28 панфиловшыны дәріптейтін фильм прокатқа шықпақ

«28 панфиловшы» фильмінен көрініс. Экраннан түсірілген сурет.

Ұлы Отан соғысы жайлы Санкт-Петербург кинематографистері түсірген «28 панфиловшы» көркем фильмі қарашаның 24-інен бастап Қазақстан мен Ресейде прокатқа шығады. Фильм кей тарихшылар «аңызға» балайтын жайттар желісімен түсірілген.

Осы аптаның аяғында Алматыда талайдан бері толастамай келе жатқан «совет үгіт-насихатының аңызы» деген дауға негіз болған ерлік туралы фильмнің алдын ала көрсетілімі болды. Оған фильм режиссерлері, қоюшы оператор, кей рөлдерді орындаушылар арнайы келіп қатысты. Фильмді түсіріп жатқанда-ақ ол туралы дау да, мақтау да көп болған. «28 панфиловшы» фильміндегі оқиғалар екінші дүниежүзілік соғыстың үш күнін – 1941 жылғы қарашаның 14,15 және 16-сындағы оқиғаларды қамтыған әрі генерал Иван Панфилов басқаратын дивизия жауынгерлерінің Мәскеуден бірер километр жердегі Дубосеково разъезі түбіндегі әйгілі шайқасына арналған. Бұл - 1941 жылы Қызыл армия табандылығының символына айналған әрі советтің кейінгі бүкіл тарихында тынымсыз дәріптелген шайқас.

ЕРЛІК ПЕ, АҢЫЗ БА?

Неміс танкілерін тоқтатқан панфиловшылар ерлігі СССР-де қайта құру кезеңінде, әсіресе постсоветтік заманда пікірталасқа түрткі болған, сол дау әлі күнге дейін толастаған жоқ. Панфиловшылар ерлігі - «Красная звезда» газеті журналистерінің ойдан шығарғаны, «ұрыс алаңында қаза тапса да, қаптаған танкті Мәскеуге өткізбеді» делінетін ешқандай 28 панфиловшы болмағаны туралы мәлімдемелер тарап, мақалалар жарияланған.

Мұндай ерліктің өмірде болғанына күмән келтірушілер, 28 панфиловшылардың кейбірі тірі қалған, ал кейін біреуі тіпті сатқын болып шығып, немістердің қоластында полицай болған деген әңгімелер Қазақстан билігінің қитығына тиеді. «Қазақфильм» киностудиясы таратқан баспасөз хабарламасына қарағанда, ресейлік фильмнің шығуына орай мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы совет заманынан келе жатқан «28 панфиловшылар ерлігі тарихта болған, сондықтан ол әрі қарай да дәріптеле беруі тиіс» деген ескі тұжырымды қолдауға бейіл.

"28 панфиловшы" фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Андрей Шальопа журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 18 қараша 2016 жыл.

Азаттық тілшісінің өтініші бойынша «28 панфиловшы» фильмінің режиссері әрі сценарий авторы Андрей Шальопа көркем шығармаға сценарий жазғанда пайдаланған құжаттар жайлы айтып берді.

- Әлгі ұрысқа тікелей қатысқан жандар жазған құжаттар өте аз. Бірақ ондай құжаттар бар. Шумилиннің күнделіктері, Драбкин жинаған сұхбаттар, Бауыржан Момышұлының кітаптары тәрізді біз сүйенген маңызды құжаттар бар. Бұған қоса, кино және фото хроника да бар. Мен сүйенген негізгі ақпарат көздері осылар, - дейді ол.

КЕЙІПКЕРЛЕР МЕН ТАНК МАКЕТТЕРІ

Кинолентада 28 панфиловшыны немістердің алғашқы шабуылынан кейін 4-ротадан тірі қалғандар ретінде көрсеткен. Бұл әйгілі саяси жетекші Василий Клочковтың қорғаныс учаскесіндегі жағдайды штабқа телефон арқылы баяндайтын эпизодтан көрінеді.

