"Өз үйімізді өзіміз саламыз". Өргебас ауылы 2020 жылғы су апатынан соң қалай салынды?

Өргебас ауылында велосипед теуіп жүрген балалар. Түркістан облысы Мақтаарал ауданы. 28 мамыр, 2024 жыл.

Қазақстанда көктемдегі тасқын үйсіз қалдырған мыңдаған отбасының арасында билік уәде еткен өтемақы тезірек берілсе дейтіндер де, оның көлеміне келіспейтіндер де бар. Әлі шығын көлемін біле алмай жүргендер де көп. Үкімет кей өңірде үй салу басталып кеткенін хабарлаған. Төрт жыл бұрынғыдай жағдай қайталанып отыр. Ол жолы Өзбекстанда су қоймасы жарылып, Қазақстанның Түркістан өңірінде бес ауылда жүздеген үйді құлатқан. Зардап шеккендер бірнеше айдан соң жаңа үйге кірген. Азаттық тілшісі Өргебас ауылының қазіргі жағдайын көріп қайтты.

Your browser doesn’t support HTML5

Тасқын қиратқан Өргебас ауылын жұрт қалай қалпына келтірді?

2020 жылғы 1 мамырда Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылып, Қазақстанның Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бес ауылын су басқан еді. Ресми мәлімет бойынша, техногендік апат салдарынан Қазақстанда отыз мыңнан астам адам түн ішінде үй-жай, дүние-мүлкін тастап көшуге мәжбүр болды. Жүздеген тұрғын үйді, қоғамдық нысандарды, ондаған километр жол мен оның бойындағы көпірлерді су алды. 8 мың гектарға жуық егіндік су астында қалды.

Апаттан кейін үкімет халыққа бүлінген егістік пен қырылған мал үшін өтемақы төледі. Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарындағы үйсіз қалған 386 отбасына Мақтаарал ауданы орталығы Мырзакенттен жаңадан біркелкі тұрғын үй салынды. Өргебас ауылында – 195, Фирдауси ауылында 314 жеке үй салуға қаражат бөлінді.

2020 жылғы тасқыннан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. Түркістан облысы Мақтаарал ауданы. 28 мамыр, 2024 жыл.

ҚАЙТА САЛЫНҒАН АУЫЛ

Өргебас ауылы Өзбекстанмен шекарадан шамамен 5 шақырым, Мақтаарал ауданы орталығы Мырзакенттен 13 шақырым қашықта орналасқан.

Аудан орталығынан Өргебасқа жету үшін халықаралық күре жолдың бойындағы "Сапар" базарына жетіп, сол жерден ауылға баратын көлікке отырдым.

"Сапар" базарынан мінген көлік Өргебасқа тез жетті. Жаңадан төселген асфальт жолмен кіріп ауылға кіріп келе жатқанда асыр салып ойнап жүрген балаларды жолықтырдық. Кейбірі мал айдап бара жатыр.

Өргебас ауылында велосипед теуіп жүрген балалар. 28 мамыр, 2024 жыл.

2020 жылғы 1 мамырда Сардоба су қоймасы жарылғанда лап берген су жолындағыны түгел жайпап, Өргебас ауылына бір күннен соң жеткен. Қолына ілінгенді және құжатын алуға ғана мұршасы келіп, апыл-ғұпыл шыққан тұрғындар үй-мүлкін тастай қашқан. Көп ұзамай Өргебас түгелдей су астында қалды. Ауылдағы үйлер суға шыдас бермей, бірінен соң бірі құлады. Үй-күйсіз қалған халықтың бір бөлігі туыстарын, бір бөлігі эвакуация орталықтарын паналады.

Су қайтқаннан кейін Өргебас ауылындағы 195 үйдің бәрі сүрілді. Орнына шамамен 140-250 шаршы метрлік бір және екі қабатты үйлер салынды. Ауылда екі қабатты жаңа мектеп бой көтерді, полиция пункті мен фельдшерлік-акушерлік пункт жаңартылды. Ал ескі мектептің ғимараты мен мешіт күрделі жөндеуден өткізілді.

