22 қыркүйекте Ерлан Қоныспаев өзі күдікті деп танылған алаяқтық ісі бойынша тергеушінің шақыруымен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне барған.
– Ол сол ғимараттан тірі шықпады. Кінәсіз екенін жақсы білетін үш баланың әкесі мұндайға бармайды,– дейді марқұмның 69 жастағы әкесі, химия ғылымдарының докторы Сапарғали Қоныспаев.
Департаменттің тергеу басқармасы ұсынған нұсқаға сәйкес, 44 жастағы ер адам бесінші қабаттан секіріп кетіп, сол жерде көз жұмған. Бұл тергеуге шақырылған азаматты қамауға алу және жеке заттарын тінту туралы хаттама толтырылғаннан кейін тергеуші күдікті деп танылған Қоныспаевты уақытша ұстау изоляторына жіберу туралы шешім қабылдаған кезде болған: күдікті жағдайды пайдаланып, терезеден секіріп кеткен.
ОҚИҒА НЕДЕН БАСТАЛҒАН?
Сол күні Ерлан Қоныспаевты тергеуге әкелген адвокат Әділ Тайықпанов қорғауындағы азаматтың көз алдында бесінші қабаттан құлап түскенін айтады. Тайықпанов бұл кезде тергеушінің кабинетінде болмаған. Ол Қоныспаевтың қамауға алынатынын естіп, клиентіне дүкеннен азық-түлік әкеле жатқан.
Мұқият қарасам, жүресінен отыр екен: бір аяғы терезе алдында, екіншісі – сыртта. Қолымен терезенің жақтауынан ұстап алыпты.
– Терезенің алдында отырғанын көрдім. Басында темекі шегіп отыр екен деп ойладым. Кейін мұқият қарасам, жүресінен отыр екен: бір аяғы терезе алдында, екіншісі – сыртта. Қолымен терезенің жақтауынан ұстап алыпты. Осы кезде тергеушіге хабарластым… Өкінішке қарай, бұл әрекетімнен ештеңе шықпады. Үлгермей қалдым, – дейді адвокат. Қайғылы оқиға Тайықпанов департаменттің әйнекпен қапталған кіреберіс бөлігіне кіріп бара жатқанда болған.
Тергеуші кабинетіндегі қайғылы жағдайдың адвокат шығып кеткен кезде болғаны марқұмның қарындасы Гаухар Қоныспаеваның көңіліне күдік ұялатты.
Қоныспаеваның айтуынша, ағасын тергеуге "коронавирус эпидемиясы кезінде қозғалған "алаяқтық туралы" қылмыстық істі жабамыз" деп "алдап" шақырып алған. Ауру өршіген тұста Қоныспаевтың ата-анасы ауырған. Әсіресе бұған дейін инсульт алған, қан қысымы жоғары, қант диабетімен ауыратын әкесіне қиын тиген – ол пневмонияның ауыр түріне шалдыққан.
– Ағам екеуміз ата-анамыздың денсаулығын қалпына келтіріп, әкемізді аман алып қалуға тырыстық. Сондықтан телефон қоңырауларына жауап берген жоқпыз. 20 тамыздан кейін көңіліміз орнына түсе бастады. Ал тергеуші [Бек Исаев] біздің құқық қорғау органдарынан қашып жүргенімізді айтты. Пандемия кезінде заң органдарынан қалай жасырынуға болады? Бәрі үйде отыр емес пе? Олар айтқан сөзінен қайтпай, ағамның үш айдан бері билік өкілдерінен жасырынып жүргенін айтып, соны негіз етіп, оны қамау туралы шешім шығарған, – дейді Гаухар Қоныспаева.
Департаментте болған қайғылы оқиғадан кейін қызметінен шеттетілген тергеуші Бек Исаев Ерлан Қоныспаевтың тергеуге Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөліміне ("Аса ірі көлемдегі алаяқтық") сәйкес қозғалған іс бойынша шақырылғанын айтты.
