"Кітап үшін" сотталған адам енді оған тыйым салдырмақ

Алматы облысы Іле ауданы Чапай елді мекенінің тұрғыны Абылайхан Шалымбаев. Сурет Алматыда, 2017 жылы қазанның 17-сі түсірілген. Фотоны Азаттыққа Абылайхан Шалымбаев берді.

Түрмеден босап шыққан қазақстандық Абылайхан Шалымбаев кітаптан үзінділер келтіргенім үшін "терроризмді насихаттады" деп айыптап, бес жылға сотталдым дейді әрі кітапты баспадан шығарғандарды жауапқа тартуды талап етеді. Әлгі кітапқа әлі күнге дейін ресми тыйым салынбаған.

"ДҰРЫС ЕМЕС" ІЛІМНІҢ КӨЗІ

Қазір жасы 42-дегі Абылайхан Шалымбаев 2000 жылдардың басында Алматыдағы Қалқаман шағын ауданында тұрған, Тастақ шағын ауданындағы мешітке жұма намазға да сол кезде бара бастаған. Таныстары шақырған соң Алматыдағы "Әл Баракат" оқу орталығы дәрістеріне 2004 жылдан бастап бір жарым жылдай үзбей, ал кейінірек ара-тұра қатысып жүрген әрі ол жерде бес уақ намаз оқуды үйренген. Ол курс сабақтарында кез келген, тіпті жыныстық тақырыптарды да талқылайтынбыз дейді. Абылайхан «дәріс оқыған ұстаздарымыздың комментарийлері, әсіресе мемлекет басқару, жиһад, шахидтер (жанкештілер), өзге дін өкілдеріне немесе дінге сенбейтіндерге көзқарас, сырт келбетке қатысты мәселелерге қатысты түсіндірмелері ресми имамдардың уағыздарына көбінесе қарама-қайшы болатын» деп еске алады.

2010 жылы оқу орталығы Абылайхан Шалымбаевқа "Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" (кітаптың авторы – Әбд ар-Рахман бин Нәсір ас-Саади, орыс тіліне Эльмир Кулиев тәржімалаған) кітабының үш томдығын берген. Сол жылы, бірақ сәл кейінірек ол әлгі кітаптың алты томдығын сатып алған.

"Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" кітабының алты томы. Фотоны Азаттыққа Абылайхан Шалымбаев берді.

2009 жылы Абылайхан Шалымбаев Алматы облысы Панфилов ауданының әкімшілік орталығы – Жаркент қаласы маңындағы Көктал ауылына көшіп барып, үй салған. Ол кезге қарай Абылайханның бес баласы болған, әйелінің алтыншы балаға аяғы ауыр еді. Абылайханның мамандығы – электрмен дәнекерлеуші, жарнама газеттеріндегі хабарландырулар бойынша тапсырыстар алып, Алматыға, тіпті Астанаға кетіп, жұмыс істеп жүрген.

Абылайхан Шалымбаев Көкталдағы, Жаркент қаласындағы мешіттерге барып жүрген, бірақ мешіт пен жұрт жиналатын өзге орындарда өз көзқарастарын насихаттамаған. Таныс діндарлар Абылайханның үйіне барып, дастархан басында оған дінге қатысты сұрақтар қойып жүрген.

Абылайхан Шалымбаев үйіме келіп жүрген адамдардың екеуі арнайы қызмет агенттері болған сияқты деп топшылайды. Ол сот процесі кезінде осындай ұйғарым жасаған. Оның сөзінше, "Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" кітабына сүйеніп айтқан комментарийлерін әлгі агенттер құпия түрде диктофонға жазып жүрген. Кейінірек Жаркенттегі сотта олар Абылайхан мен осы іске қатысты әрі "Оқ-дәрі сақтау" бабынан өзге баптар бойынша айыпталған ағасына қарсы құпия куәлер ретінде лақап есімдермен әрі бет-жүздерін көрсетпей қалқада тұрып куәлік еткен.