Өргебас ауылында мешіт полиция пунктіне көрші орналасқан. 28 мамыр, 2024 жыл.

17 МЛН ТЕҢГЕНІҢ ҮЙІ

Өргебастағы жаңадан салынған үйлердің шамамен сексен пайызының сырты боялмаған. Көбінің сыртында құрылыс материалдары жатыр. Кей үйдің есігіне құлып салынған. Қоршауы, дарбазасы жоқ үйлер жиі кездеседі.

Тұрсынкүл Мұсаева – Өргебастың байырғы тұрғыны. Зейнеткер төрт жыл бұрын ауылды түгел жайпап кеткендей апат бұрын-соңды болмағанын айтады.

Өргебас ауылының тұрғыны Тұрсынгүл Мұсаева жаңадан салынған үйінде тұр. 28 мамыр, 2024 жыл.

– "Су келе жатыр" дегенде бүкіл ауылды басып қалады деп ойламадық. Сол түні бала-шағамды, немерелерімді алып, туыстарымыздың үйіне кеттік. Ал ертеңіне таңертең келгенде бүкіл ауыл су астында жатқанын көрдік. Үйлер бірінен соң бірі құлады. Су кеткен соң ауылдағы бұзылған үйлердің бәрін сүріп, теп-тегіс қылды. Жұртта қалғандай күй кештік, – дейді Тұрсынкүл Мұсаева.

Зейнеткер сол жазда ол үкімет бөлген 17 млн теңгеге құрылыс бригадасын жалдап, ескі үйінің орнына жаңа үй тұрғызғанын айтады. Көлемі 100 шаршы метрге жетпейтін ескі үйінің орнына 195 шаршы метрлік жаңа үй салынған.

– Шалым қайтыс болып кеткеніне біраз болған. Ауыл әйелдерінің бәрі тыста, үй салуға ер адамдар кіріскен. Ер азаматым болмаған соң бірінші болып әйелдерден ауылға мен кірдім. Біреумен біреудің шаруасы болмай, әркім үй салу қамымен жанталасып жүрді, – дейді ол.

Мұсаеваның үйінің сырты толық бітпесе де, ішкі жұмыстары аяқталған. Ауласында шағын сарай салыныпты.

2020 жылғы су тасқынынан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. 28 мамыр, 2024 жыл.

Тұрсынкүл Мұсаевамен бір көшенің бойында тұратын 46 жастағы Мейіржан Қадіровтің алты баласы бар. Ауылды су алып, үйі бүлінгеннен кейін оған аудан орталығы Мырзакентке көшу жөнінде ұсыныс айтылыпты. Мейіржан келіспеген.

– Бұл үйде әкем туған, мен осында өмірге келдім, енді балам өсіп жатыр. Қара шаңырақты, атажұртты тастап кеткім келмеді, – дейді ол.

Қадіровтің Өргебаста егіндік жерінен бөлек ауыл ішінде екі үйі орналасқан 80 сотық жері бар. Айтуынша, екі үйі де судан бүлінген соң өкімет оған 34 млн теңге өтемақы беріпті. Сол ақшаға көлемі 156 және 168 шаршы метрлік екі үй және ұзындығы – 36, ені 6 метрлік сарай тұрғызып, бір трактор сатып алғанын айтады.

– Бір үйге 17 млн теңге бөлді. Оны үй салып біткенше үш бөліп берді. Бірінші траншпен берілген 8,5 млн теңгеге үйдің іргетасын құйып, қабырғасын тұрғызып, шатырын жаптық. Техникалық құжатын жасатып болған соң екінші траншпен 4,5 млн теңге берді. Оған үйдің ішіне жарық кіргізіп, жылу жүргіздік. Әрледік. Соңғы берілген ақшаға үйге қажет заттардың бәрін сатып алдық, – дейді ол.

2020 жылғы су тасқынынан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. 28 мамыр, 2024 жыл.

