«Қазақстандық жиһадшылар» видеосы сарапталып жатыр

"Сирияға барған қазақпыз" деушілер әлдекімдермен амандасып жатыр. (YouTube видеосынан скриншот)

Демалыс күндері интернетте қызу талқыланған «Сириядағы қазақстандық жиһадшылар» туралы видеоға қатысты арнайы қызметтер сараптама жүргізіп жатыр.
Қазақстан дін істері агенттігінің ақпараттық бөлімінің қызметкері Сақтаған Сәдуақасов – өткен аптада YouTube желісінде жарияланған, өздерін «Сирияға жиһад қылу үшін хижра жасағандар» ретінде сипаттайтын адамдар түскен видеоны сараптап жатқан ресми мамандардың бірі.

– Қазір жан-жақты сараптамадан өткізіп жатырмыз. Әйткенмен қашан нәтижесі дайын болатынын айта алмаймын, – деді ол Азаттық тілшісіне қазанның 21-і күні.

Өткен аптаның соңында қазақстандық интернет кеңістігінде қызу талқылау тудырған видеоклип туралы сақтықпен сөйлейтін жалғыз Сақтаған Сәдуақасов емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз хатшысы Бауыржан Нұркенов те Азаттыққа комитеттің видеомен танысқанын айтып, оған қатысты сауалдарды жазбаша түрде жолдауды сұрады.

Қазанның 15-і күні YouTube-те пайда болып, қазақстандық интернет қолданушылардың назарына апта соңында ілінген арабша субтитрлі 20 минуттық видеоклип «Сирияға отбасымен бірге көшіп келген 150 қазақстандық» туралы баяндайды. Toran Wahood есімді қолданушының парақшасына ілінген видео қазанның 21-і күні әлеуметтік желіден жоғалып кетті. Бірақ оның бірнеше көшірмесі қазақстандық интернет кеңістігін әлі шарлап жүр.

«СИРИЯҒА АТТАНҒАН ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР»

Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар туралы әртүрлі ақпарат бұған дейін бірнеше мәрте шыққан болатын. Бірақ «Қазақстан азаматтарының» дәл осылайша жүзін көрсетіп, анық сөйлеуі алғаш рет ұшырасып отыр.

Азаттық тілшісі видеода көрсетілген азаматтардың кім екенін әзірше анықтай алмады.

Алайда Қарағанды облысындағы бірнеше қаланың ҚМДБ-ға қарайтын мешіт өкілдері осы аймақтан бірнеше азаматтың «жиһад жасау үшін» Сирияға аттанғанын Азаттыққа айтты.

– Осыдан бірнеше күн бұрын мешітімізге баласы Сирияға аттанған бір ата-ана келді. Оның үш ұлы бірдей кеткен. Кеткендеріне бір жылдан асып кетсе керек.

Сирияға жиһадқа барған қазақтар екенін мәлімдеп отырған адамдар. (YouTube видеосынан скриншот)

Біреуі әйелімен кетіпті. Бір баласының әйелі осында қалыпты. Ал кішісі үйленбеген. Ата-анасы олардың не өлі, не тірі жүргенін білмейді. Осылайша зар жылаған өзге ата-аналар да бар. Аптасына бір рет келіп, құран оқытып кетеді, – деді Жезқазған мешітінің аты-жөнін айтқысы келмеген өкілі.

Сәтбаев қаласындағы жергілікті имамның сөзінше, наурыз айында осы қаладан Сирияға он шақты азамат аттанған. Сол себепті имам көктемнен бері мұнда «Сирияға бармау туралы үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын күшейткенін» айтады.

Бұл ақпаратты дінтанушы, заңгер Мұқан Исахан да растайды. Маман биыл көктемде ғылыми жұмыстармен Жезқазған және Сәтбаев қалаларына барған кезде халықпен кездесуде «40 азаматтың Сирияға аттанғаны туралы» дерек естіген. Оның айтуынша, сонда отырған жастар дін өкілдерінен «Жиһадқа баруға бола ма?» деп сұраған.
Жезқазғанда қауіпсіздік адамдары да «қазір Сириядан екі адам қайтып келгенін», екеуінің де тергеуде екенін айтты.
Дінтанушы Мұқан Исахан.