Алғашқы пікірлерге қарағанда, 28 панфиловшы туралы фильмде Ұлы Отан соғысы туралы постсоветтік фильмдердегі сарын жоқ. Мысалы, ерекше бөлімнің зұлым қызметкерлері, үнемі мас болып жүретін штаб бастықтары, ұрыс алдындағы «Сталин үшін!» деген ұрандар, кейіпкерлердің диалогтарында совет үкіметін жамандау мен сынау жоқ. Бірақ «28 панфиловшы» фильмі авторлары олармен бірге құнды дүниелерді де лақтырып тастағандай көрінеді.

Генерал Иван Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова (сөйлеп тұр), «Қазақфильм» киностудиясы президенті Бақыт Қайырбеков (оң жақтан екінші), мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «28 панфиловшы» фильмінің премьерасында. Алматы, 18 қараша 2016 жыл.

Гитлерлік Германияны жеңуде идеологияның маңызы зор болғаны анық. Қызыл әскерлерді газет, радио, фильмдер арқылы, командирлер мен саяси жетекшілер арқылы «бұл жай отан емес, советтік отанды қорғау» деген ойға иландырды. Басқаша айтқанда, «28 панфиловшы» фильмі кейіпкерлері идеологиялық вакуумде шайқасқан, сондықтан онша сенімді шықпаған.

Бірақ «28 панфиловшы» фильмінің бірер тұсынан Ұлы Отан соғысы туралы қазіргі ресейлік кино сарыны байқалады. Соғыс туралы фильмдердің бәрінде мағынасыз етіп жіберетін діни тақырып аз да болса ашылған. Жаңа фильмде немістердің кезекті шабуылын окопта күтіп отырған панфиловшылардың бірі дұға оқиды. Екінші бір жауынгер одан «не деп айттың?» деп сұрайды. Оған әлгі сарбаз жалтарма жауап береді. Соғысқандардың ішінде дінге сенетін жандар болған әрі олар мұны жария етпегені аян.

Ал екінші тұсында - фильмнің алғашқы минуттарындағы артқы көріністегі бірнеше эпизодта кресі қисайып кеткен шіркеуді көрсетеді. Бұл декорация емес. Фильм соғысқа дейін салынған үйлер де сақталған, 1930 жылдары жабылып, қараусыз қалған православ шіркеуі әлі тұрған Иванов облысындағы Першино деревнясында түсірілген.

«28 панфиловшы» фильмінде қатардағы жауынгер Мұсабек Сеңгірбаевтың ролінде ойнаған ресейлік театр және кино актері Азамат Нығманов. Алматы, 18 қараша 2016 жыл.

Фильмде совет насихаты дәріптеген шайқастың алдындағы оқиғаларға - алдыңғы шепке жылжуға дейінгі, шайқас алдындағы дайындық (окоп, ор қазу, жауды алдау үшін зеңбіректің макеттерін орналастыру) көп уақыт бөлген. Кейіпкерлер де көп әрі ұзақ әңгімелеседі. Кей тұста диалогтарды тым созып жібергендей әрі олардың мазмұны орынсыз сияқты көрінеді. Фильмнің ең әсерлі бөлігі - танктердің шабуылы және оларды тойтару көріністері көрермендерге, әсіресе жастарға ұнауы мүмкін. Қоюшы оператор Никита Рождественскийдің Азаттыққа айтуынша, ұрыс алаңының дәл көшірмесі салынған. Танктердің шағын макеттерін түсірген.

Биыл қазанның басында Ресей президенті Владимир Путин Астанаға сапармен келген болатын. Ол сапарын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге «28 панфиловшы» фильмін көрумен аяқтаған. Ол кезде Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кинолента бюджетінің үштен бірін Ресей мен Қазақстанның мәдениет министрліктері бөлгенін айтып, кинолента сипатын «ерекше» деп атаған.