Сайрамдағы Қарабұлақ қала болуға жарай ма? Ауыл жұрты не дейді?

Қарабұлақ көшесіндегі сауда. Түркістан облысы Сайрам ауданы, 3 сәуір, 2024 жыл.

Түркістан облысында 60 мыңға жуық адам тұратын ауыл бар. Аты – Қарабұлақ. Елге үлкен мал базарымен танылған. Қазақстан үкіметінің 19 наурыздағы отырысында осы ауылға қала мәртебесін беру мәселесі сөз болды. Азаттық тілшісі елді мекенге барып, жұрттан үкіметтегі ұсыныс жайлы пікірін сұрады.

19 наурыздағы үкімет отырысында ірі ауылдарды қала деп тану мүмкіндігі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдыға: "Еліміздегі ең үлкен елді мекендердің бірі – Қарабұлақ ауылы. 60 мыңға жуық адам тұрады. [Ауылдың] мәртебесін өзгертеміз бе?" деп сұрақ қойды. Әкім "тиімсіз" деп жауап берді.

Расында, Қарабұлақты өзге ауылдардан ерекше етіп тұратын жайттар көп-ақ. Облыстық маңызы бар қалаға тән халқы бар ауылда 68 көше бар. Орталығында қиылысты бағдаршам реттейді. 17 мектебіне қоса, екі колледж жұмыс істейді. Сыртқы өлшемдеріне қарасаң, мұндай елді мекеннің ауыл болып қалғаны шынымен таңғалдыратындай. Бірақ осы ауылға барып, көшелерін аралап, жұртымен сөйлессеңіз, түрлі пікір естисіз.

Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылы.

"АУЫЗ СУ УАҚЫТПЕН БЕРІЛЕДІ"

Шымкенттен Қарабұлаққа дейін шамамен 30 шақырым. Жарты сағатта жетуге болады. Екі арада жолаушы тасып, нәпақа табатын 56 жастағы Рустам таңғы сағат жетіден жұмысқа шығады. Айтуынша, ауылдан Шымкентке қатынайтын 40 такси жүргізушісі бар. Олар ауыл орталығынан кезекпен жолаушы жинайды. Таңсәріден жұмысқа шықса, қара кешке дейін Шымкентке екі рет барып келуге болады.

Рустамның сөзінше, оның отбасында өзінен бөлек 11 адам бар. Қарт ата-анасы, өзінің жұбайы, екі ұлы және олардың әйелдері, төрт немересі – бәрі бірге ауыл шетіндегі 24 сотық жерде орналасқан қара шаңырақта тұрады. Екі келіні үй шаруасында, бір ұлы көлік жөндейді, екіншісі – көлік жүргізушісі.

Түркістан облысының картасында белгіленген Қарабұлақ ауылы.

Рустам Қарабұлаққа қала мәртебесін беру туралы ұсынысқа күле қарайды. Оның айтуынша, ауыл мен оның халқы қала статусын алуға дайын емес.

– Біз қазір ауылға кіретін негізгі көшенің бірімен келе жатырмыз. Көше тар, тротуары жоқ. Мектепке жаяу қатынайтын оқушыларға қауіпті. Орталық көшелерде кептеліс, – дейді ол басын шайқап. Содан кейін жолдың оң жақ бетін нұсқады. – Ал анау бұлақ басындағы балаларды көрдіңіз бе? Бұлақтан ауызсу алып тұр. Қарабұлақта ауызсу күнде уақытпен 2 сағат беріледі. Үлгерсең алдың, үлгермесең сусыз қалдың. Жаздыгүні су шықпай қалады. Көбі ауласындағы құдық суын пайдаланады. Не бұлақ басына келеді. Айтыңызшы, ауызсуға жарымай отырған ауыл қалай қалаға айналады?

Қарабұлақ ауылының орталық көшесі

Такси жүргізуші Қарабұлақ қала болуы үшін "көп өзгеріс керегін" айтады. Адам санына қарап емес, әуелі ауылдың инфрақұрылымынан бастап халықтың тұрмыс-тіршілігіне мән беру керек дейді.

Тұрғынның сөзінше, Қарабұлақта халық тығыз орналасқан. Жер аз, жер телімін беру тоқтаған. Амалдың жоқтығынан 4-5 келін бір аулада тұруға мәжбүр. Ауыл тынысы ауыл шаруашылығына байланған. Халықтың дені егін егіп, мал асырап, базарда сауда жасап, қара жұмысқа жалданып күн көреді. Тұрақты жұмыс жоқ дейді ол.