– Ол кездесуде әкімшілік, қауіпсіздік мамандары да болды. Олардың сұрақтарына жауап беріп, «жиһад жоғын» түсіндірдік. Сол жерде отырған қауіпсіздік қызметі адамдары да «қазір Сириядан екі адам қайтып келгенін», екеуінің де тергеуде екенін айтты. «Біз тергеуге қатыссақ бола ма?» деп сұрап едік, «Жоқ, тергеу аяқталмады, қатыстырта алмаймыз» деп жауап берді, – дейді ол.

Биыл маусым айында ҰҚК басшысы Нұртай Әбіқаев «ауған-пәкістан шекарасында 100-ге тарта қазақстандық шоғырланғанын», «Сирияда соғысып жүргендері туралы да ақпараты бар» екенін мәлімдеген.

Шілде айында Asia Times Online порталы «2013 жылдың тек маусым айында Қазақстанның арнайы қызмет орындары Сирияға соғысуға бармақ болған сегіз азаматты тұтқындады» деп жазды.

Жергілікті интернет-порталдардың біріне сұхбат берген сарапшы Тимур Козырев «отандық жиһадшылардың» назары енді Сирияға бұрылғанын айтқан. Оның сөзінше, көтерілісшілер қатарында жүздеген қазақстандық, «арасында Қазақстанда бірнеше жыл жұмыс істеген сол баяғы Халил Абдужаббаров пен Саид Бурятскийдің такфирлік бағытын насихаттаушылардың ізбасарлары бар».

НЕ СЕБЕП?

Қырғызстандық сарапшы Кадыр Маликов Орталық Азия аумағында алдағы уақытта «жиһадшылар саны» көбеймесе азаймайды деген пікір айтады. Оның сөзінше, бұған сауатсыздық, білім жүйесінің әлсіздігі сияқты ішкі факторлар, Орталық Азияда түрлі діни топтардың көбеюі сияқты сыртқы факторлар әсер етеді.

– Бұл - көптеген елдерге ортақ жағдай. Мемлекет оны ауыздықтау сәтін жіберіп алды. Енді оны бақылау өте қиын. Қырғызстанның солтүстігінде, қазір

"Сирияға жиһад жасауға барғанын айтқан" адамдардың балалары. (YouTube видеосынан скриншот)

оңтүстігінде, бұған қоса Қазақстанда да әртүрлі жамағаттар пайда болғаны туралы деректер өте көп. Ең қорқыныштысы, өкінішке қарай, жиһадтық идеология қылмыспен байланысы барларды да біртіндеп өзіне тартып келеді. Яғни қылмыс пен діни фактор араласып жатыр. Бұған қоса, бұл құрылым экономика, бизнес және саясат салаларына да араласып барады, – деді ол Азаттыққа.

Кадыр Маликов діни радикализация анық байқала бастаған жағдайда алдын-алу жұмыстары тиімдірек болатынын айтады.

Бұған дейін Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік қызметі «Сирияда дайындықтан өткен» «Бішкекте жарылыс жасамақ болған» қазақстандық азамат Сергей Лескевичтің ұсталғанын хабарлаған.

ҰҚК-нің есімін атамауды өтінген бұрынғы қызметкері қазақстандықтардың «Сирияға жиһадшы ретінде аттана бастауына» себеп болуы мүмкін және бір факторды атайды.

– Бұған дейін кейбір басшылар бірнеше діни топқа қатысты «оларды Қазақстанның территориясынан шығарып жіберсе мәселе де бірден шешіледі және олар Қазақстанның емес, басқа елдің бас ауруына айналады» деген саясат ұстанды. Оның аяғы мынадай жағдайға соқтырды, – дейді ол Азаттыққа.

Қазақстанда соңғы бірнеше жылдың ішінде жүздеген адам «террористік топ мүшелері» ретінде сотталды. Олардың көпшілігі – Қазақстанның батыс аймағынан шыққан азаматтар. Бірқатар халықаралық ұйымдар мен жергілікті құқық қорғаушылар «полиция мен ҰҚК қамау орындарындағы осындай діни топ мүшелеріне қатысты азаптау тәсілдерін қолданады» деп алаңдайды.