Зейнеттегі адам болғасын, іші пысты ма, жоқ, басқа себебі бар ма - осыдан біраз бұрын әлдебір отырыста, әлдебір себеппен танысып қалған бір ағамыз телефон соғып: "Айналайын, сен осы қазір үйге келе қойшы, жеңгең шай қамдап жатыр... Ағалы-інілі болып, оңаша отырып, бір сырласайықшы" деді. Ағаның сөзін жерге тастауға болмайды, айтылған адрес бойынша, мен де көп кешікпей, жеттім. Ағам биіктігі әлденеше құлаш болатын тас дуалдың сыртында, қақпа алдында тұрып қарсы алды. Кілемнің өрнегіндей қымбат тас төселген, аумағы Астанадағы Тәуелсіздік алаңындай болатын ұшы-қиырсыз кең аулаға келіп кіргенде... мен тіл-ауыздан қалдым!.. Алдымнан... Акропольдың ақ мәрмар колонналары асқақтап шыға келгендей болды... Қабырғаларын да, сірә, ақ мәрмармен әрлеп-көмкерген мынадай жойдасыз Тәж-Маxалды - үй деп айтуға ауыз бармайды...
Маңдай алдыда, "үйдің" еңсесін көкке көтере самсаған биік-биік колонналардың түбіне жеткенше, қанатын кең жая, жарты шеңбер боп доғалана иілген жыпыр-жыпыр қаншама баспалдақ... Темір сүйегі қалың еменмен қапталған жойқын, ауыр есіктен xанның алтын сарайына кіргендей жасқаншақтап, бүгежектей кірдім. Кішігірім салтанат залы іспетті жарқыраған үлке-е-ен xоллдың күмбез порымды заңғар төбесінен алтындаған шынжыр арқандарға асылып, құжынаған xрустальдарымен салбырай төнген шаңырақтай-шаңырақтай алып люстралар менің бұл дүниедегі қандай кішкентай, қандай қораш адам екенімді айғақтап, еңсемді, салғаннан-ақ, езіп тастады...
Оң жақ қиырдағы сона-а-ау есіктен шығып, жыбырлай басып, бір кішкентай әйел келе жатыр. Жеңгей сияқты... Жанымызға келгенде, бір-ақ байқадым - мына алағай да бұлағай, ерепейсіз зор, биік жай бар тұлғасын басып, тұқыртып-қусырып тастағаны болмаса, ағамыз сияқты бойлы-сойлы, етжеңді-ақ кісі екен... Амандық-саулық, таныстықтан соң, жеңгеміз шай қамымен жаңағы шыққан есігіне қарай кетті де, ағамыз маған үй көрсетуге ыңғайланды.
Сол... екі мың шаршы метрдің айналасы болып қалар... Қолдан келгені, әзірше, осы болды. Бала-шағаның қамы ғой, баяғы.
- Үй - осы... - деді ағам, құлашын жаза, үйдің ішкі аумағын айналдыра нұсқап. Менің айран-асыр болып, есімнен танғалы тұрғанымды байқамады, әлде, байқамаған түр көрсетті. - Сол... екі мың шаршы метрдің айналасы болып қалар... Қолдан келгені, әзірше, осы болды. Бала-шағаның қамы ғой, баяғы.
- Ойбай-ау... Аға-ау!.. Мынау... мынауыңыз - үй емес!.. - дедім, есімді жиып. - Мынауыңыз... - опера театры ғой!..
Ағамның жүзі нарттай қызарып, ләззат-масаты бетіне шыға, жымиды.
- Ой, сен де айтасың, ей, xе-xе... Жүр, астыңғы қабаттан бастайық.
Астына түстік. Одан үстіңгі бір қабаттарға шықтық. Қайта айналып, жоғарыдан төменге түстік... Сонда да осы үйде қанша қабат бар екенін ұқпай-ақ қойдым. Әйтеуір, сансыз көп бөлме... Және әрқайсысы менің екі бөлмелік ескі пәтерімді дәліз, балкон, ас үйімен қосып алғандағыдан кең!... Әр қабаттағы жуынатын, дәрет сындыратын бөлмелердің есебінен жаңылдым!.. Сірә, ешкім бас сұқпайтын тренажер залы... Бильярд-жай. Сауна, бассейн... Кинотеатр. Қысқы бақ, жазғы бақ...