ҚАРАБҰЛАҚТА МАЛ ҰСТАМАЙТЫН ҮЙ КЕМДЕ-КЕМ

Сайрам ауданындағы Қарабұлақта негізінен өзбек ұлтының өкілдері тұрады. Олар осы ауылдың байырғы халқы десе де болады. Орталық көшеде көлік те, ары-бері жүрген адам да көп еді. Басым бөлігі – еркектер. Әйелдер басына орамал таққан, ұзын көйлек киген. Тұрғындар өзара өзбек тілінде сөйлеседі. Қазақша жөн сұрасаң, қазақ тілінде жауап береді. Көше, дүкен атауының дерлік барлығына өзбекше ат қойылған. "Дүкен", "шаштараз", "көшесі" сияқты сөздер қазақша жазылған. Жол жиегінде тамақтанатын шағын асханалар жиі кездеседі. Үй сыртында басына доппы (Өзбек ұлтының бас киімі – ред.), үстіне өзбекше шапан киіп, әңгіме-дүкен құрып отырған қариялар кездеседі.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Гуломжон Турсунбетов самса пісіріп жатыр.

Жол жиегіндегі асханалардың бірінде тандырға самса пісіретін 33 жастағы Гуломжон Турсунбетов ауылдың қалаға айналғанын құптайды. Ол Қарабұлақ қала мәртебесін алса, тәртіп орнайды дейді. Жол кеңейіп, тазаланады, халықтың өмір сүру салты, сапасы өзгереді деп үміттенеді. Бірақ егін егіп, мал асырап үйренген халық кәсібінен айырылса, қалай күнкөреді деп алаңдайды.

– Мысалы, менің еңбекақым әр самсаның сатылуына байланысты. 1 самса сатылса, 70 теңге ақы аламын. Қазір ораза айы, күніне 40-50 самса сатып, 3-4 мың теңге табыс табамын. Жәй күндері 80-100 самса жауып, 6-7 мың теңге жинаймын. Осылай әркім шама-шарқы келгенше еңбектеніп, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр, – дейді ол. – Бұл жер қышлақ (ауыл деген мағынада – ред.) болған соң негізгі тіршілік көзі егін мен мал. Зауыт-фабрика жоқ. Адам тасып та, арба сүйреп те күн көретіндер бар. Соңғы жылдары қымбатшылық қысып тұр ма, әйтеуір бұрынғыдай емес. Елдің тұрмысы төмендегендей.

Қарабұлақтың көшелері көп болғанымен, көбі тар. Ал үйлердің дені көшедегі дуалдан басталады. Саманнан тұрғызылған дуалдары биік, учаскенің көшеге қараған бетін түгел жабады. Үлкен қамалдың ішінде жүргендей боласың. Шағын көшелердің бұрылыстары көп, сызық бойымен салынбаған: жалғыз жүрсең, адасу оңай.

Қарабұлақ ауылындағы көшеде.

Қарабұлақта мал ұстау мен союға қатысты санитарлық талаптардың бұзылатыны, жекелеген шаруаларға айыппұл салынғаны БАҚ бетінде жиі жарияланады.

Көбі үй ауласындағы қорада мал ұстайды. Ауылдың төлқұжатына қарағанда, ауылда 12 қасапхана жұмыс істейді. Әкімдік дерегінше, Қарабұлақта 124 мыңнан астам мал басы бар. Оның ішінде ірі қара саны – 22,3 мың бас, жылқы 54 мың бас, ұсақ мал 86,4 мың.

Қазақстан ең ірі деген мал базары осы Қарабұлақта орналасқан. Бұрын ауылдың ортасында болған базар кейін шетке көшіріліп, аумағы ұлғая түсті. Үш бөліктен тұрады. Бірінде қой-ешкі, екіншісінде ірі қара, үшіншісінде жылқы сатылады. Базар сәрсенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді. Сәскеге таяу базарда аяқ алып жүру қиын: мал да көп, адам да көп. Базарға көрші ауылдар мен аудандардан, кейде өзге облыстардан келіп жатады. Қарабұлақтың көп тұрғыны осы базардың арқасында күн көреді. Бірі арық мал алып, семіртіп сатса; бірі алыпсатарлықпен айналысады.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Құдайберді Дүйсентаев.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны зейнеткер Құдайберді Дүйсентаевтың сөзінше, ауыл қалаға айналса, үй ауласында мал асырауға тыйым салынуы мүмкін. Ал бұл елдің негізгі табыс көзінен айырады. Зейнеткердің сөзінше, Қарабұлақты қалаға айналдыру үшін зауыт-фабрика салып, жұмыс орнын ашу қажет. Ол қазір Қарабұлақта мұндай өндіріс орындары жоқ дейді.

