Орта салмақта (69 келі) бокстасатын Садриддин Ахмедов қаңтардың 27-сі күні Монреальда (Канада) мексикалық Абрахам Хуареспен он раундтық жекпе-жекке шығып, төртінші раундта жеңіске жетті.
"Қазақ сарбазы" (Ахметовтің лақап аты) төртінші раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберген соң төреші кездесуді тоқтатты. Бұл – Ахмедовтің кәсіпқой бокстағы жетінші кездесуі және жетінші жеңісі. Ал Хуарес екінші рет жеңілді. Ол 13 жекпе-жекте жеңген.
Кездесуден кейін Ахмедов "Жеңісімді қазақ халқының көз жасына арнаймын. 2018 жылы Денис бауырымыздың (Денис Тен - ред.) қазасы мен Геннадий Головкин ағамыздың күтпеген жеңілісі болды. Қаншама көз жас төгілді..." деді.
Қазақстандық боксшы былтыр Тони Баррераса, Ариел Густаво Гарибай, Хесуса Хавьер Мендос, Хосе Франсиско Зунига, Элиуд Мелендес Роча (бәрі – Мексикадан) және Алехандро Зампедриді (Аргентина) жеңген.
- Қазақстанның Жетісай қаласында туған Садриддин Ахмедов 2016 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде алтын алған.
- 2017 жылы күзде кәсіпқой боксқа ауысуға шешім қабылдап, 2018 жылы Канададағы Eye of the Tiger Management промоутерлік компаниясымен келісім-шарт жасасқан. Бұл компанияны әлемдегі танымал промоутерлердің бірі Камил Эстефан басқарады.
- Садриддин Ахмедов қазір Канаданың Монреаль қаласында жаттығады. Бапкері – Марк Рэмси.
Ахмедов мексикалық Абрахам Хуаресті жеңген соң кейбір шетелдік бокс сарапшылары оның бокстасу стиліне және соққысына жоғары баға берді. Канадалық сарапшы Филипп Сен-Мартен "Ахмедов – әлем боксының болашақ жұлдызы" деп санайды.
"Мен үшін Ахмедов – қазіргі жастардың ішіндегі ең талантты боксшы. Алдағы бірнеше жыл ішінде ол бокс әлемін шулатады. Бокс жанкүйерлері, назар аударыңыздар, жақында Садриддин Ахмедов деген есімді естисіздер" деп жазды Twitter парақшасында.
Канадалық Radio Cité 97,9 радиосының бокс сарапшысы Венсан Трамбле "Садриддин Ахмедовтің джеб соққылары өте мықты. Әлем чемпионы атануға барлық мүмкіндігі бар" деді.
Ал боксшының өзі Азаттыққа берген сұхбатында мамандардың мұндай сөздеріне аса көп мән бермейтінін айтты.
Азаттық: - Хуаресті жеңген соң біраз бокс сарапшылары сізді "болашақ чемпион" деп бокстасу стиліңізді мақтады. Сіз үшін бокс мамандарының айтқандары қаншалықты маңызды?
Садриддин Ахмедов: - Айтқандарын естіп, оқып жатырмын. Бірақ ол мамандардың сөзінен мен чемпион болып кетпеймін. Ол сөздерге мән бермеймін. Тоқтамай тер төгіп, жаттығу керек. Қазақстандағы жанкүйерлерім, жақындарым қуанса, мен де қуаныштымын.
Азаттық: - Әуесқой бокста да карьераңыз жақсы басталды. Жастар арасында әлем чемпионатында алтын алдыңыз. 69 келіде Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, жастар арасындағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіповпен бірге ұлттық құрамаға шақырту алдыңыз. Бірақ 19 жасыңызда кәсіпқой боксқа кетіп қалдыңыз. Ұлттық құрамадағы бәсекелестіктен қаймықтыңыз ба?
