Жымпитыдағы ескі мешіт себеп болған наразылық. Үлкен жолды кім, не үшін жапты?

Жымпиты ауылындағы ескі мешіт. 21 маусым 2021 жыл.

Маусымның ортасында Батыс Қазақстан облысының ондаған тұрғыны ескі мешіттің жабылуына қарсылық білдіріп, республикалық маңызы бар жолды жауып, көліктерді бөгегеннен кейін бұл оқиға жайлы долбар көбейді. Елде ресми ақпараттың аз берілетінін ескерсек, бұл жағдай қоғамда түрлі қорқыныш пен көзқарасқа қозғау салғанға ұқсайды. Азаттық оқиғаға қатысқан тараптармен сөйлесіп, мәселенің ақ-қарасын ажыратуға тырысып көрді.

Материал жарияланардың алдында акция қатысушыларын полицияға шақырып, "көліктерге қасақана кедергі жасау" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалғаны белгілі болды.

"БӘРІНЕ ЕСКЕРТТІК"

18 маусым күні кешкісін Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты ауылындағы көпірдің бұғатталғаны туралы хабар тарады. Сол кездегі ақпараттарда алпысқа жуық жергілікті тұрғын Ақтөбе-Cамара бағытындағы М-32 жолдың үстіне көліктерін көлденең қойып, жол қозғалысын тоқтатқаны айтылады.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда жолда негізінен ер адамдардан құралған бір топ адам жүргені көрінеді. Видеодағы адамдар биліктен өз аудандарындағы ескі мешітті жаппауды талап етеді. Наразылық акциясы бір жарым сағатқа созылған. Аудандық әкімдік өкілдері Азаттық тілшісіне "акцияға қатысқан адамдармен сөйлесіп, ескі мешіттің жұмысы жалғасатынын айттық" деп мәлімдеген.

Оралдан Жымпитыға дейінгі жол 140 километрден асады. Жымпитыға жету үшін М-32 трассасының бойымен бірнеше сағат жүріп, ауылға кіреберістегі шағын көпірден өту керек. 18 маусымда тұрғындар дәл осы көпірдегі жолды бөгеген.

Жымпиты ауылы Ақтөбе - Самара тасжолы бойында орналасқан.

Жымпиты ауылын халықаралық магистраль кесіп өтеді: мұнда алыс жолға шығатын жүргізушілерге арналған көлік тұрағы, оларға жақсы таныс шағын дәмхана бар. Дәмхананың артынан Жымпитының іргесінде тұрған жаңа мешіт көрінеді. Мешіттен сәл әріректе көршілес Өлеңті ауылы басталады.

Көрші орналасқан қос елдімекенде жеті мыңнан астам адам тұрады. Өлеңтінің тұрғындары Жымпитының мешітіне келіп, намаз оқиды. Бұрын құлшылығын ескі мешітте орындайтын тұрғындар қазір өздеріне жақын жаңа мешітке баратын болған. Жергілікті тұрғындар даудың басы осы мешіттен басталғанын айтады.

Тұрғындардың сөзінше, оқиға былай өрбіген: 4 маусым күні кешкісін Жымпитыға облыстың бас имамы келіп, ескі мешіттің есігіне құлып салған. Жергілікті халық арасында "ескі мешітті мұражайға айналдырады екен" деген сыбыс тараған. Имам тұрғындарға жақында ашылған жаңа мешітке баруды ұсынған.

Жымпитыдағы жаңа мешіт. 21 маусым 2021 жыл.

Бұл халыққа ұнамаған. Сондықтан олар әртүрлі органдарға ұжымдық хат жазып, ескі мешітті жабу туралы шешімнің күшін жоюды сұраған.

– Мүфтиятқа, президентке хат жаздық. Ескі мешіт заңсыз жабылды, өйткені ешқандай қағаз, шешім болған жоқ. Ал жаңа мешіт әлі ресми түрде ашылмаған, рәсімдеуден өтпеген, жұмыс істеуге рұқсаты жоқ. Ал ескі мешіттің құжаттары 2023 жылға дейін толық рәсімделген, – дейді жергілікті мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып істейтін Мұқат Арыстанов. Ол Азаттық тілшісіне ауыл тұрғындарының астанаға жазған хаттарын көрсетті.

Екі апта бойы ескі мешітті ашуды талап етіп келген тұрғындар трассаны жабатынын басынан айтып, ескерткен.

Мектепте тарих пәнінен сабақ беретін Мұқат Арыстанов Жымпиты ауылындағы ескі мешіттің алдында тұр.