– 5 жыл алты баламмен қалада өмір сүрдім. Соңында отбасын асырай алмаған соң, ауылға қайта көшіп келдік. Қазір егін егеміз, өсірген көкөністі сатып, мал аламыз. Малды бордақылап, етін сатып, азық-түлік аламыз. Бұл табысымызға зейнетақымызды қосып, айды айға жалғап күнкөреміз, – дейді зейнеткер.

Ауылда сондай-ақ азық-түлік пен киім-кешек базары да бар. Көрші елді мекендердің тұрғындары бағасы төмен деп осы базарға қатынайды.

Қарабұлақ ауылының тұрғыны Самия Ражапова.

Ауылдың орталық базарында кептірілген жеміс-жидек пен шәй, құрт сататын 53 жастағы Самия Ражапова ауылды қалаға айналдыру тұрғындардың тыныс-тіршілігін ауырлатуы мүмкін дейді.

– Қала қарапайым халыққа не береді? Ештеңе, – деді әйел алақанын жайып. – Қарабұлақта адам саны қала болуға жеткілікті болғанымен, қала болуға халқы да, әкімдігі де дайын емес. Қала болуы үшін өндіріс орындарын ашу керек. Біз сиыр сауып, сүт, айран, құрт жасаудан аспадық. Сонда қайдан қала боламыз?

Қарабұлақ базарында көкөніс сататын 31 жастағы Музаффар Токтамишов жұмыссыздыққа шағынады.

Орталық базарда ағасымен бірге көкөніс сататын 31 жастағы Музаффар Токтамишов жұмыссыздық пен үйі жоқтық жастарды әуре-сарсаңға салғанына налиды. Айтуынша, 5 бөлмелі үйде ата-анасы, 4 ағайынды жігіт бала-шағасымен, жалпы саны 20 адам бірге өмір сүреді.

– Халық қала мәртебесін алудан қашып, өзін-өзі алдап жүр. Еншімді алайын десем, үй, там салайын десем жер жоқ. 8 сотық жер телімі 7 млн теңге тұрады. Мысалы, қазір әйелдер 3-4 мың теңге үшін "күндік жұмысқа" шығып, таңнан қара кешке дейін картоп, пияз егіп жүр, – дейді ол. – Анау жігітті көрдіңіз бе? Күніне 10-20 тонна ұн тасып, 4-5 мың теңге ақы алады. Бұл оның күнкөрісіне, үй-жай алуына жете ме? Ол бұлай қашанғы жүреді? Ауылды қалаға айналдырғанда жастарды жұмыспен қамтумен бірге көпқабатты үй салып, жас отбасыларға пәтер беруден бастау керек.

Саман үй жанына түскен көпқабатты үй. Қарабұлақ ауылы.

ӘКІМДІКТІҢ ҰСТАНЫМЫ

Қарабұлақ ауылы әкімінің орынбасары Дилмурат Усманов тұрғындардың уәжімен келіседі. Ол ауыл халқы еңбекқорлығынан өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргенін, тұрақты жұмыстың аз екенін, күнкөрістің қиындығы мен баспана мәселесін жоққа шығармайды.

– Ауыл халқының негізгі кәсібі диханшылық және мал шаруашылығы. Мысалы, мал бордақылайды, сиыр сауып, сүтін қалаға сатып күнкөретіндер бар. Ауылда он мыңнан аса үй болса, оның тоғыз мыңға жуығы мал ұстайды. Қала статусы берілсе, мал ұстауға тыйым салынуы мүмкін, – дейді Усманов облыс әкімінің үкімет отырысында айтқан сөзін қайталап.

Қарабұлақ ауылы әкімнің орынбасары Дилмурат Усманов.

Сол отырыста әкім Дархан Сатыбалды да Қарабұлақ ауылы үшін мал өсірудің қаншалық маңызды екенін атап өткен.

"Қарабұлақ аграрлы ауыл, аудан бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы осы ауылға тиесілі. 2023 жылдың қорытындысымен, 42 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аудан бойынша ірі қарамал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі… Қала мәртебесін алған жағдайда ауыл тұрғындарының негізгі кәсібін дамытуға мүмкіндік болмай қалуы мүмкін" деді Түркістан облысының әкімі премьер-министрдің сұрағына жауап бере отырып.

