Алматыда өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық Илья Ильин 105 килограмда алтын медаль алды. Бұл Қазақстан құрамасы қоржынындағы үшінші алтын жүлде. 15 қараша 2014 жыл.
Ильин қоссайыс бойынша 432 килограмды көтеріп, осымен төртінші мәрте әлем чемпионы атанды. Илья Ильин бұған дейін 2007, 2008, 2011 жылғы әлем чемпионаттарын ұтқан еді. Ол - 2008 жылғы Пекин, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы. Алматы, 15 қараша 2014 жыл.
94 килограмм салмақ дәрежесінде қазақстандық атлет Жасұлан Қыдырбаев қоссайыс бойынша 408 килограмм (179+229) көтеріп, әлем чемпионы атанды. Осы салмақ дәрежесінде күміс жүлдені 407 килограмды көтерген тағы бір қазақстандық Владимир Седов иеленді. Қола медальды 399 килограмм көтерген литвалық Ауримас Дижвалис алды. 14 қараша 2014 жыл.
Қазақстандық Жазира Жаппарқұл (69 килограмм) қоссайыс бойынша 262 килограмм көтеріп, күміс жүлде иеленді. Алматы. 14 қараша 2014 жыл.
Лондон олимпиадасының алтын жүлде иесі Мая Манеза бұл жолы 69 килограмда сынға түсіп, сегізінші орын алды. Алматы, 14 қараша 2014 жыл.
2011 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының, 2013 жылғы универсиаданың күміс жүлдегері Карина Горичева (63 кг) Алматыдағы әлем чемпионатында жұлқа көтеруде 113 килограмды алып, кіші күмісті иеленді. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 246 килограмды көтеріп, алтыншы орын алды. Алматы. 13 қараша 2014 жыл.
Карина Горичева марапаттау рәсімінде кіші күміс жүлдесін алған сәті. Алматы. 13 қараша 2014 жыл.
Лондон олимпиадасының чемпионы Зүлфия Чиншанло Алматыдағы әлем чемпионатында серпе көтеруде 134 килограмды көтеріп, әлем рекордын жаңартты. Ол осымен үшінші әлем чемпионатын ұтып отыр. Алматы, 10 қараша 2014 жыл.
Қазақстандық Кирилл Павлов (77 кг) 352 килограмм көтеріп, төртінші орын алды. Ол өзінің алты мүмкіндігін де сәтті көтерді. Алматы, 12 қараша 2014 жыл. (Сурет әлем чемпионатының ұйымдастыру комитетінен алынды).
Кирилл Павлов жұлқа көтеруде 195 килограмды алғаннан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни қуанып, оны құшақтап тұр. Алматы, 12 қараша 2014 жыл.
Азия ойындарында 49 килограмм салмақ дәрежесінде чемпион атанған қазақстандық Маргарита Елисеева Алматыдағы әлем чемпионатында алғашқы берген тапсырысын (82 килограмм) көтере алмады. Алматы, 9 қараша 2014 жыл. (Сурет әлем чемпионаты ұйымдастыру комитетінен алынды)
.
2012 жылғы студенттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Гүлназ Наурызова (63 кг) биылғы әлем чемпионатында 26-орын алды. Ол қоссайыс бойынша 196 килограмды көтерді. Қазақстан спортшысы бұл салмақтың жеңімпазы қытайлық Вей Денгтен 60 килограмм кем көтерген. Алматы, 12 қараша 2014 жыл.
Албаниялық Даниел Годдели 77 килограмда қоссайыс бойынша жеңіске жетті. Ол -Албания тарихындағы олимпиадалық спорт түрлері бойынша алтын алған бірінші спортшы. Алматы. 12 қараша 2014 жыл.
Пекин олимпиадасының чемпионы, қытайлық Ляо Хуэй жұлқа көтеруде 166 килограмды алып, әлем рекордын жаңартты. Бұл рекорд 14 жыл бойы жаңармай тұрған еді. Бұрынғы рекордты (165 кг) 2000 жылы Сидней олимпиадасында болгариялық Георгий Марков орнатқан. Ляо Хуэй серпе көтеруде де, қоссайыс қорытындысы бойынша да алтын медаль алды. Алматы, 10 қараша 2014 жыл.
Алматыда ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан командасына үшінші алтынды әперген Илья Ильин төртінші рет әлем чемпионы атанды.