында еңсесі түсіп жүрген адамдарды көрген жоқпын. Сөйлескен адамдарымның бәрі Украинаның жеңісіне кәміл сенеді. Бірақ олардың осынша қиындыққа мойынсұнбай, күрескер қалпын жоғалтпауын елдегі ұлттық патриотизм мен азаматтық бірлікпен, бүкіл әлемнің Украинаны қолдауымен, халықтың бойында жүздеген жыл бойы елін жат қолына бермей қорғаған қаһарман бабаларының рухы оянуымен байланыстырамын.
Украинаға осы жолғы сапарымды "Қазақ елінен Козактар еліне саяхат" деп атадым. "Қазақ" және "козак" сөзінің мағынасы бір: екеуі де еркіндіксүйгіш, азат адам, жауынгер дегенді білдіреді.
Екі халықтың арасындағы айырмашылық мынада: біздегі еркіндік рухы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін кезінен бері ұйқыда жатыр. Авторитарлы репрессивті жүйе, неосоветтік саясаткерлер еркіндікке ұмтылысымызды одан әрі басып-жаншып отыр. Украиндарда 2014 жылы козак рухы оянып, жыл өткен сайын күшейіп, беки түсті. Сондықтан қазір ақпанда Ресей танкілеріне қарусыз қарсы шығып тоқтатқан еріктілер, бейбіт халық пен қарулы күштердің көзсіз ерлігі туралы хикаяларды естіп отырмыз.
Жақында осындай бір оқиғаға куә болдым. Өткен аптада Одессадағы еріктілер орталығында жұмыс істедім. Бұл – Украина мен Еуропадағы ең ірі орталық. Еріктілердің бірі жараланған азаматтарды қабылдап жатқан ауруханадан келді. Әртүрлі аудандарда жараланған адамдарды Одессаға әкеледі. Ол көрген сұмдығынан кейін өз-өзіне келе алмай, жылауға шақ қалды. Еріктілердің жұмысын үйлестіруші кісі "Бізге жиналып, жұмыс істеу керек, шаруа көп, жылайтын уақыт емес. Соғысты жеңіспен аяқтаған кезде жылаймыз, осы жолда шейт болған ондаған мың адамды әлі ұзақ жоқтайтын боламыз" деді.
Бұл жеке адамның сөзі ғана емес, жалпыұлттық сана сияқты. Украиндар не үшін соғысып жатқанын жақсы біледі. Мұны патриотизм сияқты абстрактілі ұғымдармен емес, туған жерге, халыққа, мәдениетке деген махаббатпен түсіндіруге болады деп ойлаймын.
Азаттық: Украинада басыңызға қатер төнген кездер болды ма?
Тимур Нүсімбеков: Құдайға шүкір, бомбаның астында қалған жоқпын. Бірақ Харьков облысында "орыс әлемі" келген елдімекеннің жағдайы қандай болатынын көрдім. Артиллерия мен минометтан атылған оқ дауысы естіліп тұрды. Ресей Харьковты атқылап жатыр, тұтас аудандар жойылып кеткен. Олар – әскери нысандар емес, көпқабатты тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер мен еріктілер орталығы.
УКРАИНА САБАҚТАРЫ
Азаттық: Майдан шебіндегі Харьковқа қалай бардыңыз?
Тимур Нүсімбеков: Харьковқа гуманитарлық көмек апардық. Ол жақта фотограф досым жұмыс істейді. Ол Харьков облысының майдан шебіндегі ауданында еріктілерге көмектесіп жүрді. Досымнан ит-мысыққа азық жетпей жатқанын естідім. Киевте комендант сағатына дейін жануарларға тамақ сатып алып, таңертең жолға шығып кеттік. Жүкті жеткізуге украин достарым көмектесті: олардың бірі – дағдарыс менеджері және алғашқы көмек көрсету бойынша инструктор, екіншісі – Украина қарулы күштері арнаулы әскери жасағының жауынгері. Ол соғыста алған жарақатынан кейін Киевте емделіп жатқан, сонда да маған көмектесті. Екеуіміз сағаттап козактар, көшпенділер, тәңіршілдік тақырыбын талқылайтынбыз, өзі Харьковта туған.
Гуманитарлық көмек жеткізіп, Ресей әскерінің Украинаның ең әдемі қаласын қандай күйге түсіргенін көрдік. Шығын өте көп, жүздеген мың адам мекен-жайын тастап қашуға мәжбүр болған.
Харьковтың түбіндегі Сковородиновка ауылында болдым. Украин философы Григорий Сковорода сонда жерленген. Ауыл басқыншылар қолына өтпеген, бірақ философтың мұражайына зымыран түскен. Ресейліктер қайда атып жатқанын жақсы білген. Өйткені Сковородиновкада бір де бір әскери нысан жоқ.