– Бұл басқа амал қалмағаннан барған шара болды. Бірақ біз заң жүзінде әрекет еттік, өйткені бәріне алдын-ала ескерттік: мешітті ашыңдар, әйтпесе трассаны жабамыз дедік. Ешкім біздің сөзімізге мән беріп қараған жоқ. Әкімдіктегілер тіпті мешіттің кілті жоқ, оны имам өзімен бірге қалаға әкетіп қалды, бұл біздің шешіміміз емес деді. Бірақ біз қозғалысты тоқтатқаннан кейін кілт бірден табылып, бір сағаттан кейін аудан әкімінің орынбасары өзі келіп, мешітті ашып берді, – дейді Арыстанов.

"АТАМНЫҢ" МЕШІТІ

– Жымпитыдағы кез келген адамнан "Мешіттің жабылғанын қалайсыз ба?" деп сұрап көріңіз, бәрі "қарсымыз" деп жауап береді. Мешітті ешқандай негізсіз жабу заңсыз әрекетке жатады, – дейді ауылдың 31 жастағы тұрғыны Тимур Шайхиев.

Жымпиты ауылындағы ескі мешіт. 21 маусым 2021 жыл.

Жымпитыдағы ескі мешіт 19 ғасырда салынған. Ол ауылдың бас көшесінде әкімдік пен "Нұр Отан" партиясының жанында орналасқан.

Бұл – өз дәуірінің ерекшелігімен "қызыл кірпіштен" (сабаннан құйылған кірпіш пеште күйдірілгеннен кейін қызыл түске боялып шығатын болған) салынған бірқабатты ұзын ғимарат. Бұл жақтағы алғашқы мектеп, аурухана, шіркеу мен оба ауруын емдеу орнының құрылысына да осы материалдар қолданылған.

– Қазір мұндай ғимараттар қалған жоқ, тек оба ауруын емдеу орны ғана сақталған, қалғандары не бұзылып кеткен, не сырты басқа материалдармен қапталған, – дейді мешіттің ерекшелігін түсіндірген тарихшы Мұқат Арыстанов.

Жымпиты ауылындағы Алашорда музейі. 21 маусым 2021 жыл.

Оның айтуынша, Жымпитыдағы бірінші мешітті осы өңірге қоныс аударған татарлар салған. Жергілікті тұрғын Фаруза Нұғманова ата-бабасының осы мешіт құрылысына қатысқанын айтады.

– Бала күнімде әкем "бабайдың" (атамның – ред) мешітін біз салдық деп айтып отыратын. Бізді (балаларын) жинап, атамыз Әбдірахман Усмановтың мешіт салғанын ұмытпай, барып, садақа беріп тұруды тапсырған. Қазір әкемнің ізін жалғап келемін, Құран оқимын, мешітке барамын. Отбасымыздан жалғыз өзім қалдым, бірақ әкемнің аманатын құрметтеп келемін, – дейді Нұғманова.

Жымпиты ауылында тұратын Фаруза Нұғманова. 21 маусым 2021 жыл.

80 жастағы Фаруза жолға шықпаған, бірақ ол да мешіттің жабылуына қарсы.

– Мешіт болып қалғанын қалаймын, бұл Құдайдың үйі ғой, – дейді ол.

Жергілікті тұрғындар ғимараттың бай тарихына жиі тоқталады.

– Бұл мешітте кезінде Алашорда үкіметінің мүшелері Жаханша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Хазрет Қуанайшев намаз оқыған. Хазрет ол кезде Алашорданың рухани көшбасшысы болған, ол дәл осы мешіттің жанында тұрған. Совет одағы тұсында бұл ғимарат мешіт ретінде жұмыс істей алмай, аудандық атқару комитеті, газет редакциясы болды. Кейін тұрғын үйге айналды. Совет одағы тарағаннан кейін мешітті қайта қалпына келтірді, – дейді 63 жастағы ақсақал Нәжиметдин Мамбетияров.

Жымпитыдағы ескі мешітте намаз оқып отырған адам.

Ауыл тұрғындары жаңа мешітке барудан бас тартпайтынын, бірақ ескі мешіт ғимаратын басқа мақсатқа пайдалануға қарсы екенін айтады.

– Мысалы, жаңа мешітте жұма намазы мен Құрбан айт сияқты үлкен құлшылықтар өткізуге болады. Ал ескі мешіт бұрынғыдай күнделікті намаз оқуға жарайды, – дейді тарихшы Арыстанов.

Жергілікті имам Әділхан Наурызбай да халықтың сөзіне қосылады. Ол қос мешіт бірдей жұмыс істеп тұрғанда, екі құлшылық үйінде қатар қызмет еткен.