Әсіресе есімде қалғаны - ағамның жеке сурет галереясы мен музыка бөлмесі. Адам өзі бай болса, өзі зейнеткер болса, сірә, еріге береді-ау... Ағамыздың, айтуына қарағанда, қылқаламды қолына алғаш алуы зейнетке шыққаннан кейін ғана болса керек. Салған суреттеріне қарағанда - имандай шыны... Қабырғаларға жағалай ілінген өңкей бір қабақтары түксиіп, сақалдары салбыраған қорқынышты бейнелер... Өмірде я болған, я болмаған батыр, би, әулие аталарының портреттері-мыс... Жағал-жағал шыңдарының бірі еңкейіп, енді бірі шалқасынан түсе құлағалы тұрған сайқымазақ таулардың фонында тұтас тұрқымен бейнеленген - өзінің мүбәрак дидары екенін ағам өзі айтып ұқтырды. "Туған ауыл" деп аталатын циклды суреттер тізбегі... Сол баяғы құлағалы тұрған таулар... Жотаға өрлеп бара жатқан, әлде, биіктен төмен сорғалап келе жатқан өзен... Аяқ-қолдары добалдай, бастары қауғадай-қауғадай ауыл адамдарының сұлбасы... Әр суреттің жай-жапсарын, оны саларда шабытына не түрткі болғанын тәптіштей баяндаған ағамның менен мақтау күтіп, дәмелене қараған көздері...
Музыка залының қақ ортасында үлкен ақ рояль тұр. Ағам қақпағын ашып, жалғыз саусақпен тыңқылдатып, бір қиюы қашқан өңсіз әуенді ойнады.
- Кейінгі шығарған әнім... "Ай-xай, өмір!" деп қойдым атын...
- О-о!.. - дедім, қапелімде аузыма сөз түспей.
- Зейнетке шыққалы он шақтысы туды-ау... Бір белгілі композитор осы өзің сияқты қонақта болып, біразын нотаға да түсірді... Мені өздерінің шығармашылық одағына қабылдауға кепілдеме берем деп уәде етіп еді, әзірге xабарсыз, - деп, ағам маған жаңағы дәмелі көзімен тағы да біртүрлі қарағандай болды.
Бірақ өзін өзі сыйлайтын кісі өмір бойы өзінің қоғамдық мәртебесін көтерумен айналысуы керек... Керек тастың ауырлығы жоқ деп, осындайда айтады...
Мен бұл шақырудың мәнісін енді түсінгендей болдым... Ағамыз мені інісі болғанымнан емес, суретші болғаным үшін шақырыпты... Жаңағы өтірік мақтаған сөздерімнің жазасын енді тартатын сияқтымын!.. Бірақ маман музыканттар мен кәсіби суретшілердің одағы бұл кісіге не үшін керек - ұқсам, бұйырмасын...
- Мен, айналайын, былай да, статусы жоғары адаммын ғой, өзің білесің, - деді, ол, ойымдағы сұрақты оқып тұрғандай. - Бірақ өзін өзі сыйлайтын кісі өмір бойы өзінің қоғамдық мәртебесін көтерумен айналысуы керек... Керек тастың ауырлығы жоқ деп, осындайда айтады... Жарайды, шаршаған шығарсың, - деді сосын, арқамнан қағып. - Қонақ бөлмеге барайық, жеңгең күтіп қалды.
Тұқырған еңсем біржола жер болып, мыжырайып, ағаммен бірге аумағы әжептәуір концерт залындай қонақ бөлмеге кірдім. Бұл бөлменің сән-салтанатын бағалауға менде бұл кезде шама да қалмаған. Әйтеуір ана қиырдан мына қиырға созылып жатқан алапат үстелдің бір бұрышында қушиып отырып, үшеуміз шай іштік.
- Қорықпайсыздар ма?.. - деймін, үй ішіндегі мүлгіген жым-жырт, құлазыған орасан бос кеңістікке шошына қарап.
- Неден қорқамыз?!.. - деді ағам, түсініңкіремей.
- Үй болса - мынау... Ішінде адам адасып кетердей!.. Жеңгей екеуіңіз ғана...
Енді... Халықтың адамымыз дегендей... Дос бар, дұшпан бар... Қалай дегенде де, статус мәжбүрлейді ғой, - деді. Сосын тағы да нығыздап: - Статус, айналайын, ста-тус!.. - деді.
Ағамыздың алдыңғы әңгімелерінен бұл үйге балалары жыл аралатып қана соғатынын білгем. Қызы - тұрмыста. Ұлы біржола шетелге орныққан екен. Үйлі-баранды көрінеді...