2011 жылы Абылайхан Шалымбаев «терроризмді насихаттады», «діни араздық қоздырды», «конституцияға қарсы әрекеттерге шақырды» және «заңсыз оқ-дәрі сақтады» деген айыптармен бес жылға сотталған. Ол оқ-дәрі сақтады деген айыпты жоққа шығарады. Қалған айыптарды «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабынан үзінділер келтіргені үшін тағылған айыптар деген уәжбен терістейді. Ағасы төрт жылға сотталған. Абылайханның мәлімдеуінше, назар аудартуға қанша тырысқанымен, сот оның комментарийлерін әлгі кітаптың мазмұнымен байланыстырудан мүлде бас тартқан.

Абылайхан Шалымбаев бостандыққа 2016 жылы шыққан. Ол қамауда отырған кезде әйелі алты баласын алып кетіп қалған. Түрмеден шыққаннан бері ол Алматы облысы Іле ауданындағы Чапай кентінде шешесі - 78 жастағы Күләш Шалымбаева және бала кезінен мүгедек әпкесімен бірге тұрады. Шалымбаевтың айтуынша, аты-жөнін «қара тізімге» енгізіп қойғандықтан, тұрақты жұмысқа да орналаса алмаған, бұрынғыдай тапсырыс алып Астанаға жұмысқа барайын десе, пойызға билет сатып ала алмайды. Қазіргі тұрған жерінде ара-тұра кездесіп қалатын уақытша жұмыспен нәпақа айырып жүр. Абылайханның отбасы шешесінің зейнетақысы мен қарындасы мүгедектігі үшін алатын жәрдемақыға күнелтеді.

"Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" кітабына жазылған аннотация. Суретті Абылайхан Шалымбаев берді.

КІТАПҚА ТЫЙЫМ САЛЫНБАҒАН

Абылайхан Шалымбаев осы кезге дейін «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабына 2014 жылы тыйым салынған деп ойлап келген, бұған қоса, өзгелерді, оның ішінде, оның сөздерін қайталап жариялаған қазақстандық БАҚ-тарды да солай деп иландырған. Бұлай деп ойлауына 78 жастағы анасы Күләш Шалымбаеваның сауалына дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Күлекеев 2016 жылы қарашаның 21-і жолдаған жауаптың мазмұны түрткі болған.

Әлгі хатында шенеунік дін істері комитеті кітаптың мазмұнына 2014 жылы жүргізілген діни сараптама нәтижелеріне сүйеніп теріс ұйғарым шығарды деп жазған. Бақытжан Күлекеевтің жауабында нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, комитет теріс ұйғарым берген діни әдебиетті Қазақстан территориясында таратуға ұсынбайды делінген.

Шалымбаевтың кітапқа тыйым салынды деген ойы Күләш Шалымбаеваның сауалына дін істері және азаматтық қоғам министрінің орынбасары Берік Арын 2017 жылы қыркүйектің 15-сі жолдаған хаттан кейін тіпті беки түскен. Әлгі хатта Берік Арын 2010 жылы шыққан «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабына комитет теріс ұйғарым берген, сондықтан Қазақстан территориясында таратуға тыйым салынды деп хабарлайды.

"Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" кітабының тексерістен өткені туралы ақпарат жазылған беті. Суретті Абылайхан Шалымбаев берді.

Бірақ Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен дін істері комитеті қызметкері – Бақытжан Күлекеевтің жоғарыда аталған хатын жазған Балғабек Мырзаев «Әбд ар-Рахман ас-Саадидің «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабына комитеттің 2014 жылы тыйым салғаны рас па?» деген сұраққа «комитет кітапқа тыйым салған жоқ» деп жауап берді. Оның сөзінше, дін істері комитеті кітапқа тыйым сала алмайды, ондай тыйымды сот қана сала алады, бірақ ондай сот болмаған.

