Верный бекінісінің даулы қалдықтары

Верный бекінісінен қалған казарма.

Алматы қаласы аумағындағы Верный бекінісіне биыл 165 жыл толады. Белсенділер бекіністен қалған кейбір тарихи ғимараттар жойылып барады деп алаңдайды. Алматы қаласы мәдениет және құрылыс басқармасының өз уәжі бар.

Ұлы жүз (Жетісу) қазақтары Ресей империясына қосылған соң Верный бекінісінің негізі қаланды. Ресейдің оңтүстік пен оңтүстік-шығысқа келуіне Қоқан хандығы қарсы шықты. Қазақ даласына өзі де көз салып отырған хандық әскери қақтығысқа дейін барды.

Бекіністен қалған тарихи нысандардың 1990 жылғы сызбасы. Тарихи орындар қарамен белгіленген. Қазір төрт тарихи ғимарат қалған. ( Алматы қаласының Орталық қалалық мұрағатында сақталған құжат. 116-қор, 2-тізімдеме, 112-іс).

Қоқандықтар Қаскелең өзені жағасындағы Таушыбек шағын бекінісін тірек етті. 1850 жылы сәуірдің басында капитан Гутковский басқарған 225 сарбаз бекініске келді, бірақ оларға Таушыбекке кіреберіс тұста 6-7 мың әскері бар отряд төтеп берді. 1851 жылы орыстар саны көп әскери экспедиция жасақтады, жаяу әскер батальоны мен 400 казакты ертті. Қоқандықтар соғыспай бекіністен кетті. Кейін орыс әскерлері бекіністі қиратты.

Музеефикация жасау жобасы Эскиз авторы – архитектор А. Зайцев. ( Алматы қаласының Орталық қалалық мұрағатында сақталған құжат. 116-қор, 2-тізімдеме, 112-іс).

Ресей осы оқиғадан кейін бекініс салу туралы шешім қабылдады. 1853 жылы шілденің 3-і күні майор Перемышльский басқарған әскери отряд келді. Экспедиция қамал салатын орын ретінде Кіші Алматы өзенінің сол жағасын таңдады. 1854 жылы ақпанның 4-і күні Ресей императоры Николай І Жетісуда жаңа бекініс салу туралы әскери министрдің ұсынысын мақұлдап, «келісемін, бекініс Верный деп аталсын» деген қарар қабылдады.

Бұл құжаттан бекіністен қалған және бұзылған ғимараттар көрсетілген. ( Алматы қаласының Орталық қалалық мұрағатында сақталған құжат. 116-қор, 2-тізімдеме, 112-іс).

«Алматы тракті маңындағы өзен жағасына бекініс салу» жобасына жауапты етіп әскери инженерлер Аркадий Теляковский мен Эдуард Толтебенді бекітті. Сол жылы қорған дуалын тұрғызып, казарма, қару-жарақ, азық-түлік қоймасын салды. Верный бекінісі 1854 жылдың күзінде дайын болды.

ВЕРНЫЙ БЕКІНІСІНІҢ ҚАЛДЫҒЫ

1984 жылы майлау шеберханасы, оған дейін госпиталь мен казарма ас үйі талқандалды. Ол кезде бекініс тарихи және әскери инженерлік өнер ескерткіші ретінде қорғалатын. Құжатта «ескерткішті қолдану ережелерін бұзудың» басқа да мысалдары келтірілген – қасына түрлі мақсатта көптеген ғимараттар салу, ағаш ғимараттың сыртқы қабырғаларын бояу, есікті металл жабынмен қаптау, терезе жақтауын ауыстыру, құрылысты сүру сияқты билікпен келісілмеген түрлі әрекет жасалған.

Қазіргі кезде 2010 жылы қалалық әкімдік қорғауға алған бес тарихи ғимараттың үшеуі көзге түседі. 1987 жылғы құжат бойынша, бекініс аумағында болған қарауылдың күркесі мен қаптау шеберханасын таппадық. Совет кезеңдегі сызбада «құрал-сайманға арналған жай» деп көрсетілген ғимарат та сақталған. Ол жеке меншік аумақта тұр.

Ғимараттың жеке меншікке қалай өтіп кеткенін анықтау мүмкін болмады. Алматы қалалық мәдениет және мұрағат басқармасы Азаттықтың сауалына «атқора» деп аталатын ғимарат «бастапқы келбетін жоғалтқандықтан, жергілікті маңызы бар ескерткіштердің мемлекеттік есебінде тұрмағанын» және «музеефикация жобасын әзірлеуде» есепке алынбағанын жеткізді. Бірақ Алматының мәдениет және мұрағат басқармасы нысан аумағы «жіті назарда» екенін хабарлады. Нысанның есептен шығып қалуына 2014 жылдың маусымында тарихи ғимараттың біріндегі өрт себеп болған.

«Тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану туралы» заңның 42-бабында «Тарихи және мәдениет ескерткішіне не оның қорғау аймағына зиян келтірген жеке және заңды тұлғалар оның қорғау аймағын қалпына келтiруге, егер мүмкін болмаған кезде келтiрiлген залалды Қазақстанның азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге мiндеттi» деп көрсетілген.

«Тарихи мәнін жоғалтқан» қару-жарақ қоймасы. Алматы, 29 қыркүйек 2018 жыл.

Өртке жауаптыларды жазалауға қатысты қойған сұрағымызға мәдениет және мұрағат басқармасы берген бастапқы жауапта пайдаланушы қорғаныс министрлігінің республикалық мемлекеттік «Қолдау» кәсіпорыны үстінен Алматы қаласының Медеу ауданының прокуратурасына шағым түсірілген. Кейін ескерткішті қорғау және ұстау ережелерін бұзғаны туралы ұйғарым шығарылған және «ескерткішті пайдаланушыға түсіндіру жұмыстары жүргізілген».

2018 жылдың қыркүйегінде жіберілген ресми сауалға жауапта «ескерткіш орнатылған аумақ бір пайдаланушыдан екіншіге берілген кезде ғимарат жойылған. Аумақ күзетсіз қалған кезде өрт болған» деген.​

Верный бекінісінен қалған ғимараттардың бірі. Алматы, 5 мамыр 2017 жыл.

Бекіністің 160 жыл тарихы әскери кезеңмен – патша әскері, Қызыл әскер, Совет армиясы және Қазақстанның қарулы күштерімен байланысты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бекініс аумағына майданға жіберу үшін әскери құрам жабдықталды, атап айтқанда 316-атқыштар дивизиясы (кейін Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия деп аталды), 100-ұлттық атқыштар бригадасы құрылды. Соғыстан кейінгі кезеңде бұл жер 4-әскери қалашық деп аталды. 1980 жылдардың екінші жартысында мұнда алты әскери бөлім орналасты.​

316-атқыштар дивизиясы. Алматы, 1941 жыл.

Бекініске танымал тұлғалар да келген. 1980 жылдардың басында сүрілген госпитальде кезінде Абайдың ұлы Әбдіраxман мен Шоқан Уәлиханов емделген. Ескерткішті қорғау жөніндегі кейбір мамандар Совет кезеңінде өзінде сақталған құрылыстар тарихи нысан ғана емес, сол уақытқа тән әскери ғимараттың үлгісі екенін айтқан еді. Қазір де солай ойлайтындар бар.

- Бекініске отарлау кезеңнің ескерткіші ретінде немесе сол кездегі ағаш архитектура нұсқасы ретінде қараса болады. Отарлау кезеңінің ескерткіштерін сақтаудың керегі жоқ деушілер табылар. Бірақ Батыс Еуропада, яғни Грекия мен Италиядан тыс аумақта антика кезеңінің ескерткіштері жетерлік, олар – отарлау кезеңінің мұрасы. Ежелгі гректер мен римдіктер бұл елдерге бейбіт мақсатта келмеген. Бірақ олардан қалған ескерткіштерді қорғайды, оларды көруге туристер барады, кейбірі ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының тізіміне кірген, - дейді мәдениет және мұрағат басқармасының сарапшысы Найля Чулакова.

Наиля Чулакова Бекіністі музеефикация жасау жобасының эскизінің жанында тұр. Алматы мұражайында тұрған бұл жоба «Алматыға 1000 жыл» деп аталады. Алматы, 5 мамыр 2017 жыл.

Сарапшылардың айтуынша, бұрынғы бекініс пен оның маңындағы аумақтың астында ежелгі жәдігерлер сақталған. «Археологическая экспертиза» компаниясының директоры Дмитрий Воякиннің айтуынша, 2007 жылы бекіністің солтүстік бөлігіне сынама қазба жасау тапсырылған археологтар тобына кеңесші болған.

- Орта ғасырлық қабат анықталды, қатты бүлінген. Қыш сынықтары, түрлі сүйектер табылды. Шамамен 11-13 ғасырларда аумақта адамдар тұрған деген қорытынды жасадық. Ауқымды қазба жұмыстарын жүргізбейінше олардың кімдер екенін айту қиын, - дейді Воякин.