– Ауылдағы екі мешітті де қалдыру керек деп есептеймін. Жергілікті мұсылмандар да осыны сұрап отыр. Бас имамға бірден "адамдарды қолдаймын" дедім. Қос мешітте қатар қызмет етуге дайын екенімді ескерттім, – дейді имам.

Жымпитыдағы жаңа мешіттің имамы Әділхан Наурызбай.

"САЛАФИЛЕР"

18 маусымда Жымпитыға барар жолдағы жабылған көпірдің қасында, үлкен жолдың бойында полиция қызметкерлері де болған. Бірақ құқық қорғау органдары Азаттық тілшісінің бірнеше рет жіберген хатына қарамастан, әлі күнге дейін болған оқиға жайлы ресми пікір білдірген жоқ.

Қазақстандықтар ол оқиға туралы наразылық акциясынан түсірілген әуесқой видеолардан білді. Билік тарапынан жасалған ақпараттық вакуумның орнын қауесет пен адамдардың естігенін бір-біріне жеткізу әдісі толтырды. Әлеуметтік желідегі кей қолданушылар арасында "жолды жапқан адамдар бүкіл ауданды қорқытып-үркіткен, исламның дәстүрлі емес ағымын ұстанатын азаматтар екен" деген деген пікір тарады.

Жымпиты ауылындағы көше. 21 маусым 2021 жыл.

Осындай мазмұндағы бірінші жазбаны Оралдан шыққан адвокат Абзал Құспан жариялады. Ол Facebook-тегі парақшасына наразылық акциясынан түсірілген видеоны салып, "уаххабистер жолды жапты", бұл "ерте ме, кеш пе, бәрібір жарылатын, баяу істейтін бомба" деп жазды.

Қазір бұл жазба бұғатталған. Facebook жазбаны бұғаттау туралы шешімін "ол қауымдастықтың зорлық-зомбылық пен жамандыққа шақыруға болмайтыны жайлы норманы бұзады" деп түсіндірген. Заңгер "жолды жабуға радикал элементтердің қатысқаны айтылмай отыр" деп есептейді.

– Жоғарыдан сондай бұйрық берілген деп ойлаймын. Шын мәнінде ол жақта әртүрлі қылмыс оқиғаларына қатысатын салафилер мен уаххабистер жасырынып жүргенін жасырын сақтағанды жөн көреді. Өзім де адвокат ретінде осындай процестерге қатысамын және бұл туралы білемін, – дейді Құспан.

Жымпитыдағы ескі мешіттің алдында отырған адамдар.

Заңгер жолда наразылық акциясын ұйымдастырған азаматтардың "жазасыз" қалғанына ашулы: маңызды жол жабылғанына қарамастан, акцияға қатысқандарды тіпті "әкімшілік жауапқа" да тартпаған. Билік наразы азаматтардың шартын орындауға келіскен. Адвокат кикілжіңнің қайдан шыққанына емес, басқа мәселеге алаңдайды.

– Кикілжіңнің қалай туғаны маңызды емес. Бұл акцияның жазасыз қалғаны маңызды. [Оппозиционер] Жанболат Мамайдың немесе [оппозициялық саясаткер] Мұхтар Әблязовтың жақтастары жолды жауып көрсін. Ондай кезде не болуы мүмкін екенін тіпті елестете де алмайсың, – дейді Құспан.

Ауылда "дәстүрлі емес діни ағым" өкілдері барын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев та растады. Акцияның негізгі қозғаушы күші – солар дейді шенеунік.

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

– Сәләфиттер ме? Бар. Негізінен шу шығарған солар, – дейді Төреғалиев. Ол ескі мешіттің осы мәселедегі қауіпке байланысты жабылғанын жеткізді.

– Екі мешіт болса, олар [исламның дәстүрлі емес ағымының өкілдері] көбірек жиналуы мүмкін деп қорықтық. Сондықтан да [бір мешітті жабамыз деп шештік], – дейді әкім.

"САЛАФИ ЕМЕСТЕР"

Жымпиты ауылының халқы өзі жайлы пікірді естігенде таңғалған жоқ. Бірақ өзіне тағылған айыпты терістеп, билік өкілдері "қаралауға" тырысып отырғанын айтты.

– Бұрыннан осылай өтірік айтады. Бала күнімізден осындай дүниені естіп келеміз: сақалың болса, мешітке барсаң, террорист, уаххабист деп атайды. Біреу әдейі осындай қауесет таратады, бұл біреуге тиімді, – дейді жергілікті тұрғын Тимур Шайхиев.

Жымпитыдағы ескі мешіттің ішінде. 21 маусым 2021 жыл.