- Біз [кітапқа] теріс ұйғарым бердік. Онда экстремизм мен радикализмге шақыратын тұстар бар. Бірақ сот әзірше оған тыйым салған жоқ. Бірақ бұл [кітапқа тыйым салу] біздің құзырымыздағы нәрсе емес. Біз діни сараптама жүргізіп, теріс ұйғарым бергенбіз. Әлгі Шалымбаев деген кісінің шешесі бізге жүгінген болатын. Ол кісіге «иә, кітапта сондай [экстремистік және радикалдық] элементтер барын анықтадық, сондықтан оны Қазақстан территориясында таратуға ұсынуға болмайды» деп жауап бердік, - дейді Мырзаев.

«Ал әлгі кітапқа сот арқылы тыйым салу мәселесін комитет неге қозғамады?» деген сұраққа Балғабек Мырзаев практикада "сотқа біз жүгініп көрген жағдай жоқ» дейді.

Құзырлы органның сот тыйым салмаған әдебиетке, оның ішінде Әбд ар-Рахман ас-Саадидің «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабына қатысты нұсқауы қалай орындалып жатқанын Азаттыққа Алматы қаласы дін істері басқармасының басшысы Айдар Есенбеков айтып берді.

...егер сараптама таратуға ұсынылмайтын кітап деп таныса, біз әкімшілік хаттама толтырамыз, оны таратқан адамдарға белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады.

- Біріншіден, егер сараптама таратуға ұсынылмайтын кітап деп таныса, біз әкімшілік хаттама толтырамыз, оны таратқан адамдарға белгілі бір мөлшерде айыппұл салынады. Ал егер кітапқа сот тыйым салған болса, онда мұнымен ішкі істер органдары айналысып, қылмыстық іс қозғалады... Әлгі баспа ["Әл-Баракат"]қазір кітапты шығаруды доғарды, ол жағынан жұмыс істегенбіз, - дейді Айдар Есенбеков.

Айдар Есенбеков белгілі бір кітапқа тыйым салу үшін, әсіресе қолында кітаптың мазмұнына қатысты теріс ұйғарым болса, кез келген азамат, сотқа арыз түсіре алады деп санайды.

БАСПАГЕРДІҢ ҮСТІНЕН ІС ҚОЗҒАТУ ӘРЕКЕТТЕРІ

Абылайхан Шалымбаевтың 12 жыл бұрын жесір қалған 78 жастағы анасы Күләш апаның жанына екі, тіпті үш жайт қатты батады. Екі ұлы - Абылайхан мен оның ағасы түрмеде отырып шықты, ал екеуі қамауда отырғанда- 2013 жылы 47 жастағы баласы Жамахан жүрек талмасынан қайтыс болған. Анасы балам түрмеге түскен бауырларын уайымдап сырқатқа шалдығып, қайтыс болды деп санайды.

Күләш Шалымбаева – батыр ана, қызы бар және 2013 жылға дейін тоғыз ұлы болған. Абылайхан Шалымбаевтың айтуынша, шешесінің құлағы мүлде естімейді, бірақ оқып, жаза алады. Абылайханның сөзінше, Құрманғазы екеуі жазасын өтеп жатқанда ол кісі «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабын бастан-аяқ оқып шығып, оның мазмұнына жағасын ұстаған әрі екі баласының түрмеде отырып шыққанына кітапты шығарғандар кінәлі деп санайды.

- 2016 жылдың жазында ғой деймін, анам әуелі президентке шағым жазды. Бір жыл бойы қоймай жазды, қылмыстық істі содан соң - бір жылдан кейін наурыздың 7-сі ғана тіркеді, - дейді Абылайхан Шалымбаев.

"Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме" кітабының мұқабасы. Суретті Абылайхан Шалымбаев берді.

"Әл Баракат" баспасы басшысы мен әлгі орталықтың тағы екі оқытушысының үстінен қылмыстық кодекстің діни араздықты қоздыру туралы 174-бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі 2017 жылы наурыздың 7-сі Алматы қаласы Бостандық аудандық ІІБ тергеушісі, аға лейтенант Шапағат Тасбаев тіркеген.

