Абылайхан Жүсіпов жасөспірімдер мен жастар арасында өзі қатысқан әлемдік және Азия құрлығындағы барлық жарыста алтын медаль жеңіп алған. 2013 жылы Шымкентте жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде және Киевте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. 2013 жылы AIBA Жүсіповты «жылдың ең үздік жас боксшысы» деп таныған. Абылайханның айтуынша, алғаш рет оны бокс үйірмесіне анасы апарыпты.
Your browser doesn’t support HTML5
– Үйде бес ағайындымыз. 7 жасымда анам әкеммен ақылдасып, Абай қаласындағы (Қарағанды облысы – ред.) бокс мектебіне апарды. Анам мені далада текке уақыт өткізбесін деген оймен спорт залына алып келсе керек. Ол кезде біздің қаладан Серік Сәпиев әлем чемпионатын ұтқан болатын. Сәпиевтің жеңісі Абайдағы боксқа үлкен серпіліс беріп, бокс залдары көптеп ашыла бастаған еді, - дейді ол.
АЗИЯДАҒЫ ҮЗДІКТЕРДІ ЖЕҢДІ
Абылайхан Жүсіпов 2014 жылы Нанкинде (Қытай) жасөспірімдер арасында өткен олимпиада ойындарында алтын жүлдені жеңіп алған. Бұл – 64 килограмм салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атағы бар қазақстандық Мерей Ақшаловтың спорттағы карьерасын аяқтап жатқан кезі еді.
Ұлттық құрамада 64 килограмдағы орын босаған соң бас бапкер Мырзағали Айтжанов Абылайхан Жүсіповті ересектермен жаттығуға шақыра бастаған. Екі жылдай ересектер құрамасында жаттыққан ол Қытайда өткен Азия құрлығы бойынша Рио олимпиадасына іріктеу жарысына шақырту алған. Бұл – Жүсіповтің ересектер арасындағы алғашқы ресми жарысы.
Қазақстандық жас боксшы Қытайда Азияның екі дүркін қола жүлдегері үндістандық Манож Кумарды, сол кезде 64 килограмда Азияның бірінші нөмірлі боксшысы саналған оңтүстіккореялық Лим Хун Чулды, одан кейін қытай Жиангсун Худы, финалда моңғол спортшысы Чинзориг Баатарсухты жеңген. Сөйтіп Абылайхан Жүсіпов Рио олимпиадасы жолдамасымен қоса Қытайдағы жарыстың алтын медалін иеленді.
– Бес кездесуді де бір деммен өткіздім. Бапкерлердің де көңілдері толды. Қазір Астанадамыз, олимпиадаға дайындық басталып кетті. Кейін Ирландия құрамасымен біріккен оқу-жаттығу жиыны бар, - дейді жас боксшы Азаттыққа.
Оның ойынша, Рио олимпиадасында басты қарсыласы Ресей, Куба және Өзбекстан боксшылары болмақ. Абылайхан дайындық кезінде олимпиадаға баратын әр қарсыласының видеосын көріп, зерттеп жүргенін айтады.
ЧЕМПИОНДАР ПІКІРІ
Бокстан әлемнің екі дүркін чемпионы, Лондон олимпиадасының жеімпазы Серік Сәпиев Абылайхан Жүсіповтен үлкен үміт күтетінін айтады. Ол Жүсіповтің Рио олимпиадасында алтын алатынына сенім білдірді.
«Ұлттық құрама бапкерлері тәуекелге барып, 19 жастағы Жүсіповті Қытайдағы олимпиадалық іріктеу жарысына апарды. Ал Абылайхан бапкерлер сенімін ақтады. Ол жас болса да техникалық әрі физикалық тұрғыдан өте жылдам дамып келеді. Абылайдың басты қасиеті – өте еңбекқор. Жүсіпов менің жетістіктерімді басып озып, бірнеше рет олимпиада чемпионы болғанын қалаймын» деген Серік Сәпиев наурыздың соңында vesti.kz спорт сайтына берген сұхбатында. Абылайхан Жүсіповтің өзі Рио олимпиадасындағы мақсаты жайлы сұраққа «рингтегі әр кездесуде жеңіске жету үшін барымды саламын, басты мақсатым – осы» деп қысқа қайырды.
Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ыбырайымов бір кездегі Бекзат Саттархановтың жетістігін қайталауға Жүсіповтің мүмкіндігі мол деп санайды.
«Саттарханов 20 жасында Сидней олимпиадасында алтынды ұтты. Жүсіповтің де мүмкіндігі мол. Ол үшін олимпиадаға физикалық әрі психологиялық дайындықты тыңғылықты жүргізу керек» дейді олимпиада чемпионы Азаттық тілшісіне.
Абылайхан Жүсіпов бос уақытында әдеби кітаптар оқып, шахмат ойнағанды ұнататынын айтады. Қазір ол Қарағанды мемлекеттік экономикалық университетінің екінші курс студенті.
– Бәлкім боксшы болмағанда құқық қорғау органдарында қызмет жасар ма едім. Себебі, әкем мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Сондықтан бала кезде полиция не әскери адам болсам деп армандайтынмын. Қазір бар ойым – олимпиада ойындары. Спорттық карьерамды аяқтаған соң да бокстан алыстамай, жаттықтырушы болсам деген ой бар, - дейді Жүсіпов.
Жас боксшы командаластарымен бірге шілде айының соңында Бразилияға ертерек барып, сол елдің климатына бейімделмек.
Рио олимпиадасы 5- 21 тамыз аралығында өтеді. Осы жолы Қазақстан алғаш рет олимпиада ойындарына барлық салмақ дәрежесі бойынша боксшы апару мүмкіндігіне ие болды.