- Неге екеуміз ғана? - деді ағамыз, алқымы, қарны шамадан тыс жуан адамдардың әдетімен, жөтелгені, я күлгені белгісіз, ырқ-ырқ етіп. - Күтушілеріміз күнде осында ғой. Жаңа қақпадан кіргенде байқамадың ба күзетші тұрғанын?.. Қазір сантеxниктер де келіп қалар...
- Сантеxниктер?..
- Иә... Құдайдың құтты күні осында олар... Бұл үйде жуынатын он сегіз бөлме, он сегіз дәретxана бар, - деді ағам, сәл кейігендей дауыспен. - Ұдайы пайдаланып, күнде су ағызып тұрмағасын, ол шіркіндер қаңсып, шетінен істен шыға береді екен. Бүгін біреуін жөндеп кетсе, ертең екеуі дайын тұрады... Жыл он екі ай - осы!..
- Онда неге... осынша үлкен салдыңыз үйді?.. - дедім мен, енді шын таңырқап, әрі,... бір жағы, жаным да ашып. - Балаларыңыз, немере-жиендеріңіз түгел келіп, жайласа да, осы үйдің оннан бірі-ақ оларға кең жайлау емес пе еді?!.
Ағам ауыр ыңыранып, қырқ-қырқ жөткірінді. Жүзінде жаңағы реніштен із де қалмады. Байсалды, салмақты, тіпті бір асқаралы-салтанатты кейіппен:
- Енді... Халықтың адамымыз дегендей... Дос бар, дұшпан бар... Қалай дегенде де, статус мәжбүрлейді ғой, - деді. Сосын тағы да нығыздап: - Статус, айналайын, ста-тус!.. - деді.
*****
Ағамыздың үйінен оралғанда, мен осы күнге дейін қысылып-қымтырылмай, кең-мол тұрып келген ескі пәтеріме сыймай қалдым. Өмірімде алғаш рет өзімнің әлгі... статусым туралы ойладым. Және жатсам-тұрсам, ойлайтыным - сол. Көңіліме "осы мен өз статусыма - қоғамдағы орным мен кісілік салмақ-мәртебеме лайық өмір сүріп жүрмін бе?" деген күдік кірді... Бұрын мен: "Маған жібек шапан жапса да, жарасады, жыртық шекпен кигізсе де, құным түспейді" деп ойлайтынмын. Сірә, олай емес-ау... Ағама барып қайтқалы бері, статус салмақтаумен-ақ мазам кетті. Рас, материалдық жағынан келсек, мен қазір, жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарап қойып, өзімді әлгі... орта тапқа жатқызуға бейіммін. Тұратын үйім, мінетін көлігім бар, ішіп-жемнен таршылық көріп отырғам жоқ. Қысқасы, Елбасымыз орташалар үшін белгілеп берген шамаға дөп түсем... Бірақ бес саусақ бірдей емес - орташаның да орташасы бар. Бес саусаққа теңесек, орталардың ішіндегі менің орным сол... шынашақты мөлшерлеп қалар. Жаманды-жақсылы, бұл да статус... Бірақ бір түсінбейтінім - менің ағамның статусы неге сонша жоғары?.. "Халықтың адамымын" дейді... Немене, адамзатты бақытқа кенелтер бір сұмдық жаңалық ашып па?!.. Жоқ, әлде, бізге тәуелсіздікті осы кісі алып беріп пе!.. Өмір бойы кеңседе отырып, қағаз қажаған егеуқұйрық жай ғана... Рас, қаржы, салық жағын тексерген. Тексерсе ше?.. Қатты тексеріп жібергені соншалық, өзінен жоғарырақтағы бастықтар Гогольдың бір кейіпкерінің сөзімен: "Не по чину берешь... Ступай!" десе керек... Содан кейін-ақ, қызметі ұсақтап, аяғы тіпті сұйылып барып, әйтеуір қақ-соққа ілінбей, аман-есен зейнетке шығып үлгергенін естігем. Ал мен - атағым жер жарып тұрмаса да, ел-жұртқа атым белгілі пәленше деген суретшімін! Пәлен деген атақтарға, түген деген сыйлықтарға ие болғам... Тіпті, битімді салсам, қылқаламды теріс ұстайтын статусы жоғары ағамды суретшілер одағына өткізіп жіберер беделім де бар...
Ағам және қандай аққөңіл еді деп ойлаймын... О баста кең пейілімен менің статусымды тым асыра бағалап жіберіпті!.. Ұққаным - енді бәрі орын-орнына келген. Ешқандай мистика жоқ...
