Астанада ЕҚЫҰ саммиті өтіп жатқан тұста Мұхтар Әблязов «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын өзіне тиесілі мал-мүлікті тартып алды деп айыптап, Ұлыбритания сотынан араша сұрады. Бұл туралы лондондық «Гардиан» газеті хабарлады.
Басылым Мұхтар Әблязовтың айтқандарына сүйеніп, Қазақстан президенті мен оның туысқандарының бизнесі жайында баяндайды. Сондай-ақ билікте жүрген кездегі Әблязовтың әрекеттеріне де тоқталған.
«САМҰРЫҚ» - НАЗАРБАЕВТЫҢ ҚОЛШОҚПАРЫ
Әблязов «Самұрық-Қазынаны» сотқа бере отырып, оның президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолындағы қолшоқпар екендігін және ондағы шешуші сөзді президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың айтатынына ерекше назар аударған.
«2009 жылдың ақпанында Назарбаев пен оның маңайындағылардың «БТА банкті» тартып алу науқаны шарықтау шегіне жетті... «Самұрық-Қазына» – президенттің жеке мүдделерін жүзеге асыруда, соның ішінде экономика мен саясатта үстемдігін сақтап тұру мақсатында пайдаланатын құралы.
Ең маңызды деген мемлекеттік мекемелер, атап айтсақ, «Қазмұнайгаз», «Қазтрансойл», «Қазақтелеком», «Қазақстан темір жолы» және қаржы орындары соның қарамағына кіреді», - делінген сот құжаттарында.
Айыптаушы осы мекемелердің барлығын президенттің күйеу баласы, «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевтың басқарып отырғанын айтады.
«ҚҰЛЫБАЕВ ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ 90 ПАЙЫЗЫНА ИЕЛІК ЕТЕДІ»
Дәл осы тұста «Уикиликс» сайты жариялаған АҚШ дипломатиялық поштасындағы құпия хат-хабарлар Әблязов жаққан отқа май құя түсті.
Ұлыбританияның халықаралық сауда және инвестиция жөніндегі арнайы өкілі Принц Эндрю бір әңгімесінде АҚШ дипломатына «Құлыбаев Қазақстан экономикасының 90 пайызына бақылау жасап отыр» деп ағынан жарылған көрінеді. Және бір хатта «Самұрық-Қазынаның» директорлар кеңесінің мүшесі сэр Ричард Эванс: «Бүкіл «Самұрық» құрылымында мен білетін жалғыз шынайы бизнесмен осы – Құлыбаев», - деген көрінеді.
«Гардианға» берген сұхбатында Мұхтар Әблязов былтыр шетелге қашып кете салысымен жария еткен пікірлерін және бір қайталапты. «Президент көптен бері менен банктің 50 пайыз акциясын тегіннен тегін өзіне сыйға тартуымды сұрап келді. Кейін бұл қоқан-лоққыға ұласты, «егер айтқанды істемесең, бизнесіңді тартып алып, өзіңді түрмеге тоғытамыз» деп қорқытты.
Бұл жағдай ұзақ уақытқа созылды. Ақыр соңында қаржылық дағдарысты желеу етіп, президент банкті тартып алды. Ол менен билікті тартып алады деп қорқатынын жиі айтумен болды. Ол бір сөзінде: «Сенің бизнесіңді бақылауда ұстасам, сен де бақылауда боласың», - деген».
«ӘБЛЯЗОВТЫҢ ӨЗІ ДЕ СОЛ ЖҮЙЕНІҢ ІШІНДЕ БОЛҒАН»
«БТА банктен» 2 миллиард АҚШ долларын жымқырды деп айыпталған Мұхтар Әблязов өзі де бір күні британ соты алдында жауап бермек. Оның айтуынша, мұның барлығы саяси мақсатпен қуғындаудан басқа ештеңе емес.
«Гардиан» газеті Әблязовты кезінде қазір өзі сынап отырған жүйенің құрамында болғанын айтады. «Энергетика, индустрия және сауда министрі болып тұрған тұста ол мемлекеттік мүлікті жекешелендіру аукционында мемлекеттік банкті сатып алған, кейін ол «БТА банк» деген атқа ие болды», - деп жазады британдық басылым.
Ал қазір ол сол мемлекеттік жүйені өткір сынап, байлықты бөлісу схемасын «әшкерелеумен» айналысып отыр. «Мемлекеттік мүлік президенттің қарамағындағы компанияларға номиналды бағаға сатылады. Дивиденттер президент компанияларының арасында бөліске түседі. Соңында бұл мүлік мемлекет қарауындағы «Самұрық-Қазынаға» қайта сатылады», - дейді Әблязов.
«ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСКЕ БАСТЫ КЕДЕРГІ – ЖЕМҚОРЛЫҚ»
Қазақстандағы бизнестің ерекшеліктерін түсінсін деген ниетпен «Гардиан» газеті Нью-Йоркте аяқталған Джеймс Гиффен ісін мысалға келтіреді. Мұнай саласы жөніндегі америкалық кеңесші президент Н.Назарбаев пен сол кездегі премьер-министр Н.Балғымбаевқа 78 миллион доллар пара берді деп айыпталған.
Р.Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы деректер де «іздегенге – сұраған». Кітапта автор президент Назарбаев: «Қазақмыс» - мен үшін жұмыс істейтін компания, олар мен не десем соны істейді», - деген сөздерді айтты деп жазады. «Қазақмыстың» елдегі түсті металды өндірумен және сатумен айналысатып алпауыт компания екені белгілі. «Гардиан» газеті бұл компанияның нарықтық құнын 7 миллиард ағылшын фунт-стерлигіне бағалайды.
Дүниежүзілік банктің 2009 жылы жүргізген сауалнама нәтижелеріне сенсек, Қазақстандағы компаниялардың 55 пайызы келісім-шартты сақтап тұру үшін әлдекімдерге «сыйлық» беретінін мойындаса, 44 пайызы « бұл елде бизнес жүргізуге ең басты кедергі – жемқорлық» деген пікірді растаған.