Мейіржан Қадіровтің айтуынша, әкімдік жаңадан салынатын үйдің көлемі 100 шаршы метрден кем болмасын деген талап қойған. Қалғанын жұрттың еркіне салған. Жұрт 3-5 айда үйін салып бітіріп, кіріп алды дейді ол.

– Өргебаста бір тұяқ мал шығын болған жоқ, адамдар да аман. Карантин кезі еді, ешбір адам ауырған жоқ. Жұрттың бәрі үй салумен әуре болды. Басты ұтқанымыз – осы, мал-жанымыздың амандығы. Қазір бәрінің үйі жаңа. Ыстық суға дейін үйдің ішіне кіргізіп алды, – дейді Мейіржан.

"ҚАЗІР БӘРІ ҚЫМБАТТАП КЕТТІ"

Өргебас ауылында тұратын халықтың негізгі күнкөрісі – егін шаруашылығы. Жергілікті адамдардың дені мақта, қауын-қарбыз егіп нәпақа табады. Жастар жағы мектеп бітірген соң жұмыс іздеп қалаға кетеді.

Ауылдағы Қасым Аманжолов атындағы мектепте еден жуатын Рида Қадірбекова үйді салып біткенше жаны жай таппағанын айтады. Одан бөлек, су басқаннан кейін жер сортаңданып, екі жыл қатарынан егін дұрыс шықпаған. Ауылда қалған жастар күнкөріс қамымен Алматы, Астанаға жұмыс іздеп кетті дейді Өргебас тұрғыны.

Өргебас ауылындағы ақын Қасым Аманжолов атындағы мектеп. 28 мамыр, 2024 жыл.

– Ауыртпалықты басына түскен адам ғана түсінсе керек. Мысалы, сол кезде немерелі болғанбыз. Үйіміз жаңа еді, суға кетті. Оны сүріп тастап, қайта салды. Ауладағы ескі үйді бұзуға рұқсат етпедім. Қашанғы біреудің босағасында босып жүреміз, үй салынып біткенше сол ескі үйде жаттық, – дейді Рида.

Қадірбекованың сөзінше, ауылдағы борсыған су сорылып, қоқыс шығарылса да, жер кепкенде қолаңсы иіс кетпей, оған қоса шіркей қаптаған. Әсіресе ауылдағы ауыз су сапасы қайта қалпына келгенше эпидемиологтар оны пайдалануға үш айға тыйым салған. Мамандар су сапасын бінеше рет тексеріп, зерттеу жүргізген. Әйткенмен апаттан кейін ауыл тезірек оңалды дейді Рида Қадірбекова.

– Ауа райы да жылы болды. Қыс түскенше бәріміз жаңа үйге кіріп алдық. Биыл су алған солтүстік пен батыс аймақтағы жағдай бізден қиын. Қазір құрылыс материалдарының бәрі қымбат қой, жұмыс ақысы да арзан емес, – дейді Рида.

2020 жылғы су тасқынынан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. 28 мамыр, 2024 жыл.

Өргебастық Камаллиддин Сапаровтың айтуынша, су кеткен соң ауылда салынған үйлердің көлемі 140 шаршы метрден басталады. Үкімет бөлген 17 млн теңгеге 160 шаршы метрлік үй салып алғандар да бар. Көлемі одан үлкен үй салғандар өз қалтасынан ақша қосқан.

2020 жылғы баға мен қазіргі базар нарқын салыстыруға келмейді, құрылыс материалдары қымбаттаған дейді Сапаров. Мысалы, төрт жыл бұрын бір қап цемент 700 теңге тұрса, қазір 2500-3000 теңгеден сатылады. Шатырдың бір шаршы метрін жабу жұмысына бұрын 1950 теңге төлесе, қазір 3500 теңге сұрайды. Және де баға тез өсіп кетеді, бүгінгі нарық ертең жоқ дейді ол.

– Өкімет судан зардап шеккен үйге, егістік пен қырылған малға өтемақы беріледі деген сөзінде тұрды. Бірақ газ тартылады деген уәдесі әлі күнге орындалған жоқ, – дейді Камаллиддин Сапаров.