Ақыры, байыз таппай, ағама өзім бардым. Ертіп алып, қала сыртына шықтым. Төбе басында тұрып, совет заманынан келе жатқан ескі там, сұр шатырлы үйлер мен кейіннен салынған әйдік, әсем коттедждерді жағалай нұсқап:
- Аға, - дедім, - мына үйлердің қайсысы менің статусыма лайық?..
Ағам, алдымен, басымнан аяғыма дейін бажайлай қарап, біраз ойланып, менің статусымды анықтап алды. Сосын саусағын шошайтып, өзіміз тұрған биіктен жаңағы үйлердің бас-басына шұқшия үңіліп, ақыры, шеткеріректе оқшау тұрған, жаңағы сұр шатырлы, салынғанына, сірә, елу жыл болған бір ескі үйді нұсқады.
- Қазіргі жаңа құрылыс материалдарынан осындай бір қатқан үй соғып алсаң, мұртыңды балта шаппайды, бауыр! Ең бастысы - статус... Көрдің ғой?
Ағама іштей ренжіп тұрмын. Көрсетіп тұрғаны - мен үшін айпарадай-ақ үй. Қазіргі тұрып жатқан екі ауыз тас пәтеріммен салыстырғанда, xан сарайы дерлік. Бірақ ағамның үй деп айтуға келмейтін Тәж-Маxалының жанында... - тауық күрке ғой мынау!..
Дегенмен, құрылысты бастап кеттім. Іргетасын әжептәуір кең алып тұрғыза бастаған үйім, салына келе, өз-өзінен қушия бастады... Көз - алдамшы ғой, бәрі дұрыс шығар деп, көңіл бөлмей, жұмысты ары қарай жалғастыра бергем. Ақыры, қусырыла-қусырыла, салып жатқан статусты үйім, құрылыс аяқталғанда қарасам, айнала-ауласымен қоса тарылып, ұзыны - бес, көлденеңі - үш аттам, иттің үйшігіндей бірдеңе болып шығыпты... Мистика!..
Өз көзіме өзім сенбей, аулақтау барып қараймын, жақындап келіп қараймын... Өзгерген ештеңе жоқ. Қалай қарасам да - сол: олай қарай бес қадам, былай қарай - үш... Шаршаған шығармын деп, бір апта алаңсыз демалып, қайта келдім. Осы маңдағы болашақ көршілерім болса керек, менің үйшігімді қоршап алып, қызықтап тұр екен. Қожайынсып жетіп келуге ыңғайсызданып, аулағырақтан сөздеріне құлақ түрдім.
- Мынау немене, сонда, үй ме? - деп сұрады біреуі.
- Жоға, осындай үй болушы ма еді... - деді екіншісі.
- Баланың ойыншығындай әп-әдемі екен! - деді бір әйел.
- Көке-е-е, осындай үй алып берші маған!.. - деп, қыңқылдай бастады төрт-бес жасар қыз бала, әкесінің жеңінен тартқылап.
- Жаз бойы бір қора құрылысшы жүріп, салғандары осы ма?!. - деген дауыс шықты. - Иесі кім өзінің?..
Масқара... О, масқара!.. Көршілерімнің көзіне түсуге бетімнен басып, сол аулағырақтан айналып, кете бардым. Ертесіне, ел ұйқысынан тұрмаған бозала таңда ағамды ертіп қайта келдім. Ағам екі-үш аттап, үйдің артын айналып көрді, тағы екі-үш аттап, алдына шығып қарады.
- Пай, пай... - деді бір кезде. - Келіскен үй болыпты мынауың!.. Бәрекелді! Менің жасыма жеткенше, бұдан да зорын саларсың, иншалла...
Түсінбедім. Мен не көріп тұрмын, ағам не деп тұр... Осының сырын білмекке, енді үйіме күнде келіп қараймын... Қарай-қарай, ақыры, ағамның айрықша статусын мойындап тындым. Ағам және қандай аққөңіл еді деп ойлаймын... О баста кең пейілімен менің статусымды тым асыра бағалап жіберіпті!.. Ұққаным - енді бәрі орын-орнына келген. Ешқандай мистика жоқ... Жаз бойы жан алып, жан беріп, өмір бойы жиған-тергенімді сарқып салған мына қуыршақ үй - заманым белгілеп берген нақты статусымның көрінісі!..Бәрі - дұрыс... Қайдағы мистика?..
Ескерту: Блог авторының көзқарасы Азаттық редакциясының ұстанымын білдірмейді.