Садриддин Ахмедов: - Арманым кәсіпқой боксқа шығу болған. Олимпиадаға қатысуды армандамадым. Бала кезімде кәсіпқой бокс көріп өстім. Кәсіпқой боксқа қызықтым. 16 жасымда ауысқым келді. Бірақ кәсіпқой боксқа шығуға 18 жастан кейін рұқсат беріледі. 19 жасқа толған соң ойланбастан кәсіпқой боксқа ауысып кеттім. Іште "олимпиадаға баруға мүмкіндігім болды ғой" деген өкініш жоқ. Тағы бір айтарым, қазір кәсіпқой бокс жақсы дамып жатыр. Мүмкіндік мол. Әуесқой бокста бір жарысқа бір боксшыны ғана апарады. Қалғандары қанша дайындалса да, құрамаға енбей қалады. Ал кәсіпқой бокста Америка, Ұлыбритания сынды елдерге барып, еліміздің туын желбіретуге болады. Кәсіпқой бокс арқылы отбасыңа, өзіңе жақсы жағдай жасауға болады.
Азаттық: - Демек, жеті кездесуден гонорар, қаржы алдыңыз ғой?
Садриддин Ахмедов: - Гонорар, табыс болды. Бірақ қанша [қаржы] алғанымды айта алмаймын.
Азаттық: - 2018 жылы алты кездесу өткіздіңіз. Биыл қанша жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырсыз?
Садриддин Ахмедов: - Тоғыз ай болды, Канадада жүрмін. Ақпанда Қазақстанда боламын, елді сағындым. Сағынышымды басып, наурызда Канадаға ораламын. Жаттығуымды жалғастырамын. Биылдан бастап 10 раундтық жекпе-жектерге шығамын. Сондықтан биыл қанша кездесу өткізетінімді нақты айту қиын. Әр қарсыласыма тыңғылықты дайындалуым керек. Бірақ биыл да [жекпе-жекке] жиі шығуға тырысамыз.
Азаттық: - 2016 жылы әуесқой бокста әлем чемпионы атанған соң сізге көптеген шетелдік промоутерлер хабарласқаны туралы ақпарат тараған. Қанша ұсыныс түсті. Неге канадалық компанияны таңдадыңыз?
Садриддин Ахмедов: - Америкадан – үш, Австралиядан – бір, Ресейден бір ұсыныс түсті. Ал канадалық компания жеке хабарласты. Олардың шарттары ұнады, өте ыңғайлы әрі сенімді болды. Шарттарын оқып, қиналмайтынымды түсіндім. Қазір барлығы жақсы. Монреальда мен жаттығатын жерде (Eye of the Tiger Management – ред.) Батыр Жүкембаев, Абылайхан Құсайынов, Нұрзат Сабиров деген қазақ боксшылары бар. Бәріміз бірге жаттығамыз. Бос уақытымда ағылшын тілін үйреніп жүрмін. Кәсіпқой бокста ағылшын тілін білу – міндет.
Азаттық: - Жастар арасында WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белдік бар. Ал нағыз чемпиондық жекпе-жегіңізді жанкүйерлер қашан көреді?
Садриддин Ахмедов: - Нақты айта алмаймын. Осы жекпе-жектен кейін чемпиондық белбеуге таласамын деп айту қиын. Көп дайындық керек. Жоспарымыз бар, сол бойынша жүреміз. Бірақ үш-төрт жылда үлкен аренада үлкен жекпе-жектер өткіземін деп ойлаймын.
Ахмедов мексикалық Абрахам Хуаресті жеңген соң Boxrec.com сайтының рейтингінде 116 саты жоғарылап, 85-орынға шықты. Орта салмақта (69 келі) бокстасатын тағы бір қазақстандық Нұрсұлтан Жаңабаев 80-орында тұр. Жаңабаев – WBC тұжырымының Азия құрлығы бойынша чемпионы.
Ахмедов пен Жанабаевтың салмағында Хайме Мунгия (Мексика), Джарретт Херд (АҚШ) және Тони Харрисон (АҚШ) сынды әлем чемпиондары бар.