Өргебас ауылында қой қайырып жүрген балалар. 28 мамыр, 2024 жыл.

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков Өргебасқа газ желісін тартуға бюджеттен ақша бөлінбегенін айтады.

– 2026 жылы аудандағы барлық ауылды газбен қамту жоспарланған. Соның ішінде Өргебас ауылы да бар, – деді шенеунік.

Ол Мақтаарал ауданына зор шығын әкелген су тоқтаған соң екі апта бойы жаңбыр жауғаны жығылғанға жұдырық болды дейді. Жерасты суы көтеріліп, ми батпақтан ауылға техника кіре алмай қалған. Егістік алқабы едәуір уақытқа дейін кеппей, кейін күн ысыған кезде жерді сор басқан.

2020 жылғы су тасқынынан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. Түркістан облысы Мақтаарал ауданы. 28 мамыр, 2024 жыл.

"ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫН ЖОҒАРЫҒА ЖЕТКІЗДІК"

Аудан әкімі орынбасары Бейсенбай Төребековтің Азаттыққа айтуынша, Сардоба су қоймасындағы апаттың Мақтаарал ауданына тигізген зардабын жоюға 31 млрд теңге жұмсалған. Бұл ақша үкімет резервінен, әлеуметтік даму қорлары мен өзге облыстардың бюджетінен алынған. Тұтқиылдан келген су бүлдіріп-құлатқан үйлерді қайта салу шығынын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті есептеген дейді шенеунік.

Түркістан облысы Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков. 28 мамыр, 2024 жыл.

– Аудан әкімдігі тұрғындар талабын облыс әкімдігі мен үкіметке ұсыныс ретінде жолдады. Үкімет мақұлдаған соң облыс мәслихатында талқыланды, – дейді Төребеков.

Оның сөзінше, Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылындағы 386 отбасына Мақтаарал ауданы орталығы Мырзакенттен үй салумен мердігер компаниялар айналысқан. Әр үйдің құны 17,5 млн теңге болған. Өргебас пен Фирдаусидегі "үйімізді өзіміз саламыз" деген тұрғындарға әр үйдің құрылысына 17 млн теңгеден бөлініп, екі ауылда бес жүзден аса үй тұрғызылған. Оларға ақша үш бөліп берілген.

– 17 млн теңге тұрғындарға су апатынан бұзылған үйіне өтемақы ретінде рәсімделді. Бұл ақша күйген кірпіштен я газоблоктан көлемі 100 шаршы метрден кем емес үй салуға артығымен жетті. Саманнан және қож кірпіштен үй салуға рұқсат етпедік, – дейді аудан әкімінің орынбасары. – Мердігер компания бюджет ақшасымен жұмыс істеген соң салығы мен өз шығыны бар. Ал Өргебас және Фирдауси ауылдарында тұрғындар өз үйін өздері салған, құрылыс материалдарын қолма қол ақшаға арзанға сатып алып, соның есебінен ұтты.

2020 жылғы су тасқынынан кейін Өргебас ауылында салынған үйлер. Түркістан облысы Мақтаарал ауданы. 28 мамыр, 2024 жыл.

Ресми дерек бойынша, 2020 жылғы мамырдағы апат салдарынан Мақтаарал ауданының бес ауылында 900 жүзден аса отбасының 6 мыңнан аса адамы зардап шеккен. Сегіз мың гектарға жуық егіндікті су басқа. Кейін оның екі жарым мың гектарына қайта егін салынып, қалғанына өтемақы төленген. Су апатынан баспанасы бүлінген тұрғындардың бәрі жыл аяғына дейін жаңа үйге кірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ақша бөлсе, өзіміз саламыз". Үйі құлаған Өргебас тұрғындары үкіметтен жауап күтеді"Тізімде жоқпыз". Тасқын су үйінен айырғандардың уайымыТопан су, бас сауғалаған жұрт һәм шіріген мал. Мақтааралда не болды?