– Мешітке намаз оқу үшін барамыз. Ол жақта ешқандай уағыз айтылмайды. Тек құлшылық жасаймыз. Өзім намазды мешітте ғана оқимын, балаларымды да соған үйретіп жатырмын, олардан басқа ешкімді иманға келуге шақырып, дінімді насихаттамаймын. Саясатқа да араласпаймыз. Бар болғаны мешітті қалдыруды сұрап отырмыз, – дейді тарихшы Арыстанов.

Жергілікті жұрт өздерін неге "салафилер" мен "уәххабистер қатарына жатқызғанын түсіндірмек болып, "ақшаға қызығушылық" жайлы айтты. Бірақ мешітті мемлекет меншігіне берсе, оны жөндеп, қалпына келтіруге бөлінетін "миллиондар" туралы түсініксіз әңгіменің әр жерінен бір шалып, дұрыс жеткізе алмады.

Облыс бас имамы Бақытжан Құралбаев қазіргі қызметіне дейін Жымпитыда жұмыс істеген. Ол наразылық акциясын "салафилер" ұйымдастырды деп ойламайтынын, бірақ оқиға орнында болмағандықтан, бұл туралы елден естігенді ғана білетінін айтады.

– "Ол жерде қарт адамдар да болды" деді. Оларға мешітті жауып, мұражайға айналдырады" деген қате ақпарат берген. Халық мешітті жабуға қарсы болған, – дейді имам Құралбаев.

Қайтадан ашылған ескі мешіттің ішінде отырған жамағат.

Дегенмен облыс имамы "Жымпитыда исламның дәстүрлі емес ағымының өкілдері бар ма?" деген сұраққа жауап берген жоқ. Оның орнына ауыл тұрғындарымен жақсы араласатынын, екі жыл сол жақта жұмыс істегенін айтумен ғана шектелді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының профессоры Асылбек Ізбайыров Қазақстан қоғамында сәләфизмнен қорқу деңгейі жоғары екенін айтады. Сарапшы бұл бағыттың дәстүрлі исламға көп қайшы келетінін, 2011 - 2016 жылдары жасалған террорлық шабуылдар осы қозғалыстың радикал өкілдерімен байланыстырылғанын, сондықтан бұл қауіпті түсінуге болатынын айтады.

Жымпитыдағы ескі мешіттің ішіндегі жазу.

– Қоғамда сәләфизм негативті құбылыс ретінде қабылданады, сондықтан кей адамдар осы ағымды ұстанатынын жасыруы да мүмкін, – дейді Ізбайыров.

Сарапшының сөзінше, салафилерді сырт келбетіне қарап тану мүмкін емес.

– Сақал дәстүрлі исламда да бар, ал қысқа балақ пен хиджаб дәстүрлі исламда да, дәстүрлі емес исламда да кездеседі. Негізі олар исламды түсінуімен ғана ерекшеленеді, – дейді ол.

МЕШІТ ҮЙІН НЕ ІСТЕЙДІ?

"Қазір мешітті мемлекет меншігіне беру мәселесі "жабық" тұр. Мешіт діни нысан болып қалады". Сырым ауданының әкімі Төреғалиев осындай мәлімдеме жасады. Бірақ әзірге "Бұл ғимарат мешіт болып қала ма, әлде құлшылық үйі – намазханаға айнала ма?" деген мәселе нақты шешілген жоқ. Әкім мемлекет ғимаратты өз балансына алса ғана мешітті жөндеп, жаңғырту жұмысына қаржы бөлетінін айтады.

– Сол себепті мешітті мемлекет балансына алып, жоба-сметалық құжатын дайындап, жөндеуден өткізуді, тек содан кейін ғана "Мешітті қалдырамыз ба, әлде діни мұражайға айналдырамыз ба?" деген мәселені шешуді ойлағанбыз. Мұнда да тарихи дүниелер көп. Бірақ жергілікті халық қарсы болған соң, оған да көндік, – дейді Төреғалиев.

Жымпиты ауылындағы ескі мешіттің ішкі көрінісі. Батыс Қазақстан облысы, 21 маусым 2021 жыл.

Мешітке алдағы уақытта жөндеу жұмыстары керек болмауы да мүмкін. Жергілікті жұрт үш жыл бұрын ақша жинап, ғимаратты жөндеуден өткізген. Акция қатысушылары мешітті намазханаға айналдыруға қарсы шығып құлшылық орнын кез келген сәтте жауып тастауы мүмкін екенін айтады. Тұрғындар мешітті соңына дейін қорғауға дайын отыр.

– Намазхана – құлшылық жасауға арналған бөлме. Мұндай құлшылық орындары әуежайда, вокзалда бар. Оларды ашу да, жабу да оңай. Ғимараттың бастапқыда салынған күйінде мешіт болып қалғанын қалаймыз, – дейді тарихшы Мұқат Арыстанов.