1855 жылы салынған уақытша бекініс.

«Қазреставрация» маманы Сәдуақас Агитаевтың айтуынша, бұрын бекіністен 28 панфиловшілер саябағына дейін ондаған қорған болған екен. «Мүмкін олар да ежелгі заманның белгілері болар» дейді ол.

МУЗЕЕФИКАЦИЯ ЖӘНЕ САҚТАУ ИДЕЯЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫР(МА)У

1980 жылдан бері Верный бекінісін музеефикациялау үшін түрлі жобалар ұсынылды. Мысалы, 1987 жылы мәдениет басқармасы бұл жерге туристік-мұражай кешенін салуды ұсынды. Ол үшін жердегі дуалды қалпына келтіріп, тарихи ғимараттарды қайта жасап, 19-ғасырдан қалған барлық ескі әскери құрылыстар мен ғимараттарды қалпына келтіруді ұсынды. Өзенге су диірмен салайық деді. Оңтүстікке қарай жасыл желекті серуен аймағы салынса деген ұсыныс та айтылды.

Бұрынғы бекіністің қазіргі аумағы. 25 қыркүйек 2017 жыл.

Бір жылдан соң жоба кеңейтілді. Халық шығармашылығы шеберханасын, шай, қымыз ішетін жерлерді ашып, анықтама бюросы мен кәдесый дүңгіршектерін салу жоспарланды. Осында мәдени жастар орталығын салып, айтыс, көрме, дәрістер өткізу, соғыс және еңбек ардагерлерімен, интернационалист жауынгерлермен кездесу ұйымдастыру жоспарланды.

Бұрынғы Верный бекінісінің аумағына орнатылған тақтайша. Алматы, 7 қараша 2018 жыл.

Алматы тарих және реконструкция мұражайының филиалын, Әскери даңқ қоғамдық мұражайын ашу туралы ұсыныстар болды. Бекіністі сақтап қалуды майдангер жазушы Дмитрий Снегин қолдады. 1987 жылы Қазақстан Компартиясы облыстық комитеті бірінші хатшысының атына жазған хатында ол бекіністі қаланың мәдени орталығына айналдыру шараларын тізіп айтады. Соның ішінде бұрынғы казарманың бірін тарихи кітапханаға айналдыру бар.

1990 жылы Қазақ ССР мемлекеттік жоспары ЮНЕСКО аясында бірнеше мемлекет пен одақтас республикалардың бағдарламасының бір бөлігі ретінде «Ұлы Жібек жолын» қалпына келтіру жобасын қарап, құптады. Алматы қалалық атқару комитетінің мәдениет жөніндегі комитетіне ұсыныс жасау тапсырылды.

Верный бекінісінің 150 жылдығын атап өту жобасы. Құжатқа Алматының сол кездегі әкімі Виктор Храпунов қол қойған. 2004 жыл.

Комитет бұрынғы Верный бекінісінде «Ұлы Жібек жолы» орталығын салуды ұсынды. Қалалық мұрағатта жобаның сызбасы бар. Совет одағы тараған соң 2004 жылы музеефикация мәселесі қайта қозғала бастады. Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпунов Верный бекінісінің 150 жылдығын атап өтіп, ескерткішті сақтап, қалпына келтіруді көздеді. Храпуновтың жоспарында «Бекініс» туристік-мұражай кешенін жасау идеясы болды. Жоба іске аспады.

Революцияға дейінгі Верный бекінісі. Торговая көшесі. Қазіргі – Жібек жолы.

«Мыңжылдық Алматы» жобасы кезінде бекіністі тағы еске алды. Алматы мәдениет және мұрағат басқармасының хабарламасы бойынша, бекіністе тарихи аймақ жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмыстары 2005-2007 жылдары жүргізілді. Басқарма мәлімдемесіне сай, жаңа мәдени орталық жобасы «дағдарысқа байланысты жүзеге аспаған».

Бұрынғы Верный бекінісінің қазіргі аумағы. Спутниктер түсірілген сурет. («Яндекс» картография сервисі).

Тарихи құрылысты сақтау жөніндегі идеяның біреуі ғана жүзеге асты – барлық әскери бөлімшелер шығарылды. Соңғы әскерилер Верный бекінісі аумағынан 2014 жылы кетті.

Мақалада Алматы қаласының Орталық қалалық мұрағатында сақталған құжаттар қолданылды. 116-қор, 2-тізімдеме, 112-іс.