Бұл "Путлер" басқаратын Ресейдің басқыншылық соғыс жүргізіп қана қоймай, Украинаның мәдени өмірі мен ұлттық болмысын жойып жіберуге тырысып жатқанын дәлелдейді. Путин осы себептен азаматтық және әскери инфрақұрылымды ғана емес, мәдениет нысандарын да талқандап, қиратып жатыр.
Украиндардың соғыстың өзінде мәдениетін қорғауға жанын салып жатқанына таңғалдым. Олар бас ғимараттар мен ескерткіштерді қапшықтармен, ағаштармен, темір тақтайлармен жауып, қорғап жатыр. Негізгі нысандарды әскер мен зымыранға қарсы жүйе күзетіп тұр. Осының бәрін көріп, қаңтарда Алматыдағы Республика алаңында бейбіт тұрғындарды атып жатқан кезде адамдардан бөлек, тәуелсіз Қазақстанның маңызды символы – Тәуелсіздік монументіне де зақым келгені есіме түсті.
Монументте автомат пен пулемет оғының іздері қалған. Халыққа қарсы оқ жаудырғандар адам өміріне, Алматыға, Қазақстанның мәдениетіне қалай қарайтынын көрсетті.
Азаттық: Украинадағы фотодокументалистер мен журналистер қандай жағдайда жұмыс істеп жатыр?
Тимур Нүсімбеков: Мстислав Чернов, Евгений Малолетка, Юлия Кочетова сияқты документалистер мен журналистерді, "Кориння" документалистер тобының мүшелерін, соғыстан хабар таратып жүрген украин қыз-жігіттердің еңбегін ерекше атап өту керек. Олардың кейбірі 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Евгений Малолетка қаңтарда Алматыға келіп, Қаңтар оқиғасы туралы маңызды материал дайындады. Оны соғысқа дейін сырттай танитынмын. Кейін Бучада көрдім, ал Киевте өткен Украинаның тәуелсіздік күнінде жақын таныстық.
Қаңтар оқиғасы, Украинадағы соғыс туралы сөйлестік. Малолетка, Чернов, Макс Левин (украин фотожурналисі, 2022 жылы наурызда қаза тапты – ред.) түсірген кадрлар мен журналистердің ақпараты соғысқа кәдімгідей әсер етіп жатыр. Бұл тарихтағы ең көп жазылып, деректері түгел сақталып жатқан соғыс шығар. Украинадан да, ресейлік басқыншылар тарапынан да дер кезінде әртүрлі кадрлар түсіп жатыр. Басқыншылар көбіне жергілікті тұрғындардан тартып алған телефонға қылмыстарын түсіріп, айғақ қалдырып кетеді.
Украина журналистері адам төзгісіз жағдайда жұмыс істейді. Олардың қайсарлығына қарап таңғаласың. Украинаның журналистері мен документалистерінің арқасында елдің қандай сынақтардан өтіп жатқанын бүкіл әлем көріп отыр.
Соғыс әртүрлі болады. Ресей Украинаға қарсы танкілермен ғана емес, реактивті жаппай оқ жаудыру жүйесінің, бомбалаушы құрылғылардың көмегімен, экономикалық, мәдени, ақпараттық бағытта соғыс жүргізіп отыр. Кремль адамдарды ақымақ қылып, санасын улауға аямай қаржы құйып жатыр.
Мұның нәтижесін бүкіл әлемнен көруге болады. Тіпті, Қазақстанның өзінде билік әлі күнге елдің тәуелсіздігіне тиісіп, солтүстік, шығыс аймақтарды басып алу идеясын талқылайтын ресейлік каналдарды өшірмей отыр.
Украиндармен араласып, қарапайым адам, журналист, ерікті ретінде біраз сабақ алдым. Әлемдегі кез келген адам YouTube, Instagram немесе Facebook арқылы Украинада болып жатқан оқиғаны бақылап, өзіне ой түйеді деп үміттенемін. Бұл әсіресе, Қазақстан азаматтары үшін маңызды.
Біздің халық пен саясаткерлер дәл қазір Украина авторитар жүйеге қарағанда демократиялық мемлекет әлдеқайда мықты екенін дәлелдеп жатқанын түсінуі керек. Ғалымдар, зерттеушілер мен белсенділер Украинаның мысалында шынайы деколонизация мен азаматтық қоғам қандай болатынын көре алады. Қазақстан азаматтары мен әскерилер Украина қарулы күштері мен полициясының тәжірибесін зерттеп, құқық қорғау органдары өз елі мен азаматтарын қалай қорғауы керегін түсінсе екен. Бізде керісінше, әскер мен полиция 2011 жылы Жаңаөзенде, 2022 жылы Алматыдағы Қаңтар оқиғасында өз азаматтарын атып, азаптауға барды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматыға көшкен ресейлік фотограф: Украинада бандерашыларды, Қазақстанда ұлтшылдарды көрмедім