Әкімнің сөзінше, қала мәртебесі берілсе, Қарабұлақ жұрты өзге де артықшылықтардан қағылады. Мәселен, мектеп бітірген талапкерлер жоғарғы оқу орнына түсерде "ауыл квотасы" жеңілдіктен айырылады, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсетілмейді және ауылда кәсіп жүргізетін адамдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысу мүмкін болмай қалады.

Тікелей эфирде көрсетілген отырыста әкім сөйлеп жатқанда экраннан ақпараттық графика көрінді. Онда Қарабұлаққа қала мәртебесін берудің екі артықшылығы көрсетілген. Қосымша жұмыс орындары ашылып, шағын кәсіпкерлік дамиды және көпқабатты үйлер салынып, тұрғын үй мәселесі шешіледі дейді әкім ұсынған графика.

"Елдімекенге аудандық маңызы бар қала статусын беру туралы біз жергілікті тұрғындармен кездесу өткіздік, бұл мәселені талқыладық. Олардың бәрі қарсы болып отыр және біз де бұл тиімсіз деп есептейміз" деді Сатыбалды сөзін сабақтап.

"ҚЫЗЫЛ СЫЗЫҚҚА ТҮСКЕН ҮЙЛЕР КӨП"

Ресми дерек бойынша, Қарабұлақ аумағы – 11 мың гектар, оның 5 мың гектарында ел-жұрт орналасқан елді мекен жері, 6 мың гектары – ауыл шаруашылығы жері.

– Тұрғындар басқа ауылға көшкісі келмейді. Жер болса тар. Бір үйде 4-5 отбасынан тұрып жатқаны содан. 2009 жылдан кейін тұрғындарға мемлекеттен 1 сотық жер берілмеді. Өйткені әкімшілік меншігінде жер жоқ. Ауылда заңсыз құрылыс пен "қызыл сызыққа" түскен үйлер көп, – дейді Қарабұлақ әкімнің орынбасары Дилмурат Усманов.

Қарабұлақ ауылындағы "Қазпошта" бөлімі

Усманов Қарабұлаққа қала статусын беру үшін әуелі инфрақұрылым мәселесін шешу керек дегенмен келіседі. Ауылда ауызсу мен ағынсу тапшы. Ауызсу құбыры 1968 жылы тартылған, құбыр ескі. Ауылдың бәріне бірдей су жіберілсе, құбыр жарылуы мүмкін. Сондықтан әр көшеге су уақытпен жіберіледі. Ауыл шетіндегі тұрғындарға бұл су жетпейді, олардың дені құдық суын пайдаланады. Жол тар, жөнделмеген. Жарық бар болғанымен, электр бағаналары шіріп тұр. Мысалы, 4500 бағана болса, оның 3 мыңы ауыстыруға жатады. Ауылдың 75 пайызы газбен қамтылған. Канализация атымен жоқ.

– Той-томалақ, өлім-жітімде кездескенде тұрғындар өз ойын айтады. Меніңше, қала өміріне өтуге халық дайын емес, – дейді ауыл әкімінің орынбасары.

19 наурыздағы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Қазақстанда 6256 ауыл барын, онда 7,6 млн адам тұратынын айтты. Бұл – Қазақстан халқының 38,4 пайызы деді ол. Оның сөзінше, кейінгі 10 жылда тұрғындарының саны 50 адамға жетпейтін 582 ауыл жақын маңдағы ірілеу елді мекен құрамына қосылған.

Министрдің дерегінше, қазір елде 10 мыңнан астам тұрғыны бар 112 ауыл бар. Оның ішінде 18 ауылда халық саны 30 мыңнан асады. Бұл ауылдарды қала деп тану бастамасын жергілікті билік көтере алады.

Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес, халқының саны 50 мыңнан астам ауылды облыстық маңызы бар қала, 10 мыңнан асса, аудандық маңызы бар қала деп тануға болады. Ол үшін жергілікті билік деңгейінде бастама көтерілуі керек. Түпкі шешімді ел президенті қабылдайды.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Сайрам ауданында 237 мың адам тұрады. Ауданда 2020-2022 жылдары үш жыл қатарынан 7 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Қарабұлақ әкімдігінің дерегінше, ауылда жыл сайын 1200-1300 бала туады, шамамен 150 адам қайтыс болады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Сатушы көп, алушы аз". Жем-шөптің қымбаттауы шаруаны малын сатуға мәжбүр етті