Абылайхан Шалымбаевтың сөзінше, ол тергеуші Тасбаевқа әр мезгілде әрі әр түрлі мамандар әзірлеген екі сараптамалық ұйғарымды берген – оның бірі 2017 жылы қаңтардың 31-і Рахила Қарымсақова, қылмыстық іс қозғалғаннан кейін жүргізілген екіншісін сәуірдің 14-і күні маман Г.Мұқатова жасаған. «Сарапшылардың ұйғарымдарына қарағанда, кітапта діни араздықты қоздыратын үндеулер, экстремизм мен терроризді насихаттау, конституцияға қарсы әрекетке шақыру бар» дейді Шалымбаев. Ол бұл тұжырымды мамандар өз ұйғарымдарында кітапта «азаматтардың діни сезімдерін қорлау, азаматтарды қай дінді ұстанатынына қарай алалауды жақтау, бір-бірінен артық санауды, кем көруді насихаттау», «терроризм, діни экстремизмді насихаттау белгілері», «жиһад жасап, жанкештілікке шақыру», «пайғамбарды қорлаған азаматтарды өлтіруге шақыру», «мемлекет заңдары – шайтанның заңдары, сондықтан оларды орындау адасу болып саналады, зайырлы мемлекетке қарсы күресу керек деген идеялар» бар деп жазған.

Бірақ тергеуші Шапағат Тасбаев «қылмыс жасаған тұлға анықталмады» деген уәжбен сотқа дейінгі тергеу амалдарын көп ұзамай тоқтатқан. Сондықтан Абылайхан Шалымбаевтың анасы прокуратураға шағымданған. Алматының Бостандық ауданы прокурорының міндетін атқарушы Жарқын Құсайынов 2017 жылы маусымның 16-сы күні жазған хатында Күләш Шалымбаеваға прокуратура тергеушінің әрекеттеріне қарсылық білдіріп, қылмыстық істі қарау үшін Алматы ішкі істер департаментіне жолдады деп хабарлаған. Кейін әлгі іс бойынша тергеу амалдары қайта жалғасқан.

Бірақ 2017 жылы шілденің 15-сі күні тергеуші Шапағат Тасбаев қылмыстық істі тергеуді тоқтату туралы қаулы шығарған. Азаттыққа ол Абылайхан Шалымбаевтың арызы негізінде «Әл Баракат» баспасы басшысы мен әлгі орталық оқытушыларының үстінен діни араздықты қоздырды деген болжаммен қозғалған болатын дейді. Бірақ олар іске тергеуге күдікті ретінде емес, куәлер ретінде, арызданушы Шалымбаев жәбірленуші ретінде тартылған. Тергеуші Тасбаев қаулысында іс Шалымбаев атаған тұлғалардың әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болуына байланысты тоқтатылды деп көрсеткен.

«Әл Баракат» баспасы 2010 жылы шығарған кітаптың шығу деректерінде тираж саны көрсетілмеген, есесіне «тексерілген әдебиетке» жатады деп жазылған. Оны Алматыдағы орталық мешіттен де, «Нұр Мүбәрак» Египет мәдени орталығынан да табудың сәті түспеді. Абылайхан Шалымбаевта кітаптың алты томдығы бар, тағы да қырсыққа душар болмас үшін ол кітапты үйінде ұстайды әрі ешкімге бермейді

Енді Абылайхан Шалымбаев «Тәпсір Саади. Құран кәрімге түсіндірме» кітабына тыйым салып, оны тыйым салынған кітаптар тізіміне енгізуді талап етіп сотқа арызданбақ.

Ал Алматы қаласы дін істері басқармасы қызметкерлері Азаттыққа «Әл Баракат» баспасы қазір жұмыс істемейді деп хабарлады.