Қаржы министрлігінің қаржы мониторингі комитеті Азаттыққа Қоныспаевтың бірнеше рет шақыртуға келмегенін, бұрын сотты болғанын, сондықтан оны қамауға алу туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Тергеу материалдарына сәйкес, Ерлан Қоныспаев 2016 жылы Білім және ғылым министрлігінің ғылым комитетінен 230 миллион теңге көлемінде грант алып, мемлекетпен жасалған келісімнің шартын бұзған.
Қаржы мониторингі комитетінің хабарламасында "Тапсырыс берушінің банк шотында қалған ақшаны ары қарай жаратуға тыйым салынғанына қарамастан, Қоныспаев өзімен байланысы бар компаниялардың шотына 88 миллион теңгеден астам қаржы аударып, шешіп алған. Бірақ келісімшартта көрсетілген жұмыстарды орындамаған" деп жазылған.
ТЕРГЕУ ҚАЛАЙ ЖҮРІП ЖАТЫР?
Қаржы мониторингі комитеті Қоныспаевтың қазасына байланысты ішкі қызметтік зерттеу жүргізіп жатқанын, ал қылмыстық іс жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің қолында екенін мәлімдеді.
Жемқорлыққа қарсы агенттік Қылмыстық кодекстің 371-бабының 2 бөлімі ("Абайсызда ауыр салдарларға әкеп соққан салғырттық") бойынша қозғалған істі Алматы қалалық жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті жүргізетінін хабарлады.
28 қыркүйекте марқұмның әкесі профессор Сапарғали Қоныспаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан ұлының өліміне байланысты тергеуді жеке бақылауына алуын сұраған.
Бір жарым айдан кейін, 8 қарашада Сапарғали Қоныспаев Тоқаевқа тағы да видеоүндеу жазып, ұлының өліміне қатысты тергеу "ұзаққа созылып кеткенін", "құқық қорғау органдарына" сенбейтінін, олардың объективтілігіне күмәнмен қарайтынын айтқан. Ол қылмыстық істі әуелі "Азаптау" бабы бойынша тіркеп, кейін "Салғырттық" бабына ауыстырғанына назар аударған. Профессор әлі күнге тергеудің "алға жылжымағанын", ешкім тұтқынға алынбағанын айтқан. Экономикалық зерттеулер департаменті Қоныспаевтар отбасына қызметтік тексерудің қалай жүріп жатқаны жөнінде хабар бермеген.
– Неге президентке екінші рет өтініш айтып отырмыз? Өйткені тергеу басталған бір жарым айда ештеңе жасалмаған. Шешім жоқ, ештеңе жоқ, мәселені неге созып отырғаны түсініксіз, – дейді Сапарғали Қоныспаевтың қызы Гаухар.
Гаухар Қоныспаева адамынан айрылған отбасының Ерлан Қоныспаевты тергеуге шақырған іс бойынша ешқандай ақпарат ала алмай, екі есе зардап шегіп отырғанын айтады.
Жақында Қоныспаевтар президент әкімшілігінен жауап алған. Онда отбасының Тоқаевқа жолдаған хаты бас прокуратура мен жемқорлыққа қарсы қызметтің қарауына берілгені жазылған.
ТЕРГЕУ КЕЗІНДЕ КӨЗ ЖҰМҒАН ӨЗГЕ АЗАМАТТАР
Ерлан Қоныспаевтың қазасы – Қазақстанның тергеу органдарында тіркелген алғашқы жағдай емес.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ұстап әкетіп, қинап өлтірді". Туыстары жігіттің өліміне полицияны айыптадыБиыл қазан айында Шығыс Қазақстан облысындағы полиция учаскесінде "мал ұрлығына қатысы бар" деген күдікпен тергеуге алынған 33 жастағы Азамат Оразалы, алдын-ала болжам бойынша, азаптаудан көз жұмған. Бұл оқиға қоғамдық резонанс туғызып, тұрғындар полиция ғимаратына барып, кінәлілерді жазалауды талап еткен.
Ішкі істер министрлігі Азаттыққа ШҚО полиция департаментінің жеке қауіпсіздік басқармасы аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлімі ["Азаптау"]" бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастағанын хабарлады. ІІМ дерегінше, процестік прокурорлар тобы құрылып, күдіктілер ұсталған, қызметтік тексеріс нәтижесінде Үржар аудандық полиция бөлімшесінің бірқатар қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
2018 жылы ақпанда Талдықорғандағы жемқорлыққа қарсы қызмет ғимаратының төртінші қабатындағы тергеуші кабинетінен "Казводхоз" мемлекеттік кәсіпорнының Алматы қалалық бөлімшесінің директоры болып істеген Сейілхан Мұхамадиев секіріп кеткен. Оны жемқорлық қылмысы болуы ықтимал деген күдікпен қозғалған іс бойынша тергеуге шақырған. Мұхамадиевтің туыстары "оны өлтірген" деп санайды.
2015 жылы желтоқсанда кісі өлтірді деген күдікке ілінген Ақтөбе қаласының 22 жастағы тұрғыны тергеушінің кабинетінде анасының көзінше өз мойнын әйнек сынығымен орып жіберген. Тергеуден кейін ол терезені сындырып, әйнек сынығын суицид жасау үшін пайдаланған. Қайтыс боларынан біраз уақыт бұрын түсірілген видеода ол кісі өлтіргенін мойындайтынын мәлімдеген.
Қазақстандағы азаптауға қарсы үкіметтік емес ұйымдар коалициясының мүшесі, талдықорғандық құқық қорғаушы Виктор Тен халықаралық құқық бойынша тергеу органы мекемесінде кісі өлімі тіркелген жағдайда бұған мемлекет жауапты болатынын айтады. Оның пікірінше, тиімді тергеу жүргізу және жәбірленуші тарапқа әділ өтемақы беру де осы жауапкершілікке кіреді.
Бізде мемлекет жауапкершілікті бірден адами факторға аударуға тырысады.
– Бізде мемлекет жауапкершілікті бірден адами факторға аударуға тырысады. Әдетте мұндай жағдайда белгілі бір қызметкерді "қызмет құзыретін асыра пайдалану" бабы бойынша жауапқа тарту ең үлкен жаза саналады. Кейін мәселені жылы жабуға тырысып, "салғырттық" бабы бойынша ғана жауапқа тартады, – дейді Виктор Тен.
Құқық қорғаушы Тен тергеу органы қызметкерлерінің кісі өліміне әкеп соғатын әрекеттерін кәсіби дайындықтың төмендігімен және істі сотқа жеткізу үшін "нәтижелі статистикаға" қол жеткізуге тырысуымен байланыстырады.
Ішкі істер министрлігі Азаттыққа берген жауабында биылғы тоғыз айда (ІІМ-ге қарасты) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде "103 өлім тіркелгенін", оның 88-і әртүрлі аурудан, 13-і – суицидтен, екеуі – жарақаттан болғанын мәлімдеді.
Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің дерегінше, 2020 жылдың тоғыз айында ведомствоның әкімшілік ғимараттарында азаматтардың өзіне қол жұмсау фактілері тіркелмеген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де осыған ұқсас есеп жіберді. Оған сәйкес, қаңтар-қыркүйек айларында ҰҚК тергеу изоляторларында суицид жасалмаған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің әлемдегі адам құқықтарының жағдайы туралы биылғы баяндамасында Қазақстанда тұтқындарға қатаң қарау мен азаптаудың жалғасып жатқанын атап көрсеткен. Еуропа парламентінің былтыр наурызда қабылдаған резолюциясында "Қазақстанда күдіктілер мен тұтқындарды азаптау "қалыпты жағдайға" айналғаны" айтылған.